Валюта бағамы
  • USD -

    500.9
  • EUR -

    525
  • RUB -

    4.93
Серік Егізбаев: «Жобаларымызды көзбояушылық үшін емес, нақты нәтижелер үшін жүзеге асырамыз»
27 наурыз 2024
Серік Егізбаев: «Жобаларымызды көзбояушылық үшін емес, нақты нәтижелер үшін жүзеге асырамыз»

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев «Ulys» сайтына сұхбат беріп, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай, Наурызды жаңа форматта тойлау және «Ауыл» партиясының Парламенттегі жұмысына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

НАУРЫЗДЫ ЖАҢАША ТОЙЛАУ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ

- Серік Рахметоллаұлы, алдымен сізді күні кеше ғана дүркіреп өткен Наурыз мейрамыңызбен құттықтаймын!

Рақмет, сізді де осы бір тамаша мейраммен құттықтаймын және барша ұжымыңызға Жаңа жылда жаңа шығармашылық табыстар тілеймін! Ұлыс оң, ақ мол болсын! Жаңа жылымыз өзінің жақсылықтарымен келсін!

- Рақмет! Алғашқы сауалымды да осы Наурыз мерекесіне байланысты қойсам деп едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасымен биыл бұл мейрам «Наурызнама» деп ежелгі атауымен  жаңа форматта ерекше реңкпен өтті. Он күннің әрқайсысына айрықша атау беріліп, халық жаңаша ықыласпан тойлағанын көрдік. Сіздің ойыңызша, бұл идея немен байланысты әрі мұндай жаңаруды жалпы қалай бағалар едіңіз?

- Дұрыс айтасыз, биыл Ұлыстың ұлы күні жаңаша тойланды. Жалпы  сауалыңызға толыққанды жауап беру үшін өткенге сәл шегініс жасауға тура келеді. Кеңестік кезеңдегі тарихымызда халқымыздың көптеген салт-дәстүрі ұмыт қалғаны белгілі. Бұл мәселе Ұлыстың ұлы күнін де айналып өтпеді. Наурыз мерекесіне ескіліктің сарқыншағы ретінде 1926 жылы тыйым салған болатын. Тек 1988 жылы ғана бұл мереке қайтадан тойлана бастады. Дегенмен, бұрынғыдай сән-салтанатымен емес, ішінара кейбір элементтері сақталған нұсқада ғана аталып өтіп жүрді.

Атап айтқанда, әкімдіктер мен өзге де мемлекеттік мекемелердің күшімен қалалардың, елді мекендердің басты алаңдарында киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар дайындалды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, кей жерлерде түйе мен ат мінгендердің салтанатты шерулері өткізіліп жүрді. Демек, осы жылдар бойы Наурыз мейрамын тойлау негізінен халықтың жаппай серуендеуі форматына көбірек ұқсады. Әрине, бұлар да мейрам нышаны. Бірақ, өкінішке қарай, бұл қандай да бір мазмұнды не боласа қоғамдық маңызы бар әсер бере алмады.

Қалай дегенде де Наурыз –  осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған және Ұлы далада тұрғындарының ең көне мейрамдарының бірі. Жаңа жылды тойлау шамамен 10 күнге созылған және бұл кезең «Наурызнама» деп аталған. Мейрам бірлікті, бауырластықты, ынтымақтақты, береке-бірлік пен жаңаруды паш еткен.

Жалпы Наурыз мерекесінің тамыры терең, ая­сы кең, сондықтан оны жан-жақты түрлендіре беруге болады. Соңғы жылдары Наурызды тойлау бірқалыпты пі­шінге түсіп бара жатқан еді, ал осы мерекені елімізде тойлау­дың жаңа концепцияның жасалып, көңілді көріктендіретін мейрамды жаңаша мерекелеудің маңызы зор болды. 

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің бастамасы осынау көне мейрамның бастауына, түпнегізіне, өзіндік өзегіне пәлсапасын оралуға арналған. Ал онкүндіктің әр күніне «Қайырымдық күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киім күні» сияқты тақырыптық бағыт беру, меніңше мерекенің жаңа дәстүрлерін, құндылықтарын қалыптастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасының бүгінгі іс жүзінде жүзеге асырылуы көрсетіп отырғандай, халық оны рухтанып, толығымен қолдады. Наурызды осындай форматта мерекелеу оны шын мәнінде ұлттық бірлік пен ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың нышанына айналдыратынына сенімдімін.

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ — ӨЗІНІҢ ТАРИХИ МИССИЯСЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

- Жуырда ғана Президенттің қатысуымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Алқалы жиын өтердің алдында өзіңіздің құрылтай мүшесі болғаныңызды білеміз. Сіз үшін бұл алаңның рөлі қандай және Мемлекет басшысының сөзінен қандай маңызды түйін түйдіңіз?

- Ең алдымен Құрылтай Моңғол имериясы тұсында Ұлы далада ақсүйектер өкілдерінің жиналысы ретінде пайда болғанын еске түсірген жөн. «Яссы» заңдар жинағында құрылтайға үлкен саяси мән берілген. Бұл үрдіс кейінірек қазіргі Қазақстан мемлекеті мұрагері саналатын Алтын ордада да, Қазақ хандығы кезінде де жалғасын тапты. Құрылтай ханды таққа отырғызу не тақтан тайдыру, соғыс не бейбітшілікке қатысты шешім қабылдау, шетелдермен келісімшарт жасасу және басқа да маңызды мәселелерге орай шақырылған.

Осылайша, құрылтай бүкіл ұлттың болашақ тағдырын айқындайтын өзекті мәселелерді шешу үшін өткізілді. Дәл сондықтан Ұлттық құрылтай қазіргі заманғы түсіндірмесінде өзінің тарихи миссиясын жалғастырып жатқаны қуантады. Онда қоғам мен тұтастай мемлекетті одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдар талқыланады және әзірленеді.

Айтпақшы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды» деп нақты айтқан болатын. Ал түйінді сөзге келер болсам, Мемлекет басшысы маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымызды нақты әрі жан-жақты жиынтықтап, қалыптастыруы аса маңызды деп санаймын. Естеріңізге салайын, бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық.

Өздеріңіз білетіндей, қоғамымызда ұзақ уақыттан бері Қазақстанның ұлттық идеясына қатысты пікірталастар толастар емес. Ғалымдар мен сарапшылар әртүрлі идеяларды ұсынды. Олардың кейбіреуі тарихқа негізделсе, өзгелері шет елдерден көшірілді. Алайда, Президент өз сөзінде әрбір қазақстандыққа жақын әрі түсінікті құндылықтарды ұсынып отыр. Осы идеялық негізге сүйене отырып, ұлтымыз ХХІ ғасырда лайықты орын ала алатынына сенімім мол.

«АУЫЛ» ПАРЛАМЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ІСТЕРМЕН АЙНАЛЫСУДА

- Соңғы парламенттік сайлауда «Ауыл» партиясы жеткілікті деңгейде сайлаушылардың дауысын алып, ықпалды саяси күшке айналғанын дәлелдеп алғаш рет Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Осы орайда өзіңіз жетекшілік ететін партияның депутаттық фракциясы күш-жігерін қандай мәселелерге салып жатқаны, неге баса назар аударып отырғандарыңыз халықты да қызықтырады деп ойлаймын... 

- Өте жақсы сұрақ қойып отырсыз. «Ауыл» партиясы қазір Парламентте  ауқымды істермен айналысуда. Талдап айтар болсам,  партия депутаттары қазір жұмыстарын үш бағытта жүргізіп жатыр. Бірінші, бұл партияның сайлуалды тұғырнамасын жүзеге асыру екендігі сөзсіз. Естеріңізге сала кетейін, үгіт-насихат жұмыстары барысында сайлаушыларға, әсіресе, ауылда еңбек етіп жүрген азаматтарға бірқатар мәселені заңнамалық тұрғыда шешуге уәде берген еді. Олардың арасындағы ең маңыздылары – бұл «Агробанк» құру және «Ауыз-түлік қауіпсіздігі туралы» заңды қабылдауға бастамашылық жасау.

Бұл екі мәселе де Мәжілістегі фракциямыздың айрықша назарында тұр. Сондай-ақ, бүгінде «Агробанк» құру мәселесі Ұлттық банктен де, ауыл шаруашылығының министрлігінен де қолдау тауып отырғаны қуантарық жайт. Мұнан бөлек, бұл мәселені барлық басқа депутаттық фракцияның депутаттары да қолдап отыр.

«Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заның қабылдануына бастамашылық жасау туралы айтар болсақ, бұл ретте жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жүргізіліп жатыр. Әзірше, сарапшылық деңгейге пікірталастар өткізіліп жатыр. Дегенмен, бірлескен күш-жігердің арқасында бұл  мәселеге қатысты оңтайлы шешім қабылдай аламыз деп ойлаймын.

Екіншіден, фракциямыздың депутаттары заң шығарушылық жұмысқа да тікелей әрі белсенді атсалысып келеді. Қыркүйек айында басталған жаңа сессиядан бері ғана депутаттарымыз заң жобаларына 260-тан астам түзету енгізді. Сондай-ақ халықты толғандыратын ең өзекті мәселеге қатысты 333 депутаттық саул жолдады. Оның 32-сі Мәжілістің жалпы отырысында жария етілді.

Олардың кейбірін бөле-жара атап өту жөн болмас деп ойлаймын. Өйткені, олардың әрқайсы, ол тіпті заң жобасына түзету не болмаса депутаттық сауал болса да қалай дегенде де нақты бір саланың, азаматтардың нақты бір тобының мүддесін қозғайтындығы сөзсіз. Осы орайда партиямыздың заманауи коммуникация, қоғаммен қоян-қолтыққа баса мән беріп отырғанын да айта кетейін. Азаматтарымыз кез келген уақытта депутаттардың жұмысымен партиямыздың әлеуметтік желілердегі парақшасынан жан-жақты таныса алады.

Үшінші маңызды бағыт – бұл депутаттардың азаматтарды жеке қабылдауы. Біз азаматтардың түрлі санаттарымен үнемі кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз немесе нақты мәселелерді шешеміз. Осы сессия басталған сәттен бері ғана партиямыздың 8 депутаты  мәселесін айтып келген 205 азаматты  қабылдады.

ПАРТИЯНЫҢ ЕНДІГІ БАҒЫТЫ —ҚОҒАМ МЕН ЗАМАН СҰРАНЫСЫНА САЙ ДАМУ

- Партия атынан Парламенттегі депутаттардың жұмысы жайлы егжей-тегжей айтып бергеніңізге көп рақмет. Енді партияның өзінің жұмысы туралы да толығырақ білгіміз келеді. Партияның төрағасы ретінде бүгінде партияластарыңыздың алдына қандай міндеттер жүктеп отырсыз?

- Партиялар сайлаудан сайлауға дейінгі аралықта «ұйықтап жатады» деген қасаң пікір бар. Ол біздің ұстанымға сай келмейді. «Ауыл» партиясының жұмысы парламенттік сайлау өте салысымен бірден басталып кетті. Өзіміз үшін дамудың бірнеше басым векторын айқындап алдық.

Бүгінгі күн ақпараттық технологиялар заманы, ал өзіміз ақпараттық қоғамда өмір сүретіндігіміз ешкімге де құпия емес. Сондықтан да бірінші вектор ақпараттық кеңістіктегі жұмысты барынша жандандыруға күш салып келеміз. 

Партия күнделікті дерлік өте ауқымды жұмысты атқарып жатыр. Әлеуметтік, гуманитарлық және экономикалық бағыттарда да өзге де барлық салада жобаларымыз бар.  

Сол себепті алдымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тек партиямыздың мүшелерін ғана емес, сонымен бірге партиямызға ниеттес жандарды, сонымен қатар еліміздің барлық халқын үнемі құлақтандыру міндеті тұр. Іс жүзінде – бұл біздің мейнстрим. Бұл үшін ақпараттық ресурстардың барлық мүмкіндіктерін қолданамыз – әлеуметтік желілер, телеарналар мен газеттер бар дегендей.

Бірақ, ең басты міндет - тек жылтыңдап көріну емес, парақшаларымызды тиісті мағлұматтармен толықтыру екені сөзсіз. Сол себепті «Ауыл» партиясының жаңа ақпараттық өнімі тек біздің жақтастарымыз үшін ғана емес, сонымен бірге еліміздің барша азаматы үшін пайдалы болады деп үміттенеміз.

Екінші вектор – ауылдық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске қосумен байланысты. Бұл – өз мәні жағынан өте ауқымды, бірақ қарапайымдылық тұрғысында барынша түсінікті жоба. Оны қазіргі уақытта Ақмола облысының Ақкөл ауданында сынақтан өткізе бастадық.

Бұл жобаны аталған ауданда сынақтан өткізіп жатқанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, дәл осы Ақкөл ауданының тұрғындары алғаш рет өткізілген сайлауда партияласымызды аудан әкім ретінде сайлаған болатын. Сондықтан да осы жылдың басынан бері аталған ауданда ауылдық кәсіпкерлікті жандандыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткіздік. Алғашқы нәтижесін осы жылдың соңына қарай көреміз деп отырмыз. Мұнан бөлек, дәл осындай жобаны Абай облысының Абай ауданы мен Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жүзеге асыруды жоспарладық.

Үшінші вектор – бұл қоғамдық маңызы бар жобаларды іске қосу және жүзеге асыру. Олардың қатарында «Ауыл нақыштары», «Батамен ел көгерер», «Кітапқа екінші өмір сыйла» сынды жобалар бар. Біз жобаларды көзбояушылық үшін емес, нақты мультипликативті әсері болуы үшін жүзеге асыруға тырысамыз. Қысқаша түйіндеп айтар болсам, партиямыздың қызметі осындай.

- Сұхбатыңызға рақмет!

RELATED NEWS
Жигули Дайрабаев: Үкімет ауылға қатысты ескі принципті өзгертуі керек
03 мамыр 2024
Жигули Дайрабаев: Үкімет ауылға қатысты ескі принципті өзгертуі керек

Ауылдың жыры мен зарын Үкіметке жеткізіп жүрген санаулы мәжіліс депуттарының бірі, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жигули Дайрабаев су тасқыны кезіндегі дихандардың проблемасы, тозығы жеткен елді мекендер жайы, бос жатқан жерлер, Парламенттегі ауыл үніне қатысты Ulys тілшісінің бірқатар сұрағына жауап берді.

Жигули Молдақалықұлы, уақытыңызды бөліп бізге сұхат бергеніңізге редакция атынан зор алғыс білдіремін! Алғашқы сұрағым қазір және болашақта аса маңызды болатын су мәселесіне қатысты. Бәріміз білетіндей сіз осы жылдың басында Үкімет жанынан құрылған Су кеңесінің құрамына кірдіңіз? Осы кеңес жұмысы туралы толық айтып берсеңіз?

Президентіміз су айналасында қордаланған түйіндерді шешу мақсатында Үкіметке тапсырма беріп, жеке министрлік құрған болатын. Бұл тек атқарушы органның бір тармағы ғана. Мұны қанағат тұтып отыра беретін болсақ нәтиже болмайтыны анық. Мысалы, трансшекаралық өзендердің мәселесінде Сыртқы істер министрлігінің ықпалы қажет болса, су жүйелерін цифрландыру бағытында бөлек құрылымдағы ведомствоның көмегіне мұқтаж. Ал судың негізгі тұтынушысы болып есептелетін өндіріс пен ауыл шаруашылығы басқа меморгандардың құзыретінде. Бұдан бөлек жаңа технологияларды жетік білетін сарапшылар қауымдастығы мен ғалымдар бар емес пе? Мінекей, солардың барлығының пікірі мен ұсыныстарын біріктіретін, бір жерде талқылайтын арнайы алқалық орта керек болды. Осы тұрғыдан құрылған Су кеңесінің қазіргі қолға алған жұмыстары жүйелі өзгерістің бір бөлігі ғана деп білемін.

ЖАҢА СУ ҚОЙМАЛАРЫН САЛУ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕН СУЫНА ТӘУЕКЕЛДІ АЗАЙТАДЫ

Қазақстан трансшекаралық өзен суына кіріптар. Бұл мәселелер болашақта қалай шешімін табуы мүмкін? Сосын ауыл шаруашылығы жерлерін суарудағы түйіндер туралы не айтасыз?

