Валюта бағамы
  • USD -

    474.9
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Реформалар санмен емес, сапамен өлшенеді
13 желтоқсан 2018
Реформалар санмен емес, сапамен өлшенеді

ULYS: Нұрлан Найзабекұлы, осы біз «озық отыз елдің қатарына кіреміз» деп білек сыбанғалы біраз болды. Тілге тиек етіп жүрген сол дамыған елдер өзгелерден несімен озық тұр? «Дамыған елдер" дегенде біздің көз алдымызға көбінесе экономикасы қуатты елдер келеді...

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Біз дамыған, игілікке қолы жеткен елдерге қарап бой түзейміз. Бірақ, «дамыған ел» деген ұғымға нақты анықтама жоқ. Дүниежүзілік банк пен рейтинг түзетін арнайы агенттіктер елдерді өздерінше белгілі бір категорияларға бөліп жатады. Ал шын мәнінде, дамыған ел сіз айтқандай тек экономикасы қарыштаған мемлекет емес. Оның сыртында технологиясы дамыған, сонымен қатар, қауіпсіздігі бекем, өмір сүру деңгейінің жоғары болуы сияқты алуан түрлі өлшемдерге  жауап бере алатын ел. Осы жоғарғы деңгейге сай келетін елдер негізінен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше болып отыр. Ал ЭЫДҰ стандарттары өте ерекше. Ол – ақпараттық коммуникацияларды дамытуды қоса алғанда білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік басқару мен аумақтық даму сонымен қатар, ғылым салаларында дамыған елдердің іргелі даму индикаторлары болып саналады. Сондықтан еліміздің басты стратегиялық мақсаты да болашақта осы ұйымнан өз орнын алу. Себебі, қазірдің өзінде еліміздің жалпы сыртқы саудасының 51% ЭЫДҰ елдеріне тиесілі, бұл дегеніміз 32 млрд.

ULYS: Демек, отыздықты межелеу үшін алдымен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болуымыз керек қой...

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Әлбетте, аталған ұйымға қазір 37 ел мүше. Олар Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Канада, Корея, Жапония, сонымен катар, Латын Америкасынан Мексика мен Колумбия бар. Әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы солардың үлесінде. Яғни олар жоғарыда атап өткенімдей, терең жаңғыру жолынан өткен, халқының өмір сүру стандарттары дамыған, экономикасының, бизнесінің және еңбек өнімділігінің даму көрсеткіштері жоғары мемлекеттер. Ресей де ұйымға мүше болуға шақырту алған болатын, кейін Украинамен қарым-қатынасы, Қырым жағдайына байланысты процесс тоқтатылды. Мүше болуға қызығушылық танытып отырған елдер санатында Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Марокко, Перу, Румыния, Болгария, Хорватия бар. Ал ЭЫДҰ құрамына кіргісі келетін мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) міндетті түрде мүше болуы керек. Біз бұл мақсатты еңсердік. 2015 жылы ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болып қабылдандық. Біздің Сыртқы сауда саясатын дамыту орталығымыз да әу баста Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне аналитикалық, эксперттік қолдау көрсету үшін құрылған болатын. Шетел асып, үлкен халықаралық мектептерден өткен тәжірибелі мамандарымыз енді ЭЫДҰ шеңберінде де әріптестікті дамытуға көмегін тигізіп жатыр.

ULYS: Ұйымға мүше болу үшін Қазақстан нақты қандай жұмыстар жасап жатыр?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Қазіргі кезде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз байланыс еліміздің сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстанның аталған халықаралық ұйыммен өзара әріптестігіне биыл 10 жыл болды. Еліміз 2008 жылы «Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының» шеңберінде жұмысын бастап, 2013-2016 жылдар ішінде Орталық Азия  бастамасына тең төраға болу арқылы табысты жұмыс істеуде. 2015 жылы Елдік бағдарламаға қол қойылуы ЭЫДҰ мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналды. Себебі, ЭЫДҰ-ның аталған бағдарламасы әлемнің 4 елінде ғана бар: Перу, Морокко, Қазақстан және Тайландта. Елдік бағдарлама үшін белгілі бір құрлықтан бір ел ғана таңдалатынын айта кету керек. Демек, Қазақстанның бұл арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын әріптес ретінде таңдалуы ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің біздің елге деген жоғары сенімін көрсетеді. Қазақстан жүргізіп жатқан реформаларын санмен ғана емес, сапасын да көрсету керек. «Қазақстан-2025» стратегиясының көп индикаторлары ЭЫДҰ стандарттары мен принциптеріне бағдарланған. Сондықтан да еліміз реформалар арқылы экономиканың барлық салаларында ілгерілеушілікті көрсетсе, көп ұзамай мүшелікке шақырту алады деп сенемін.

