Валюта бағамы
  • USD -

    514.5
  • EUR -

    601
  • RUB -

    6.55
«Туризм әзірге тиімді болмай тұр»- Тоқаев Үкіметті сынады
редактор 13 маусым 2024
«Туризм әзірге тиімді болмай тұр»- Тоқаев Үкіметті сынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

– Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы. 

– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес.  Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.

– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен  санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет.  Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Президент туристік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды. 

– Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді. Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.

– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы тұмса табиғат, тарихи және мәдени ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз екенін атап өтті.

– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.

Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды. 

– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көлік министрі Марат Қарабаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, «Accor» қонақүйлер желісінің ТМД бойынша бас директоры Алексис Деларофф, «Orient Finance Group» компаниясының акционері Руслан Шаекин, «PANA Group» компаниясының тең құрылтайшысы Нұржан Ниязалиев, «SkyWayTravel»  туристік компаниясының директоры Әсем Қозбағарова сөз сөйледі.

RELATED NEWS
Қазақстанға шетелден келген турист саны 11 млн-нан асты
09 желтоқсан 2024
Қазақстанға шетелден келген турист саны 11 млн-нан асты

2024 жыл Қазақстан туризмі үшін айтулы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде туризм саласын жаңғыртуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың, инвестиция тарту мен халықаралық аренада ілгерілетудің арқасында еліміз экономикалық өсу мен мәдениетаралық өзара іс-қимылдың маңызды қозғаушы күшіне айналып отырған туризм саласындағы оң нәтижелер көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР Үкіметі хабарлады.

Еліміздің туризм саласы тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты. Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. 

Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады. Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Екінші жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий Ривьерасы, онда ҚР Премьер-министрінің қатысуымен туризм бойынша халықаралық ауқымды форум өтті. Жоба жағажай демалыс орны, гольф қонақ үйі, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы сияқты бірнеше бастама аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді игеруді қамтиды. Жобаның жалпы бағалау құны 137,4 млрд теңгені құрайды, ал жоспарланған іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар.

Елімізде туризм саласын мемлекеттік қолдау күшейтілді. Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды.

Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылды Қытайдағы Қазақстандық туризм жылы деп жариялау Қазақстанды ілгерілету үшін маңызды қадам болды. Қытайдың ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті.

18 қарашада Қазақстан «цифрлы» көшпенділерге арналған Neo Nomad Visa енгізді, бұл елімізді қашықтан жұмыс істейтін саяхатшылардың жаңа буыны үшін тартымды етеді. Прогресс халықаралық рейтингіде де көрініс тапты: Қазақстан 2019 жылғы 80-ші орыннан позициясын жақсартып, 119 елдің ішінде 52-ші орынға көтерілді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі халықаралық аренада маңызды оқиғаға айналды. Ойындарға 89 елден 2 700 қатысушы жиналды. «Астана – Арена» және «Қазанат» ипподромы сияқты спорт нысандарын қайта жаңарту қаланың инфрақұрылымын жақсартты.

Сондай-ақ Қазақстан ауылдық туризмді дамытқаны үшін марапаттарға ие болды: Саты ауылы Best Tourism Village Award жүлдесін алды, ал Катонқарағай ауданының жобасы ITB Berlin 2024 көрмесінде үшінші орын иеленді.

2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 1 319 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі бастамалар қатарына Түркістандағы «Medina Palace» қонақ үйінің құрылысы мен жаңа қонақ үй нысандарын қосу арқылы «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаңғырту кіреді.

Глэмпинг алаңдары мен қонақ үйлер құру арқылы 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтамасыз ететін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық парктер аумақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр.

Аймақтардағы туризм: өсу, инвестиция және инфрақұрылымның дамуы

Ақмола облысы

Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша өңірге келген туристер легі 1 млн-нан астам туристке жетті, оның ішінде 404,7 мың адамға орналастыру орындары қызмет көрсетті. Бурабай курорттық аймағына 932 мың адам келді. Туризм саласынан бюджетке түсетін салықтық түсім мөлшері 3,1 млрд теңгені құрады, өсім 30%-ды құрады.

Биылғы 10 ай қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23,1 млрд теңгені құрап отыр.

Алматы облысы

2024 жылдың 9 айында туристер саны 384,1 мың адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп (322,3 мың адам).

Туристер арасында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері», «Шарын» өңірінің мемлекеттік ұлттық табиғи парктері пайдаланылады.

