Венчур туралы әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды
5 қазан күні Алматы қаласында Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев пен цифрлық стратегиялар жөніндегі сарапшы Алекс Дангтің «Венчурлік ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігу арқылы орасан зор табысқа қалай жетуге болады» бестселлерінің қазақ тіліне аударылған нұсқасының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шара «Сәби» қайырымдылық қоры мен Byb Capital венчурлық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
«Венчурлік ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігу арқылы орасан зор табысқа қалай жетуге болады» кітабының таныстырылымы венчурлық капитал, кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар саласындағы маңызды өкілдерді бір алаңда жинады. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі сөз сөйлеп, бұл кітаптың қазақ кәсіпкерлерінің венчурлық ойлау жүйесін дамытуға қосатын үлесінің зор екенін атап өтті.
Министр өз сөзінде үш негізгі ұсыныс білдірді:
«Біріншіден, мен Digital Nomads қауымдастығын қазақ тіліндегі техникалық әдебиетті дамытуға белсенді қатысуға шақырамын. Шетелдегі жетекші технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген біздің мамандар техникалық терминдерді дұрыс аударып, олардың бейімделуіне айтарлықтай үлес қоса алады», — деді министр.
Сондай-ақ, министр венчурлық инвестициялар нарығын дамыту мақсатында арнайы кеңес құруды ұсынды. Бұл кеңес жыл сайын венчурлық инвесторлар, мемлекет өкілдері, қаржы секторы, стартаптар мен қорлар, сонымен қатар аймақтық елдердің өкілдері қатысатын жиналыс өткізеді. Бұл іс-шара Алматыда өтетін Орталық Азия венчурлық форумының алдындағы маңызды жиынға айналады деп сенеді.
Министр үшінші ұсынысында Астана Хаб инфрақұрылымын техникалық әдебиетті насихаттау мақсатында қолдану туралы ой білдірді: «Үшіншіден, бізде бар 15 аймақтық хабты пайдаланып, қазақ тіліндегі техникалық әдебиетті насихаттауға болады. Әсіресе университеттер арқылы таратуға көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ, венчурлық инвестициялар, тіпті шетел нарығында болса да, капиталды сыртқа шығармай, елге білім мен технологиялар қайтаруға қызмет етеді».
Кітап туралы:
Профессор Илья Стребулаев венчурлық капитал және бизнестегі табысқа жету үшін шешім қабылдау тәсілдерін зерттеуге 20 жылдан астам уақыт арнады. Ол Amazon және McKinsey секілді технологиялық алпауыттарда мол тәжірибесі бар Алекс Дангпен бірлесіп, кәсіпкерлер мен инвесторлардың табысты болуына көмектесетін тоғыз қағиданы әзірледі. Кітап әлемдегі инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін маңызды нұсқаулыққа айналды және жақын арада қазақстандық дүкендер сөрелерінен табылатын болады.
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?
2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.
2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым. Бір қызығы сол, магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда, PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.
СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?
«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.
ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту. Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп, қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.
Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.
Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.
ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
Көп уақытымды университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.
ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?
Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында дәріс беретін адамдармен Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.
ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?
УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?
Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.
АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?
Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.
ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?
Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.
Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.
СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?
Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.
ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?
Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.
КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?
Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.
СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?
Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.
СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?
Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.
ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?
Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.
СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?
Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.
КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?
Мен үшін ең бастысы және маңыздысы – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.
ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…
Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.
ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?
Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.
КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?
Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.
«Жайлы мектеп» жеке меншік білім ошақтарымен бәсекелесе ала ма?
Биыл шілденің басында Астанадағы «жайлы мектепке» баласының құжатын өткізуге келген ата-аналар түннен бастап кезекке тұрып, дүрбелең туындатқан болатын. Мұның астарында елордадағы мектеп тапшылығы жатқанымен, негізгі мәселе баласын «жайлы мектепте» ауыстырғысы келетін ата-аналардың көптігінде еді. Осыған қарап ел ішінде «жайлы мектептердің» жарнамасы жақсы жүргенін көруге болады. Бұл жобаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Егер оператор құрылыс пен жабдықтау жұмыстарының сапасын ойдағыдай бақылай алса, шынымен де «білім ошағы» деген атқа лайық нысандар есігін айқара ашады. Бұлай дейтініміз, аталған мектептердің мемлекет есебінен салынған өзге мектептерден бірнеше артықшылығы бар.
