Валюта бағамы
  • USD -

    521.7
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.59
ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ТҮРКИЯДА ТОЙЛАНДЫ
14 желтоқсан 2019
ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ТҮРКИЯДА ТОЙЛАНДЫ

Түркияның елордасы Анкара қаласында Қазақстан Республикасының
Тәуелсіздік күні тойланды. Бауырлас мемлекеттегі Елшілігіміздің
фейсбуктегі ресми парақшасы таратқан мәліметтерге қарағанда, шара
жоғары деңгейде өткен.


Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ресми
қабылдауға Түркия Республикасы атынан бас қонақ ретінде Түркия Ұлы
Ұлттық мәжілісі төрағасы профессор Мұстафа Шентоп пен бауырлас елдің
бір топ зиялысы мен атқамінерлері қатысқан. Атап айтқанда, Түркия
Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Көлік Вице-министрлері Ө.
Фатих Саян және С.Дурсун, Отбасы, еңбек және әлеуметтік қызметтер Вице-
министрі Айше Ергезен, Энергетика және табиғи ресурстар Вице-министрі
Алпарслан Байрактар, Сауда Вице-министрі Сезаи Учармак, Анкара
губернаторы Васип Шахин, Ескишехир губернаторы Өздемир Чакаджак,
Анкара мэрі Мансур Яваш, бұрынғы Мәжіліс төрағасы Джемил Чичек,
Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобының төрағасы, Мехмет Али
Джевхери, Түркия мәжілісі депутаттары, бірқатар университет ректорлары,
аудан әкімдері, партиялардың басшылары, бұрынғы министрлер, Елшілер,
Халықаралық ұйым басшылары, Түркі кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әмреев,
Қазақстанның құрметті консулдары, инвесторлар, дипломатиялық миссия,
зиялы қауым, іскер топ, диаспора мен БАҚ өкілдері, қазақстандық
тәлімгерлер және қонақтар қатысты.
Ресми қабылдау алдында қонақтар Қазақстаннан арнайы жеткізілген
«Казбееф» маркалы еттің дәмін татты. Оны түріктің әйгілі азпазшысы,
«ScarlEt Steakhouse» иесі Сүлеймен Дилек өзі дайындап, қонақтарға ұсынды.
Алқалы қабылдаудың беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы
Елшісі Абзал Сапарбекұлы ең басты мереке — Тәуелсіздік күнімен жиналған
қауымды құттықтады. Егемендігіміздің 28 жылында Қазақстанның жеткен
жетістіктеріне тоқталған ол бауырлас Түркияның әрдайым көрсеткен
қолдауын атап өтті. Еліміздегі саяси реформаларды тілге тиек еткен Елшісі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркия Президенті Режеп Тайып
Ердоғанның бастамасымен Түркі Кеңесінің құрметті төрағасы атағы
берілгенін еске салды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамның
демократиялық құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, халықпен тиімді
байланыс орнату, саяси реформалар, ұлттық кодты қалыптастыру
жұмыстарын жалғастыру, көп векторлы және теңгерімді сыртқы саясат және
жастарды билікке тарту секілді саяси басымдықтарына назар аударған Абзал

Сапарбекұлы жуырда Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің де
Түркияға жасаған сапары туралы әңгімеледі. Тәуелсіздігіміздің және
бауырлас қазақ-түрік ынтымақтастығының маңызына тоқталған Елші, сөзін
бабаларымыздың «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген мақалымен
тәмамдады.
Айтулы кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҰҰМ төрағасы Мұстафа
Шентоп «Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет
болғанын әрдайым мақтан тұтады. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар
біз үшін өте маңызды. Алға қойылған 10 млрд. долларлық сауда айналымы
межесіне жету үшін қыруар жұмыс атқарылуда. Қазақстанның қуанышы
біздің де қуанышымыз»,- деді. Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатын
тілге тиек еткен М.Шентоп «Назарбаевтың қайраткерлігі тек Қазақстан үшін
ғана емес, барша Түркі әлемі және аймақтағы елдердің дамуына бағыт
көрсететін жұмыстары да қызығушылық тудыратынына» тоқталған ол
Қазақстан мемлекеті Тәуелсіздігінің 28-ші жылдығымен құттықтады.
Сондай-ақ алқалы кеште ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп Елші А.Сапарбекұлына
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атына Түркі әлемі жазушылар және
өнерпаздардың «Türksav» қоры атынан 1919 жылы 19-мамырда Ататүрік
бастаған ұлт-азаттық соғыстың 100 жылдығы құрметіне тағайындалған «19
мамыр Түркі әлемінің жаңғыруы» марапатын табыс етті.
Түркі әлемінің әдебиет және өнер салаларындағы ынтымақтастығын
арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізетін «Türksav» қорының бұдан
бұрын Елбасына «Түркі әлеміне қызмет сыйлығын» бергенін айта кеткен
жөн.
Ресми қабылдау Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мемлекеттік академиялық
филармониясының Қазақ оркестрі, «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобының
концертімен және қазақтың ұлттық тағамымен көмкерілген мол дастарханға
ұласты.