Биылғы 10 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгені құрады.

Алматы облысы еліміздің туристік стратегиясындағы негізгі бағыттардың біріне айналған бірегей тау кластерін белсенді дамытып келеді. Туристік саланы дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған бекітілген тұжырымдамасы шеңберінде Түрген көркем шатқалынан Қаскелең шатқалына дейін тау шаңғысы базаларын құру мен жаңғыртуды қамтитын кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Аталған жоба таулы демалыс үшін заманауи және сұранысқа ие инфрақұрылымды қалыптастыруға, сондай-ақ Алматы өңірінің халықаралық деңгейдегі туризм орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға қабілетті жаңа тартымды орындар ашуға бағытталған.

Алматы қаласы

9 айдың қорытындысына сәйкес, 2024 жылы туристердің жалпы саны 14%-ға (2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда) өсіп, 1,7 млн адамға жетті. Шетелдік туристер саны 24%-ға өсіп, 507,5 мың адамға жетті. Ішкі туристер саны 1,2 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық. Туристер легінің артуы негізгі капиталға инвестицияның ұлғаюымен қатар жүреді. 2024 жылдың 10 айында 29,3% өсіммен 86,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Туризмнен түскен салық түсімдері 76,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге жоғары. Қаланың туризм саласында 83,1 мың адам жұмыспен қамтылған.

2024 жылы Алматыда жеке қаражат есебінен 25 туристік нысан ашылды, атап айтқанда, 15 қонақ үй, 4 глэмпинг алаңы, 4 жатақхана және 2 қонақ үй. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен 2027 жылға дейін 339,5 млрд теңгеге қонақүй құрылысы бойынша 30 жобаны аяқтау және 125 млрд теңгеге 29 туристік нысан салу жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысы

2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда елімізге келушілер санының 18%-ға артқаны байқалады. Туризм саласында 2024-2026 жылдарға жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 14 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 14,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47%-ға артық.

Жетісу облысы

Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту 5 негізгі бағыт: Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауы тау сілемі әлеуетіне негізделген.

2024 жылғы 9 айда туристік нысандарға 253 мыңнан астам адам келген, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артық. 10 айдағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биыл 9,4 млрд теңгені құрады.

Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмысы аяқталды, «Талдықорған – Үшарал» автомобиль жолдарының (313,5 шақырым) асфальтбетон жабыны қамтамасыз етілді, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды.

Қарағанды облысы

2024 жылы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі – 7 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішімен салыстырғанда 75%. Салаға құйылған инвестиция 17,4 млрд теңгені құрады.

Жыл басынан бері жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылып, 23 жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ 2025–2027 жылдары туризм саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған: Балқаштағы қалалық жағажай жағалауы аймағын абаттандыру және қаладағы әуежайды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау.

Қызылорда облысы

Биыл өңір 9 айда 116,6 мың турист қабылдады. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, туризм саласына құйылған инвестиция көлемі – 26,1 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға артық.

Маңғыстау облысы

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ресми деректер бойынша облысқа 367,4 мың турист келген, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13%-ға артық. Өңірде көрсетілген туристік қызметтердің жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жетіп, 34,7%-ға өсті. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына құйылған инвестиция көлемі – 6,6 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.

2024 жылы жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылды, бұл 80 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

2025–2027 жылдар аралығында жалпы құны 100 млрд теңге болатын 500-ге жуық жұмыс орнын құра отырып, 11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, Кендірлі туристік аймағын дамыту бойынша мастер-жоспар әзірленіп жатыр.

Ұлытау облысы

2024 жылғы 9 айда орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер саны 21,2 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде 732-ден астамы – шетелдік туристер. Орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға артып, 497,9 млн теңгеден асты.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,6%-ға артық.

Сонымен қатар 1 млрд теңге сомасына 3 қонақ үй кешені іске қосылды. 2025 жылы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын екі қонақ үйді пайдалануға беру, тарихи орындар бойынша жеңіл инфрақұрылым мен далалық навигация орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 2025 жылы Тасбұлақ бқлағы аумағын абаттандыру және Сәтбаев қаласынан Жошы хан және Домбауыл кешеніне дейін құны 12,5 млрд теңгені құрайтын тас жолын салу жұмыстары да қарастырылған.