Ұлттық жоба басталған кезде Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің бұған дейін салынған мектептерден 8 айырмашылығын атаған еді. «Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған. Төртінші – мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі», - деді ол. Аталмыш мектептерде ерекше мұқтаждығы бар балаларға барынша жағдай жасалған. «Алтыншы – спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған. Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады. Сегізінші – жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады», - деген болатын Асхат Аймағамбетов. Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында өңірлер мен республикалық бағыныстағы қалаларда 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңнан астам оқушыны екі ауысымдағы орта біліммен қамтамасыз етеді деген сөз. Биыл желтоқсан айына дейін 208 мектепті қолданысқа беру көзделген. Қалған 151 мектеп 2025 жылдың аяғына дейін салынып бітуі керек. Оның сыртында Астана және Алматы қалаларында 10 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сатып алу арқылы ашылады. Жоспардағы 369 «жайлы мектептің» 44%-ы ауылдарда салынады. Қазан айындағы мәліметтерге сенсек, ұлттық жоба қолға алынғаннан бері елде 31 жайыл мектеп қолданысқа берілген. Ол нысандарда 109 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. 1 қыркүйектің өзінде ғана 20 мектеп ашылған. Жобаның жалпы бюджеті 2,38 трлн теңге деп белгіленген. Оның ішінде Ақмола облысына 35,1 млрд теңге, Атырау облысына 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысына 23,3 млрд теңге, Қостанай облысына 15,2 теңге, Алматы қаласына 63,2 млрд теңге, Астана қаласына 118,6 млрд теңге бекітілген. Бұл қаражаттың басым бөлігі Ұлттық қордан алынатынын айту керек. Қалғаны республикалық бюджеттен тартылады. Былтыр 499,9 млрд теңге жұмсалса, биыл 976,7 млрд теңге игерілуі керек. Ал келесі жылға 909,4 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауынан бастау алған бұл ұлттық жоба елдегі апатты мектептер мен үш ауысымды жою үшін, мектеп тапшылығын сейілту үшін қолға алынған болатын. Бұл бір жағынан жеке меншік мектептер мен мемлекеттік мектептердің техникалық жабдықталуындағы айырмашылықты азайтуға да септігін тигізеді. Өйткені ғимараттың сәулет және техникалық көрсеткіштері халықаралық стандарттарға сай жасалған. Соған қарай құрылыстың құны да қымбат. 300 орындық жайлы мектептердің құны 3,8 млрд теңгенің айналасында болса, 2000 орындық мектептердің құны 10,8-11 млрд теңгеге дейін барады. Осынша қаражат жұмсап салынған мектептердің білім сапасын арттыруға қалай ықпал ететінін, Назарбаев зияткерлік мектебі, Haileybury, «Мирас», TAMOS Education, Kazakhstan International School сияқты әйгілі жеке меншік мектептермен қаншалықты бәсекелес болатынын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, бұл жоба заманауи мектептің қазақстандық стандартын қалыптастыра алды. Енді жеке меншік мектеп салғысы келген инвесторлар бәсекеге қабілетті болу үшін «жайлы мектептің» көрсеткіштерінен кем мектеп сала алмайды деген сөз. Оның сыртында ұлттық жобаның арқасында мектеп тапшылығы жойылып қана қоймай, 100 мың уақытша, 145 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
МАГИСТРАТУРА МЕН ДОКТОРАНТУРАҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ ӨЗГЕРДІ
Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында жазды. Оның түсіндіруінше, магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады.
«Егер осыған дейін магистратураға гранттар ЖОО берілген болса, және олар өздері тапсырма дайындаған, өздері емтихан өткізіп, түсту туралы шешімді өздері қабылдаған болса, енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешенді тестілеуден өту керек. Осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында жинаған балдары бойынша саралау жүргізіліп, жоғары балл жинаған талапкерлер грант алады, сәйкесінше ерікті түрде өзі ЖОО таңдайтын болады. Осылайша, «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл ЖОО-лар басекелестігін арттыруы тиіс және сөзсіз гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. Магистратураға түсушілерге дайындық бағытының шеңберіндегі нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Үміткерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған), сондай-ақ білім алу дайындығы бойынша және 2 салалық пәндер бойынша тестілер тапсырады»,-делінген вице-министрдің жазбасында. Ал докторантураға қатысты: «Мұнда форматта өзгерістер жоқ. Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-ға түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады. Сонымен қатар, шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс – енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етілетінінде. Докторантура бойынша шет тілінен тестілеу енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалулары тиіс», — дейді Асхат Аймағамбетов.