Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    516.5
  • RUB -

    5.49
УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ: ҚАЗАҚСТАН «ОТ ПЕН СУДЫҢ ОРТАСЫНДА»
03 наурыз 2022
УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ: ҚАЗАҚСТАН «ОТ ПЕН СУДЫҢ ОРТАСЫНДА»

Украина мен Ресей соғысы әлем елдерінің барлығына дерлік белгілі бір деңгейде салқынын тигізуде. Ұзаққа созылған пандемиядан ес жия алмай отырған оларға қосымша соққы болды.   

Солтүстік көршінің экономикасы, қаржылық жүйесінен бастап барлық маңызды саласы Батыс елдерінің қысымы астында қалды. Құдайы көрші, стратегиялық әріптес, ешқайда қашып кете алмайсың. 

Қазақстанның ұстанымы бейтарап болу керек. Жағдайды бейтарап та ұстап отыр. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау амалы. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүшеміз, әрі қаңтардағы оқиға кезінде көмек сұрадық. Сондықтан аталған ұйымға қатысты дау-дамайдың шықпағаны жақсы.   

Қауіптер:

Ресейге бірінен кейін бірі салынған санкциялардың бізге жанама әсері болады. Көршінің банктеріне жасалған қысымдардан рубль құнсыздануда. Интервенция жасай беруден қоры сарқылған соң орталық банк рубльді еркіне жіберуі мүмкін. Ресейдің басты сауда әріптесі болғандықтан теңге де осы жағдайды бастан кешеді. Инфлияция сөзсіз құтырады. Бір доллар 600 теңгеге дейін жетеді деген болжамдар бар. Бизнес саласы біраз тұралап, бағаның өсуінен халық зардап шегеді.     

Үміттер:

Ресей тас құрсауда қалғанмен әлем елдерінің біразы олардың энергетикасына тәуелді. Олардың шикізатын өткізуде өте қиын болса да, Қазақстанның әлеуетін қарау керек. Мұнай бағасы қазірдің өзінде 116 долларға жетті. Алда 130-ға барып, одан да асуы мүмкін деп долбарлануда. Бірақ, қара алтынды тасымалдау жағынан  проблема туындауы ықтимал. Қазақ мұнайының басым бөлігін шетелге тасымалдайтын — Каспий құбыр желісі консорциумы. Халықаралық консорциум акциясының төрттен біріне жуығы Ресейдің үлесінде. Батыс елдері энергетикалық дағдарысқа ұшырамау үшін көз жұма қарайды деген үміт басым.

Сондай-ақ көршіміз әлемдегі тәбеті жақсы үлкен нарықтардың бірі. Олардан кетіп жатқан әр саладағы ірі компанияларды Қазақстанға тарту керек. Олар да ақымақ емес, мүдделі. Инвестициялық зор мүмкіндіктер туады. Сондықтан кеше құрылған Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі Жедел штаб осындай мәселелерге баса назар аударуы керек. Мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ Ресей мен Шығыс, Батыс елдері арасында «алтын көпірге» айналуымыз мүмкін.

Сіз қалай ойлайсыз? Болжамыңызды жаза отырыңыз. Үздік пікірді телеграм-каналымыздың OZYQ OI айдарына жариялаймыз.

RELATED NEWS
ТҮРКІНІ ТҰТАСТЫРҒАН «ТӘРЖІМАН»
02 желтоқсан 2018
ТҮРКІНІ ТҰТАСТЫРҒАН «ТӘРЖІМАН»

Тағдыры мен тарихы ұқсас, түбі бір түркі халықтарының тұтасу процесінде тіл мен дін ерекше рөл атқарады десек, бұл тұрғыда зиялы қауым өкілдерінің еңбектері өлшеусіз. Басқаға қарағанда, ұлттық санасы ертерек оянған татар халқы қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, т.б. ұлттарға үлгі-өнеге көрсетті. Қазан, Қырым жерлерінің түлектері бүкіл түркі халықтарының саяси-әлеуметтік, азаттық үшін күрестерінің алдыңғы қатарынан көрінді. Бұл руханият саласында да өз ізін қалдырды.

