Валюта бағамы
  • USD -

    514.1
  • EUR -

    597.5
  • RUB -

    6.53
Тоқаев: Сот ісін жеңілдету – маңызды міндет
Фото: Ақорда 04 қазан 2024
Тоқаев: Сот ісін жеңілдету – маңызды міндет

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. 

Президенттің айтуынша, әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс.

 – Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

– Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды.

 – Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру.

– Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сот ісін қашықтан жүргізу азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жүйесін енгізуге мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ осы тәжірибені әкімшілік істерде қолдануды көздейтін заң жобасы депутаттардың қарауында жатыр.

– Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл – елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс.

 – Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.

Жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEРEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі.

RELATED NEWS
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды
28 сәуір 2025
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 Марат Сұлтанғазиев экономиканың негізгі секторларында өсім байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Президентке жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасының іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Жалпы, өңірде құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына Қонаев және Алатау қалаларын дамыту барысы жөнінде айтылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өтті. Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.

Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер
30 қыркүйек 2024
Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пленарлық отырыста Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединский конференция қатысушыларына Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов оқу орнының 80 жылдығына орай осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Біз конференция тақырыбын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Мұның аясында экономика және қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі мәселелері климаттық күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлермен, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың жай-жапсарымен бірге қаралды, – деді Анатолий Торкунов.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті ғалымдары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, саясаттанушылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.