Валюта бағамы
  • USD -

    501.5
  • EUR -

    545
  • RUB -

    5.83
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
Фото: Ақорда 11 ақпан 2025
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Президент UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысқан. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.

Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

– «Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.

– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзеткен арнаулы қызметтер мен күштік құрылымдардың атқарған істеріне тоқталды.

– Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын мысалға алып, Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрғанын жеткізді.

– Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты Ермекқали Шоқаев, Ішкі істер министрлігі «Томирис» командасының капитаны, полиция майоры Айнагүл Байжігітова және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің капитаны, «Сардар А» командасының мүшесі Мерлан Ұлтанбаев сөз сөйледі.

 

RELATED NEWS
2025 жылы 40 мыңнан аса адам әскерге шақырылады
02 желтоқсан 2024
2025 жылы 40 мыңнан аса адам әскерге шақырылады

Келесі жылы мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы 41 706 жігітті шақыру жоспарланып отыр. Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында тиісті қаулы жобасын жариялады, деп хабарлайды Ulys.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы наурыз-маусымда және қыркүйек-желтоқсанда әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі 41 706 ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Әскерге шақыру пунктері медициналық жұмысты қамтамасыз етеді. Ал Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылатындарды жинау және әскерге жөнелту орындарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастырады.

Қаулы жобасы 13 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылды.

 Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды
20 қыркүйек 2024
Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды

Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизонында офицер көз жұмған. Гарнизонның баспасөз қызметі әскери қызметкер өз үйінде суицид жасады деді. Бұл оқиғаға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulsy.

Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев айтуынша, марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған. 

«Офицер далалық жұмыспен байланысты емес қаржылық қызметте лауазым атқарған. Қоныс аударуына байланысты барлық өтемақыны, ақшаны алды. Кеше соңғы рет әкесімен сөйлескен, әскери қызметке ешқандай шағым түсірмеген. Мүмкін, Аягөз гарнизонына көшуіне, яғни орын ауыстыруына байланысты психологиялық әсер болған шығар. Қазір енді біз болжам жасамай-ақ қояйық. Тергеуші әріптестеріміз мән-жайды анықтайды.  Біз оның ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бұл дұрыс емес. Біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу амалдары жүреді», - деді Басхожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Офицердің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

 

Төрт жылда Қазақстандағы әскерде жүрген  310 сарбаз көз жұмды
11 қыркүйек 2024
Төрт жылда Қазақстандағы әскерде жүрген 310 сарбаз көз жұмды

2020 жылдан бері әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны 310 адамға жеткен, деп хабарлайды Atameken business арнасы.

Қорғаныс министрлігі бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан жас жігіттердің өліміне түрлі себептерді атайды: ауру-сырқау, суицид, жол-көлік оқиғасы, тағы басқалар.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың өлімі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев былтыр 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында армияда 270 сарбаздың бақилық болғанын мәлімдеген еді.

Жуырда ғана Ақтауда әскерде жүрген тағы бір сарбаз көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.