Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағын ресейлік «земля-воздух» зымыраны атып түсірген. Бұл туралы Euronews Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Euronews таратқан хабарламаға қарағанда, ұшақ Грозныйға қонбақ болған кезде зымыран ұшырылған, сол кезде олар дронның шабуылын тойтарып жатқан.
Болжам бойынша, зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның сынықтары ұшақты зақымдаған.
Euronews ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, ұшқыштардың апатты жағдайда қону туралы өтініш білдіргенін мәлімдеді. Алайда ұшақтың зақымданғанына қарамастан Ресейдің ешбір әуежайы қонуға рұқсат бермеген.
Еске салсақ, кеше Ақтау маңында ұшақ құлап, 40-қа жуық адам көз жұмды. Оның ішінде қазақстандық 6 адам болды.