Валюта бағамы
  • USD -

    541.7
  • EUR -

    638.5
  • RUB -

    6.51
Қырғызстан  ҰҚШҰ-ға төрағалықты қабылдады
Фото: Ақорда 28 қараша 2024
Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалықты қабылдады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті.

Саммитке Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келді. Сонымен қатар сессия жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин қатысты.

Мемлекет басшысы сессия жұмысын ашып, жиын қатысушыларына ризашылығын білдірді.

– Бүгінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін тиімді әрі қажетті халықаралық құрылымға айналды. Ұйымның даму жылдарында мүше мемлекеттер көптеген мәселе бойынша өзара ықпалдастық жасап, мол тәжірибе жинады. Ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес тетіктері жолға қойылды. Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары жасақталып, қалыпты қызмет етіп жатыр. Беделді халықаралық және өңірлік ұйымдармен конструктивті ынтымақтастық орнатылды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді.

– Кездесу қорытындысы ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымызды жеткіздік. Біздің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көзқарасымыз Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілді. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақталады. Оларды әрдайым мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілді.

– Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болды. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабылданған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әскери дайындығына мұқият назар аударылды. Бүгін біз ҰҚШҰ күштері мен құралдары мәртебесіне және әскери контингентті тасымалдауға қатысты халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды, – деді Қазақстан Президенті.

Президент жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты.

– Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.

Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.

Сонымен қатар президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.

Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.

RELATED NEWS
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

«Бестіктен» «ондыққа» айналған ШЫҰ: Астана декларациясының маңызы
10 шілде 2024
«Бестіктен» «ондыққа» айналған ШЫҰ: Астана декларациясының маңызы

Есірткіге қарсы ортақ стратегия, терроризм, сепаратизм,  экстремизм сияқты қауіпті құбылыстармен бірлесіп күресу,  энергетика саласындағы ынтымақтастық, ақпараттық қауіпсіздік, тату көршілік, ауызсу қауіпсіздігі, қоршаған ортаны  бірлесіп қорғау. Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің практикалық қырын бір сөйлеммен осылай түйіндеуге болады. Мұның бәрі, айналып келгенде, елдегі тұрақтылыққа тұтқа болатын өзекті мәселелер.

ШЫҰ Астана саммитін Қытай мен Ресейге кіріптар елдердің басшылары жиналатын кезекші жиындардың бірі ретінде сипаттаушылар саммитте қол қойылған 25 құжаттың ішінде біз атаған мәселелер бойынша уағдаластықтар қайта өзектендірілгенін назарға ала бермейді.
 Есірткі саудасы бір елдің ішінде ғана жүретін тұйықталған нарық емес. Маңайдағы елдердің ішкі тұрақтылығы қаншалықты осал болса, іргелес елдердің өзара татулығы қаншалықты әлсіз болса, есірткінің трансұлттық саудасы соғұрлым өрши бермек.  Бір шетінде Ауғанстан тұрған Орталық Азия үшін бұл мәселе ерекше маңызды болатыны содан.
Шанхай ондығының аясында террорзим мен сепаратизмге қарсы ынтымақтастық орнату осы тұрғыдан маңызды. Қазақстандағы сепаратизмнің қатері туралы ойлансақ, есімізге елдің тұтас бір өңірлерін Ресейдің субъектісі етуге құштар ылаңшылардың сотталып жататыны түседі. Шанхай ұйымындағы әріптес ретінде Мәскеумен арада осындай келісімінің болғаны да біраз істе еркінірек әрекет етуге жол ашады. 
Ресейдің Өзбекстан мен Қазақстанға газ одағын құруды ұсынып жүргеніне де біраз болды. Ал Қазақстан елдің шығысы мен солтүстігіне  Омбы мен Орынбордан газ тарту үшін Қытайды да ойынға қосу қажет деген ұстанымда отыр. Оның қисыны мынандай, Қазақстан Ресейден алған газдың бір бөлігін оңтүстіктегі газды Қытайға жіберу арқылы өтейді. Есесіне Ресей Қытай алдындағы газ міндеттемесін орындауда тасымал шығынын қысқартады. Мұндай жүйе Ресей газына жалғанған Қазақстанның елді мекендері ай мен күннің аманында көгілдір отынсыз қалмауына кепілдік болады. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ аясындағы энергетикалық ынтымақтастық Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газдандыруда маңызды рөл атқармақ.
«Өзбекстан ресейлік «Росатом» компаниясымен бірге Шардара су қоймасынан жақын жерде атом электр стансасын салуға кірісіп кетті. Ал Қазақстан биыл күзде АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізбекші. АЭС технологиясы ШЫҰ-дағы тағы бір ойыншы – Қытайда да бар. Қазақстанда АЭС салуға әлеуетті ресми вендерлердің ішінде Франция, Оңтүстік Корея, Ресеймен бірге Қытай да бар. АҚШ-тың АЭС саласындағы технологиясы да Қазақстан тарапынан мұқият зерттеліп жатыр. Әзірше бізде салынуы мүмкін АЭС Балқаштың іргесіндегі Үлкен кентінен бой көтереді деп көзделіп отыр. АЭС салысатын елі ретінде Қытай мен Ресейдің бірі болса, Бейжіңнің трансшекаралық Іле өзені құятын Балқаштың бойынша АЭС салуымызға келісім беруі оңайлайды. Ал Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ технологиясы таңдалса, дипломатиялық диалог қажет болатыны сөзсіз. ШЫҰ аясындағы энергетикалық ынтымақ осы тұрғыдан қажет дүние.
Астана саммитінің «ШЫҰ+» форматындағы кездесуінде сөз сөйлеген Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш жасанды зейіннің қатері туралы біраз ой айтты. Бұл технология бойынша әлемде көш бастап тұрған елдердің алдыңғы қатарында ШЫҰ-ға мүше Қытай мен Үндістан бар. 
Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, қытайтанушы Олжас Бейсенбаев осы екі елдің технологиясын пайдалана отырып, интернет алаяқтық, онлайн қаржы пирамидалары  сияқты кибер қылмыстарды тежеуге болатынын айтады. 
ІТ-сарапышлар суперкомпьютер технологиясын тиісті деңгейде меңгермеген елдер озық елдердің алдында цифрлық егемендігін жоғалтуы мүмкін екенін айтып жүр. Олжас Бейсенбаев ШЫҰ алаңын пайдаланып, суперкомпьютер ғылымын жетілдіруге болатынын айтады. 


