«Оқулық – ұстаздың да, оқушының да ақылшысы»
А.Байтұрсынұлы Білім Академиясының Академиялық кеңесінің мүшесі, «TIL» /Түркі ілімі/ орталығының директоры, Халықаралық (ISTES) «International Society for Technology, Education and Science» ғылыми журналының редакциялық кеңес мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым-ұстаз Гүлбаһрам ҚҰЛНАЗАРОВАМЕН сұхбат
- Гүлбаһрам Сұлтанқызы, бүгінде сіз Түркияның Конья қаласында тұрып жатқан ғалымсыз. Өзіңіз басшылық ететін «TIL» /Түркі ілімі/ орталығы жылда Түркия мен Қазақстанның білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында екі елдің ЖОО оқытушылары мен мектеп, колледж мұғалімдері арасындағы біліктілікті арттыру курстарын, семинарлар мен дәрістерін ұйымдастырып келеді. Осы туралы толықтай айта кетсеңіз?
- Бүгінде Қазақстан білім мен ғылым саласында көптеген әлем елдерімен қатынастар орнатқан. Оның ішінде АҚШ, Еуропа, Орта Азия елдері мен ЕАЭО-ның озық оқу ордалары бар.
Абылай хан атамыз: «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!» дегендей, бүгінгі білім мен ғылым заманында әлемнің озық тәжірибелерін үйреніп-меңгермесек, өмір деген ұлы көште өз сыбағамыздан айырылып қаларымыз сөзсіз. Қазіргі жаһандану кезеңінде оқшаулану қиын, әрі бұл қажет те емес. Еуропаның және өзіміздің тамырлас, бауырлас Түркия елінің ғылыми-техника саласы, білім беру жүйесі көптеген артықшылықтарға ие екендігі талас тудырмайтын ақиқат. Мұндай озық тәжірибеден үйренудің қажеттігі мен тиімділігі ешқандай қарсылық туғызбайды, керісінше бауырластығымызды бекемдеп, ықпалдастығымызды нығайта түседі. Осы мақсатта ашылған «TIL» /Түркі ілімі/ орталығымыз Түркия мен Қазақстанның білім саласындағы ынтымақтастықты, яғни ғылым мен білім сапасын арттырып, екі елдің ЖОО оқытушылары мен мектеп, колледж мұғалімдері арасындағы біліктілікті арттыру курстарын, семинарлар мен дәрістерін (қазақ - түрік тілінде) жыл сайын Түркияның әр қаласында ұйымдастырып келеді. Атап айтсақ, Түркияның Конья қаласында 2022 жылдың 14-26 ақпанында «Оқытудың заманауи формалары мен әдістері: ізденістер мен шешімдер» атты халықаралық семинар, 9-10 сәуірінде «Қазақстан мен Түркияның жалпы білім беру жүйесінің озық үлгілері мен тәжірибелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, электронды жинағы шығарылды. Қатысушыларға Түркия мемлекетінің беделді, тәжірибелі профессорлар тарапынан халықаралық сертификаттар табыс етілді.
Орталығымыз Түркиядан қазіргі қоғамның, жастардың білім алудағы мақсат-мұратының өзгергеніне орай, жаңа технологиямен қазақстандық оқытушылар мен мұғалімдердің өтініштеріне, талаптарына сай ағылшын тілінде электронды кітаптарды шығарып жатыр.
- «TIL» /Түркі ілімі/ орталығының алда қандай жоспарлары бар?
- Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстан мен Түркия елінің ЖОО оқытушылары мен мектеп, колледж мұғалімдері арасындағы біліктілікті арттыру курстары, семинарлар мен дәрістері, симпозиум мен конференциялары қазақ және түрік тілінде ғана өтеді, өз аудармашыларымыз бар. Біздің елде қазақ, түрік тілін қатар меңгерген ғалымдар, оқытушылар, ұстаздар Құдайға шүкір, жетерлік. Көптілділік – адамды іскерлік қарым-қатынас дағдыларына, серіктестік ынтымақтастыққа, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ көптілді меңгеру адамның өмір жолына, қарым-қатынасының кеңеюіне, мәдениеттің ұлттық ерекшеліктеріне, әртүрлі халықтың ұлттық дәстүрімен танысуына да үлкен мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан орталығымызға түрік ғалымдары тарабынан «қазақ әдеби тілін үйренуге» деген ұсыныстар түсіп жатыр. Болашақта соны қолға алсақ деген ойдамыз. Әрине, тіл үйрену оңай емес, десе де бір тілді білген адамға екінші, үшінші тілді үйрену оңайға түседі. Адам шет тілін үйрену барысында, жаңа бір әлемнің, өркениеттің ішіне кіріп, таныса бастайды, яғни адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық ойы кеңейіп, таным-түйсігі арта түседі, ең бастысы мынандай мүмкіндіктерге:
1.Басқа мемлекеттің (халықтың) өкілімен ешқандай аудармашысыз тікелей қарым-қатынас жасап, сөйлесіп, ой бөлісу мүмкіндігіне ие болады;
2.Сол тілдерде берілген ақпаратты, ғылыми мағлұматтарды толық игеруге, түпнұсқада оқуға мүмкіндігі көп болады;
3.Халықаралық деңгейдегі конференциялар мен симпозиумдерге қатысып, басқалармен тілдесу мүмкіндігіне ие болады.
- Жалпы екі елдің білім беру жүйесіндегі қандай ерекшеліктер мен артықшылықтарды атап өтер едіңіз?
- Қазақстанның білім беру жүйесі Лиссабон конвенциясына, Батыс Еуропаның Сорбон декларациясына, 2010 жылы Еуропаның 30-ға жуық елдерімен бірге Болон декларациясына кірді. Болон декларациясына түркі халықтар арасынан Қазақстаннан басқа Түркия мен Әзербайжан елі де бар. Бұл процестің жастарды, оқытушыларды басқа елдерге жіберу, білім тәжірибе алмастыру аспектісі өте дұрыс ойластырылған деп есептеймін.
Түркия 2012 жылы Болон декларациясына кіріп, сол жылдың 1-наурызынан бастап білім берудің 4+4+4 (12 жылдық) моделімен жұмыс жасаса, біздің еліміз әлі күнге дейін білім жүйесінің 4+5+2 (11 жылдық) моделімен жұмыс істеп келеді. Кейбір арнаулы мектептер болмаса, негізінен жаппай 12 жылдық (4+6+2) білім беру жүйесіне толық көше алмай келе жатырмыз. Түркияның 4+4+4 моделі:
· Бастауыш – ( Ilkokul) 4 жыл -1, 2, 3, 4 сыныптар
· Орта мектеп – ( Ortaokul) 4 жыл – 5, 6, 7, 8 сыныптар
Имам-хатиб орта мектебі де бар, яғни онда 5, 6, 7, 8 сынып оқушылыры Құран Кәрім, Пайғамбардың өмірін, ақида, фиһқ сабақтарын оқиды.
· Лицей (Lıse) мен колледж 4 жыл – 9, 10, 11, 12 сыныптар. Лицей мен колледждер балаларды жоғары білім алуға, кәсіпке, олардың өмірге деген қызығушылықтары мен дағдыларын іскерлік қабілеттеріне сәйкес дайындауға бағытталған. Лицей мен колледж негізінен бірнеше бағытта, атап айтсақ: шет тілдері, қоғамдық ғылымдар (тарих, география т.б.), техникалық лицей, өнер колледжі сияқты түрлі мамандыққа дайындайды. А.Эйнштейн: «Білім беру жаттату емес, ақылды ойлауға үйрету» деп айтқандай, лицей мен колледжді бітірген оқушылардың бірі алған білімдерін ары қарай жетілдіру үшін ЖОО түссе, кейбіреулері сол мамандығымен жұмысқа тұрып, жастайынан еңбек етеді.
Мұндағы бір ерекшелік бастауыш, орта, имам-хатиб мектептері, лицей мен колледждер әртүрлі ғимаратта оқытылады. Мысалы, бізде 11 жылды бір мектепте (бір ғимаратта) оқыса, Түркияда 4+4+4 моделі бөлек – бөлек мектепте (әртүрлі ғимаратта) оқиды. Осылай оқытқан мұғалімге де, оқушыға да тиімді. Және де біздің мектептерде кездесетін «әлімжеттік әрекеттер» болмас еді.
