Валюта бағамы
  • USD -

    516.9
  • EUR -

    599.5
  • RUB -

    6.41
Түркі әйелдерінің ортақ болмысы дәріптелді
Фото: ашық көзден 25 қараша 2025
Түркі әйелдерінің ортақ болмысы дәріптелді

 

Анкарада Түркі мәдениеті халықаралық ұйымында (ТҮРКСОЙ) түркі халықтарының рухани-мәдени мұрасындағы ана бейнесіне арналған «Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық дөңгелек үстел мен «Түркі әлемінің аналары» атты халықаралық көрме өтті.


Шараның мақсаты – түркі өркениетіне тән ана болмысын, мейірім мен даналықты, рухани қайсарлықты және ұрпақ сабақтастығын дәріптеу. Іс-шара халықаралық «Түркі әлемінің аналары» көрмесі аясында ұйымдастырылып, аналар тұлғасы арқылы түркі халықтарының ортақ мәдени кодын таныстыруға бағытталды.
Дөңгелек үстел барысында түркі халықтарындағы анаға құрмет көрсету дәстүрінің тарихи-мәдени негіздері, әйелдің қоғамдағы және отбасындағы орны, ұлттық құндылықтарды сақтау тәжірибесі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар гуманитарлық, мәдени және білім беру салаларында ортақ жобалар әзірлеуге ниет білдірді.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Түрікменстан елдерінен мемлекеттік, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда: Іс-шараға Түркия Республикасының Отбасы және әлеуметтік қызметтер вице-министрі Леман Йенигүн, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Нышангүл Қаратаева, Түрікменстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Лачин Овазгельдиева, Түркия Республикасының Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төраға орынбасары доктор Решиде Юксель, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назипа Шанаи, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева, ЮНЕСКО қамқорлығындағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» музейі директорының орынбасары Салтанат Әшімова, «Мәдениеттердің өзара әрекеттесу орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Үмітхан Мұналбаева, « TURKTAV» қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева, сондай-ақ түркі әлемінің әйел көшбасшылары қатысты.
Шарада құттықтау сөздер мен тақырыптық баяндамалар ұсынылып, түркі халықтары арасындағы рухани ынтымақтастықты арттыру бағытындағы пікірталастар өтті. Көрме аясында түркі мәдениетіндегі Ана бейнесі мен рухани сабақтастықты бейнелейтін жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әйелдерінің рухани көшбасшылық рөліне жоғары баға беріп, мәдениетаралық диалогты дамытуға үлес қосқан бірқатар қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Леман Йенигүн Түркі әлемінің мәдениетінде ана тек отбасының ғана емес, бүкіл ұлттың өзегі ретінде қабылданатынын, Орхон жазбаларынан бастап Қорқыт ата кітабында ана бейнесі даналықтың, төзімнің, мейірімділік пен ерліктің символы ретінде ғасырлар бойы ортақ жадымызда сақталып келетінін айта келе, Түркияның әйелдер мен отбасына қатысты әлеуметтік саясаттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін, ортақ мәселелерді түркі елдері бірлесе шешуі қажет екенін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи ТҮРКСОЙ шаңырағының астында аналарға арналған халықаралық қоғамдық ұйым құру туралы бастама көтеріп, оның рухани мұраны сақтау мен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту ісіндегі маңыздылығын атап өтті. Қолдау тапқан жағдайда бұл құрылым «Түркі әлемінің аналары» атты халықаралық қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істей алатынын жеткізді.
Жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіндегі сөзі еске алынып, елдің салт-дәстүр, реформалар, білім, ғылым, сенім, инвестиция және медиация бағыттарындағы бастамалар талқыланды. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2025 жылды Отбасы жылы деп жариялауы және «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының қабылдануы ана мен отбасы құндылықтарын нығайту жолындағы ортақ стратегиялық ұстанымдарды айқындайтыны атап өтілді.
Лачин Овазгельдиева Түрікменстандағы отбасы және ана саясаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
ЮНЕСКО қолдауындағы орталық өкілі Салтанат Әшімова ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің ТҮРКСОЙ-ға жолдаған алғыс хатын оқып, мұндай шаралардың Түркі әлемінің өзара жақындасуына зор үлес қосатынын жеткізді.
Түркия Республикасының Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төраға орынбасары доктор Решиде Юксель Томирис, Домалақ ана, Айғаным ханым, Мәншүк пен Әлия сынды қазақтың ұлы аналарын, сондай-ақ Анадолының Нене Хатун, Фатма Сехер Эрден және Халиме Чавуш сынды тарихи тұлғаларын атап өтіп, олардың ерлігі мен рухани қуаты түркі әйелдерінің ортақ бейнесін қалыптастыратынын айтты.
«Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» атты дөңгелек үстел түркі халықтары арасындағы мәдени диалогты тереңдетіп, рухани сабақтастықты аналардың бейнесі арқылы дәріптеудің маңызды алаңына айналды. Шара барысында аналар кеңестерінің қоғамдық әлеуеті, гуманитарлық бастамаларды қолдаудың маңызы және отбасы құндылықтарын сақтау мәселелері ерекше атап өтілді.
Жиын соңында Түркі әлемінің әйелдер Одағын құру туралы бастамалық идеялар да ортаға салынды.

