Валюта бағамы
  • USD -

    540.7
  • EUR -

    630
  • RUB -

    6.81
Тоқаев Парижде ел намысын қорғайтын спортшыларға Мемлекеттік туды тапсырды
Фото: Ақорда 10 шілде 2024
Тоқаев Парижде ел намысын қорғайтын спортшыларға Мемлекеттік туды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда
– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.

Олимпиада
Фото: Ақорда
– Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.

– Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды.

ту тапсыру
Фото: Ақорда
– Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.

командасы
Фото: Ақорда
– Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. 

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Шымбергенов
Фото: Ақорда

Іс-шарада бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов сөз сөйледі. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақ спортшылары Олимпиадада қандай спорт түрлерінен сынға түсетінін жазған едік

Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына ең көп жолдаманы еліміздегі қай өңірдің спортшылары жеңіп алғаны белгілі болды.

RELATED NEWS
Қысқы Универсиада: Қазақстандық фристайл-могулдан чемпион атанды
14 қаңтар 2025
Қысқы Универсиада: Қазақстандық фристайл-могулдан чемпион атанды

Италияның Турин қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада фристайл-могулдан қазақстандық Анастасия Городко чемпион атанды, деп хабарлайды Ulys Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Финалға бірінші орынмен шыққан А.Городко ең жоғары ұпаймен (79,79) алтын медальға ие болды.

Жапониялық Харука Накао 76,29 балмен екіншіорынға ие болды.

Германиялық Ханна Вессе (75,04 балл) үздік үштікті түйіндеді.

Қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шыққан Аяулым Әміренова бұл бәсекеде 70,52 балмен бесінші орынға табан тіреді.

Айта кетейік, қысқы Универсиадада бүгін қазақстандық жастар үш спорт түрінен сынға түсуде.

Ақмарал Ерекшеваның тарихи “ алтыны” - спортшылардың апталық жетістіктері
24 маусым 2025
Ақмарал Ерекшеваның тарихи “ алтыны” - спортшылардың апталық жетістіктері

16–23 маусым күндері Болгария астанасы Софияда өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Аталған жарысқа 7 спортшымыз қатысып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Атап айтқанда, Ақмарал Ерекешева үш бағдарламада финалға шығып, доп және лента жаттығуларында алтын, шығыршық жаттығуында күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, жерлесіміз тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін жерлестеріміздің ең үздік нәтижесі – 4-орын болатын.

Олимпиада чемпиондарымен шеберлік байқасты

16–23 маусым күндері Индонезияның Бали қаласында өткен семсерлесуден сары құрлық бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Командалық сайыста Қазақстан құрамасы әлемдегі көшбасшылардың бірі, Олимпиада чемпионы Жапония құрамасымен сынға түсіп, 24:45 есебімен қарсылас жеңіске жетті.

Команда сапында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов өнер көрсетті.

Айта кетейік, жарыс барысында Қазақстан құрамасы 1/16 кезеңде Түрікменстаннан, кейін Сингапурдан, жартылай финалда Қытайдан басым түсті. Осыған дейін чемпионатта Вадим Шарлаимов жекелей сында қола жүлдегер атанған еді.

Ташкенттегі жарыста 3 спортшымыз тұғыр сатысына көтерілді

18–21 маусымда Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен спорттық гимнастикадан Challenge Cup жарысында ұлттық құраманың 3 спортшысы тұғыр сатысына көтерілді.

Қоссырық жаттығуының финалында Ильяс Азизов күміс (13.100 ұпай), тағы бір отандасымыз Дмитрий Патанин қола жүлдегер (12.700 ұпай) атанды. Бұл жаттығуда жарыс қожайыны Акрорхон Темірхонов 13.550 балл жинап, топ жарды.

Ал әйелдер арасында бөрене жаттығуында Көркем Ербосынқызы финалда үздік үштікті түйіндеді. Отандасымыз 12.100 балл алып, Challenge Cup жарысындағы алғашқы жүлдесін мойнына тақты.

Қазақстан грек-рим күресінен Азия чемпионатында топ жарды

2025 жылғы 18–21 маусым күндері Вунгтау қаласында (Вьетнам) өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында отандық палуандар 6 алтын (Ерасыл Мамырбеков, Исхар Құрбаев, Бағдат Сабаз, Ақжан Ықыласов, Майис Әлиев, Виктория Хусаинова), 6 күміс (Мақсат Сайлау, Юсуф Мациев, Джохар Узаров, Мерей Базарбаев, Елнар Шілдебай, Нұрдәулет Бекенов, ) және 7 қола медаль (Диас Қалтай, Нұрдәулет Сейілбеков, Асхаб Хаджиев, Әлімжан Сәлімжан, Зейнеп Баянова, Ангелина Первухина, Тыныс Дубек) жеңіп алды. Әсіресе, грек-рим күресінің өкілдері үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Стелла Суханованың бір өзі Азия чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды

Таиландтың Районг қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден 18 бен 23 жас санатындағы Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық бәсекесінде U23 санатында ұлттық құрама спортшылары сынға түсіп, 6 алтын (Денис Кленин, Стелла Суханова, Дмитрий Холмогоров, Егор Краснонос), 6 күміс (Әнуар Алмағамбетов, Ольга Сурмина, Мария Бровкова, Дмитрий Холмогоров, Егор Краснонос, Денис Кленин, Дмитрий Ладюков, Ольга Сурмина, Мария Бровкова, Виктория Фалалеева, Татьяна Гладкова) және 3 қола медальмен (Нұржан Муфуқұлұлы, Әнуар Алмағамбетов) жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.

Биылғы чемпионатқа 16 мемлекеттен 270 спортшы қатысты. Қазақстан 18 бен 23 жас санатын қосқанда барлығы 12 алтын, 12 күміс, 7 қола жүлде иеленді.

Александр Бублик Галле турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевті жеңді – 6:3, 7:6 (7:4). Осылайша, Бублик спорттық жолында ATP турнирлеріндегі бесінші титулына қол жеткізді. Соның ішінде ол екінші рет Галле (2023) додасында үздік шығып отыр.

Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды
08 мамыр 2025
Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды

Өскемен қаласының Жекпе-жек сарайында аты аңызға айналған Ер Жәнібекті еске алуға арналған жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден ХІХ ашық республикалық турнир өтті.
Ер Жәнібек ұрпақтары ұйымдастырып отырған турнирге Шығыс Қазақстан, Абай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген 200 жасөспірім спортшы қатысады. 

- Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирді осымен 19-шы мәрте өткізіп отырмыз. Біз жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, спортқа, оның ішінде семсерлесуге баулу мақсатында өткізіп келеміз, - деді турнирді ұйымдастырушы, Ер Жәнібек ұрпақтарының өкілі Әлібек Ерубаев. 

Турнирдің салтанатты ашылуында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортсүйер қауымды мемлекеттік мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Отан қорғаушылар күнінде өтіп отырған жарыстың мәні мен мағынасы зор екенін айтты. 

- Ер Жәнібек батырдың құрметіне өтіп отырған турнирге жастардың көптеп қатысып отырғаны бізді қуантады. Облысымызда бұл спорт түріне ерекше ден қойылып отыр. Жас қатысушыларымыз көп болған сайын болашақ Олимпиада чемпиондарының қатары толысатынына сенім білдіреміз, - деді Ербол Нұрғалиев. 

Турнир 9 мамыр күніне дейін жалғасып, шапшаңдар мен алғырлар Жеңіс күнінде анықталады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.