ULYS: ЭЫДҰ-ға мүше болу бізге нақты не береді, Қазақстанның дамуына қаншалықты ықпал ете алады?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Ең алдымен ұлттық заңнама нормалары Ұйым ұстанымдарымен сәйкестендіріледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып, бизнес жүргізуді қолайлы етеді, елдің іскерлік және несиелік рейтингін көтереді, сондай-ақ, тікелей инвестициялар ағыны өсімін қамтамасыз етеді. ЭЫДҰ-ның жеке меншік құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, халықтың өмір сүру сапасын көтеру және құқықтың ұлықтылығы қағидаттарын жетілдіру  саласындағы озық тәжірибелері мен стандарттарының негізінде әзірленген 59 Заң қабылданды. Ұйыммен ынтымақтастық нәтижесінде адами капиталды дамытуға, мемлекеттік басқаруға сондай-ақ инвестициялар тарту мен қолдау саласындағы саясатты жетілдіруге бағытталған 13 жоба іске асырылды. Ұйым сарапшылары 535 ұсыным берген болатын. Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін Ұлттық жол картасы қабылданды. Мысал ретінде инвестициялық саясат бағытына тоқтала кетейін. Елдің инвестициялық әлеуетін күшейту үшін Қазақстан ЭЫДҰ ынтымақтастығы аясындағы озық тәжірибелерге сүйенуде. ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның инвестициялық саясатына аукымды шолу жүргізді, оның қорытындысы бойынша ЭЫДҰ елдің инвестициялық климатын одан әрі жақсартуға жол ашатын нақты ұсыныстар берді. Нәтижесінде, тек инвестиция саласының өзінде заңдар қабылданып, көптеген жеңілдіктерді жүзеге асырдық. Қазақстан қазір Ұйымның 35 жұмыс органына қатысуда. Сарапшыларымыз ұйымның іс-шараларына қатысып қана қоймай, өз тәжірибелерін де бөлісе алады. Әу дегеннен өзіңіз сұраған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен стандарттарын имплементациялу және енгізу арқылы қол жеткізуге болады.

ULYS: Екі жылдан кейін Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) министрлерінің XII конференциясы өтеді. Қандай мәселелер қаралады?   

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Иә, биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер бірауыздан 2020 жылдың жазында Астанада ДСҰ министрлерінің XII конференциясын өткізуге қатысты шешімді қабылдады. Алқалы шараға 164 мүше-елдің сауда министрлері мен ұзын-ырғасы төрт мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Соңғы кездері ДСҰ реформалау мәселесі жиі көтіріліп келеді. Санкциялар мен сауда соғыстарына куә болып отырмыз. Осы ретте көпжақты келіссөздерді жетілдіру туралы да жиі айтылып жүр. Негізінен осындай іргелі тақырыптар талқыланады деуге болады. Астана конференциясында ұйымның дамуына соны серпін беретін, халықаралық сауданы реттейтін тарихи құжаттар қабылданарына сенім мол.

ULYS: Орталық Азияда барлық салада интеграцияның жаңа кезеңі басталды деуге болады. Туыстас, көрші елдермен экономикалық байланыстарымыз көңіл көншіте ме?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Негізінде, Орталық Азиядағы өзара сауданың әлеуеті толық қолданылмай келеді. Жалпы тауар айналымы бар жоғы 4 млрд. АҚШ долларын ғана құрайды. Ортаазиялық көршілердің ішінде Өзбекстан ғана сауда әріптестеріміздің үздік ондығына ене алды. Яғни 7-орында. Орталықтың сарапшылары жүргізген зерттеулерге сәйкес сыртқы сауда басымдылығы индексі бойынша Орталық Азия елдері өзара бірін-бірі камтамасыз ететін елдер санатына жатады. Сондықтан аймақ елдері арасынды сыртқы сауда әріптестігін ары қарай дамыту өте маңызды.

