Валюта бағамы
  • USD -

    481.3
  • EUR -

    536
  • RUB -

    5.31
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
26 қараша 2019
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

 

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

 

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай  Трұмовтың сөзінше, өңір экономикасының дамуы соңғы 3 жылда  3,7%-ға өскен.  Ішкі өңірлік өнім  – 1,5 трлн.теңге,  Жан басына шаққандағы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша облыс республикада Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан кейін 4-ші орында тұр.  

 

Өнеркәсіп өнімінің көлемі - 2,4 трлн. теңге немесе              100,2% Бұл елімізде өндірілген өнімнің 10%-ы яғни республикада Атыраудан кейінгі 2-орын. Аатап айтқанда, тау-кен өндірісі – 2,2 трлн. теңге, мұнай өндіру - 15 млн.тонна, ал  табиғи газ өндіру болса – 2,5 млрд.текше метр.  

Өңдеу өнеркәсібінінің көлемі - 139 млрд.теңгеге жеткен. Нақтырақ айтар болсақ,  Өңдеу өнеркәсібінің эспорты 47,3 млн.АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,3%-ға артты.  

Құрылыс жұмыстарының көлемі – 135 млрд. теңге болса,  ауылшаруашылығы өнімінің көлемі- 15 млрд.теңге,  

 

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ

«Президенттің біздің алдымызға қойған негізгі міндеттерінің бірі— инвестиция тарту деген өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері 2,9% өсіммен 445 млрд.теңге инвестиция тартылған. Өңірде шетелдік капиталмен 49 елден 763 кәсіпорын жұмыс жасайды. Олардың  300-і Ресейдікі, 60-ы Қытайдікі, 56-сы Әзірбайжандікі. Қалғандары: Нидерланды - 36 кәсіпорын, Өзбекістан - 34 кәсіпорын, АҚШ– 29 кәсіпорын, Иран- 28 кәсіпорын, Түркия– 21 кәсіпорын және т.б.

Биыл облыста құны 29 млрд.теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болсы, бүгінгі таңда солардың 19 млрд теңгені құрайтын 5 жобасы пайдалануға беріліп, 350 адам жұмыспен қамтылды.   

Әкімнің мәлімдеуінше, өткен аптада өңірдің экономикалық дамуына оң серпін беретін жаңа жобалар құрылысы басталған. «Ол біріншіден, мұнайхимия өндірісіне қажетті метонол мен олефин шығаратын құны – 1,8 млрд. АҚШ доллар болатын зауыт құрылысы. Жоба «Ақтау» теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында іске асырылады»,-деді Серікбай Трұмов. Ал екінші жоба—Каспий теңізінде талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысы Әзірбайжан елімен бірлескен жобасы екен.  

 

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ

 

Маңғыстау өңірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 961 мың шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға беріліпті.

Облыста құны 22 млрд.теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылуда.  «Негізгі мақсат – тұрғындарды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын (мүгедек балалары бар, көпбалалы аз қамтылған отбасылар, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар) қолжетімді тұрғын үймен қамту. Бүгінде облыста аталған категорияда 8 491 отбасы бар.

Ағымдағы жылы 1,2 млн.шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Осы үйлердің біраз бөлігі аз қамтылған отбасыларына берілетін болады. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қол жетімді тұрғын-үймен қамту мақсатында тұрғын үй сертификаттарын беру (212 сертификат мақұлданды, 17 сертификат алынды) және Ақтау қаласынан пәтер сатып алу шаралары қабылданды (1,7 млрд.теңгеге 205 пәтер)»-деді әкім.

 

ӨҢІРДІ ДАМЫТУ

 

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендерді сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Өңірде су мәселесі бар. Су тапшылығы күніне 35 мың текше метрді құрайды. Осы мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда «Каспий» су тұщыту зауытының тәуліктік қуатын 40 мыңға дейін кеңейту жұмыстары басталды.  Жоба құны 10,6 млрд.теңге, республикалық Бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінді»-деген С.Трұмов сонымен қатар, «Кендірлі» аймағында (50 мың т.м), Құрық ауылында (45 мың т.м) және «Қаражанбас» кенорнында (17 мың т.м), барлығы 112 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауыттарын салу жоспарланды. Осы жобалардың іске асуы бізге су өндіру көлемін 130 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді»,-деді.