Ресей мұсылмандары зиялыларына айрықша әсер еткен, ой-санасына тың көзқарас қалыптастырған көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Исмаил Гаспринский болды.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан өзінің жазбасында Қырым татары Исмаил Гаспринский туралы былай деп жазады: «Исмайыл мырза Мұстафа оғлы Қырымда 1851-інші жылы «Ғаспра» деген ауылда туған. «Ғаспрински» деген фамилия содан қалған. Ата-анасы бұрынғы Қырым хандары нәсілінен келген ханзада балалары болған. Исмайыл мырза алғашқы оқуын ауыл мектебінде оқып, онан кейін Мәскеу гимназиясына барып түскен».

Исмаил Гаспринский 1883 жылы 10 сәуірден бастап «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұранмен – «Тәржіман» газетін шығарды. Газет Ресейдің түкпір-түкпіріне таратылып қана қоймай, Шығыс елдері мен Орта Азияның мұсылмандар қауымының да қолына тиді. Болашағын бағдарлай білген көреген саясаткердің газетінің атын «Тәржіман» қоюы да тегін емес. Гаспринский орыс мемлекетінің түрлі қиындықтар туғызатынын білетін. Газеттің алғашқы санында мақсатының орыс басылымын кемшіліксіз және қателіксіз аудару екенін айтуы жауапты адамдарды алдау үшін қолданған айлалы қадамы болатын.

Баспа үйін ашу, қағаз бен сия сатып алу, мақала жазу, газетті басу бір басына жүктеледі. Ол туралы Ә.Бөкейхан: «Исмайыл мырза «Тәржіман»-ды өзі жазған, баспаханада харіпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіман»-ның бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған», – деп оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін атап өтсе, ғалым Дихан Қамзабекұлы «Түркістан алқасы» еңбегінде былай дейді: «Патша өкіметі тарапынан жаңа көзқарас қатаң бақылауға алынып отырған шақта жалғыз қайраткердің осыншама батыл істерді үзбей жүргізуі үшін тәуекелшілдік қана емес, терең білім, сындарлы ой, көркем сабыр, ақ-адал жүрек қажет болса, ол қасиетті құдай И.Гаспринскийге дарытқан еді».

  «Тәржіман» бастапқыда аптасына бір рет шықса, кейіннен күн сайын шыға бастайды. Кішігірім көлеммен және аздаған данамен жарық көргенімен, осы кішігірім қағаздың ел ішіне жүргізген ықпалы зор еді. Газет шыға бастаған кезде көпшілікті қызықтыратын, өзекті мәселелерді терең талдап, халыққа жариялайды. Ақиқатты бұлтартпасыз жазатын және халықты ойлануға шақыратын газет үкімет жауаптыларына ұнай қоймады. Баспа үйі мен басушыны тексерулер, жазалау, тінтулер сирек болған жоқ. Бірақ, бұлар Исмаил мырзаны тоқтата алған жоқ, қайта жігерін жанып, күшіне күш қосты.

  «Тәржіман» газеті Ресей мұсылмандарының ғана емес, бүкіл шығыс елдеріне танымал беделді басылым болды. Ол сол тұстағы бүкіл түркі халықтарының басын құраған орталықтың рөлін атқарды. Бұл басылымның құрылтайшысы әрі редакторы – Исмаил бей түркі жұртының тұтастығына жол бастап, оның тіл, дін, бірлігіндегі айқындамасын жасады.

Ал, тұтасу, бірігу арқылы азаттыққа апаратын бұл даңғыл жолды түркілік түлектер жаппай қуаттады. Олар ұлт мүддесі тұрғысынан ой өрбітіп, Ресей құзырындағы мұсылман халықтарына қатысты ортақ мәселелердің шешімін күн тәртібіне қойды. Ұлттық зиялылар мәдени-ағарту орындарын көбейту, баспасөз ісін дамыту, халықтың экономикалық жағдайын жақсарту сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, тіл, дін бостандығын талап етті.