ULYS: Ал енді біздің екі жағымыздағы алып көршілеріміз АҚШ тарапынан экономикалық қыспақ көріп жатыр. Көршілердің көңілсіз күйі біздің де көңілге қаяу салып жүрмей ме?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Иа, АҚШ екі бірдей көршімізге Ресейге де, Қытайға да сауда-экономикалық санкциялар салды. Екеуі де біздің басты сауда әріптестеріміз болған соң бізге де жанама әсері болатыны анық. Себебі, кез келген екі жақты санкция дүние жүзілік саудаға салқынын тигіезді. Мәселен, осы жылдың наурыз айынан бастап Қытай мен АҚШ өзара импорттарына протекционистік шараларды колдана бастады. Bloomberg Қытай экономикасының өсу болжамын 2017 жылмен салыстырғанда болжанған межеден (6,5%) 0,4% төмендегенін айтады. Қытай экономикасының өсу қарқынының бәсендеуі Қазақстаннан алатын шикізат өнімдері көлемін азайтады. Қытайға мұнай және газ, уран, мыс, қара металл т.б. шикізаттарды экспорттау көрсеткішінде өзгерістер болуы мүмкін. Енді солтүстік көршімізге қатысты айтар олсақ, биыл сәуір айынды АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік кәсіпорындар мен топ-менеджерлеріне қарсы санкция енгізгені белгілі, көп ұзамай Ресей мамыр айында АҚШ немесе басқа шетел мемлекеттерінің компанияларына мемлекеттік сатып алулар бойынша келісімшарттарда және мүлікті жекешелендіруге қатысуға тиым салды. АҚШ-қа шикізат тауарларына баж енгізу тиімді емес. Себебі, бұл тауарлар басқа нарыққа қайта бағдарлануы мүмкін. Ресей экспортындағы АҚШ үлесі – 5% және сауда санкцияларына елеулі  шығын келтірмейді. Америкалық санкциялар Ресей қор нарығында капиталдандыру деңгейін төмендетіп, кері әсерін тигізеді. Соңғы 4 жылда ресейлік рубльге АҚШ долларының курсы 74% артты  (35,6 руб/доллардан 62,3 руб/долл. дейін). Өз кезегінде бұл жағдай теңге бағамына әсер етпей қоймайды. Санкцияларды енгізгеннен кейін, Ресей Федерациясының сыртқы жиынтық қарызының көлемі 29%-ға қысқарды. Бұның жақсы да, жаман да жақтары бар: сыртқы қарыз төмендейді, бұл қаржылық ресурстарға қолжетімділікке қатысты санкцияның оң нәтижесі болып саналады. Бірақ бұл ресейлік кәсіпорындар қарыздарынан құтыла отырып, жаңа жобаларды қаржыландыру үшін жаңа қарыз ақша алуға мүмкіндіктері шектелгенін білдіреді.

ULYS: Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Сіздерге де алғыс білдіремін.  «ULYS» ұжымына табыстар тілеймін!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ULYS ANYQTMA

 

Нұрлан Найзабекұлы ҚҰЛБАТЫРОВ

 

К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің түлегі

 

Ұлттық экономика министрлігінің «Сыртқы сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары

RELATED NEWS
«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ»
29 қараша 2018
«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ»

Уставтың жазылу тарихы

 

      Барлыбек Сырттанұлының аталмыш еңбегі небәрі 4 бөлім,  28 баптан ғана тұрады. Заң, құқық мәселелерін жетік меңгерген қайраткер 1911 жылдың 13 маусымында осы еңбегін аяқтап, ел игілігіне ұсынбақшы болады. Бірақ патшалық жандарм өкілдері революционер-демократ қазақ ұлын қатаң бақылауға алып, ел астанасы – Петербордан қыр даласына қайтарады. Күнделікті тыныс-тіршілігі, тіпті әр қадамы бақылауға алынған азамат өзінің темір құрсаулы торға ілінгенін сезіп, шығармашылық-интеллектуалды мұрасын жасырып қойған-ды. Жөргегінде тұншықтырылған құнды еңбек – еліміз Тәуелсіздігін алып, еңсесін түзеген шақта ғана жарияланды (1994 жыл, «Әділет министрлігінің хабаршысы», №12). Жариялаушы – қайраткер мұрасын зерттеген, заң ғылымының докторы, профессор Cәкен Өзбекұлы. Асыл қазынаны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа көзінің қарашығындай сақтап, қиын-қыстау кезеңдерде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тырнағынан аман алып қалды.

         Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген Уставтың негізгі платформасы мен идеясы кейіннен «Алаш Орда» үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты.

         Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құқық теориясы», «қылмыстық құқық», «халықаралық қатынас», «экономикалық құқық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пәндерді оқыған. Қазақ ойшылы университет қабырғасында игерген теориялық білімін практикамен ұштастырады. Орыс патшалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы билікке айбат танытты. Сөйтіп Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкілі – қазақ жұртының профессионалды Уставы өмірге келді.

 

 

 

 

Уставтың жаңашылдығы мен заманауи сипаты

 

        Өткен күнге бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, «С.Б.Алашинский» жазған Устав, қазіргі стильмен айтқанда, Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі іспетті. Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде: «... Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз», - делінген. ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресіп еді ғой. Б. Сырттанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап, «Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі» деген. Саяси қайраткер қазақ елінің жеке мемлекет ретіндегі басты белгісі басшылық құрылымын былайша белгілеген: елдің басшысы – Президент, «6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. 7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады» деп атқарушы органның жұмысын көрсеткен.

      ХХ ғасыр басындағы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің Конституцияларымен жақсы таныс болған зерек заңгер  адам баласының хұқы туралы: «10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» деп әрі қарай ер мен әйел құқының теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу, бір-бірімен емін-еркін сөйлесу, ұйым немесе партия құруына ешқандай шектеу жоқтығы туралы т.б. демократиялық құндылықтардың мағынасын тарқата жазған. Қарап отырсақ, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен астасып, қабаттасып жатыр. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршеңдігі – осы.

      Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім осы қарапайымдылығынан болар әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отырғаны. Қазіргі уақытта жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, “қазақшасын” түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Егер, біздің заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса, болашақ заңгерлеріміз бүгінгі олқылықтың орнын толтырар ма еді?!  Қазақылығында дегенімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бәкең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағдыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, таразы басына тартылып тұр емес пе... Ал, сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен.

      Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгендігінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шет елдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбектерімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойлары Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж.Локк еңбектерінің күретамыры болған.

       Устав жазылғаннан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Былтыр ғана мемлекет басшысының шешімімен Конституциялық реформа даярланып, билік тармақтары қайтадан бөлінді. Яғни, Барлыбек атап көрсеткендей, негізгі жұмыс орталық атқарушы орган – министрліктерге беріліп, олардың өкілеттігін қарау, есеп алу, бақылау жұмыстары Парламент құзырына өтті. Саяси-құқықтық идеяның заманауи сипаты – Тәуелсіз Қазақстан республикасының қажетіне қызмет етуі.

       Алаш оқымыстысының құқықтық көзқарасының концепциясы түрлі нысанда (мақала, баяндама, саяси-теориялық сараптама, конституциялық құжат) жазылғанымен, ортақ мақсаты қазақ елінің азаттығына қызмет етуге бағытталған, ұлттық мемлекет құрудағы ғылыми доктрина дәрежесіне жеткенін мойындауымыз керек. Барлыбек жазған заң жобасы ресми бекітілмесе де, бұл құжатты сол заманның идеялық-теориялық ілімінің жетістігі деп қарауымыз ләзім.

         PS: Барлыбек Сырттанұлының саясаткер ретінде қалыптасуы 1905-1915 жылдары аса күрделі толқуларға бет алған, патшалық империя билігінің әлсірей бастаған, жаңа қоғамның қалыптасар өтпелі кезеңімен тұспа-тұс келді. Алаш ұранды қозғалыстың бел ортасында жүріп, Түркістан жұртының ауыр тағдырына, тіршілік тауқыметіне бейжай қарамай, атамекенін азат ету үшін инерциялы оқыған топпен бірге болашаққа нық сеніммен «нар тәуекел» деп қадам басты. Пассионар тұлғаның шерлі жүрегін жарып шыққан «Қазақ елінің Уставы» – бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайтын құнды еңбек болып қала берері сөзсіз ақиқат.

                                                                                            Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі
22 наурыз 2020
Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі

Наурыз – түркі халықтары кең көлемде атап өтетін мейрам. Әдетте мейрамдардың діни сенімге, ұлтқа ортақ құндылықтарға байланысты пайда болатыны немесе дәстүрден, табиғат пен адамдар арасындағы байланыстан бастау алатыны белгілі. 

