Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
Ұлытау облысын Берік Әбдіғалиұлы басқарған еді. Ол бүгін Президент жарлығымен қызметінен босатылды.
Дастан Рыспеков 1984 жылы 23 маусымда Жезқазған қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматының Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің болжамдау және түсімдер бөлімінің бас маманы болып бастаған.
2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, Астана қаласы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды. Содан кейін МСМ Туризм индустриясы комитетін басқарды.
Ал 2023 жылғы тамыздан күні бүгінге дейін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болды.