Өңірде ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші - 69%, жыл соңында 75%-ға жеткізу жоспарланды (халық санына шаққанда - 93%).

 

ТРАНЗИТТІК ЖӘНЕ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАНЫ ДАМЫТУ

 

Бүгінде Маңғыстау автомобиль жолы, темір жол, су және әуе жол қатынасы шоғырланған еліміздегі жалғыз өңір. Облыс магистралды желілермен толық қамтылған. Ағымдағы жылы шілде айында «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» (84 км, 5,8 млрд.тенге) автожолы қолданысқа берілді.

Қазір «Жетібай-Жаңаөзен-Түркменістан шекарасы» (14,9 млрд.тенге, 73 км) автомобиль жолының құрылысы жүруде.

Ауылішілік жолдарды дамыту тұрақты бақылауда.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында үйге дейін жол қағидатымен 3 ауылда 12 жолдың орта жөндеу жұмыстары жүруде.

Жалпы ағымдағы жылы ауылішілік жолдардың құрылысы мен жөндеуіне 7 млрд.теңге бөлінді (құрылыс - 33 жол, 280 км, 3,7 млрд.теңге, орта жөндеу -  23 жол, 295 км, 3,2 млрд.теңге).

 

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ

Бірінші кезекте Ақтау қаласының курортты аумағын дамыту белгіленді (теплый пляж).

2018 жылғы тамызда Ақтау қаласында Каспий Саммиті өтті. Саммит барысында барысында барлық мемлекет басшылары Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында туризмді дамыту үшін өңірдің әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бұл бағытта Елбасының арнайы тапсырмасы берілді.

Қазір Ақтау қаласында Түркиялық инвесторлардың (Сембол Контракшн) қатысуымен құны 57 млрд.теңге болатын 500 орынға арналған туристік қонақ үй кешенінің құрылысы жүруде. Нысанның 1-ші кезеңі 2020 жылдың соңында іске қосылады (600  жұмыс орны құрылады).

Қажетті мамандар қазірден бастап арнайы оқытудан өтіп жатыр.

Туризмді толыққанды дамыту мақсатында жағажай аумағында жолдар құрылысы, су, газ және электрмен қамту жобалары жасақталып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталды. Республикалық бюджеттен 4 млрд.теңге бөлінді:

- МАЭК су жинау каналынан Құрық паром кешеніне дейінгі жол құрылысына – 3,3 млрд.теңге;

- жағажайдан Сарша жеріне дейін газ тарату желілері құрылысына – 400 млн.теңге;

- Өмірзақ ауылынан жағажайға дейін және «Шора» каналы арқылы автомобиль жолдары құрылысына – 250 млн.теңге. 

 

 

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

«Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған талаптарының бірі – орта бизнесті дамыту арқылы жаға жұмыс орындарын ашу»,-деді Маңғыстау облысының басшысы.

Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі - 22,5%. Олардың саны 6,5%-ға артып 54 мың бірлікті құрап отыр (2018 жыл 10 ай – 50 мың бірлік).

  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы іске қосылған 2010 жылдан бері облыста 87 млрд.теңгеге 935 жоба, оның ішінде ағымдағы жылы 4 млрд.теңгеге 170 жоба субсидияланған. 

Нәтижесінде:  4 797 астам жұмыс орны құрылып, 13 636 жұмыс орны сақталып, бюджетке 70 млрд.теңге салық төленген. Ал Ал өндірілген өнім көлем 1,1 трлн.теңгеге жеткен. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсіммен 2,2 млрд.теңге микрокредит бөлінді (ауыл кәсіпкерлеріне - 1,5 млрд. теңге, қала кәсіпкерлеріне – 699 млн.теңге). Нәтижесінде 279 жоба іске қосылып, 397 жаңа жұмыс орындары құрылған.  «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша  2,2 млрд.теңгеге 113 жоба қаржыландырылып, 932 жаңа жұмыс орны ашылған. 

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылған жүмыстар нәтижесінде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі - 4,8%-ға дейін төмендеді.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Жаңаөзен қаласында «Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба экономикасы тек бір салаға тәуелді Жаңаөзен қаласы үшін өте маңызды және қалада жаңа жұмыс орнын ашудың бірден-бір мүмкіндігі. Жоба аясында қаланың жұмыссыз тұрғындарына өз ісін бастау үшін арнайы консультациялық көмектер беріледі. Жалпы биыл Жаңаөзен қаласы бойынша «Бастау бизнес», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша 491 адам оқытудан өтіп, 37 млн.теңгеге 77 жоба іске асқан.  