Наурыз мейрамы басында диқаншылықпен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күн жаз мезгіліне аусқанда егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан - тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы ойындармен аяқталатын.

Наурызды Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан,Түркіменстан, Әзербайжан республикалары және Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан автономиялық республикасы Наурыз мерекесін «ұлттық мейрам» ретінде жариялаған. 1991 жылы Түркияда да бұл күн түркі әлеміне ортақ күн ретінде жарияланды. Алайда Түркияда бұл күн – жұмыс күні.

Айта кететін жайт, Қазақстанда 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланса, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан тойланып келді.

Ғалымдардың айтуынша, наурыздың түркі халықтарындағы атаулары көп. Түркі әлемінде ғұндар заманынан бізге келіп жеткен, табиғат пен ұлттық оянуды бір мағына ретінде ұсынатын наурыз (жаңа күн) мерекесі мына атаулармен аталғаны белгілі, мәселен невруз, наурыз, новруз, сұлтан-и невруз, сұлтан-и наурыз, наорус, новроз, наврыс, невруз норус, ұлыстың ұлы күні, ұлы күн, Ергенекон, бозкурт, чаган бабу марта, жаңа күн, жаңа жыл, март докузу, мереке, мейрам, нартукан, нартаван, Алтай көдүргені, көктем мерекесі, меврис және т.б.  

Астанада «Тоқта, вандал!» акциясы өтті
19 сәуір 2024
Астанада «Тоқта, вандал!» акциясы өтті

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Киелі мекен» ұранымен өтіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыруға арналған. Мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, мәслихат депутаттарының, оқушылар мен студенттердің, спортшылардың, «Жас сарбаз» қозғалысының студенттерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің және т.б. бірлескен күш-жігерімен өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Экологиялық акция аясында мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Сәуірдің 19-ы таңғы уақыттан бастап мәдениет ұйымдарының қызметкерлері мен «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының студенттері Сарыарқа даңғылында орналасқан Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, экоакция өскелең ұрпақтың бойына жақындарына деген қамқорлық, құрмет сезімін қалыптастырудың үлгісі болып саналады. Барлығы 50-ден астам жас сарбаз жауынгері қатысуда.

«Біз бұл акцияны қаламыздың барша тұрғындарына үндеу ретінде өткізіп жатырмыз. Біз жастарды, еріктілерді және барлық мүдделі адамдарды Астанамыздың аулалары мен көшелерін қоқыстан тазартуға және экологиялық жағдайын жақсартуға шақырамыз. Жұмыс ертең де жалғасады, әр апта белгілі бір тақырыпқа арналады», - деді Асхат Налшыбек.

«Киелі мекен» апталығы басталғалы 40-тан астам ескерткіш тазартылды. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында.

Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.

«Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналады.

4 мамырға дейінгі уақыт – «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл апталық ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналған.

«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады.

 

Сонымен қатар аталған аясында Астанада вандализмге қарсы бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтті.

Іс-шараның өтуіне Сарыарқа ауданы әкімдігі, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, елордалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері ұйытқы болды. Акция қала мүлкін қорғауға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды.

«Вандализм қоғамның мүлікке зияны тигізуі ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіретінін ескерген жөн. Бұл акция қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеуді, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыруды насихаттайды. Жалпы әрбір азамат қала тазалығына немқұрайлы қарамауы қажет. Әсіресе жастар вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс», - деді елорданың Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев.

«Тоқтал, вандал!» акциясы қалада дәстүрлі түрде волонтерлердің қатысуымен өтеді. Оның аясында қоғамдық орындарда рейд өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных кеңірек тарқатты.

«Саябақтар, аулалар, көшелердегі мүлікті бүлдіретін бұзақылық әрекеттердің алдын алу бойынша тұрақты негізде бас қалада рейд өткізіліп, алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оның барысында сондай-ақ есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары жойылады. Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Олар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да, граффити сызбаларды да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Аталмыш әрекеттер үшін жарнама берушілер 2019 жылдан бері Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соңғы кездері оған жасөпірімдер тарапынан қызығушылық байқалады. Сондықтар осындай рейд не акция барысында жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертеміз», - деді С.Ильиных.

«Тоқта, вандал!» акциясы алдағы уақытта қаланың басқа да аудандарында өткізіледі деп жоспарланған. Оған мектеп оқушылары, студенттер және қаланың өзге белсенді жастары тартылады.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.