Соңғы уақытта қуаңшылық проблемасы тек ғана Қазақстанда емес, әлемнің барлық елінде байқалуда. Оның үстіне жер шарындағы халық санының күрт өсуі, азық-түлік дағдарысына әкеліп соқтыратыны тағы бар. Осыны ескерген  мемлекеттер қол қусырып отырмасы анық. Қазақстанға кіретін өзендердің бастауына иелік етіп отырған Қытай да, Орталық Азиядағы көршілеріміз де бұл тәуекелдің алдын алатыны белгілі. Демек олардың әрқайсысы су қорын жинақтайды. Президентіміздің 20-ға жуық су қоймасын жақын уақытта салу керек деген тапсырмасы есіңізде шығар? Бұл су бойынша басқа елдерге деген тәуелділікті азайтудың негізгі амалы. Сондықтан да Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын тез арада қолға алып, осы бағыттағы жұмыстарды үдетуі тиіс. Және де сыртқы саясатта трансшекаралық өзендер бойынша позициямызды нақты айқындап алып, келісөздерді интенсивті түрде жүргізу қажет.

Ауылдағы шаруашылықты ұлғайту үшін жер керек. Негізгі игерілмей жатқан ауылдық жерлер көп пе?

Әрине, игерілмей жатқан жерлер өте көп! Сол жердің барлығын баяғыдан бері өндіріс айналымына жіберіп, қолға алғанда Қазақстан аграрлы держава елдерінің қатарына енетін еді. Әттең,  бұл бағытта Үкімет ауыз толтырарлық нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. Оның үстіне урбанизация проблемасы кадр тапшылығына алып келуде. Егіс алқаптарын игеру және мал шаруашылығын қолға алу үшін жұмысшы керек емес пе? Ал халық жаппай қалаларға көшіп жатқанда мұның арты жақсылыққа апара қоймасы анық. Менің пікірімше,  бұл мәселені шешудің екі шешімі бар. Біріншісі – қолда бар өндірісті интенсивті жүйеге ауыстырып, жаңа технологиялардың арқасында өнімділікті ұлғайту. Екіншісі – өндіріспен айналысамын деген азаматтарға мейлінше жағдай жасау, оларды ынталандыру. Тек сонда ғана бос жатқан жер, халық игілігіне айналатын болады.

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ТҮСІП, ЖЕҢІЛІП ҚАЛҒАНЫМА ӨКІНБЕЙМІН

Сіз 2022 жылы Президент сайлауында негізгі кандидаттардың бірі болып бақ сынадыңыз. Шындығын айту керек, сол кезде сізді көбі «екінші Қосанов» деген пікір айтты?

Мен Президент сайлауына кандидат болып тіркеліп, алғашқы кездесуімді өзімнің туған ауылымнан бастадым. Сол кездесуде менің жақын туыс ағам көп адамның көзінше «Жигули, сен шыныңды айт, сен спектакль қойып, Қосанов сияқты болып жүрген жоқсың ба? Ертең ел-жұртқа күлкі, мазақ болмайық» деп төтесінен айтты. «Аға, мен сатқын немесе біреудің рөлін ойнап жүрген жоқпын. Шамаңыз келсе, мені қолдап дауыс беріңіз!» дедім мен.  Міне, кезінде осындай әңгімелер айтылған. Әрине, мен ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын ғой... «Ит үреді, керуен көшеді». Мен шынымен президент сайлауында жеңіске жеткім келді және бұл ісім үшін еш өкінбеймін. Сосын мен президенттікке кандидат болып, сайлауда жеңіске жетпей қалғаныма өкініп, сары уайымға да түскен жоқпын. Мен саясаткермін... Саясаткерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Керсінше мен осы додадан кейін күш алдым. Өз партияластарымды жігерлендіріп, қайта Парламент сайлауына түстім. Өмірдің өзі күрес...

Сіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесіз. Қазір Парламент қабырғасында жүріп аграрлардың жағдайын жақсарту бағытында қандай жұмыстар мен жобаларға бастамашыл болып жүрсіз?

Парламент Мәжілісінде «Ауыл» партиясы фракциясының 8 депутаты бар. Мен солардың бірімін. Әрқайсымыздың алға қойған мақсатымыз бар. Ол– партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру. «Ауылдықтарды» қолдап, дауыс берген саулаушыларды ұмытпайымыз керек. Біздің тірегіміз – сайлаушылар. Сондықтан сайлауалды бағадарламамыздың әр тармағын орындауға міндеттіміз. Маған жүктелген іс –аграрлы мәселелерге қатысты заңнамалық проблемаларды шешу. Негізгі жобамыз Аграрлы банк құру және азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын дайындап, оның қабылдауына күш салу. Сондай-ақ фермерлердің назын тыңдап, оларды Үкіметке жеткізумен айналысамын. Фракциямыздың депутаттары төменгі палатадағы әр комитетте мүше болып отыр. Бірі салық мәселелерімен шұғылданса, енді бірі ауылды елді мекендердің проблемасын шешумен айналысып жүр.

Биылғы көктемгі егін егу науқаны шаруалар үшін қиыншылықтар әкелуде. Бұл бағытта не айтар едіңіз?

Әр көктемгі егіс науқаны – біздер үшін стресс. Жанар-жағармайдың көлемі жете ме? Оларды жеткізу жүйесі қалай болмақ? Бекітілген норматив агротехнологиялық талаптарды орындауға жеткілікті ме? Тұқымның сапасы не болады? Тыңғайтқыштар қымбаттады ма? Тағы басқа осындай сұрақтар әрине маза бермейді. Көктемгі егіс науқыны кезінде тағы бір мәселе - несие мен субсидияның дұрыс бөлінбеуі. Оның үстіне биылғы су тасқыны шаруалардың, ауыл тұрғындарының жағдайларын одан әрі қиындатып отыр. Егетін тұқымы мен малдары су астында қалып зор шығынға ұшырауда. Оның үстіне егін салатын уақытты ешқашанда кешеуілдетуге болмайды. Егер уақыттан сәл кеш қалсаңыз тиісті өнім ала алмай қаласыз. Сондықтан да дәл қазір фермерлерге жан-жақты қолдау қажет. Айта берсек, проблема көп. Жақында ғана Аграрлық мәселелер комитеті осы айтылған өзекті мәселелерді талқыға салып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті талаптарды жолдадық.

ҚАЗАҚСТАНДЫ АГРАРЛЫ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛДЫРАТЫН ЗАҢ ШЫҒАРУ КЕРЕК

Парламенттегі «Ауыл» партиясының жұмысы мен партия атынан дайындалып жатқан заң жобалар туралы айтып берсеңіз?

Ең басты екі жобамыз бар деп айтқан едім жоғарыда. Бірі фермерлердің арзан қаражатқа деген қажеттілігін шешуге бағытталған Агробанк құру болса, екіншісі Қазақстанды аграрлы державаға айналдыруды көздейтін азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң шығару. Екі жобамызды қатар алып келеміз. Заңдардың мәтіні мен концепциясы дайын. Дәл осы шақта соларды қауымдастықтармен талқылап жатырмыз. Әзірше беталысымыз жаман емес сияқты.

Соңғы болған Парламент сайлауында «Ауыл» партиясы ықпалды, айтары бар саяси күшке айналғанын көрдік. Сайлаушыларыңыздың мұң-мүддесін, талап-тілегін Үкіметке жеткізуде қандай жұмыстар атқарылуда?

Сайлаушыларымыздың көп бөлігі – өңірлерде тұрады. Олармен тығыз байланыс партиямыздың филиалдары арқылы жүргізіліп жатыр. Мұны қолға алу аса маңызды деп білеміз. «Ауыл» парламенттік партияға айналғалы бері электоратымыздың айтарлықтай сенімі күшейді. Өзімізді мақтағандай болмайын, бірақ ауылдың үні биік мінберден естіле бастады. Сонымен қатар Үкіметке көптеген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолданып, тұщымды ұсыныстар енгізілді. Ең негізгі жұмысымыз – заң жобаларын қабылдау барысында ауыл мен агроөнеркәсіп кешенінің мүддесін қорғау. Осы бағытта бірқатар заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бізді іздеп келген азаматтарға да есігімізді айқара ашып, қабылдаудамыз. Алдағы шілде мен тамыз айларында өңірлерге іс-сапарға барғанда осы жайлы толық ақпарат береміз деп отырмыз.

«Ауыл» партиясының жұмысы сайлаудан кейін қалай өзгерді?

