Биыл су тасқыны Қазақстанның көптеген өңірін әбіберге салды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостай облыстарындағы жағдай аса қиын. Көптеген елді-мекендер су астында қалып, адамдар басқа жаққа көшірілді. Бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланды. Осы табиғат апатына орай еліміздегі түрлі ұйымдар су астында қалған аймақтарға жан-жақтан көмек қолын созып жатыр. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қазақстандықтарға үндеу жолдады.
«Су тасқынының зардабын әсіресе, қырдағы ауылдар қатты сезуде. Дәл қазіргідей жағдайда билік пен қоғам өкілдері кінәліні іздеп, болмашы даумен уақыт жоғалтпай, мал шығыны мен жан шығынының алдын алуды ұйымдастыруы тиіс. Осындай сын сағатта ең алдымен партиямыздың өңірлік филиалдардағы өкілдерін, әрбір партияласымызды азаматтық жауапкершілікті жете сезініп, зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамыз. Біз талай қиын - қыстау кезеңдерде бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында сан түрлі сынақтарға қарсы тұра білген елміз», - делінген үндеуде.
Cондай-ақ Ауыл партия төрағасы Әлібек Базарғалиев пен бірқатар Мәжіліс депутаттары Ақтөбе облысында жүр. Олар су тасқынынан зардап шеккен Темір ауданының Шұбарши, Құмсай, Саркөл, Кеңкияқ ауылдарын аралап, халықпен кездесті.
Мұғалжар ауданына да табан тіреп, ондағы жағдайды өз көздерімен көрді.
Бұдан бөлек, «Ауыл» жастары су тасқынымен күрес шараларына үлес қосуда.
Ел аумағында «Ауыл» партиясының Жастар қанаты “Күшіміз бірлікте” атты жалпы республикалық акциясына атсалысуда. Акция аясында «Ауыл» жастары аталмыш жалпыреспубликалық акцияға да өз үлестерін қосып, Ақмола облысы, Ақкөл ауданында су тасқынымен күресіп жатқан әскери қызметкерлер мен волонтерлерге шәй, су, ыстық тамақ таратты. Сондай-ақ ауыл көшелерін қардан тазалап, жалғызбасты қариялардың аулаларын тазартты.