Валюта бағамы
  • USD -

    520.5
  • EUR -

    608.5
  • RUB -

    6.59
 «ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІ АПТАСЫ»  «ҰЗЫН ХИКАЯМЕН» БАСТАЛДЫ
19 қараша 2019
«ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІ АПТАСЫ» «ҰЗЫН ХИКАЯМЕН» БАСТАЛДЫ

Елордада  «Түрік фильмдері аптасы»  белгілі режиссер Осман Сынавтың әйгілі жазушы Мұстафа Кутлуның «Ұзын хикая» романына негізделген «Ұзын хикая» фильмімен басталды. 

Фильмнің басты рөлін қазақстандықтардың да сүйікті актеріне айналған Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Қысқаша мазмұны: Бала кезінде жетім қалған болгарлық Әлиді атасы Сүлеймен Түркияға алып келген. Әли сүйіктісі Мунирамен, қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан үйленеді. Әли қызды алып қашады және олардың өмірі теміржол вокзалдарының станцияларының арасында үнемі көшумен өтеді. Алайда, Мунира екінші баласын босанар кезде көп қан кетіп, дүние салады. Ал Әли қаршадай ұлы — Мұстафаны ертіп өмірдің көп теперішін көреді. Адам тағдыры шынайы суреттелген киноны көріп отырған көрермендер кейде көз жасына ерік берсе, оқиға желісіне байланысты кейде езу тартты.

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы Мәдениет  және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен өтіп жатқан  елордадағы түрік фильмдері аптасы 25-қарашаға дейін жалғасады. 

Аталған шараның мақсаты түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу болып табылады. Екі бауырлас елді бір –біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда. Шара аясында көрермен тарихи, романтикалық және шытырман драма толы картиналарды тамашалай алады.

 

Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы ұсынылады. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қышқыл алмалар», «Қызыл орамалды шынарым»  сияқты фильмдер бар.

 

Сценаристі Чаган Ырмак болып табылатын «Ұмытсам сыбырла» фильмі -көрерменнің көзайымына айналған туынды. Медколледжді бітіріп, аудан орталығындағы дәрігерлік пунктте медбике болып жұмысқа жаңа кірген Ханифе мен сіңлісі Хатиже шағын ғана аудан орталығында тұрады. Ханифе – өте ұялшақ, тұйық қыз, ал Хатиже болса ерке, өз еркімен өскен. Ханифе әдебиетке әуес, ал Хатидже болса   ән салуға құштар. Бір күн жаңа тағайындалған әкімнің ұлы Тарык  аудан орталығына келеді. Сол күннен бастап апалы-сіңлілердің  өмірі түбегейлі өзгереді...

 

Басты ролде танымал түрік актер Кыванч Татлытуг ойнайтын  «Көбелектің түсі» фильмі 1940 жылдарда өмір сүрген екі ақынның өмірін баяндайды. Кино Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу атты екі жас ақынның өмірі мен Зонгулдактық шахтерлардың өмірін суреттеумен басталады.

 

Аты аңызға айналған Атыф Йылмаздың туындысы болып табылатын «Қызыл орамалды шынарым» фильмінің басты ролін Қазақстандық көрерменнің сүйікті актрисасы Түркан Шорай сомдаған. Кинотуынды Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының желісі бойынша түсірілген.  

 

Жапония мен Түркия бірлесе түсірген «Ертұғырыл 1890» фильмінің режиссері -Митсутоши Танака,  сценаристі  -Эрико Коматсу1890 жылы Османлы мемлекетінің кемесі «Ертұғырыл» Жапон теңізінде апатқа ұшырайды. Жапондықтар көмекке келіп, экипаж бен кемені құтқаруға тырысады. Ал 100 жылдан кейін 1985 жылы түріктер Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы қажет Жапонияның 215 азаматын құтқарады.

 

«Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» атты кинотуындының оқиғасы  Каппадокияда өтеді. Бастығы Исфендияр Синанды комедия фильмнің хикаясын жазу үшін Каппадокияға жібереді. Хикаяның жалғыз ғана шарты бар: «бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды». Алайда Исфендияр  соншама күткен іс «сәтті аяқтала» қояды ма, бірге көреміз.

 

«Сиқыршы» фильмін танымал түрік режиссер және актер Жем Йылмаз түсірген. Сиқыр әлеміне ерекше қызығушылық танытатын Искендерді досы Марадонадан басқа ешкім мойындай қоймайды. Әсіресе  офицер әкесі оның сиқыршылыққа деген әуесқойлығына қарсы. Бірақ оқиға желісі әкесі мен баласының бірге гастрольге шығуына байланысты өзгеруі мүмкін...

 

«Қышқыл алмалар» фильмінің сценарийін Йылмаз Ердоган жазған. Мінезі өте қатал әкім Азиз Озайдың екі ерекшелігі бар, бірі әдемі бақшасы, сондай –ақ бойжеткен әдемі үш қызы. Қыздары елден оқшау, бөлек өскен. Оқиға 1970 жылдары  Хаккариде өтеді. Басты рольдерді қазақ көрермен жақыннан танитын Фарах Зейнеп Абдуллах, Шүкран Овалы, Сонгүл Өден ойнайды. Әке ролін Йылмаз Ердоган сомдаған.

 

Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр –Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары,  түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. Шара 18-25 қараша аралығында  «Керуен» ОСО, Кинопарк 7  IMAX Keruen кинотеатрында өтеді. Көрсетілім уақыты сағат 19.00.

 

 

 

 

 

 

 

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.