Өз-өзімізге баға бергеннен аулақпын. Мұндайда сайлаушылар сөйлегені дұрыс. Айтатыным - өзгеріс бар. Бірқатар жоба нақты іске аса бастады. Олармен жақын танысу үшін орталық аппаратымызға арнайы қонаққа шақырамыз. Келіңіздер.

 «КЕПІІЛДІККЕ МҮЛІК ӘКЕЛІП, НЕСИЕ АЛ ДА ЖҰМЫС ІСТЕ» ДЕГЕН ҚАҒИДА ЖАРАМАЙДЫ

Ауылдың жайын сізден жақсы білетін адам жоқ. Қазір тозған ауылдар көп? Қайтсек ауыл-аймақты дамыта аламыз? Сіздің жеке пікіріңіз?

Ауыл мен ауыл шаруашылығы егіз ұғым. Мен бұл қағиданы үнемі айтып келемін. Агроөнеркәсіп дамымай жүйелі жұмыс болмайды. Адамзатты алға жетелейтін тек еңбек қана. Қолға кетпен-күрек аламын дейтін азаматтарға тиісті жағдай жасалуы тиіс. «Кепілдікке мүлік әкеліп, несие ал да жұмыс істе» деп отыра беру жарамайды. Үкімет бұл принциптен кетуі тиіс. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды мейлінше ауылға қарай бұру керек. Сонда ғана ауыл дамиды.

Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы
31 шілде 2024
Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ҚР композиторлар Одағының мүшесі, балалар композиторы, Мәдениет қайраткері,  Алтын МАХАМБЕТПЕН сұхбат

- Алтын Шахзадақызы, қазақ ән өнеріндегі бірден-бір балалар әндерінің насихаттаушысы, әрі жанашыры ретінде жауап беріңізші, келешек елдің тізгінін ұстайтын азамат болатын бүгінгі балалардың бойына ұлттық рухты қалыптастыра алатын патриоттық әндер қаншалықты деңгейде жазылуда?

- Патриоттық әндер көп жазылып жатыр. Бірақ, көбіне ол әндер тек мемлекеттік даталы күндерде ғана орындалатындықтан, кеңінен таралып жатқан жоқ. Жалпы, патриоттық ән дегеніміз - адам бойында Отанға, елге, туған жерге деген құрметін асқақтата түсетін, рухты күш беріп, жігерлендіретін туынды. Қазіргі таңда, балалар композиторлары Қазақстан, Отан, туған ел, туған жер тақырыбындағы әндерін жарыққа шығарып жатыр. Әсіресе, өңірлік ақын-сазгерлердің де шығармашылығынан патриоттық туындылар көптеп орын алады. Бірақ, насихаттың болмауы салдарынан, ол әндер өз өңірлерінен асып кете алмай отыр. Негізі, кез келген туындының кеңінен таралуы үшін, міндетті түрде, бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауы қажет. Еліміздің телерадиоларында балаларға арналған музыкалық хабарлар жоқтың қасы. Ал, балалар әндері, әсіресе, патриоттық әндер жарыққа шығып таралуы үшін, әрекет жасап отырған, тек сол авторлардың өзі. Олар өз өңірлерінде өтетін түрлі балалар ән байқауларында, мектептері мен балабақшалардағы мерекелік іс-шараларда шәкірттеріне орындатып, өз мүмкіндіктері жеткенінше балалар репертуарын кеңейту жолында әрекет етіп келеді. Бірақ, өз өңірлерінде ғана таралып, республикаға жетпеген қаншама жап-жақсы туындылар бар. Әндерді тарату жолында әлеуметтік желінің де біршама көмегі бар. 

ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің бастамасымен өткен биылғы «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалінің Тик Токтағы челенджінде Гүлайым Жотаеваның «Тәуелсіз ел-ұраны», Ұшқын Жамалбектің «Отан», Нұрмаш Алғашбаевтың «Егемен ел -Қазақстан» атты патриоттық әндері орындалуы тұрғысынан ең жоғары орындарға ие болды.

Жалпы, авторлардың балаларға арналған патриоттық әндерінің аясын кеңейту үшін, осындай үкімет тарапынан қолдау берілетіндей байқаулар жиірек ұйымдастырылу қажет.  Ол балалардың патриоттық әндерді орындауға деген ықыласын, ынтасын оятады.

- Тәрбие құралының бірі саналатын балалар әнін насихаттау жолында қандай келелі еңбектер жасап келесіз?

- Еліміздің балалар әндерін жарыққа шығарып, насихаттау жолында «бала балаша ән салсын» деген ұраныммен жалаулатып келе жатқаныма ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.  Алғашқы телевизиялық жобам - Алматы (ЮСА) телеарнасында 2002 жылы жарыққа шыққан «Әнші болғым келеді» атты балаларға арналған музыкалық ән байқауым болды. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, қазақ ән өнеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында ашылған тележобам - өнерге қол созған балалардың ән мектебі болып қалыптасты. Бағдарлама фестиваль ретінде «31», «СТВ» телеарналарында жалғасын тауып, эфирде үздіксіз жүрді. Нәтижесінде балалар әндеріне деген сұранысты қалыптастырдым десем де болады. Көптеген композиторлармен, ақындармен тығыз шығармашылық  қарым-қатынаста болып, үлкен сахналарда көптеген түрлі тақырыптық балалар әндерінің тұсауы кесіліп, жарыққа шықты. А. Дүйсенов, Қ. Жәнібеков, Б. Жұмалин, Д. Сыздықов, М. Жәутіков, Е. Әлікей, В. Питерцев сынды тағы да басқа композиторлардың жүздеген әндері сол кезде жарыққа шықты. 2004-2013 жылдар аралығында жылына бір рет дәстүрлі түрде өткізіп келген «Мен бақытты баламын» балалар ән фестивалімнің сахнасында да тек қана балалар әндерін насихаттадым. Бала мен белгілі әншінің қос дауыспен тек балалар әндерін шырқайтын ән фестивалім үздіксіз он жыл қатарынан көрермен назарына ұсынылды. Әрине, республика арналарынан көрсетуге ол кездері мүмкіндігім бола қоймады, тек «Алматы», «СТВ» арналарынан  көрсетіліп келді. 

Ақын-сазгерлерге балаларға ән жазуға шабыт бере жүріп, өзім де балалар әндерінің қатарына біраз авторлық туындыларымды қостым. 2012 жылы «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауымның 10 жылдық мерейлі кешін «Алматы» эстрадалық-симфониялық оркестрімен өткізіп, концертте  танымал әншілер мен жас өнерпаздар менің балалар әндерімді орындады, әрі сол кеште балаларға арналған ән жинағымның тұсауын кестім.

2019-2021 жылдары «Қазақ радиосында»  тікелей әуе толқынында жүргізген авторлық «Балапан саз» ақын-сазгерлер арасындағы балалар әндері радиобайқауым да оң нәтижесін беріп, 300-ден аса балалар әндерінің радио желісі арқылы тұсауы кесілді. Қазіргі таңда, радиохабардың насихатының жемісі ретінде көптеген әндер балалар репертуарынан кеңінен орын алып отыр. 2021 жылы көп жылғы еңбегімнің қорытындысы десем де болады, «Болашақ музыкант-педагогқа заманауи балалар әндерінің ерекшеліктерін меңгерту» тақырыбы бойынша магистрлік диссертациямды қорғадым. «Балапан саз» радиобайқауы - тәжірибелік бөлімінің негізін құрады.

Балалар әндері насихатының аздығы бүгінгі күннің де өзекті мәселесі. Бір ғана менің ұйымдастырып жүрген жобаларымның ауқымы, таралу аясы тар. Балалар әндері-басты тәрбие құралы. Ән мәтіндері - туған жерге, Отанға, ата-анаға, табиғатқа, мектеп, ұстазға, қоршаған ортаға-табиғатқа деген құрмет, сүйіспеншілікке баулиды. Ән сөзін жаттаған бала жүрегіне жақсылық нәрі сіңіп, дәні егіледі. Сол себепті, балалар тек жас ерекшеліктеріне сай сүйкімді әндерді орындаулары тиіс. Авторлық жобаларымның жемісі ретінде 2002-2021 жылдар аралығында жарыққа шыққан қаншама авторлардың  балалар әндері насихатталмай отыр. «Балапан саз» радиобайқауымда ұмытылып кеткен көптеген  балалар әндерін тауып, қайтадан өңдетіп, қайта жаңғыртық. Жаңа әндер де жазылды, жаңа авторларды да таптым. Ел ішінде балаларға арнап ән жазып, өз күндерін өздері көріп  жүрген 40-қа жуық  музыкант-педагогтардың басын құрап, шығармашылық одағын құрып отырмын.  

