Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Сатыбалдыны Түркістан облысының әкімі қызметінен босатып, жаңа қызметке тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы Түркістан облысында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Түркістан облысының Келес ауданының «Келес» коммуналдық кәсіпорнында бастаған.
2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған.
2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Парламент Сенатының депутаты болып сайланған.
2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған.
2022 жылдан бері Түркістан облысының әкімі болды.