Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Жамбыл облысының Қордай ауданында құрылысы жоспарланған қойма кешеніне қатысты түсінік берді. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.
«Кешен бірнеше өндірістік, сауда және логистикалық алаңдардан тұрады. Бұл нысанның Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасуы шикізаттың айтарлықтай көлеміне және дамыған инфрақұрылымға байланысты нақтыланды. Сүт, ет, көкөніс, тоқыма және фармацевтикалық өнімдер өндірісі бойынша кооперация жобаларын іске асыру үшін жағдай жасалады. Сондай-ақ құрылатын кешен Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», — деді Қ. Төребаев Парламент Мәжілісінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жоба толығымен бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады.
«2024 жылдың 28 наурызында Жамбыл облысының әкімдігі кешенді басқаратын инвесторды таңдауға конкурс жариялады. Сәуірдің 19-ы күні қайталама конкурс жарияланды, бірақ әлі күнге дейін инвестор анықталмады. Сондықтан тағы да іріктеу өткізіледі. Инвесторға кешеннің құрылысымен қатар, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша шарттар белгіленді», — деді вице-министр.
Айта кетсек, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Министрлер кабинеті арасындағы «Қарасу» мен «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.