 

ЖАҢАӨЗЕННІҢ ЖАЙЫ

 

Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты деңгейде екен. Халық саны соңғы 10 жылда 1,3 есеге артып (32%), бүгінгі таңда 153 мың адамды құраған. Қала экономикасы негізінен өнеркәсіп өндірісіне бағытталған, оның ішінде мұнай-газ өндірісі – 88%, өңдеу өнеркәсібі – 8% құрайды.

Қалақұрушы кәсіпорын – ӨзенМұнайГаз компаниясы жылына 5,5 млн.тонна мұнай өндіреді, оның өңірдегі үлесі - 30%.

 

Әкімнің сөзінше, Жаңаөзен қаласын дамыту шаралары Кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде. 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӘЛЕУЕТІ

 

Облыста балабақшамен қамту көрсеткіші 97%, жыл соңында көрсеткішті 100%-ке жеткізу күн тәртібінде тұр екен. Жыл басынан бері жеке инвестиция есебінен 1978 орындық 27 балабақша пайдалануға берілген. Маңғыстау облысы әкімінің сөзінше, өңірде апатты жағдайдағы мектептер жоқ.

Биыл жалпы сыйымдылығы 3100 орын болатын 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілген. Қалған 3 жаңа мектеп (Ақтау - 900 орындық, Батыр - 960 орындық, Ақшұқыр - 600 орындық) құрылысы келесі оқу жылында тапсырылады.

Үш ауысымдық оқытуды болдырмау мақсатында демографиялық өсім ескеріле отырып (оқушылар контингенті жыл сайын 10 мыңға артып отыр) 16 544 орынға арналған 21 мектептің құжаттары жасақталуда.

Денсаулық сақтау жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қаржысы есебінен Ақтау қаласында онкологиялық орталықтың (NCOC) және Жаңаөзен қаласында медициналық орталықтың (Өзенмұнайгаз) құрылыстары қайтадан басталған.

 

 

 

 

RELATED NEWS
«ASHYQ ALAŃ» — АЙРЫҚША ЖОБА
05 қыркүйек 2019
«ASHYQ ALAŃ» — АЙРЫҚША ЖОБА

Осы апта қазақ телевизиясы тарихында жөн-жосығы ерек, мəн-мазмұны бөлек ерекше жобаның тұсауы кесілді. Дүйсенбіден бастап «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көрермендерге тікелей  эфирде жол тартқан «ASHYQ ALAŃ» деп аталын қоғамдық-саяси ток-шоуы алғашқы күннен-ақ жарқы етіп шығып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.    

Соңғы жылдары мемлекеттік ақпарат құралдарына бақылаудың күшеюі немесе «орындықшыл» медиа менеджерлердің әсіре сақтығы мемлекет қаржыландыратын ақпарат құралдарына деген сенімге селкеу түсірді. Соның салдарынан жұрт жаппай әлеуметтік желіге көшіп, кім не жазса, соны оқитын болды. Дерек-дәйегі жоқ, бір адамның ой-қиял, болмас-болжамына негізделген ақпараттар легі көрерменнің талғамын таяздатып, ой-жүйесіне салқынын тигізді. Сапалы ақараттар легі тым аз. Сондықтан қазіргі кезде дәстүрлі медиаға әсіресе, мемлекеттен қолдау көріп отырған медиаларға халықтың әлсіреген сенімін қайта күшейтіп, жаңаша форматта түлеу ең басты мақсат болса керек.

