Валюта бағамы
  • USD -

    517.5
  • EUR -

    545
  • RUB -

    5.21
Тоқаев Қорғаныс министріне жаңа міндеттер жүктеді
Фото: Ақорда 25 қараша 2024
Тоқаев Қорғаныс министріне жаңа міндеттер жүктеді

Мемлекет басшысы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады. Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысына бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндалды.

«Армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылды. Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысы туралы баяндап, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті. Бұдан бөлек, жауынгерлік машиналарды және байланыс құралдарын жаңғырту, рационализаторлық жұмысты, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті», - делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесу соңында жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

RELATED NEWS
 Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды
20 қыркүйек 2024
Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды

Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизонында офицер көз жұмған. Гарнизонның баспасөз қызметі әскери қызметкер өз үйінде суицид жасады деді. Бұл оқиғаға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulsy.

Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев айтуынша, марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған. 

«Офицер далалық жұмыспен байланысты емес қаржылық қызметте лауазым атқарған. Қоныс аударуына байланысты барлық өтемақыны, ақшаны алды. Кеше соңғы рет әкесімен сөйлескен, әскери қызметке ешқандай шағым түсірмеген. Мүмкін, Аягөз гарнизонына көшуіне, яғни орын ауыстыруына байланысты психологиялық әсер болған шығар. Қазір енді біз болжам жасамай-ақ қояйық. Тергеуші әріптестеріміз мән-жайды анықтайды.  Біз оның ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бұл дұрыс емес. Біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу амалдары жүреді», - деді Басхожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Офицердің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

 

Төрт жылда Қазақстандағы әскерде жүрген  310 сарбаз көз жұмды
11 қыркүйек 2024
Төрт жылда Қазақстандағы әскерде жүрген 310 сарбаз көз жұмды

2020 жылдан бері әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны 310 адамға жеткен, деп хабарлайды Atameken business арнасы.

Қорғаныс министрлігі бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан жас жігіттердің өліміне түрлі себептерді атайды: ауру-сырқау, суицид, жол-көлік оқиғасы, тағы басқалар.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың өлімі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев былтыр 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында армияда 270 сарбаздың бақилық болғанын мәлімдеген еді.

Жуырда ғана Ақтауда әскерде жүрген тағы бір сарбаз көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.

Президент министрлерді жинап алып, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді
09 қыркүйек 2024
Президент министрлерді жинап алып, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Жиында премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту туралы баяндама жасаған.

Қауіпсіздік кеңесі мемлекеттің әскери әлеуетін арттыруға байланысты ұсынылған тәсілдерді, сондай-ақ армияны заманауи қарумен, әскери техникамен, соның ішінде отандық қорғаныс кешені кәсіпорындары шығарған өнімдермен жарақтандыруға қатысты шешім шығарған. 

Жиын соңында президент-Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға еліміздің әскери ұйымын жетілдіру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

 

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.