Валюта бағамы
  • USD -

    523.1
  • EUR -

    597
  • RUB -

    6.45
"Талғардағы жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды" - депутат сауал жолдады
Фото: Алматы облысы ПД 09 қазан 2024
"Талғардағы жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды" - депутат сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Бас прокурор мен ІІМ атына жолдаған депутаттық сауалында аты адам болғанмен әрекеті адамдықтан ада қылмыскерлер хақында айтты. Депутат президенттің тапсырмаларын алға тартып, полицияға деген халықтың сенімін арттырып, заң үстемдігіне иек арту керегін жеткізді, деп хабарлайды Ulys.

«Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. «Біздің қоғам қайда бара жатыр?» деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке сыра. Қазақ «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады», - дейді депуат.

Оның айтуынша, осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады.

«Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?», - дейді депутат.

Сәрсенғалиев мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс. Президенттің: «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» деген.

«Сондықтан қылмыс орын алғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін. Сондықтан оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін. Қаперлеріңізге тағы бір жайтты салайын, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жастағы Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын оншақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жастағы ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз», - дейді ол.

Сәрсенғалиев жасөспірімдер жапа шеккен жағдайларды тізді.

«Қыркүйекте Павлодар облысының Кенжекөл ауылында бір топ бұзақы бір жасөспірімді аяусыз сабап тастады. Ақтауда жасөпірімдердің жаппай төбелесі түсірілген видео тарады осы аптада, ол жерде топ-топқа бөлінген балалар бір-бірін аяусыз сабап жатыр. Артынша сол Ақтауда бірнеше қыздың бір қызды ұрып қорлап жатқаны түсірілген бейнежазба желіні кезіп кетті. Бұл тек соңғы айдағы жайттар», - дейді ол.

Қорытындылай келе депутат бірқатар бастама ұсынды:

  • Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс.
  • Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.
  • Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек.
  • Мемлекет басшысы ұсынған заң мен тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз атқарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян.
RELATED NEWS
Ақмола облысында әжесі немересін өлтіріп, денесін үйдің ауласында көмген
04 наурыз 2025
Ақмола облысында әжесі немересін өлтіріп, денесін үйдің ауласында көмген

Ақмола облысының Щучинск қаласында асырап алынған баланың өліміне байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulys.

HALYQSTAN хабарлауынша, бес жылға жуық уақыт бойы жан түршігерлік қылмыстың іздері жасырулы болып келген. Бұл атышулы іс бойынша бала асырап алған анасы мен әжесі сот алдында жауап берді.

Бес жасар баланың денесі үйдің бақшасына жерленген, ал бұл сұмдық оқиға тек өткен көктемде ғана анықталды. Қылмыстың беті күтпеген қателіктің арқасында ашылған.

Асырап алған анасы басқа баласын денесі  көгеріп жүргендіктен ауруханаға алып келген, алайда құжаттарды шатастырып алған. Кейінірек оның төрт жыл бойы қайтыс болған балаға тиесілі туу туралы куәлікті қолданып жүргені анықталды.

Басты күдікті 65 жастағы әжесі бірден қамауға алынса, 29 жастағы асырап алған анасы да уақытша ұстау изоляторына жіберілді.

Сот жабық есік жағдайында өтіп, үкім шықты. Баланың әжесі – 21 жылға, өгей анасы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазақстанда 30-ға жуық  «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды
08 қаңтар 2025
Қазақстанда 30-ға жуық «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды

Қазақстанда соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша 120-дан астам қылмыстық іс тіркелді, соның ішінде 13-і трансұлттық қылмыстық топтарға қатысты, деп хабарлайды Ulys ІІМ сілтеме жасап.

Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 600-ден астам қылмыскер жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, халықаралық іздестіруде болған ұйымдасқан қылмыстық топтардың 27 мүшесі, яғни «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды. Жақын шет елдерден келген алты «заңдағы ұрының» Қазақстан аумағында болуының алдын алынды. Бопсалау және басқа да ауыр қылмыстарды жасаған 160 қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды. Бопсалау фактілері бойынша барлығы 1300-ден астам қылмыстық іс қозғалды. 400-ден астам адам саудасымен байланысты қылмыстар анықталды.

«Министрлік ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресті жалғастырады және бұл бағытта нақты шаралар қабылданатын болады», – деп атап өтті ІІМ.

 Қазақстандағы дропперлердің 90 пайызы шетелдіктер
09 қаңтар 2025
Қазақстандағы дропперлердің 90 пайызы шетелдіктер

2024 жылы Қазақстандағы «дропперлердің» 90 пайызы резидент емес адамдар. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды Ulys Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін биыл осындай 6,2 мың адамның картасы қолданылған екен.

«Бұл карталар арқылы айналымның жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті. Ақшаны заңсыз жылыстатқысы келгендер үшінші тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM карталарын пайдаланған. Көбінесе «дроп-карталар» есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылған», - деп хабарлайды ҚМА.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.