«Балапан саз» республикалық радиобайқауының заманауи авторлық әндерді таратуда маңызды рөлі болды. Аталмыш бағдарламаның әр санында 7-8 жаңа балалар әндері жарыққа жол тартып отырды. Өкініштісі, радио басшылығының бағдарламаны жалғастыруға аса құлықтары болмады. Хабардың редакторы, продюсері, жүргізушісі, администраторы ретінде алып отырған мардымсыз азғантай жалақыма «қаржы жетіспейді» деген желеумен, бағдарлама эфирдегі жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, еліміздегі балалар әндерінің жаршысы болып отырған жалғыз хабардың тұқымына тұз құйылды. Бірақ, радиобайқау ізсіз қалмай, байқау қоржынына келіп түскен балалар әндерінің арасынан іріктеліп, жинақталған  «Балапан саз» заманауи балалар әндерінің антологиясын  жарыққа шығарып,  2023 жылдың 29-тамызы күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен тұсаукесері өтті. Әрине, 22 автордың 200-ден аса балалар әндері жинақталған кітап авторлардың өз қаражаттарымен 400 данамен ғана жарыққа шықты.  Бұл да болса, жасалған еңбектің, төккен тердің  нәтижесі деп айта аламын.

Астанаға Алматыдан 2020 жылы қаңтар айында қоныс аудардым. Бүгінгі күнге дейін, 2021 жылы «Менің өлкем», 2022 жылы 1-маусымда «Балапан саз» радиобайқауының нәтижесінде танылған үздік әндерінің «Гала концертін», 2023 жылы «Алтын Маханбетованың «Бақытты балалық шақ әуендері» атты екі шығармашылық кешімді  өткіздім. «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткізген ән кешімде тек балаларға арналған әндерім орындалды.

2021-2022 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Музыка» пәні бойынша аға ғылыми қызметкері қызметінде болдым. Академияның қолдауымен «Менің өлкем» атты балалар әндерімнің оркестр орындауына лайықталған әнжинағым  2021 жылы жарыққа шықты.

2022 жылы 1 маусымда «Бақытты балалық шақ ретро әндері» ән фестивалін, биыл «Балалардың халықаралық мерекесіне» орай Астаналық балалар композиторлары ҚР композиторлар одағының мүшелері Әліби Әбдінұровтың, Гүлайым Жотаеваның, Думан Байтлеуовтің, Шолпан Қорғанбектің және өз әндерімнен «Балапан саз» атты  авторлық балалар әндері кешін өткіздім.

Республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауынсыз әндердің таралу аясы тар болады. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей жалғыз өзімнің балалар әндерін тарату жолында жасап жүрген шығармашылық еңбектерімнің  пәрмені аз.

 Биылғы жылдың ең басты жаңалығы - ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Әншуақ» республикалық қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалі жарияланып, ақпан мен мамыр аралығында Тик-Ток әлеуметтік желісінде балалар әндерінің челленджі ұйымдастырылды. Осы аралықта 10000-аса жас өнерпаздардың бейнежазбалары  тіркелді. Арнайы көркемдік кеңестің шешімімен Тик-Токта жиі орындалған 20 туынды танымал әндері қатарынан орын алып, 1-маусым күні еліміздің барлық қалаларында, өңірлерінде аталмыш 20 әнді еліміздің барлық балалары шырқады. Балалар әндерін насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның екінші маусымы алдағы 1қыркүйектен бастап өз жалғасын табады. 

- Өзіңіз өткізетін балалар концерттерінде «бала баланың әнін айтуы керек» деген талаптарыңызды қойып жатасыз? Осы туралы айта кетсеңіз?

- Бізде қазір ерінбегеннің бәрі балалар концертін, балалар байқауларын ұйымдастырып жүр. Олардың басты мақсаттары - ақша табу. Көпшілігі солай. Еліміздегі балалар әндерінің бас насихатшысы ретінде - барлық жерде мен бір талапты қоямын. Бала  өз деңгейіндегі, жас ерекшелігіне сай әнді орындауы керек. Балалар байқауларында орындаушыларға «дауыс көрсету керек»  деген қате талап бар.  Менің талабым бойынша-бала өзіне лайықты әнді мәнерімен, сөзін ұғынып, нотаны таза алып, әдемі, жеңіл орындап беруі тиіс. Ересектердің махаббат әнін, тойдың хит әндерін орындап, ересек әншіге пародия жасап тұрған немесе шетелдік әлем жұлдыздарының әндерін күре тамыры білеуленіп, тамағына салып, барынша сол әдем жұлдызына еліктеп жұлқынып тұрған бала мен үшін өте сүйкімсіз әсер береді.  Ондай балалардың өнер әлемінен орын алғандар саны аз. Өйткені, өзіндік менін жоғалтып, өзгелердің образын қайталаған бала одан ары қалай даму жолын білмей, тоқырауға ұшырайды. Есейе келе, ол баланың әнге деген ықыласы мүлдем жойылады немесе үнемі ауыр әндерді орындау салдарынан дауыс желбезегіне күш түсіп, мүлдем дауыссыз қалады. Бала өнер жолындағы мектептен өтіп, бірте-бірте биікке көтерілсе, оның жемісі әлдеқайда мол болады.

Мен, алдыма кеңес сұрап келген, өнерге қанат созған балалардың ата-аналарына балаларын музыкалық мектептерге беріп, сауаттарын кәсіби тұрғыда ашу керектігін түсіндіремін. Сол кеңесіммен, мектеп тәрбиесінен өткен талай бала қазір өнер әлемінде өз орындарын тауып отыр. Бала ержеткенде, өнер адамы болсын деген мақсатта емес, қосымша рухани тәрбие алу бағытында, әрі жан-жақты азамат болып қалыптасуы үшін кәсіби тұрғыда сауатты болғаны дұрыс. Олардың арасынан нағыз өнер жолын таңдайтын бала  өсе келе үлкен өнер әлемінің есігін сенімді ашатын болады.

-  Қазіргі таңда балалар байқаулары көп ұйымдастырылады және тойларда ән айтып ақша табатын өнерлі балаларды да көріп жүрміз. Маман ретінде осыған не дейсіз?

- Жоғарыда айтып өткеніміздей қазіргі таңда өткізіліп жатқан балалар байқаулары өте көп. Ерінбегеннің бәрі ұйымдастырғыш болып кетті. Көпшілігі коммерциялық жоба болғандықтан тәрбие жағы мүлдем қарастырылмайды. Қатысушыларға үш орынды теңдей бөліп беретін ақылы балалар байқауларына тыйым салатын кез келді. 4-5 жасар  балаларға ән  орындап қатырмаса да, қолдарына кубок ұстатып, мойнына медальон тағып, алғысхат беріп, әлден  мақтангершілікке тәрбиелеп жатырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес.  Біз бала күнімізде ән салғанымызға қуанатын едік. Қазір бала аттаған қадамына алғыс хат сұрайды. Біздің көп ұстаздардың, ата-аналардың ең үлкен қателігі - балаларға ересектер  әндерін орындауға жол беріп, сана-сезімдерін ерте есейтіп жіберулерінде.

 Менің балаларға тек қана балалар әнін айтқызуымның басты себебі – баланы балалыққа оралту. Бала балаша ойлап, балаша қуана білуі керек. Ал,  шет елдің немесе  ересектердің танымал әндерін шырқап дағдыланған жас өнерпаздардың балалар әндерін  орындауға ықыластары жоқ. Оның басты себебі, оларда тұрған жоқ. Ол ұстаздың дұрыс бағыт-бағдар бере алмауында. Олар ата-ананың сұрауы бойынша деп, балаларға той әндерін үйретеді. Бұл екі жақты қателік. Танымал хит әндермен ауызданған бала, той-томалаққа шығып, ақша таба бастайды. Оның бар ойы - ендігі жерде әнге емес, болашақта әнші болып, жұлдыз болып, ақша тапсамға тіреледі. Қазіргі таңда, әнші болғысы келетін бала көп. Неге? Өйткені, әншілікке олар өнер ретінде емес, табыс көзі ретінде қарайды. Қазір, телеарна, радио, әлеуметтік желі, ойын-сауық орталықтары, тіпті, қоғамдық көлікте, жеке көлікте осы той әндері күндіз-түні насихатталып келеді. Бала бұл әндерді ұстазсыз да жатқа біледі. Тыңдай-тыңдай еріксіз адам жадында сақталып қалып жатқан бұл әндерден қашып кету мүмкін емес. Бірақ, бәрі ұстаз қолында. Балаға өз жасына лайықты әнді ғана орындату керек. Өйткені, болашақта жап-жақсы әнші болады-ау деген талантты бала, есейе келе барынан айрылып қалады. Сол себепте, ұстаздар қауымы «Бұлақ  көзін дұрыс ашып, дұрыс арнаға бұра білулері» керек.