Биыл «Qazaqstan» Ұлттық арнасының жаңа маусымға дайындаған 14 жаңа жобасының ішінен «ASHYQ ALAŃ» қоғамдық-саяси ток-шоуы алғашқы күннен-ақ дараланды. Эфирге жол тартқан сәтте биліктің жырын жырлайтын, пропағандалық соқпақтағы көп бағдарламаның бірі болатын шығар деп күмәнмен қарағанымыз да рас. Бірақ, атына заты сай болып, бағдарламада қоғамдық мәселелердің өткір айтылып, бүкпесіз ашық талқылануы көңіл қуантты. Студияның декорациясы мен безендірілуінде де айрықша мəн бар, соны форматпен үйлесім тапқан. Алты спикер қатысатын, тікелей эфирде шығатын, студия көрермендерінің сұрағы мен телефон арқылы қойылатын сауалы бар, ең бастысы-күнде шығатын мұндай бағдарламаны басында көз алдымызға елестете алмағанбыз. 
Көп бағдарламалардың бағын жүргізуші ашып жатады. Бұған дейін бірталай бағдарлама арқылы көрермен көзайымына айналған, көзіне цензураның қамшысы тимеген Нартай Аралбайұлы əдеттегідей "жандырды". Бір сағаттай уақыттың қалай зыр ете қалғанын байқамаппыз. Арасында көреременнің көкейіндегі сауалды қоюға арналған "Ашық микрофоны" да ерекше. Тікелей эфирге көрермендер қоңырау шалып та сауалдарын қойып жатты, Ал скайф арқылы да тиісті адамдармен байланыс орнатылып, эфирден мезетінде көрсетіліп отырды. Тіпті көрермендер көкейдегі сұрақтарын бағдарламаның арнайы ватсап нөмірі арқылы да, бағдарламаның ресми парақшасы арқылы да қоя алатыны сүйсінтті. Аудиториямен байланыста мін жоқ. Бұның бәрі ұжымның, айналып келгенде үлкен дайындықтың жемісі. Ток-шоудың мақсаты - қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді, елдің саяси өміріндегі түйтікілді тақырыптарды көпшілік талқысына салу. Атап айтқанда, ел өміріндегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғалар мен сан саладағы өзекті де өткір мәселелер бағдарлама тақырыбына арқау болып, арнайы шақырылған спикерлер терең талқыға салады. Бұрындары мұндай бағдарламаларды Түркия, Ресей, АКШ, Украина сынды елдердің арналарынан көріп, қызығып қана қоятынбыз. Енді міне, олардан артық болмасақ, кем емес екенімізді көріп қуанып отырмыз.

Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа басшысы Ләззат Танысбайдың әрбірден соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың үлкен ұтысы. Билік пен халықтың арасындағы диалогты арттырып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға жасап отырған нақты қадам. Бағдарлама ары қарай да дамып, жаңа деңгейге көтеріле береріне сенім мол. Жаңа бағдарлама халқымызға қайырлы болып, ұзағынан сүйіндірсін! Төменде «ASHYQ ALAŃ» жобасына қатысты біраз адамның пікірін бергенді жөн көрдік. 

Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері

Демократиялық өзгерістер елімізде басталғаннын қалай білеміз? 
Оның бір көрінісі - БАҚ жұмыстарының ашықтығынан байқалу керек. Әсіресе, мемлекеттік телеарналарда сөз еркіндігі болса.... 
Бүгін "Қазақстан" арнасында "Ашық Алаң" жаңа пікір алмасу ток-шоу бағдарламасының тұсаукесері өтті! Тікелей эфирде – цензурасыз, монтажсыз шығады екен. Ашық десе ашық түрде пікір айту мүмкіншілігі бар, сөзді, ойды шектемеді. Маған бұл бастама ұнады! Бізге осындай хабарлар көптеп керек. Сол арқылы азаматтардың қоғамдық саяси сауаттылығы жоғарылайды. Билікке де жақсы - қоғамдағы жағдайды өз аузынан бүкпесіз біліп отырады. 
Жұрналист Нартай Аралбайұлы мықты екен, ашық пікір айтуға тартады, өзі тақырыпты жақсы түсінеді, және сын көзқарастарды шектемейді. 
Жаңа жобаға сәттілік тілегім келеді. 
"Қазақстан" арнасына осындай жаңа жобаларды көбірек эфирге шығаруды ұсынамын. Сонда тарап кеткен көрермендер фейсбуктен телеарнаға қайта оралар. Ойын-сауық, өсек-аян, әзіл- сықақ хабарлардан азаматтар шаршағаны қашан... Қоғамға пайдалы өзекті ақпарат керек.

Айгүл ОРЫНБЕК, белгілі блогер, Ұлттық кеңестің мүшесі

Биліктің беті бері қарап жатыр. 
Бұрын осындай үлкен мәселелерді қозғап, шығарған эфирлерімді шығармай қойған жеке телеарналар. Ал ұлттық арна бұл жолы сенсация жасады. "Ашық алаң" бағдарламаны ойлап тапқан, шығарған адамға да үлкен рахмет! Хабардың ертегісін тыңдап шаршаған халық, бүгін экран бетіне жиналды деп ойлаймын! Соңына дейін сенбедім эфирге шығаратынын. Арыстықтардың мәселесі бір эфирмен бітпейді. Бұл тақырыпқа қайта ораламыз "Ашық алаңға " деген үміттемін! Президент Тоқаев шынында да өзгеріске дайын екен....

