Валюта бағамы
  • USD -

    521.1
  • EUR -

    611.5
  • RUB -

    6.65
Ұлытау қоқыстан тазартылды
редактор 24 маусым 2024
Ұлытау қоқыстан тазартылды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл күні облыстың барлық қала, аудандарында тазалық акциялары өтті.

Ауқымды акцияның басты мақсаты – аумақтарды тазалаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігіне назар аударту.  Тазалық шараларына қатысушылардың барлығы жоғары белсенділік көрсетті. «Жасыл ел» еңбек жасақтары да осы күні белсенділігімен ерекшеленді. Экологиялық іс-шараларға қатысушылар арасында жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, студенттер, белсенділер және қарапайым тұрғындар бар. Акцияға барлығы 245 ұжымнан 2000-нан астам адам мен 68 арнайы техника жұмылдырылды. Барлығы 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Облыс бойынша барлығы 483 аула, 24 саябақ пен сквер, 61 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылып, 138 әлеуметтік нысан аумағы қамтылды.

Жезқазған қаласында қала тұрғындары мен еңбек ұжымдары негізгі көшелер мен саябақ, скверлерді тазартты. Жасыл желектерге күтім жасалып, гүлзарлар ретке келтірілді.

Ал, Сәтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік мекемелердің аумағын тазалап, сырлау, әктеу жұмыстарын атқарды.  

«Қаламызда таза бейсенбілік, сенбілік өткізу дәстүрі бұрыннан бар. Сондықтан да, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қала тұрғындары оған белсенді қатысуда. Бүгін де барлық еңбек ұжымдары, қала халқы бастамамызға қолдау білдіріп жатыр», - дейді “Жастар болашақ” жастар қозғалысының төрағасы Луиза Минбаева

Қаражал қаласының тұрғындары да өз аулаларын тазалап, рұқсат етілмеген орындарға төгілген қоқыстарды арнайы полигонға шығарды.

Облыстың Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында тазалық акциясы бұлақтар айналасы мен өзен жағасында өтті. Мәселен, Ұлытау ауданының тұрғындары «Күмісбұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының айналасын тазартып, бұлақ басына келушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің бойын қоқыстан тазалап, жағажайларды ретке келтірді.

Сондай-ақ қалалардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да аулаларын жинап, ретке келтірді. Тазалық акциясына пәтер иелері кооперативтері жетекшілік жасады.

Тазалық акциялары аясында облыстың қала мен аудандарындағы әкімдіктердің жауапты мамандары жергілікті аумақтардағы көшелерді аралап санитарлық тазалықты тексерді. Санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін нысандардың иелерімен тілдесіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін айтып, ескерту жасады. Ғимараттар алдын тазалау, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелер басшыларына қала-аудан көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту және қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

RELATED NEWS
Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды
02 қараша 2024
Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды

Жетісу облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тек сенбілік шараларын  ұйымдастырумен шектелмей, ақпараттық-түсіндіру және қайырымдылық бағыттарында да жұмыстар атқаруда, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәселен, жастарға қызмет көрсету орталығында 1 қараша күні «ЭКОtime» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, қатысушыларға қоқысты дұрыс сұрыптау және сол арқылы қайырымдылықпен айналысу жолдары түсіндіріліп, іс жүзінде көрсетілді.

Өңірдегі экобелсенді, волонтер Ғазиз Аманжолұлы  2021 жылдан бері өз үйінің ауласында целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын бөшкеге бөлек сұрыптап, барша азаматтарды аталған істен үлгі алуға шақырады.

Экобелсенді сұрыпталған қоқысты шикізат қабылдап алушы компанияларға ай сайын өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына табыстап келеді, соның бірі «Харекет» қоры. Бұл бастама бір оқпен екі қоянды атқандай деп есептейді.

2024 жылдың тамыз айында республикалық акцияға қолдау білдіру мақсатында экобелсенді өзінің жеке бастамасымен спонсорлық көмекпен Талдықорған қаласындағы аз қамтылған отбасыларға 100 дана қоқыс сұрыптайтын контейнерді тегін таратып, қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары түсіндірді. Сонымен қатар, сұрыпталған қоқысты қабылдайтын компаниялардың тізімін де қосып берген. 

Жақсымен пайдалы іске барша жетісулықтарды шақырамыз!

Жалпы, өздеріңізге мәлім, тек ел аумағында ғана емес, табиғаттың қоқыспен ластануы барлық мемлекеттердің жерлеріне де мұхиттарға үлкен зардаптарын тигізуде. Жанған қоқыстар улы химикаттар бөліп, адам денсаулығының асқынуына бірден бір себеп болып отыр. Өкінішке орай, адамдардың қоқысты сұрыптау мәдениетіне әлі де алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлоффанға салып, тастай салу немесе жолда кетіп барып, кез-келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлары азаймай тұр.