- Балалар әндерін насихаттау мақсатында үстіміздегі жылы өткізілген «Әншуақ» республикалық балалар әндері фестивалі әлі де жалғасын таппақ. Оған неше жастағы өнерлі балалар қатыса алады?

- 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап, ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің  «Әншуақ» қазақ тіліндегі республикалық балалар әндері фестивалі екінші маусымын бастайды. Фестивальдің әлеуметтік желідегі іріктеу кезеңі - 2025 жылдың мамыр айына дейін жүреді. Талап бойынша тек қана балалар әндері, патриоттық әндер  орындалуы тиіс. 5 жастан бастап мектеп жасындағы балалар қатыса алады. Қатысу үшін ән орындаған бейнежазбасын Тик-Токқа #Әншуақ хэштегі бойынша тіркейді. Ақын-сазгерлер үшін де әндерін насихаттауға үлкен мүмкіндік болатын жоба.

- Қазіргі хит болып жатқан қазақ әндеріне көңіліңіз тола ма? Жалпы ән авторлары жаңа туынды жазарда нені ескерулері керек деп санайсыз?

- Бұрыңғы қазақ композиторларының әндерінде ұлттық реңк, таза қазақи әуен айқын байқалып тұратын. Бүгінгі әндердің әуендерінде өзгелерге еліктеушілік басым. Қазіргі хит деген әндердің көбісінің әуені ұрланған. Сөздері қазақша, оның өзін  өздері шимайлай салған, әуені болгардың, латыштың, түріктің, үндінің, әлде арабтың ба – әйтеуір өзге ұлттың әндерінен құралған әнсымақтар қазақ әнінің қаймағын ірітіп жатыр. Біздің танымал композитормыз деп жүргендердің көбі, ән құрастырудың майталман шеберлері болып алған. Олар хит болады-ау деген әндердің иісін жазбай танып, аранжировкасын әрлеп, сөздерін сәндеп, әр жерден алғандарын біріктіріп ән деп шығарып  жүр. Олары рас, ол әндер «хит» болып, қазақ тойының көркін қыздыруда. Қазір, той-думандарда апа-аталарымыздың өздері жаңағы әндерге естері кетіп билеп жатады. Бала тұрмақ, мазмұнды, мәні бар, лирикалық әндер тыңдайтын жастағы үлкендеріміздің де  санасын «кірме әндер» жайлап алды. Бір сорақысы, бұл әндер енді сахна төрінен ойып орын алып жатқаны! Телеарна, радио құралдары рейтинг көтерудің құралдары ретінде осындай дүбәра әндердің жарыққа шығуына жол беріп отыр. Әрине, сезімге толы, әуені жүректі баурайтын нағыз қазақ әндерін жазып жүрген авторларымыз да жетеді. Бірақ, біздің тыңдарманның санасын жеңіл әндер жаулап алуына байланысты, нағыз қазақ әндері тасада қалып отыр.

- Ұзақ жылдар бойы музыкалық мектепті басқарған сазгер-педагогсыз. Бүгінде ел алдында өнер көрсетіп жүрген қандай шәкірттеріңізбен мақтанып марқайып жүресіз?

- 2007-2017 жылдары Алматы қаласындағы Р.Глиэр атындағы балалар музыка мектебін, 2017-2019 жылдары №6 Оқушылар үйінде басшы қызметінде болдым. Басшы бола жүріп, жас өнерпаздарды өнерге баулу жолындағы ұстаздық қызметін қоса атқардым. Шәкірттерім түгел дерлік – музыка мектебінің түлектері. Бір ғана аспаппен шектелмей, бірнеше аспапты меңгеріп шыққандары бар. Алды Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын, соңы Чайковский атындағы музыка колледжін, Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тәмамдап жатыр. 

Менің авторлық «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауым жас өнерпаздардың ән мектебі болды деп үлкен сеніммен айта аламын. Мектеп дейтінім-балаларға қайта-қайта қатысып, көрермен алдында өнерлерін шыңдауға мүмкіндік беретін едім. Байқауымның алғашқы қатысушылары - танымал әнші Қайрат Нұртас, Домино тобындағы Шолпан Төлегенова, Жігер Ауыпбаев, Әбдіжаппар Әлқожа, ал, төл шәкірттерім – байқауымның алғашқы жүргізушісі, әрі әнші-өнерпазы «Келінжан» сериалындағы Сара Амангелді, танымал ақын Салтанат Қайырбек, белгілі режиссер Айдана Аламан, «Мәрмәр» өнер студиясының директоры, әнші-жетігенші Назгүл Әбибек,  қазір көптеген фильмдерде басты рольдерді сомдап жүрген киноактер Жасұлан Көпберген, «Кешю»  тобының әншісі Балауса Ерғалина, әнші-актриса Әйгерім Мергенбай (C.C.TAY).  актер Әли Тұрсынхан және т.б.

Менің  телевизиялық ән жобаларым қазақ эстрада әлеміне қадам басқан көптеген жас әншілердің де өнерге шыңдалу фабрикасы болды. Олардың қатарында Нұрболат Абдуллин, Арман Жиеналиев, Айбат Жанғалиев, актер Алмат Асановтар бар. Басқа да өнер жолына енді қадам басқан, болашақтарынан үміт күтетін шәкірттерім бар.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көптен-көп рахмет!

 

Авторы: Мара Келес

 

 

 

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН: ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА 3 МАҚСАТТА ҚАТЫСТЫМ
25 маусым 2024
ҚАРАҚАТ ӘБДЕН: ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА 3 МАҚСАТТА ҚАТЫСТЫМ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қарақат Әбден «Ulys kz» тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

 Президенттік сайлауға қатыстыңыз. Шындығын айту керек осы кезден бастап халық арасында кең таныла бастадыңыз. Жалпы Президенттік сайлауда кандидат болып, үлкен додаға қатысу сізге не берді?

Мен Президенттік сайлауға қатысқан кезде өзім үшін 3 нәрсені дәлелдегім келді. Бірінші, мен өзімнің қоғамдық жұмыстарымдағы идеяларымды жоғары мінберден айтқым келді. Мысалы, мен үнемі көтеріп жүрген ұлттық тәрбие құндылықтарының маңыздылығы және бірқатар әлеуметтік мәселелердің ауқымдылығын көрсетуге тырыстым. Екіншіден, біздің қоғамда барлық адам үшін жол ашық екенін дәлелдегім келді. Әйелсің бе, ерсің бе, қандай отбасыдан шықтың, қандай тап өкілісің бәріне тең құқық пен жағдай жасалған. Бізде әділдік жоқ, әйелдер сайлауға қатыса алмайды деген сыңаржақ пікірлер бар. Осы пікірді жоққа шығарсам дедім. Үшіншіден, мен өзімнің жеке жолымды салғым келді. Мен өте қарапайым отбасынан шыққанмын. Әке-шешем қарапайым зейнеткерлер. Мен осы деңгейге өзімнің білімім мен еңбегімнің арқасында жеттім. Егер менде қандай да бір сәтсіздіктер болса, оған тек өзім ғана кінәлімін. Сондықтан адам қаласа өмірде бәрі болады. Мен Президенттік сайлауға қатысу арқылы қазақ әйелдері де ешкімнен кем еместігін дәлелдедім, көрсеттім. Мен емес менен кейінгі әйелдерге жаңа жол аштым деп білем. Президент сайлауына түсу және онда жеңіске жету әрине қиын. Бірақ мен осы жолды таңдадым, бұл менің жолым.  Келесі сайлауда барынша мықты, барынша өзіне сенімді әйелдер сайлауға қатысатындығына сенімдімін. Мен оларға жаңа жол аша білдім деп есептеймін.

