Үкімет қосылған құн салығын көтеруді ұсынып отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президенттің қатысуымен өтіп жатқан жиында айтты, деп хабарлайдs Ulys.
Оның айтуынша, негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни өзіндік құнына түседі. Сонымен қатар Үкімет басшысы көптеген дамыған елдерде ҚҚС жоғары екендігін тілге тиек етті.
«Тауар сөреге түскенге дейін кәсіпкер салықтың көп бөлігін төлеуге мәжбүр. Осыған байланысты Үкімет еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайтуды ұсынады. Бұл үшін қосылған құн салығын көтеру керек. Бұл кәсіпорынның бәсекеге қабілеттігін арттырады»,- деді Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен қатар жиында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин егер Қазақстанда қосымша құн салығы өссе, азаматтардың жалақысы, жәрдемақысы, зейнетақысы мен атаулы әлеуметтік көмегі өседі деді.
«Егер қажет болған жағдайда, біз атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейтеміз», - деді Жұманғарин.