Ел арасында «Хуторские» қылмыстық тобының лидері делінген Хасан Қасымбаев ұсталды. Бұл ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Ulys.
«Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылғы 2 қарашада Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Естеріңізге салайық, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасынан кейін әлеуметтік желіде Талғарда «Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар екені, оның лидері Хасан Қасымбаев екені туралы қауесет тарай бастады. Алайда Ішкі істер министрлігі Қасымбаевтың күдіктілермен байланысы анықталмағанын, «Хуторские» деген банда да жоқ екенін мәлімдеген.