 Парламенттегі мінбердегі бір сөзіңізде басшылық қызметтегі әйелдер санын 50 пайызға жеткізу керек деген болатынсыз. Егер әйелдердің көпшілігі басшы болып, қоғамдық жұмысты арқасына іліп алып жүргенде, отбасындағы бала-шағасының тәбиесін ақсатып алмайды ма?

Президентіміз биліктегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу керек деген тапсырмасы бар.  Әзірге биліктегі әйелдер үлесі аталған межеге жетпей отыр. Әрине оны ешқандай нәрсемен реттей алмаймыз. Жалпы біздің бағытымыз әйелдердің саяси белсенділігін арттыру болып қала береді. Меніңше, әйелдер саясатта көп болған сайын біздің әлеуметтік жағдайымыз дұрысталады. Себебі әйел қоғамға не керек екенін біледі. Ол өзін ғана ойламайды, үйдегі баласын, отбасын, барлық жағдайды жан-жақты қарастыра алады. Сондықтан да билік жүйесінде әйелдердің көбірек болғаны дұрыс. Тұрғындардың 51 пайызы әйелдер. Пропорция барлық жерде болу керек. Бірақ біздегі биліктегі әйелдердің үлес салмағы өте төмен. Мәселен, Астанада әкімнің 5 орынбасары бар. Оның бірде-біреуі әйел емес. Астана 7 аудан бар. Сол әкімдердің ішінде бірде-бір әйел жоқ. Тек бірең-сараң әкімнің әйел орынбасарлары бар.

Ал саясатта, қоғамдық жұмыстарда жүрген әйелдер отбасындағы негізгі жұмысын ақсатып алмайды ма деген сұраққа менің өзімнің айтарым бар. Қазақ әуелден «әйелдің қырық жаны бар» деп тегін айтпаған. Әйел бәріне үлгереді... Әйел әрқашан білімді, сауатты болуы тиіс. Жетістікке жеткен ананың баласы да жетістікке жетеді. Жақсылыққа, жаңашылдыққа, білімге талпынған әйелі бар қоғам алға жылжиды. Негізгі бағыт сондай болу керек. Әрине, таңдау болады... Бірақ білімсіз әйелден білімсіз бала туады, одан білімсіз қоғам пайда болады.

Әйелдердің мәселесіне қатысты бұдан басқа да депутаттық сауалдар жолдап жүрсіз. Соны тарқатып айтсаңыз?

Депуаттық мандатымды алғаннан бері осы бағытта 9 депуттық сауал жолдадым. Сауалдарымның ішінде әйелдердің басшылық қызметі ғана емес ауылдағы тұрғындар мәселесін де көтеріп жүрмін. Еліміздегі бүкіл әйелді алатын болсақ, сол әйелдердің 42 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Осы ауылда тұратын әйелдер жұмыс істеп, бизнеске араласқылары келеді. Оларға жеке бағдарлама керек. Соңғы депуаттық сауалым осы бағытта болды. Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігі үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс және оған ерекше көңіл бөлінуі қажет. Ауыл әйелдеріне арналған жеке шағын гранттар болды, алайда ол мардымсыз. Сонымен қатар олардың бизнесті дамытуға банктен несие алуға мүмкіндіктері аз. Оның үстіне ауылдағы әйелдердің банктерге кепілге қоятын мүліктері жоқ. Бір сөзбен айтқанда біз ауылдағы әйелдер кәсібін дөңгелетуге толық мүмкіндік бермей отырмыз.

 «Ауыл» партиясының Парламенттегі фракция жұмысы туралы не айтуға болады? Партия Аграбанк құру және Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен бағдарлама әзірлеп жатыр. Сіз айтып отырған әйелдер кәсіпкерлігі бастамасы осы аталған жобаларда бар ма?

Қазір Аграбанк жобасы жақсы көтеріліп жүр. Бұл «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында бар жоба. Егер біз аталған банкті құрсақ азық-түлік қауіпсіздігін және мен айтып отырған ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігінің көш ілгері болуына мүмкіндік ашамыз. Себебі аталған шаруалардың бәрі қаржымен реттеледі. Қашан ауыл тұрғындары, ауыл әйелдері жеңілдікпен несие алады, сол кезде бастап олардың жұмыстары жүретін болады. Біз Агробанк құрудың кірісі мен шығысын есептедік. Банк құрылса одан тек біз ұтамыз. Тек ауылды қаржыландыратын банк құру жобасын көпшілік қолдайды.  Қазір жан-жақты талқылаулар жүріп жатыр. Үлкен жоба болғандықтан оған уақыт, жанжақты пысықтаулар қажет. Осы бағытта да жұмыстар жүргізілуде. Азық-түлікпен қамтамасыз ету де негізгі бағыт болу керек. Қазір ел бюджетін жер қойнауынан алған мұнай мен газ толтырып тұр. Ертең-ақ мұнай қоры таусылса не боламыз?! Егер біз осыған сеніп отыра берсек, оның арты жақсылыққа апармайды.  Азық-түлік бағдарламасы - ол біздің экономикамызды құтқарушы. Ауылда шіріп жатқан тері мен жүн, таза экологиялық сүт, ет өнімдеріміз, бидайымызды бағалап, оларды өңдеу өнеркәсібін дамытсақ ғана біз азық-түлік қауіпсіздігін жасай аламыз және ол экономиканың негізгі драйвері болады.

 

«ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ МӘЗ ЕМЕС»

Сіз Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесісіз. Комитетте қазір қандай маңызды заң жобалары қаралуда?

Мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы критикалық жағдайда тұр... Мысалы, сіз банктен қарызды алған кезде, сізде бір белгілі бағдарлама болады. Алған қарызды мында жұмсаймын, одан сондай пайда түседі дегендей. Оның бір бөлігін алған қарызымды қайтаруға жұмсаймын деген сияқты. Ал бізде қазір осы схема бұзылған. Себебі бізде өндіріс жоқ, өнім шығармаймыз. Біздің экономика мемлекеттік қарызды қайтарып үлгермей жатыр. Сондықтан бұған біз шындап кірісуіміз керек. Әлі де кеш емес деп ойлаймын. Жоғарыда мен айтып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қолға алып, тиісті өндірістерді іске қосуға жан-жақтан қолдау жасайтын болсақ, экономика оңалады. Әрине, ол бірден құйылып келетін табыс болмайды, бірақ оның нәтижесі мен пайдасын ұзақ уақыт көретін боламыз.

 Бюджет тапшылығы қаншалықты сезілуде?

Бюджет тапшылығы қатты сезілуде. Себебі өзіңіз білетіндей, биылғы жыл су тасқыны бізді көп әбігерге салды. Қаншама үй, жол табиғат апатынан бұзылды. Көптеген мас басы қырылды. Оның бәрін қалпына келтіру керекпіз. Осы бағытта бюджеттен миллиондаған қаражат бөлініп, көмек жасалып жатыр. Бұл да бюджет тапшылығына өзінің әсерін тигізіп отыр.

Жуырда уәкілетті органдар Салық кодексінің жаңа тұжырымдамасын таныстырды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының сынынан кейін, жаңа Салық кодексін жазу тұжырымдамасы мен тәсілдері өзгертілді. Бұл өте дұрыс қадам болды. Біздің  Комитетке азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің мүддесі таразы басына түскен үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, бұл жерде тиімді жолды табу маңызды. Біздің болжамымыз бойынша, жаңа Салық кодексінің жобасы Парламент Мәжілісіне жақын арада келіп түседі. Яғни, жыл соңына дейін ауқымды жауапты жұмыс күтіп тұр. Негізгі Салық кодексінің жаңа жобасы өткен жылдың желтоқсан айында кіруі керек. Біз жаңа салық кодексінде кәсіпкерлерге қатты салмақ түсіріп жібердік. Бұдан басқа көптеген салықтық преференциялар, салықтық жеңілдіктерді бере бергенбіз. Ол керек пе, керек емес пе оған ешкім бас қатырмаған. Ешқандай оның тұжырымдамасы болмаған. Мысалы,  еркін экономикалық аймақтағы кәсіпорындар не жерге, не корпоратив салық не қосымша құн салығын төлемейді. Олар табыс тауып жатып, бір күні жабылып қалды. Ол жерден біз не таптық? Бұл бір ғана мысал, осы типтегі жағдайлар өте көп. Әрине, біз бизнесті ойлауымыз керек. Бірақ бюджет ненің арқасында толады. Салық жүйесі дұрыс болғанда ғана бюджет толады. Біз Қаржы және бюджет комитеті осы мәсенің заңнамалық негіздерін қамтамасыз етеді. Бұрынғы Салық кодексінің жобасы туралы мен ешқандай пікір білдірген жоқпын. Себебі оның олқылықтары өте көп. Ал бұл жолғы жобада бюджет кірісін арттыру бағыттарында көптеген қызықты  әрі маңызды ұсыныстар бар. Кейбір жерлерде салық жеңілдіктері алып тастау, кей жерінде салықтарды біріктіру бағыттары қарастырылған.  Бюджет кірістілігін көтеру дегеніміз не? Ол біздің әлеуметтік жағдайымыызды көтеру деген сөз.