Түркияның жалпы мектептерінде 4-сыныпқа дейін шет тілі оқытылмайды, тек 4 сыныпта – 2 сағат, 5-6 сыныптарда – 3 сағат, 7-8 сыныптарда – 4 сағат өтеді. Бала ең алдымен ана тілінде тәрбиеленіп, оқып, білім алып, оны толық меңгергеннен кейін ғана екінші, үшінші тілді үйретуге болады деген қағиданы қатты ұстайды. Балаға жастайынан тіл үйретудің артықшылықтары да көп, десек те, ана тілін толық меңгермеген бала, басқа тілді еркін меңгеріп кете алмайды. Себебі, тіл тек қарым-қатынас жасаумен ғана шектелмейді, онда сол халықтың әдет-ғұрыпы, дәстүрі мен мәдениеті, мінезі мен менталитеті де кіреді. Онсыз тілді толыққанды меңгеру мүмкін емес. Кейбір әріптестеріміздің бала ақпараттық ресурстармен жұмыс жасап, интернет желісіне қосылу үшін міндетті түрде үш тілді білу керек деген қате пікірін бүгінде тілі әлі шықпаған балалар дәлелдеп жүр. 1 жасқа толмаған балалар интернет, компютерді шет тілін білмей-ақ қосып, қарап жүр. Сондықтан, тілі әлі толық шықпаған балаға бірнеше тілді үйретіп, одан болашақта көптілді тұлға қалыптастыру деген ұғым мүлдем дұрыс емес.
- Сіздің есіміңіз қазақ тіл білімінің әлемдік деңгейде, жалпы түркітану саласында алатын орнын анықтайтын ұғымдар мен терминдер және қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар жайлы Қазақстан Республикасының Білім және мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылы шығарған «Қазақ тілі» энциклопедиясына енгенінен хабардармыз. Осы саладағы елеулі еңбектеріңіз жайлы білсек?
- Бүгінде түбі бір түркі халықтары өздерінің төл тарихын, тілі мен әдебиетін тарихи тұрғыдан қайта, жаңаша тұрғыда зерттеу керек. Бұл – заман талабы. Өйткені, біз тарихымызды, тіліміз бен әдебиетімізді осы уақытқа дейін орыс, ағылшын, неміс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып зерттедік, зерделедік. Енді мұндай қателікке бой алдырмауымыз керек. Себебі, бүкіл түркі дүниесіндегі болып жатқан үлкенді-кішілі тарихи өзгерістерді, ондағы халықтың тілі мен тарихын, әдебиетін сол халықтың өзінен артық білетін ешкім жоқ.
Мен араб бөлімін 1987 жылы бітірдім. 1991-1993 жылдары Әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Киров атындағы) Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің стажер-ізденушісі, 1993-1997 жылдары аталмыш университеттің аспирантурасын аяқтап, 1997 жылы доктор, профессор, теолог, түрколог Б.Сағындықовтың жетекшілігімен 10.02.06 - түркі тілдері мамандығы бойынша «ХІ-ХІІ Ғасыр Әдеби Ескерткіштеріндегі Араб Элементтері (қазақ тіліндегі ортақ элементтермен салыстырып талдау)» - деген тақырыптағы кандидаттық диссертациямды ҚР БжҒМ Тіл білімі институтында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ә.Қайдаровтың төрағалығымен қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алдым.
Мені қазақ тіл білімінің әлемдік деңгейде, жалпы түркітану саласында алатын орнын анықтайтын ұғымдар мен терминдер және қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар жайлы Қазақстан Республикасының Білім және Мәдениет және Денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылы шығарған «Қазақ тілі» энциклопедиясына ҚР БжҒМ Тіл білімі институтының сол кездегі директоры ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ә.Қайдаровтың ұсынысымен енгізіпті. Мен оны кейін білдім. Десек де, қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың қатарында диссертацияны 1 жыл бұрын ғана қорғаған менің болуым, әрине мен үшін үлкен мәртебе болды.
