Валюта бағамы
  • USD -

    519.7
  • EUR -

    541.5
  • RUB -

    5.31
Соңғы үш жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған
Фото: Оқу министрлігі 24 қаңтар 2025
Соңғы үш жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған
 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылады. Ел тұрғындарының үштен бір бөлігін балалар құрайды. Атап айтқанда, Қазақстанда 6,8 млн. бала бар.
«Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс», - Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.
Қабылданған үш заңдағы маңызды бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгерлермен қамтылып, қажетті көмек алуда.
Балалардың құқығын қорғаудағы негізігі шаралардың бірі – балаларға қатысты құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды.
2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша байланыс орталығына 17 400 бала жүгінген.
Елдің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілді. Атап айтқанда, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді.
Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 17 660 бала қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты.
2025 жылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
2024 жылдан бастап елімізде 627 балабақша ашылып, 93,1% бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылды. Соңғы 3 жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымды оқу мәселесін тиімді шешіп келеді. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бастап 105 жайлы мектеп қолданысқа берілді.
Сонымен қатар 2024 жылы 373 мың орынға арналған 257 мектеп қолданысқа берілді. Биыл 300 мың білім алушыға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүруде. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам нысан бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылған. Барлық ұйымдарда дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді.
Мемлекет өскелең ұрпақ үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға басымдық беріп келеді. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 млн. бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 млрд теңге бөлінді.
«Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 млрд теңге бөлініп, 510 мың бала мектеп керек-жарақтарымен қамтылды.
2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары да тегін тамақпен қамтылады. Жергілікті бюджеттен 25 мың баланы тегін тамақтандыру үшін 12 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», - Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.
Қазақстанда балалардың қосымша білім алуы, сапалы демалыс және сауықтыру ұйымдарымен қамтылуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бүгінде 3,3 млн бала түрлі бағыттар бойынша үйірмелерге, секцияларға қатысады.
2024 жылдың жаз мезгілінде 3,1 миллионнан астам бала 10 743 лагерьде сауықтыру демалысын өткізді.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру тек техникалық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді.
Мемлекет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспар балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді.
Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды.
Сондай-ақ мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдараламасы енгізілді.
Балалардың қауіпсіздігі – болашаққа жасалған қамқорлық. Бүгін ертеңгі елдің іргетасын қалайтын ұрпақты қалыптастырудамыз. Балаларға қамқорлық көрсете отырып, қауіпсіз әрі гуманист, мықты қоғам құрамыз.
Қазақстан балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады.
RELATED NEWS
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
07 қараша 2019
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

 

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

 

 

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

«Жайлы мектеп» жеке меншік білім ошақтарымен бәсекелесе ала ма?
09 қыркүйек 2024
«Жайлы мектеп» жеке меншік білім ошақтарымен бәсекелесе ала ма?

Биыл шілденің басында Астанадағы «жайлы мектепке» баласының құжатын өткізуге келген ата-аналар түннен бастап кезекке тұрып, дүрбелең туындатқан болатын. Мұның астарында елордадағы мектеп тапшылығы жатқанымен, негізгі  мәселе баласын «жайлы мектепте» ауыстырғысы келетін ата-аналардың көптігінде еді. Осыған қарап ел ішінде «жайлы мектептердің» жарнамасы жақсы жүргенін көруге болады. Бұл жобаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Егер оператор құрылыс пен жабдықтау жұмыстарының сапасын ойдағыдай бақылай алса, шынымен де «білім ошағы» деген атқа лайық нысандар есігін айқара ашады. Бұлай дейтініміз, аталған мектептердің  мемлекет есебінен салынған өзге мектептерден бірнеше артықшылығы бар. 


Ұлттық жоба басталған кезде Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің бұған дейін салынған мектептерден 8 айырмашылығын атаған еді.
«Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған. Төртінші – мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі», - деді ол.
Аталмыш мектептерде ерекше мұқтаждығы бар балаларға барынша жағдай жасалған.
«Алтыншы – спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған. Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады. Сегізінші – жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады», - деген болатын Асхат Аймағамбетов.
Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында өңірлер мен республикалық бағыныстағы қалаларда 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңнан астам оқушыны екі ауысымдағы орта біліммен қамтамасыз етеді деген сөз.  
Биыл желтоқсан айына дейін 208 мектепті қолданысқа беру көзделген. Қалған  151 мектеп 2025 жылдың аяғына дейін салынып бітуі керек.  Оның сыртында Астана және Алматы қалаларында 10 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сатып алу арқылы ашылады. Жоспардағы 369 «жайлы мектептің» 44%-ы ауылдарда салынады.
Қазан айындағы мәліметтерге сенсек, ұлттық жоба қолға алынғаннан бері елде 31 жайыл мектеп қолданысқа берілген. Ол нысандарда 109 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. 1 қыркүйектің өзінде ғана 20 мектеп ашылған. 
Жобаның жалпы бюджеті 2,38 трлн теңге деп белгіленген. Оның ішінде Ақмола облысына 35,1 млрд теңге, Атырау облысына 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысына 23,3 млрд теңге, Қостанай облысына 15,2  теңге, Алматы қаласына 63,2 млрд теңге, Астана қаласына 118,6 млрд теңге бекітілген. 
Бұл қаражаттың басым бөлігі Ұлттық қордан алынатынын айту керек. Қалғаны республикалық бюджеттен тартылады. Былтыр  499,9 млрд теңге жұмсалса, биыл 976,7 млрд теңге игерілуі керек. Ал келесі жылға 909,4 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауынан бастау алған бұл ұлттық жоба елдегі апатты мектептер мен үш ауысымды жою үшін, мектеп тапшылығын сейілту үшін қолға алынған болатын. 
Бұл бір жағынан жеке меншік мектептер мен мемлекеттік мектептердің техникалық жабдықталуындағы айырмашылықты азайтуға да септігін тигізеді. Өйткені ғимараттың сәулет және техникалық көрсеткіштері халықаралық стандарттарға сай жасалған.  Соған қарай құрылыстың құны да қымбат. 
300 орындық жайлы мектептердің құны 3,8 млрд теңгенің айналасында болса, 2000 орындық мектептердің құны 10,8-11 млрд теңгеге дейін барады. 
Осынша қаражат жұмсап салынған мектептердің білім сапасын арттыруға қалай ықпал ететінін, Назарбаев зияткерлік мектебі, Haileybury, «Мирас», TAMOS Education, Kazakhstan International School сияқты әйгілі жеке меншік мектептермен қаншалықты бәсекелес болатынын уақыт көрсетеді. 
Ең бастысы, бұл жоба заманауи мектептің қазақстандық стандартын қалыптастыра алды. Енді жеке меншік мектеп салғысы келген инвесторлар бәсекеге қабілетті болу үшін «жайлы мектептің» көрсеткіштерінен кем мектеп сала алмайды деген сөз. 
Оның сыртында ұлттық жобаның арқасында мектеп тапшылығы жойылып қана қоймай, 100 мың уақытша, 145 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ресейде жаңа қазақ мектептері ашылуы мүмкін
27 қараша 2024
Ресейде жаңа қазақ мектептері ашылуы мүмкін

«Ресейдің қазақ диаспорасы шоғырланған аймақтарда қазақ мектебін ашу мүмкіндігі қаралып жатыр. Жұмысты ресейлік әріптестерімізбен бірлесіп жүргіземіз», - деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Ресейде қазақ мектебін ашу ұсынысы да қолдау тапқан.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.