Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім бағдарламалары мен курстар әзірлемек. Бұл туралы Цифрлық Үкіметтің көшпелі отырысында айтылды.
Аталған отырыста Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізде жасанды интеллектіні дамыту бағыттары туралы айтты
«Цифрлық даму министрлігі өңір әкімдерімен бірге келесі жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындасын», - деді Үкімет басшысы жиында.
Бектеновтің айтуынша, қазір азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейді.
«Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Цифрлық даму министрлігіне салалық министрліктермен бірге қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіруді тапсырамын. Оларды қалай пайдалану керек екенін халыққа кеңінен түсіндіру қажет», - деді Бектенов.