Сонымен қатар, Жетісу облысының Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары ұйымдастырумен «Таза орта» акциясын ұйымдастырды. Акциясының мақсаты,  ғимарат тазалығын сақтау барысында артқарылатын тазалық жұмыстарын жүргізу,  жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету.  Акцияға Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары, техникалық қызметкерлері қатысты.

Таза болса табиғат – аман болса адамзат деген ұранды ұстай келе, адамзат баласын табиғатты таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз деп есептейміз. 

Айта кету керек,  «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1990 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 10714 тонна қоқыс шығарылып, 2445 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 38003 түп көшет отырғызылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 226 мыңнан астам адам атсалысты.

Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде
12 маусым 2024
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде

«Таза Қазақстан» road-эстафетасының ІІ-ші күнінде вандализммен күрес жалғасын тапты, деп хабарлайды Ulys.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды. 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын», - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.   

«Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады.  Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады. 

«Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз», - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

 

 

Қызылорда облысында  «Үлгілі елді мекен» конкурсы өтті
17 маусым 2024
Қызылорда облысында  «Үлгілі елді мекен» конкурсы өтті

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасуда.
Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілді.
 «Үлгілі елді мекен» конкурсы
Мемлекет басшысының «Ауылдық аумақтарды дамыту туралы» тапсырмасына сәйкес, облыстағы елді мекендер арасында тазалыққа, көркейту көгалдандыруға, абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде.
Байқау туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
2023 жылы конкурс 2 мәрте көктем және күз айларында өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машинасы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз елді мекендерге табысталды.
Алғаш рет өткізілген көктемгі конкурсқа 7 аудан орталығы, 24 ауыл қатысып, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Күзгі конкурста да осындай талаптарға сай жеңімпаздар анықталды.
Биылғы жылы да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен
436 млн теңге бөлінді. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс жеңімпаздарына табысталатын болады. Қазіргі таңда конкурсқа қатысушы елді мекендердің құжаттары жинақталуда.


Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өткізіледі. «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша әр ауданнан 1 жеңімпаз елді мекен анықталады және оларға абаттандыру жобаларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 млн теңгеден беріледі. «Үлгілі аудан» номинациясына аудандардағы кенттер мен қалалар, «Үлгілі ауыл» номинациясына тірек және серіктес елді мекендер, «Үлгілі елді мекен» номинациясына тірек және серіктес елді мекендерден басқа, елді мекендер қатысады.
 «Үздік аула» конкурсы
Қызылорда қаласында «Үздік аула» номинациясы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде конкурс ұйымдастырылып келеді.
Өткен жылы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конкурс нәтижесімен Қызылорда қаласы, Абдрахманов көшесіндегі №19 көпқабатты үйдің ауласы «Үздік аула» номинациясының жеңімпазы атанды.
Көпқабатты үйдің аталмыш номинацияның жеңімпазы атануына осы үйдің тұрғыны, зейнеткер Бердіқожа Кенжебаевтың үлесі зор. Ол өз күшімен көпқабатты тұрғын үйдің ауласына соңғы жылдары 100-ге жуық ағаш отырғызып, ауланың жасыл желекке айналуына септігін тигізді.
Қоқыс өңдеу полигоны
Қызылорда қаласы аумағындағы қоқыс полигонына Корея Республикасынан инвестор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда оңтүстік кореялық инвестормен Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан меморандумға қол қойылып, тиісті құжаттар әзірленуде.
Зауытқа 8 млрд теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңделетін болады.
Нысан 2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Қызылорда тазалығы» мекемесі
Бүгінде Қызылорда қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқаруда. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады.
Соңғы 2 жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 млрд 153 млн теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынды.
Айта кету керек, коммуналдық саланың жұмысшыларына қолду білдіру мақсатында оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған және жылына бір рет шипажайларға тегін жолдама беріледі.
Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты биылғы жылдың басында қалада арнайы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қаладағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту мен қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары
Бүгін өңірде республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Шараға еңбекші жастармен қатар, волонтерлер, қала тұрғындары қатысты. «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтастыруда. Жастарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша табыс табуына назар аударылып келеді.
«Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1871 жас маусымдық жұмыспен, орналастыру, қажетті экипировкамен, белгіленген мөлшерде еңбекақымен қамтамасыз етіледі.
Қозғалыс мүшелерімен облыс көлемінде орналасқан мәдени-демалыс орындарында, аллея, сквер, алаңдар мен парктердерде көгалдандыру, аумақтарды қоқыстан тазалау шаралары атқарылады.
Бүгінгі шарада 100-ге жуық еңбекші жастар Қызылорда қаласындағы «Б.Шөкенов саябағында» тазалау, сырлау, әктеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына өз үлестерін қосты.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған экологиялық акцияға барлығы 191 мыңнан аса еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Нәтижесімен, 8 мың тоннадан (8426) астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 скверлер мен парктер, 225 тарихи мәдени ескерткіштер, 791 әлеуметтік нысандар, 1130 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 289 су объектілері, 24 445 аулалар мен көшелердің бойы тазартылып, 900-ге жуық техника жұмылдырылып, 129 мыңнан аса (129 358) өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.