Суреттер Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің фейсбуктегі ресми
парақшасынан алынды.

RELATED NEWS
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда
15 мамыр 2024
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда

Түркияда мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Осыған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның барлау және Әділет министрлігінің басшыларымен шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды Ulys түркиялық басылымдарға сілтеме жасап.

Түрік ұлтшылдарының жетекшісі Девлет Бахчели2016 жылдың шілдесінде елді дүрліктірген мемлекеттік төңкеріс қайталануы мүмкін екенін ескертті.

Бір күн бұрын Анкара Бас прокуратурасы "Айхан Бора Каплан" қылмыстық ұйымына қатысы бар деген күдікпен  үш полицейге қатысты тергеу бастады. Олардың үйлерінде тінту жүргізілді.

Türkiye газеті өз кезегінде "Айхан Бора Каплан" ұйымымен байланыста болды деп айыпталған Анкара қауіпсіздік басқармасында бірқатар полиция қызметкерлерінің жұмыстан шығарылуына байланысты Түркияда үлкен қарсылық көрсетілгенін жазады. Олардың үйлерінде цифрлық материалдарды алу мақсатында тінту жүргізілді.

"Президент Ердоған Әділет министрі Йылмаз Тунджмен және Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрагим Калынмен Бахчелидің мәлімдемесінен кейін Мемлекет басшысының резиденциясында шұғыл түнгі отырыс өткізді", — деп жазады Türkiye.

Ердоған ел Парламентінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ
10 наурыз 2025
АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ

АҚШ-тың Өкілдер палатасы Түркияның демократиялық статусын қайта қарауға және оны Еуропаның емес, Таяу Шығыстың елі деп тануға бағытталған арнайы заң жобасын қарауға алды. Бұл туралы Fox News хабарлады.

Заң Түркияны Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі бюросының құзырынан алып тастап, оны Таяу Шығыс істері жөніндегі бюроға ауыстыруды қарастырады.

Fox News хабарлауынша, мұндағы мақсат "АҚШ-тың жауы саналатын елдермен байланыс жасайтын Түркияны тосқауылдап ұстауға талаптану". Вашингтон Анкараны "АҚШ пен НАТО одақтастарынан алыстап бара жатқан мемлекет" деп есептейді.

"Бұл Үкімет ХАМАС содырларын жасырып отыр. Экономикалық одақтастық арқылы Путиннің әскери машинасына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, Батыс одақтасынан артықшылық талап етуін жалғастыра отырып, НАТО-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатия көзбояушылық жасауын доғарып, Түркияны бұрынғыдай Еуропаның бір бөлігі деп санауын қоюы керек", – деді жобаны Конгресс қарауына енгізген топты басқаратын конгрессмен Брэд Шнайдер.

Бұл ұстанымға Түркия Үкіметі наразылығын білдірді және түріктің сыртқы саясаты мен еуропалық бағдарын Конгресс мүшелерінің дұрыс түсінбей отырғанына нұсқады.

Айта кетсек, Түркия – НАТО-ның АҚШ-тан кейінгі ең қуатты мүшесі. 

Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды
24 қазан 2024
Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды

Кеше кешкісін Түркия Анкарадағы TUSAŞ аэроғарыш компаниясы штаб-пәтерінің маңында қатты жарылыс болған. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады. 

Түркия ІІМ жарылыстан қаза тапқандар мен жараланғандар барын айтады. Ал ел билігі оқиғаны "теракт" деп атады. 

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая хабарлауынша,  теракт салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 22 адам жарақат алғаны айтылған.

Шабуылды жасаған екі лаңкес өлтірілді. Лаңкестердің бірі әйел.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.