Біз салықты көбейтеміз деп кәсіпкерлеріміздің жағдайын нашарлатып алмаймыз ба?

Жоқ, осы жолғы Салық кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты қарастырылған. Салық түзетулері алдағы айларда шамамен тамыз айында Парламенттің қарауына ұсынылады. Бұл аса маңызды жобалардың бірі болғандықтан жан-жақты талқылаулар жүргізіледі. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылады. Олар кәсіпкерлеріміздің мүддесін қорғайды. Осы жерде айта кетейін, біз мемлекеттен бәрін тегін ала беремін деген түсінікті қоюымыз керек. Егер кәсіпкер табыс тауып отыр ма, онда оған салық төлеуі тиіс. Салық ашықтығы болуы қажет. Өзіңіз білесіз, Астанада орташадан жоғары тұратын адамдардың көпшілігінің қосымша жалға беретін пәтерлері бар.  Олар ол үшін салық төлемейді, бірақ үлкен табыс тауып отыр. Осы сияқты мәселелер бақылауға алынып, салықтың жаңа нормалары көлеңкелі экономикаға тосқауыл жасауы тиіс. Мен бұл жерде саяжайда өсірген жеміс-жидегін көшеде сатып күнін көріп отырған адамдар туралы емес, жалпы үлкен көлеңкелі экономика жайында айтып отырмын. Сондықтан осы мәселелердің бәрін заң аясында шешуіміз керек. Әрине, бюджетті тек салықты көтеру арқылы шешу дұрыс емес. Экономиканы сауықтыру керек. Өнім өндіру саласын дамытуымыз керек. Біздің партияның негізгі бастамасы болып санатын Агробанк, Азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелерді нақты қолға алған дұрыс. Біз әлемді мойындата алатын таза, экологиялық өнімдер шығаруға мүмкіндігіміз де әлеуетіміз де жетеді. Ештемені жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. Білім мен ғылымды да дамытуымыз керек. Бюджеттің біраз бөлігін білім-ғылымға жұмсап жатырмыз. Біз Болашақ бағдарламасы арқылы немесе Назарбаев университеттеріне өте көп қаражат бөлеміз. Алайда өкінішке орай, біз оның нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Мысалы, кішкентай ғана Сингапур мемлекетін алайық, ешқандай қазба байлығы жоқ ел. Алайда олар ақпараттық технологиялары арқылы әлемді аузына қаратып, содан қомақты табыс табуда. Олардың фишкасы ақпараттық технологиялар. Ал біздің фишкамыз ауылдық өнімдері болуы керек. Әрине басқа бағыттарды да дамыту қажет деп білем.

«ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІНДЕ ДОС, ТАНЫС, ТУЫС БОЛМАУЫ КЕРЕК»

Депутаттық сауалдарыңыз, аймақтарды аралаған кездегі тұрғындардың арыз-шағымдарының Мәжілісте қаралуы туралы айтып берсеңіз?

Біздің басты мақсатымыз сапалы заң шығару. Заң сапалы болу үшін біз халықтың ішін аралаймыз, жағдайды өз көзімізбен көреміз. Сондықтан сайлаушымен үнемі кездесуге тиіспіз. Менің жетекшілігімде өзім жақсы білетін Қорғалжын ауданы мен Ұлытау өңірі. Ұзақ ауылдарға ерінбей барып, жағдайды өз көзіммен көргенді жақсы көрем. Шешілген де және шешілмеген де мәселе болады. Жалпы менде мынадай тактика. Бірінші, проблема туындаған жерге барып сайлаушылармен кездесемін. Сосын сол жерде сол өңірдің әкімімен сөйлесіп, мәселенің бетін ашып алам. Егер мәселе олай шешілмесе онда ол бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдаймын. Халықтың мәселесінде дос, құрбы, таныс, туыс деген болмауы керек. Себебі біздің артымызда халық тұр. Халықтың бізден басқа сенім артары жоқ. Бір мысал айтайын, Баршын деген ауылға бардым. Қорғалжыннан шыққаннан кейін Шұбаркөлге дейін 500 шақырым жер. Осы аралықта қанша елді мекенде адамдар тұрады. Бірақ ол жақта жанармай құятын бекет жоқ. Онда тұратын халық көліктеріне жанармай құю үшін 100-деген шақырымды артқа тастап, жанармай тасиды. Бұрын болған жанармай бекеті жабылып қалған. Мен облыс әкіміне өтініш айттым. Әкім  мәселені шешеміз деп шығарып салды. Сосын мәселе шешілмеген соң мен бұл бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болдым. Мәселе шешемін тапты. Қанша халық маған алғысын айтып жатыр. Мұндай фактілер көп. Қарағанды облысына қарайтын Құланөтпес деген ауыл бар. Сол ауылда су жоқ. Жаңа су құбырына қаржы бөлінген. Бірақ оны орындайтын мердігер компания ақшаны алып, жұмысты істемей кетіп қалған. Мен өзім бұл істің басында жүрдім. Қазірге дейін мәселе шешілген жоқ. Мұны да өз бақылауыма алып отырмын.  Сондықтан мен қолымнан келгенше басталған істі аяқтауға, өзімнің сайлаушыларыма берген уәдімді орындауға тырысатын болам...

 

«ТАҢҒЫ САҒАТ 5-ТЕН ТҰРАМ»

Сіз көпбалалы анасыз. Осы жұмыстардың  барлығына қалай үлгересіз?

Адам болған соң бәріне үлгеру керексің. Мен депутат болсам да менің үйдегі ана, әйел рөлімді ешкім алмастыра алмайды. Мен негізі үлкен әулеттің үлкен келінімін. Бәрі маған қарап тұр. Менің келіндік міндетімді де ешкім атқармайды. Мен негізі бәріне үлгеремін. Менде тайм-менеджмент деген жақсы жолға қойылған. Мен үнемі таңғысағат  5-те тұрам. Әйел болған соң өзіңе қарау керексің оған да уақыт керек. Менің 4 балам бар. Ешқандай мейрамхана, ешқандай аспаз балаңа немесе күйеуіңе өзің сияқты тамақ жасап бере алмайды. Себебі олар сенің күйеуіңнің және балаларыңның қандай тағамдарды жақсы жейтінін сенен басқа ешкім білмейді. Бірақ қазіргі көмекші техникалық құралдар біздің өмірімізді айтарлықтай жеңілдетіп отыр деп айта алам. Әйелдің жауапкершілігі көп, сондықтан бәріне үлгеруге міндеттісің. Бұл менің қолымнан келіп жатқан сияқты.

 «Мейірім құшағы» комиссиясының жұмысы туралы айтсаңыз?

Ауыл партиясының ішінен «Мейірім құшағы» атты комиссияны аштық. Бұл менің идеям болды... Қазір әр өңірде партия жанынан комиссия жұмыс жасауда. Ауылдағы әйелдер кез келген мәселе бойынша осы комиссияға жүгіне алады. Онда барлық мәселе бойынша ақпараттық, консультативтік, қамқорлық бағыттарында жұмыстар жүргізіп жатыр. Ендігі кезекте алыс ауылдарға бармақпыз. Жақында мен өзім оның орталық жиынын өткіздім. Қаладағы әйелдердің көздері ашық, түрі бағдарламалар бар. Негізі ауылды жерлерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өте көп кездеседі. Ол кезде олар қайда барарын білмей жатады. Біздің комиссия осы бағыттағы жұмыстарды да қамтиды. 

Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.