Валюта бағамы
  • USD -

    481.9
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.27
АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді
Фото: ашық көзден 02 қыркүйек 2024
АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін айтты, деп хабарлайды Ulsy.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет», - дейді ол.

Тоқаев атағандай, бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек.

«Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша

байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын», - дейді ол.

Тоқаев 6 қазанда референдум өтетінін айтты.

«Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», - дейді ол.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

АЭС қатысты референдумды өткізуге 15 млрд теңге қажет
03 қыркүйек 2024
АЭС қатысты референдумды өткізуге 15 млрд теңге қажет

Атом электр станцияға қатысты жалпыұлттық референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге қажет. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Республикалық референдум туралы конституциялық заңға сәйкес, Орталық референдум комиссиясы шығындардың болжамды сметасын әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынады. Біз президенттің жарлығы жарияланғаннан кейін, есеп-қисап жүргіздік. Біздің болжамды сметаға сәйкес, шығындардың жалпы сомасы 15,5 млрд теңгені құрап отыр», деді ОСК мүшесі Сабила Мұстафина.

Айта кетейік, жалпыұлттық референдум  6 қазан күні өтеді.

1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды
11 маусым 2024
1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды

Энергетика министрлігі ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Ulys.

Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны:

  • Астана - литріне 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шымкент - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Ақтөбе облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Атырау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Ақмола облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жамбыл облысы - 78 теңге (қазір 71 теңге);
  • Батыс Қазақстан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қостанай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Қызылорда облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қарағанды облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Маңғыстау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Павлодар облысы - 81 теңге (қазір 74 теңге);
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Түркістан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Абай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жетісу облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Ұлытау облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге).

Бұйрық 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп көзделген.

Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.