Валюта бағамы
  • USD -

    523.5
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.71
Су тасқыны салдарын жою: Үкімет басшысы батыс өңірлерде салынып жатқан үйлерді тексерді
Фото: Үкімет 22 шілде 2024
Су тасқыны салдарын жою: Үкімет басшысы батыс өңірлерде салынып жатқан үйлерді тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен еліміздің батысына барды. Басты мақсат – Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеру. Бұл туралы Үкіметтің сайты хабарлады.

Жұмыс кестесінен артта қалу байқалған Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауылдары мен кенттеріне баса назар аударылады (биылғы 17 шілдедегі Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөніндегі кеңес).

Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдері бағаланды. 

Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс биылғы мамыр айында басталған болатын. Бүгінде іргетасын құю жұмысы толығымен аяқталды, 43 үйдің қабырғасы тұрғызылып жатыр,  62 үйдің шатыры жабылуда. Нысандарға 8 мердігер ұйым, шамамен 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тамыз айының ортасында пайдалануға беру көзделген.

Деркөл кентінде 103 тұрғын үй жаңа учаскелерде салынып жатыр. Қазіргі уақытта іргетас құю жұмыстары толығымен аяқталды, 24 нысанда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылды. Жұмыс биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. 

Орал қаласының «Жұлдыз» ықшамауданында 191 нысан жаңа жерде салынып жатыр. Тұрғын үйлерді уақытылы тапсыру үшін 17 мердігер мекеме жұмысқа тартылды. Бүгінгі таңда барлық үйдің іргетасы құйылған, 178 үйдің қабырғасы қалануда, 49 нысанның шатыры жабылып жатыр.

Премьер-Министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен уақытылы қамтамасыз ету үшін жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

«Өңір қажетті қарқын алуы керек. Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар қатары көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді. Салынып жатқан аудандарда ілеспе инфрақұрылым мен абаттандыруды алдын ала қарастыру қажет. Жаңа тұрғын аудандардың жанында 1 500 орынға арналған «Жайлы мектептердің» құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталады.

Анықтама: Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыруда. 70 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Зардап шеккен аймақтарда тұрғын үйлердің 100%-ы тексерілді. Жалпы сомасы 44,2 млрд теңгеге 7 823 отбасы баспанасын жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 3 987 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерлерге қоныстанды. 2 578 үй салынып жатыр. 34 023 отбасы 12,5 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 20 913 отбасына жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін қосымша өтемақы төленді. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңгеге 252 өтінімі қаралып, мақұлданды.

RELATED NEWS
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін
05 ақпан 2025
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарындаТөтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны қаупі бар аймақта 23 елді мекен бар екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Бұл статистиканы мамандар береді. Кейбір депутаттар осы өңірдің барлығын су басады деп шошып жатыр екен. Олай болмайды. Белгілі бір жұмыс жүргіземіз. Кейбір өңірден ол қауіптер жойылды. Ал өңірлер бойынша су тасқыны қаупі төніп тұрған ТОП-5 аймақты айтатын болсақ, БҚО, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары болып отыр», - деді Шыңғыс Әрінов

Су тасқынына дайындық:  ел аумағының 71%-ында қар жатыр
11 наурыз 2025
Су тасқынына дайындық: ел аумағының 71%-ында қар жатыр

Үкімет  отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын хабарлады. 

 Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.
«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», 
— деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады
08 тамыз 2024
Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады

Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында 57, Батыс Қазақстан облысында 80, Ақтөбе облысында 43 және Павлодар облысында 5 үй пайдалануға берілді.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.

34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.