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры

Нартай Аралбайұлы жүргізетін "Ашық алаңды" түннің бір уағында көріп отырмын... Ынсапты, түсінікті, жан-жақты жақсы бағдарлама болды. Ақырына дейін көрдім. Біраз ой түйдім. Осындай деңгейлі бағдарламалардың жолы болсын!

 

 

Суреттер фейсбуктен алынды.

 

 

УРБАНИЗАЦИЯ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ
08 сәуір 2019
УРБАНИЗАЦИЯ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ

Қазір әлем бойынша халықтың негізгі бөлігі қалаға көшіп, ауылдағы тұрғындардың саны азаю үрдісі байқалады. БҰҰ болжамына сәйкес, 30 жылдан кейін әлем халқының 6,2 миллиардтан астамы қалаға шоғырланады. Бұл дегеніңіз,  жер шары тұрғындарының жалпы үлесінің 66 пайызын құрайды.

 

 

Әлемдегі урбанизацияның негізгі трендтері

 

Урбанизацияның мемлекет үшін рөлін түсінудегі ең маңызды факторлардың алғашқысы – оның экономикалық өсімді едәуір ынталандыруында. Атақты әлеуметтанушы, жаһандану үрдісін зерттеуші ғалым Саскиа Сассеннің айтуынша, урбанизация мен ЖІӨ арасында тікелей байланыс бар. Екіншіден, кез-келген мемлекеттегі қала халқының саны 5%-ға артқан сайын жан басына шаққандағы экономикалық белсенділіктің өсімі 10%-ға өсіп отырады. Сонымен қатар, болашақта әлем экономикалары емес, ірі қалалар арасындағы бәсекелестік арта түседі деп жоспарлануда. Үшінші факторды айтатын болсақ, дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалаларда тұрады: Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, АҚШ-та – 82%, Францияда – 79%, Германияда – 75%-ды құрап отыр. Атақты “Климаттың жаңа экономикасы” атты баяндаманың деректері бойынша, Токио қаласының ЖІӨ-і Испанияның ЖІӨ-нен асады, дәл сол сияқты Лондонның жалпы ішкі өнімі Швецияныкінен озып тұр. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, 2030 жылға қарай бар болғаны 600 қалаға әлемжің ЖІӨ өсімінің 60% тиесілі болады. Дегенмен, бұндағы негізі қозғаушы күштер дамушы елдердің қалаларына, қалалық агломерациялары құрайтын болады (Қытай, Африка, Азия).

 

 

Қазақстандағы урбанизация үрдісі

 

Биылғы жолдауда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу  тапсырылды. Бұл еліміздегі урбанизацияның жаңа картасына айналатыны анық. Астана мен Алматының қатарына Шымкенттің қосылуы, ішкі миграцияны реттеуге қатысты әрекеттер – урбанизацияға қатысты тың ұстанымның қалыптасқанын көрсетеді. Бірақ, бұл бағытта бірнеше кедергілер бар. Олар: еліміздегі ірі қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындар санының жедел өсіп келе жатқан қарқынына ілесе алмауы мен халықтың қажеттіліктеріне сай келмеуі һәм болашағы жоқ ауылдар санының көбеюі. Осы орайда «урбанизация қазіргі жағдайда несімен маңызды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл процестің халықтың әл-ауқатын арттыруда қаншалықты маңыздылығы бар?

 

Урбанизацияға қатысты бағдарламалар мен әрекеттер

 

Жалпы елімізде урбанизацияға қатысты бастамалар бұрын да көтерілген. Атап айтар болсақ, Президенттің 2014 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстандағы қала халқын 70%-ға жеткізу мақсаты алға қойылған. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарында белгіленген жеті реформаның бірінде “Қуатты аймақтар мен урбанизация” атты арнайы жоспар бар. Осы реформада көрсетілгендей, елдегі урбанизацияның қарқыны мен қалаларды дамыту елдің тұтастай дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің маңызды факторлары болып табылады.

