Құрылтай деген ұғым қазақтың таным-түсінігінде кілт сөз, ұлттық код ретінде берік орнаған. Елдің тағдырын шешетін күрделі кезеңдерде, көбіне шешуші шайқастар алдында қазақ хандары құрылтай шақырып, халықпен ақылдаса отырып шешім қабылдайтын болған.
Қазақ халқы өз мемлекеттілігін қалпына келтіргеніне 31 жыл толғанда ұлттық кодқа айналған осы «құрылтай» ұғымы жаңа мәнге ие болып, саяси институтқа айналуға бет алды.
Құрылтай ұғымының мемлекеттің саяси өмірінде маңызды институтқа айналған тұсы Қазақ хандығының дәуірі еді. Керей-Жәнібектен басталып Кенесары ханға дейінгі Жошы ұрпақтары бірнеше рет ұлттық құрылтай шақырып, халықты біріктіруге, сыртқы және ішкі саяси мәселелерді шешуге талпынды.
Тарихи деректерге сүйенсек, құрылтай институтының қызметіне ең көп жүгінген хандардың бірі Қасым хан (1511–1521) болғанға ұқсайды. Осы құрылтайлардың нәтижесінде Қазақ хандығының заңдары жүйеленіп, «Қасым ханның қасқа жолы» қабылданды.
Ал Тәуке хан XVII ғасырдың аяғында құрылтай шақырып, қазақтың ру-тайпалық қарым-қатынасын реттеген, шариғат пен әдет-ғұрыпты, мемлекет басқару мен құқықтық қатынастарды үндестірген әйгілі «Жеті жарғы» қабылданады.
Бұдан кейін әйгілі құрылтайлардың бәрі Жоңғар шапқыншылығымен байланысты шақырылып отырған деуге болады.
1643 жылғы Орбұлақ шайқасының алдындағы құрылтай, 1729–1730 жылдардағы Аңырақай шайқасы алдындағы құрылтай қазақ тарихындағы ең ұзақ соғыстың тағдырын айқындауға септігін тигізді.
«Құрылтай» сөзінің қазіргі қазақ санасына шайқас, соғыс, майдан сөздерімен қанаттасып сіңуіне осындай тарихи фактілер себеп болған. Ал шын мәнінде Атырау мен Алтайдың арасында бытырай қоныстанған көшпелі халықтың бірлігін ыдыратып алмай ұстап тұру үшін, шұғыл жағдайларда басын тез біріктіру үшін, хан ордасында қабылданған саясаттың әр тайпаға, руға, әулетке жетуі үшін құрылтай өткізудің маңызы зор болған.
Қазақстан – мелитористік саясат ұстанбайтын, бейбітсүйгіш ұстанымдағы ел. Сондықтан Ұлттық құрылтай ұғымы жаугерлік мақсатта емес, саяси майдан құралы ретінде өмірге қайта еніп отыр.
Бұл институт қазір қоғам мен билік арасындағы диалогтың бір жолы болып есептеледі. Ол бір жағынан қарапайым азаматтардың саяси белсенділігін дұрыс арнаға бағыттап, «Еститін мемлекет» саясатын жандандыру үшін маңызды.
Осыған дейін Ұлттық құрылтайдың үш үлкен жиыны өтті десек, соның бәрінде айтылған орынды идеялар мен ұсыныстар заң ретінде, жоба ретінде іске асып жатыр.
Сондықтан Ұлттық құрылтайды талқылау платформасы ғана емес, ұсыныстар мен шешімдер қабылдайтын алаң деп бағалауға болады.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтайды құру идеясын ұсынды. Оның да негізгі жұмыс бағытын «Мәселелерді алаң мен көшеде емес, емес, ресми жиында талқылау керек» деген ұстаныммен үндес еді.
Ұлттық құрылтай идеясына скептикалық көзқараспен қараушылар көп болғанымен, үш жылдың ішінде ол өзін реформалық заңдардың генераторы ретінде көрсете білді.
Нақтырақ айтсақ, 2024 жылдың өзінде ғана Ұлттық құрылтайдың бастамасымен бірнеше маңызды заң қабылданды.
Біріншісі – «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі туралы» Заң. Бұл заңды көпшілік экс-министр Қуандық Бишімбаевтың атышулы ісімен байланысты қабылданды деп жаңсақ түсініп жүр. Бұл заң туралы бастама Ұлттық құрылтайда көтерілген болатын.
Екіншіден, есірткі мен вейп саудасына ауыздықтайтын электронды темекі (вейп) өнімдерін сатуға және өндіруге толықтай тыйым салуды көздейтін заң қабылданды.
Мемлекеттік рәміздер мен атауларды біріздендіруге арналған «Ономастика және геральдика туралы заң» қабылданды. Ұлттық құрылтайда Елтаңбаның қазіргі кескінін совет кезеңіндегі Гербке ұқсатқандардың ұсынысы да талқыға түскен. Бұл мәселе қоғам ішінде кеңінен талқыланып, қазіргі нұсқасы өзгеріссіз қалды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай тек пікір алмасумен шектелмейтін, нақты шешімдер қабылдауға бағытталған құрылым екенін үнемі айтып жүр. Ол шешімдер елдің әлеуметтік мәселелеріне, рухани толысуына ғана бағытталып жатқан жоқ, экономиканың маңызды проблемаларын да қамтып жүр.
Мысалы, Атыраудағы құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындарына арнап, халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды тапсырды.
«Сонымен қатар Үкіметке Мемлекет басшысының бастамасымен сатып алу құқығымен берілетін жалға берілетін тұрғын үй көлемін айтарлықтай арттыру қажет. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткішке айналатын жөндеу-құрылыс жұмыстарымен кемінде 12 мың шақырым жолды қамту міндеті қойылды. Елдегі азаматтардың өмір сүру сапасы мен қоршаған ортаның жағдайын жақсарту үшін кемінде 1 700 шақырым газ желілерін жаңғыртудың да маңызы зор. Бұл бастамалардың биылғы жылы отандық кәсіпорындарды барынша тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр», - дейді Ерлан Қарин. Мемлекеттік кеңесші атаған шаралардың бәрі Президенттің биылғы Жолдауында нақты көрініс тапқанын айту керек.
Мұның бәрі Ұлттық құрылтай Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды рөл атқаратын құрылымға айналғанын айғақтайды.