Қазақ тілінің тарихына қатысты: ХІ-ХІІ ғасыр ескерткіштер тіліндегі араб сөздерінің морфологиялық және лексико-семантикалық ерекшеліктері; ХІ-ХІІ ғ. әдеби ескерткіштері мен қазіргі қазақ тіліне ортақ араб сөздерінің дыбыстық ерекшеліктері; «Құтадғу білік» пен «һибатул хаққайық» ескерткіштеріндегі араб сөздерінің түркі сөздерімен тіркесу қабілеті; ХІ-ХІІ ғасыр әдеби ескерткіштеріндегі араб элементтері (қазақ тіліндегі ортақ элементтермен салыстырып талдау); «Дүние», «ақыл», «халық» сөздері тілімізде қашаннан бар?; Орта ғасыр ескерткіштерінің зерттелуі; Мысыр диалектісіне енген қыпшақ (қазақ) сөздері; Қолжазбалардың зерттелуі: ізденістер мен жаңа мүмкіндіктер, проблемалар; Түркі тілдерін зерттеудің қазіргі кездегі өзектілігі; Ортағасырлық қыпшақ – осман – араб (Мысыр диалектісі) мәдени-тілдік байланыстар; Kazak Dili ve Kültürünün Dünya Düzeyindeki Rolü сияқты әр елде шыққан 100 аса мақалаларым бар. Сондай-ақ орысша-қазақша–арабша лингвистикалық сөздігі мен «Қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі» атты методикалық құралым шықты.
Ғасырлар бойы бір-бірімен тікелей байланыста болмаған түркі халықтары бүгінде жақындай түсті. Осы тұста түркі тілдерін (тарихы мен қазіргі тілін) зерттеген ғалымдардың еңбектерін бір сүзгіден өткізіп, бір ізге салатын (Халықаралық Түркі академиясы қолға алса) уақыт келген тәрізді. Өйткені, туыстас түркі тілдерінің тілдік элементтерін (әсіресе, шағатай тілінде жазылған мұраларын) әр халық бөліп жармай, ортақ мәселе ретінде қарап, зерттеген әлдеқайда мардымды әрі сапалы болар еді. Түркі тілдерін бір-бірімен, басқа тілдермен (қазіргі қазақ тілін көне қыпшақ, осман, түрік, араб тілдерімен) салыстыра отырып, оған жан-жақты тарихи-лингвистикалық зерттеулер жүргізу бүгінде Тәуелсіз қазақ елінің басқа түркі халықтарымен байланысын нығайтуда айрықша рөл атқарады.
- Халықаралық (ISTES) «International Society for Technology, Education and Science» журналының редакциялық кеңес мүшелігіне өткен жалғыз қазақ ғалымы екеніңізді білеміз. Редакцияның кеңес мүшелігіне қай жылы өтіп едіңіз?
- Халықаралық (ISTES) «International Society for Technology, Education and Science» журналы редакцияның кеңес мүшелігіне кез келген адамды алмайтынын білеміз. Алайда, Алла сәтін салса, адам ойламаған нәрсенің болатыны рас. Халықаралық (ISTES) «International Society for Technology, Education and Science» журналының бас редакторымен алғаш 2019 жылдың күзінде Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық симпозиумда кездестім. Өте қарапайым, білімді американдық ғалым менің Қазақстаннан келгенімді, өзі ұйымдастырып отырған конференцияға осы уақытқа дейін қазақстандықтардан ешкім қатыспағанын, қазақ халқының өкілін алғаш көріп отырғанын да жасырмады. 2020 жылы COVID-19 пандемия басталып, конференция онлайн түрде өтті, сол қиын-қыстау кезінде конференцияның мақалалар жинағын шығаруға көмектестім. Осы еңбегімді ескеріп, 2021 жылы журналдың редакциялық кеңес мүшелігіне қабылдады (сертификатын жіберіп). Қазақстаннан ғана емес, жалпы ТМД елдері атынан қабылдап, үлкен сенім артты. Өте жауапты іс.
Scopus және Web of Science мәліметтер базасына енгізілген халықаралық рецензияланған (ISTES) «International Society for Technology, Education and Science» ғылыми журнал сондай-ақ ғылыми конференциялар ұйымдастырады, технология, білім және ғылым саласының озық зерттеу нәтижелері мен озық тәжірибелерін (мақалаларын) шығарып, таратуға ықпал етеді.