Исмаил Гаспринский тіл туралы түсініктері тұрақты түрде «Тәржіман» газетінде басылып тұрды. «Түрік тілінің ерекшелігі» (1888), «Мемлекеттік тіл туралы» (1891), «Түрік тілі туралы» (1892), «Әліпби тарихынан» (1893), «Дауыстап оқу әдісі туралы» (1899), «Тіл, тіл және тіл» (1905), «Түрік тілі және қоғамға үлесі» (1907), «Дұрыс жазу туралы» (1913) сияқты көптеген мақалалар жариялады.

Оның мақалаларында алға тартқан пікірлері арада бір ғасыр уақыт өтсе де бұл тілдердің саяси және әлеуметтік даму тарихтарының тағдырлас болуы және кері кетуінің ұқсауына байланысты көптеген мәселені айқындай алады. Бұл мақалалардағы ой-тұжырымдар түйінінің бүгінгі мемлекеттік мәртебеге қолы жеткен қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, татар тілдері алдында тұрған күрделі міндеттермен ұштасып жатуы кім-кімді де ойландыруы тиіс, өйткені арада бір ғасырлық уақыт кеңістігі жатса да, бұл тілдердің саяси-әлеуметтік даму тарихы тағдырлас, тоқырауы мен қожырауы ұқсас болып келуі көп жайды аңғартса керек.

Газет көтерген өзекті тақырыптар түркі халықтарының тағдыр-тауқыметі, олардың тілі, діні, ділі, әдет-ғұрпы, жер-суы, өткен тарихы мен ауыз әдебиеті үлгілерінің нұсқалары, шешендік өнері мен ақын-жыраулары, елдік салты мен дана ғұламалары, хандар мен батырлары, тағы басқа маңызды мәселелерді қозғады. Баспасөз бетінде әйел адамның білім беру ісіне араласуы сынды ол кездегі сирек кездесетін жағдайлар басылып отырды. Бұл мәселелердің көпшілігі қазірдің өзінде маңызын жоғалтпаған және өзекті тақырыптар еді. Кедергі қойылғанына қарамастан «Тәржіман» қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен де айналысты.

«Тәржіманда» қазақ халқының мәдениеті мен тарихына, экономикасына қатысты көптеген материалдар жарияланды. «Қазақтар», «Торғай һәм Орал облыстарындағы қазақтардың жағдайы», «Орыс қоныстанушылары мен жергілікті қазақтардың құқы», «Қазақтар және отарлау саясаты», «Тұтас халықтың қырғыны», «Түркістанды орыстардың басқаруы», «Орыс қоныстанушылары қазақтарды шұрайлы жерлерінен ығыстыруда», «Түркістанның жаңа тарихы», т.б. мақалалары Гаспринскийдің қазақ халқының тағдырына бауырластық жанашырлықпен қарағанын танытады.

Исмаил Гаспринский – ақылды, білімді, жан дүниесінде бүкпесі жоқ таза адам болған. Ол барлық дәуірлердің басты мәселелерін қолға ұстатқандай ашық түсіндіре алатын нағыз саясаткер, бүкпелеуді білмейтін, көріп тұрған болашақтан қандай қиындықтар кездессе де тайсалмайтын баһадүр жан еді.

И.Гаспринскийдің тағы бір ерекшелігі – оның бірнеше тілді меңгергендігі. Барлық түрік тілдерімен қатар орыс және француз тілін де жетік білетін. Бірнеше тілден аударып «Тәржіманда» жариялаған бірқатар хабарлары арқылы бұлай жасай алмаған бауырларына көп көмек тигізді.

Оның бүкіл түркіге түсінікті ортақ тілде «Тәржіман» газетін шығаруы, сөйтіп, осы негізде, түп, тіл, дін бірлігіне жол ашуы – рухани тұрғыдағы алғашқы қадам еді. Бұл жөнінде ғалым Р.Бердібай былай дейді: «Отаршылдықтың зұлматына душар болған түрік халықтарының ортақ мұңын сөйлеген Исмаил Гаспринский (1851-1914) шығармалары ұлттық сананың оянуына күшті ықпал жасады... Түрік халықтарының өзара айырмашылықтарынан гөрі олардың жақындықтарын насихаттауды, рухани бірлестікті күшейтуді ұдайы мақсат етіп ұстану «Тәржіманның» негізгі бағыты болған».