Қазақстан мәдени бай мұраны, табиғи әртүрлілікті және заманауи инфрақұрылымдық шешімдерді үйлестіре отырып, саяхат үшін ең тартымды бағыттардың бірі ретінде өзінің имиджін қалыптастыруды жалғастырып келеді. 

 

Қазақстанға келетін туристерді енді таксистер алдай алмайды
08 сәуір 2025
Қазақстанға келетін туристерді енді таксистер алдай алмайды

Туризм және спорт министрлігі туристер үшін барлық сервисті біріктіретін TravelStan бірыңғай мобильді қосымшасын әзірлеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulys.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазір елімізде туристерге арналған бірыңғай экожүйе қарастырылмаған.

«Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді.  Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектке негізделген көмекші. Яғни, туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады», - деді Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Осы жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілген. Енді оны қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал әзірге туризм министрлігі туристерге арналған QR код жүйесін енгізуде.

«Кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады. Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды СИМ-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды.  Бұл QR-код еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған. Қазір әуежайлар QR кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрап отыр», -дейді министр.

«Бозжыра» визит орталығының жаңа жобасы таныстырылды
21 ақпан 2025
«Бозжыра» визит орталығының жаңа жобасы таныстырылды

21 ақпан күні, Жаңаөзен қаласында Бозжырада туристік нысандар салу бойынша алдын ала қоғамдық тыңдау өтті.
 
Ұйымдастырылған шараға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты.
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке инвесторларды тарта отырып, Бозжыра сынды еліміздің көрікті жерлерін туризмнің орталығына айналдыруды тапсырды.
 
Осы орайда отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған.
 
Жоба авторларының айтуы бойынша, орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады. Орталық құрылысы 2026 жылдың соңғы шенінде аяқталады деп жоспарланған.
 
Орталық жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады, олар терең іргетасты қажет етпейді. Ғимарат мекеннің жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте тұратын болады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтіндей етіп шешілген. Қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған.
 
Жоба бойынша шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтереді.  Заман талабына сай визит орталық туристер баруға ынталы нүктеге айналып, экологиялық туризмді дамытуға септігін тигізеді және табиғи мұраны сақтауды қамтамасыз етеді.
 
Жоба авторларының айтуынша, визит орталығының мақсаты – табиғи ландшафт пен мәдени мұраны сақтай отыра, саяхаттаушыларды көшпенді өркениет әлеміне жетелеп, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттау.
 
Осындай туристік нысандар Бозжыраның төменгі жағынан да бой көтереді. Мұнда этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ. Туристік нысанға дейін жол салынып, тоқ тартылады. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
 
Жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының ауылшаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын сатуына мүмкіндік жасалады.
 
Қоғамдық тыңдауға келген қатысушылар Президенттің туризмді дамытуға қатысты бастамасын қолдайтындарын жеткізді.
 
- Мен мұнайшымын. Мұнай болашағының қаншалықты ұзақ болары белгісіз. Сондықтан экономиканың өзге де саласын, туризмді барынша дамытуымыз керек. Оған Маңғыстауда мүмкіндік зор. Ол туралы Президент те көп айтып жүр. Біз әрине Мемлекет басшысының бағыт-бағдарын толықтай қолдаймыз,- деді Д.Ізімов.
 
Ал Жаңаөзен қаласының тұрғыны Оразғали Қаспаев жаңа жобалар жергілікті тұрғындардың кәсіппен айналысып, табыс табуына мүмкіндік боларына сенімді.


 
- Бүгінгі Бозжыра мәселесі ақыры орнынан қозғалды. Бірақ тек Бозжыра емес, менің ойымша Айрақты, Жығылған, Тұзбайыр, Торышта да қонақ үйлер салынуы керек. Грузия, Түркия, Әзербайжаннан қай жеріміз кем? Біз әрине қолдаймыз, - деді қала тұрғыны.
 
Мұнайшылар кәсіподағының мүшесі Сәбит Токенов бірнеше жыл бұрын бастау алып, аяқсыз қалған Бозжыра жобасының қайта қолға алынғанына қуанышты екенін айтты.
 
- Енді тоқтамау керек. Түбінде Маңғыстаудың экономикасының негізгі бөлігі туризм болатыны сөзсіз. Біз болашақ жастарымызды туризм, биотехнология, атом энергетикасы, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты мамандықтарға оқытуымыз керек,- деді кәсіподақ мүшесі.
 
Жиын қорытындысы бойынша жоба қолдау тапты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.