- Шет тілді аудиторияда үлкен тәжірибесі бар ғалым ретінде болашақта өзіңіздің қалыптасқан авторлық әдісіңізді жетілдіре отырып, оқулық шығаруды жоспарлап отырсыз. Бұл сіздің қазіргі шет тілін үйретуге арналған оқулықтарға көңіліңіздің толмағанына ба, әлде...
- Тілге байланысты сұрақ туындағанда, мен: «балаңызды болашақта көп тіл білетін «полиглот» етіп өсіргіңіз келсе, онда балаңызды міндетті түрде қазақ мектебіне беріп, қазақ тілінде оқытыңыз» деймін. Оның өзіндік себебі де бар: қазақ тілін, ондағы төл 9 (ә, қ, ғ, ң, ө, һ, ұ, ү, і) дыбысты еркін әрі дұрыс айта білетін бала басқа шет тілдерін де оңай әрі тез меңгереді. 9 (ә, қ, ғ, ң, ө, һ, ұ, ү, і) төл дыбысымыз әлемнің барлық тілінде кездеседі. Қазақ тілін өте жақсы білетін жастарымыз шет тілін жылдам әрі таза меңгереді. Мұны өз тәжірибемізден де, тіл үйретіп жүрген басқа елдің ұстаздары да мойындап, айтып жүргендерінен де білеміз. Мысалы, тіліміздегі «қ», «ә», «һ» дыбыстары араб тілінің ең қиын, көпшілігі айта алмайтын дыбысы болса, біз үшін ол ешқандай қиындық туғызбайды. Сондай-ақ тіліміздегі «ғ», «ө», «ң» дыбыстары француз тілінде, ал «ұ» мен «ү» дыбыстары түрік тілінде өте жиі қолданылады. Қазақ жастарының көптілді меңгеруіне дыбыстардың дұрыс айтылуы, ауыз қуысының туғаннан сол дыбыстарға бейімделуі, артикуляциясы, яғни сөйлеу мүшелерінің дыбыс шығарудағы атқаратын қызметі, үндестігі т.б. үлкен әсер етеді. Керісінше, қазақ тілін үйренетін шетелдіктерге біздің төл дыбыстарымыз көптеген қиындықтар тудырады, өйткені ол тілдерде мұндай дыбыстар жоқ. Мысалы, жоғарыда сөз еткен, арабтар біздің «қ», «һ» дыбыстарымызды жақсы айтқанымен, «ұ», «ү», «ң» т.б. дыбыстарына келгенде кәдімгідей қатты қиналады. Өйткені, олардың ауыз қуысы ол дыбыстарды шығара алмайды, яғни тілдегі дыбыстарды бұзып сөйлеу (акцент) содан пайда болады.
Қазақ, араб тілдерінен дәріс беріп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Бүгінде қазақстандық шәкірттерімнің алды доктор, профессор, ректор, депутат. Ал, қазақ тілін оқып, үйренген шетелдік шәкірттерімнің арасынан ерекше есте қалғаны жапондық «жапонша – қазақша сөздіктің» авторы Окава Хироши мен Масуджима және Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа білетін мысырлық Омар. Окава Хироши бүгінде Токио университетінің профессоры, түрколог, ал Масуджима Жапония телевидениясында Димаштың тікелей аудармашысы болды.
Болашақта өзімнің қолданған, қалыптасқан авторлық әдісімді негізге алып, оқулық шығаруды жоспарлап отырмын. Бұл оқулықтарға көңілімнің толмағанынан емес, керісінше оқулық неғұрлым көп болса, өзіне ұнайтын оқулықты таңдауға мүмкіндігі де сондай көп болады. Оқулық – ұстаздың да, оқушының да ақылшысы, сондықтан оның берілетін білімінің мазмұны мен сапасына да жаңа талаптар қойылып отыр.
Еліміздің білім беру жүйесінде, әсіресе жаңа форматтағы оқулықтарға жасалынып жатқан реформалар еркіндікке еті үйренген, болашаққа жасар қадамы нық, өзіне сенімді, дарынды ұрпақ қалыптастыруға бағытталғанымен құнды.
- Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!
Авторы: Мара КЕЛЕС