Сәтбаев қалалық соты сүйіктісінің жалаңаш фотосын желіге жариялаған «С»-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulys аталған сотқа сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы «С» 2024 жылдың 21 тамызында сағат 00:32 шамасында өзінің бұрынғы қызы, 2002 жылы туған «Т»-ны масқаралау мақсатында Telegram арнасында «В» атты топ ашқан. Топқа жәбірленушінің 12 танысын, туыстарын және достарын қосып, өз ұялы телефонында сақталған, жәбірленушінің кіндіктен жоғары жалаңаш түскен екі суретін, хат алмасуларын және жеке құпия болып саналатын ақпараттарын жариялаған.
Сонымен қатар, сотталушы «С» TIK-TOK әлеуметтік желісінде @g парақшасын ашып, жалпы қолжетімді екенін біле тұра, жәбірленушіні масқаралау мақсатында оның диктофон жазбасын бейнежазба ретінде жариялаған. Осылайша ол дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзған.
Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Сот үкімімен «С» 3 жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.