Ол өте мықты сөз шебері болатын, оның жетекшілігімен газеттің қарапайым, қысқа да нұсқа әрі айқын стилі қалыптасты. Ол осы тіл арқылы бүкіл мұсылман әлемін біріктіргісі келді. Қазан төңкерісіне дейін «Тәржіман» секілді ұзақ мерзім, яғни 35 жыл бойы басылған басқа түрік-мұсылман газеті жоқ. Газет бұл жылдары түрік жұртына қызмет етіп, 1918 жылы 23 ақпанда жабылды.

 

 

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, түркітанушы

TikTok-қа 14,1 млн қазақстандық тіркелген - депутаттар оған шектеу қоюды ұсынды
22 сәуір 2024
TikTok-қа 14,1 млн қазақстандық тіркелген - депутаттар оған шектеу қоюды ұсынды

Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мысалы, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн., ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 млн., азамат тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – бүгінгі өмір шындығы! Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров мәлім етті.

Ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келе жатқанын айтқан.

«Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда.Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біздермен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралуда», - дейді депутат.

          Оның айтуынша желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойған. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп, 2020 жылдан бастап ТикТокқа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап Тик-Токқа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді.

          Ал АҚШ Үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал, TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар тиктоктың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған.

«Жалпы, мемлекеттің болашағы біздің жеткіншек ұрпақтың рухани, моральдық бет-бейнесіне байланысты. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, сырттан келген моральдық қауіп-қатерге төтеп беріп, ұлттық кодымызды сақтаудың тетігін қоғам мемлекет болып бірге қалыптастыру керек. Бұл – біздің болашақ ұрпақты рухани құлдыраудан сақтап, ұлтымызды жаңа деңгейде қалыптастыратын Ұлы күрес! Сондықтан аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуды қажет:

1. Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес ТикТоктағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою.

 2. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау.

3. ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу», - деп толықтырды Е. Саиров.

АРМАНЫ НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ ЕДІ...
16 тамыз 2022
АРМАНЫ НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ ЕДІ...

76 жасқа қараған шағында белгілі саясаткер, қазақ оппозициясы серкелерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев жүрек талмасынан мәңгілікке аттанды. 

Балташ Молдабайұлы Омбы облысының Кіші Боранкөл ауылында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттің қалыптасуына зор үлес қосты. Атап айтқанда, 1991 жылдан бастап -1999 жылға дейін премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі, Қостанай облысының әкімі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі елшісі, сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды.

Ол елшілікте жүрген кездің өзінде билік басындағыларды қатаң сынап отырды. Марқұмның өзінің сөзінше, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назараев 1995 жылы референдум арқылы Ата заңға өзіне шексіз мүмкіндік беретін өзгерістер енгізгеннен бастап оның әрекеттері мен қылмыстарын сынай бастаған. 

1998 жылы  Нұрсұлтан Назарбаев оны қайтадан премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындап, 1999 жылы қаңтарда президент сайлауы өткеннен кейін қызметінен босатады.  

Содан бері Балташ Тұрсымбаев  оппозициялық күштер қатарына қосылып, бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, әулетіне және  жемқорлық  жайлаған жүйге қатысты өзінің өткір пікірлерін ашық айтып, халықтың саяси сауатының артуына үлес қосты. «Билік әділ бәсекеден қорқады,  Билік өз халқына сенбейді» деген ұстанымдарын тұрақты түрде білдіріп келеді. 

Марқұм жер сатуға қарсы  құрған  "Ел мен Жер" қозғалысын үш ай бұрын  саяси партияға айналдыратынын айтып, бағдарламасымен де таныстырған болатын. Әлі де іргелі мақсаттары бар еді... 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтың отбасы мен туыстарына көңіл айтты.

Қазақ елі бүгін аяулы ұлын соңғы сапарға шығарып салды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.