“Қуатты аймақтар мен урбанизация”– бұл әр аймақтың экономикалық тұрғыда өздігінен дамуын ынталандыру және тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сапасының теңдігін қамтамасыз етудің алғышарты. Бұл саладағы реформалар әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды және аймақтар арасындағы дисбалансты азайту мақсатында тек ірі қалаларды қамтып қана қоймай, моноқала статусын иеленген елді мекендерге де қатысты болады.

 

Елдегі урбанизацияның негізгі проблемалары

 

Жоғарыда аталған шараларға қарамастан, елдегі урбанизация науқаны тиісті нәтижелерді бере алмай келеді.  Қазақстандағы урбандалу әлі төмен деңгейде қалуда: 2014 жылы әлемдік урбанизация көрсеткіші бойынша Қазақстан 228 елдің ішінде 140-позицияға жайғасты.

Қазақстанның контекстіне келетін болсақ, Астана мен Алматы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, донор, яғни бюджетке ақша құятын қалалар болып отыр. Бұл тізімге биыл республикалық маңызы бар қала статусын алған Шымкент те қосылуы әбден ықтимал. Өзге әлем елдеріндегідей, бізде де ауыл мен қала халқының арасындағы өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айқын байқалады. Бұл айырмашылықтың әлі де ұлғаю ықтималдығы бар: ауылдағы еңбек өнімділігінің төмен болуы, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның жетік дамымауы, ауылдағы өндірушілер үшін облыс орталықтарындағы негізгі тұтыну нарығынан алыс орналасуы және де климаттық жағдайлар себеп болуда. Осы орайда, Қазақстан үшін халықты қалаларға көшуін ынталандыру мен қалаларды дамыту өзектілігі туындап отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының 57 проценті қалада шоғырланған. Еліміздің ЖІӨ-нің 95 процентін қала өндіретін болса, небәрі 5%-ы ауылға тиесілі. Бұл – еліміз үшін ауқымды урбанизацияның қажеттілігін көрсететін тағы бір көрсеткіш. Миллион тұрғыны бар және одан асып кететін үш қала қарқынды “ресипиентке”, яғни қабылдаушыға айналуда: соңғы деректер бойынша Алматыда халық саны 1 900 000-ға жуықтаса, Астанада 1 047 000 адам, Шымкентте 1 005 000 тұрғын тұрады.

Елдегі соңғы 10 жыл ішіндегі урбанизацияны талдайтын болсақ, қала мен ауыл халқының үлесі жалпылама және өңірлік деңгейді өзгерістерге ұшырады. 2009 жылға қарағанда қала халқының саны 4,4 процентке артты. Өңірлердің көрсеткішімен алатын болсақ, урбанизация еліміздің көптеген облысында жүрді, тек біраз бөлігінде ғана қала халқының азаюы байқалады.

Еліміздің кей аймақтары урбандалуы бойынша республикалық орта көрсеткіштен төмен нәтижелерді көрсетуде.  2018 жылдың 1-шілдесіндегі дерекке сүйенсек, ең аз урбандалған өңір – жақында құрылған Түркістан облысы (қала халқының саны 19,5%.-ды құрайды). Сондай-ақ, урбандалу көрсеткіші төмен өңірлерге Алматы облысын (қала халқының үлесі 22,7%), Жамбыл облысын (39,7%) және Маңғыстау облысын (40,5%) жатқызуға болады.  Осы орайда, қала халқының өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға оңтайлы және қолайлы урбанизация моделін әзірлеудің маңызы арта бермек. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында бірқатар факторлар ескерілуі қажет.

 

Қорытынды

Урбанизация Қазақстан үшін сөзсіз адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдардың бірі. Урбандалған ортада қалаға тән өзіндік ерекше мәдениет қалыптасады, халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу тез жүреді. Сондықтан дамыған елдердегідей орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық әлеует шоғырланған мегаполистер мемлекеттік байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз ету Қазақстан үшін де маңызды. Осы орайда, біздің елді сапалы урбанизацияны жүргізуге аса мән беруіміз қажет:

Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және жайлылығын барлығынан жоғары қою. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет.

Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.

Бастысы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі жалған урбанизацияға, яғни тек қалалық территорияларды үлкен көлемде кеңейтіп, оны бос қалдыруға жол бермеу. Үкімет тарапынан агломерациялар құруда толықтай бақылаудың болуы қажет.

 

 

Исатай МИНУАРОВ, социолог

 

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.