Валюта бағамы
  • USD -

    466.7
  • EUR -

    501
  • RUB -

    5.21
Үкімет Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге  2,4 млрд теңге бөлді
16 мамыр 2024
Үкімет Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің жылумен жабдықтау жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Риддердегі жұмыстарды күшейту үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Риддердің жылу желілерінде былтыр жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары олардың тозу деңгейін 78,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда, бұл тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз. Жалпы алғанда, өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық фактісі тіркелді, соның салдарынан тұтынушылар үшін шектеулер енгізілді.

Кейінге қалдыруға болмайтын қажетті шұғыл жұмыстарды ескере отырып, ҚР Үкіметі резервінен Риддер қаласының «Водоканал» ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл олардың тозу деңгейін жарамды көрсеткіштерге дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 50-ден астам учаскеде жұмыстар жүргізілмек.

Естеріңізге сала кетейік, бір айдан аз уақыт бұрын ҚР Премьер-Министрі Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойған болатын. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінді.

Жалпы алғанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр.

Республиканың жылу көздері мен жылу желілерін кешенді түрде жаңғырту мәселесі ҚР Үкіметінің тұрақты бақылауында.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды
11 маусым 2024
1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды

Энергетика министрлігі ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Ulys.

Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны:

  • Астана - литріне 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шымкент - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Ақтөбе облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Атырау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Ақмола облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жамбыл облысы - 78 теңге (қазір 71 теңге);
  • Батыс Қазақстан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қостанай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Қызылорда облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қарағанды облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Маңғыстау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Павлодар облысы - 81 теңге (қазір 74 теңге);
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Түркістан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Абай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жетісу облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Ұлытау облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге).

Бұйрық 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп көзделген.

Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.

Қазақстан ядролық отынның компоненттерін өндіреді
31 мамыр 2024
Қазақстан ядролық отынның компоненттерін өндіреді

ПрезидентАлматыда ғалымдармен өткен кездесуде Қазақстанда ядролық отынның компоненттерін өндірудің және оны тиімді пайдалана білудің маңыздылығын айтты. Бұл туралы Ақорда жазды.

«Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді. Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан – табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту туралы да тілге тиек етті. 

«Жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек. «Жасыл» сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет. Машина жасау бағытының болашағы зор. Елімізде көлік құрастыратын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.