RELATED NEWS
 ТҮРКІ ӘЛЕМІ  ҮШІН 2020 ЖЫЛ АБАЙ ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ
18 желтоқсан 2019
ТҮРКІ ӘЛЕМІ ҮШІН 2020 ЖЫЛ АБАЙ ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ

Түркі әлемінің биылғы жылғы мәдени астанасы — Ош қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тұрақты кеңесінің XXXVII-ші отырысында 2020 жылды қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлы жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды. 

Халықаралық ұйымның таратқан ақпаратына жүгінсек, Қазақтың қайраткер ұлы Дүйсен Қасейінов басқаратын Түркі халықтарының ЮНЕСКО-сы саналатын беделді ұйым келесі жылы Қазақтың біртуар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына қатысты Түркі әлемінде бірқатар іргелі істер жасауды жоспаралап отыр. Оштағы ордалы жиында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов түркі елдерінен келген лауазымды тұлғаларға Қазақтың бас ақыны, өз дәуірінде «басқа шауып, төске өрлеген» өр ақын туралы мол мағлұмат берді. Сонымен қатар, жиналғандар 2020 жылы  Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде тарихи терең Хиуа қаласын жариялады. 

 

Суреттер turksoy.org сайтынан алынды.

Тұңғыш президенттің бұрынғы келіні 12 жылға сотталды
29 тамыз 2024
Тұңғыш президенттің бұрынғы келіні 12 жылға сотталды

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulys.

Сот шешімі бойынша Гүлмира Сатыбалды 12 жылға, Мәди Батыршаев тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің бірқатар бабы бойынша айып тағылды: адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, бопсалау.

Оның жүргізушісі Мәди Батыршаевты да заңсыз бас бостандығынан айырды деп айыптады. Сотта прокурор Сатыбалды 13 жыл, ал Батыршаевты 9 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар мен олардың адвокаттары соттан оларды ақтауды сұрады. Сатыбалды орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жыл жазасын өтейді. Оның көмекшісі - Батыршаевқа тоғыз жыл берілді.

Сот сотталған Сатыбалдыдан жәбірленуші Ж.-ның пайдасына 2,6 млрд теңге материалдық шығын, сонымен қатар 10 млн теңге моральдық шығын, сотталған Батыршаевтан 2 млн теңгені өндірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдеді
16 тамыз 2024
Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдеді
Өскемен қаласының No2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдыұлының жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды Ulys аталған сотқа сілтеме жасап.

Сот үкімімен Сатыбалды ҚК-нің 28-бабы 3-бөлігімен, 189-баптың 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру), 28-баптың 3-бөлігі, 195-баптың 2-тармағы (ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру) бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен.

Сот шешімі бойынша, ҚК-нің 73-бабы ауырлығы орташа қылмыстар немесе ауыр қылмыстар үшін сотталған адамды жазаның өтелмеген бөлігінің қалған бөлігін мынадай жағдайларда неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру мүмкіндігін көздейді:

  • жаза мерзімінің кемінде 1/3 бөлігін өтегеннен кейін;
  • келтірілген залал толық өтелген жағдайда;
  • не жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзушылықтардың болмауы.

Сатыбалды орташа ауыр қылмыс және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген.

Түзеу мекемесінің әкімшілігі сотталғанды оң сипаттайды, тәрбие іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін көтермеленеді, сотталғандарды ерікті түрде ұйымдастырудан тұрады.

Қылмыспен келтірілген залал толығымен өтелген. Сот үкімімен өндіріп алынған сомалар (іс жүргізу шығындары, мәжбүрлі төлем) төленген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленді. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлыдан екі жылда 783 млрд теңгенің активтері мемлекетке қайтқаны туралы жазған болатынбыз.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.