«Кейбір халықаралық сараптамаларда цифрлық егемендік туралы айтыла бастады. 2023 жылы киберқылмыстың кесірінен бүкіл әлемде 5 миллиард доллардай шығын келген дейтін деректер бар. Біз өзіміздің кибер кеңістігімізді  қорғау жайында ойлануымыз керек. ШЫҰ аясындағы киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да маңызды етеді», - дейді қытайтанушы.

Сондай-ақ, ол «ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды пайдаланып өз мамандарымызды Қытай мен қоса Үндістанға ғылыми тағылымдамадан өткізуге болатынын еске салады. 


«Спутник, робот технологияларында, суперкомпьютер бағыттарында Қытайдың көш басында тұрғанын білеміз. Үндістан да ІТ-технология алдыңғы орында. Сондықтан осы салаларда өзара білім бөлісуміз қажет. Мұның бәрі өз ішіміздегі цифрлық теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді. Өйткені Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы цифрландыру деңгейін қиырдағы ауылдардың жағдайымен салыстыруға келмейді. ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды пысықтаған кезде әсіресе шекаралық аймақтарды цифрландыру мәселесін алға шығарып отыру керек», - дейді шығыстанушы.

Ғалым айтқан бағыттардың бәрін ШЫҰ аясындағы ақпараттық қауіпсіздік шаралары арқылы іске асырудың мүмкіндігі бар. 
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы су қорының 46 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы көршілес елдерден кіреді. Ал  бізбен су бөлісіп отырған көршілес елдердің бәрі ШЫҰ аясындағы әріптес мемлекеттер. Астана саммитінде қол қойылған 25 құжаттың ішінде ауыз су қауіпсіздігіне жеке құжаттың арналуы осы тұрғыдан маңызды. 
Мысалы, Ертіс мәселесіне келгенде Бейжің өзен ортасындағы Қазақстанмен де, аяғындағы Ресеймен де жеке-жеке келісуді жөн көреді.  Мұндай тәсіл тиімсіз болып жатқан жағдайда ШЫҰ аясындағы диалогқа шақыру орынды болуы мүмкін. 
Бауырлас елдер саналатын Өзбекстан мен Қырғызстаннан да су алу мұқият дипломатияны қажет етіп отыр. Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Хельсинки конвенциясын Ташкент қабылдағанымен, Бішкек әлі мойындамаған. Қазіргі экономикалық тетіктер су дипломатиясына жарамсыз болған жағдайда ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды алға шығаруға болады. 
ШЫҰ аясында  экологиялық проблемаларды бірлесіп шешудің де бізге берер тұсы көп. Өйткені әлемдегі қоршаған ортаны ең көп ластайтын экономиканың бірі – Қытай нарығы іргемізде тұр. Ал Өзбекстанмен Аралды құтқару бағытындағы ықпалдастықтың жан-жақты құжатталып, қатталғаны маңызды. Біздің елдің аумағында Ресейдің зымыран қалдықтары құлайтынын ескерсек, бұл мәселені Мәскеумен ШЫҰ аясында да қозғауға да мүмкіндік бар.
ШЫҰ-ның Астана саммиті Қазақстанның өзіне не үшін қажет болды  деген сұраққа осылай жауап беруге болады. 
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде құрылса, 2001 жылы ШЫҰ ретінде жасақталды. Ал кешегі Астана саммитінде мүше мемлекеттердің саны 10 ға жетті. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь.
Былтыр ұйымға Бахрейн, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма және Біріккен Араб Әмірліктері диалог серіктестері ретінде қосылса, биыл Қатар әмірі мәртебелі мейман ретінде қатысты. Демек, ұйым араб әлемімен де етене араласа бастады. 

«2021 жылы ШЫҰ мүшелерінің жиынтық ЖІӨ шамамен 23,3 трлн долларға жетті, бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызын құрайды, бұл 2001 жылы құрылғаннан 13 есе көп. ШЫҰ мүшелерінің жалпы сыртқы саудасы 2021 жылғы жағдай бойынша 6,6 трлн долларды құрады, бұл 20 жыл бұрынғыдан 100 есе көп», - дейді қытайтанушы Олжас Бейсенбаев. 

Қазақстанның ұйымның саммитерінде экономикалық мәселелерді де күн тәртібіне шығаруға жиі бастама көтеруінде осындай да себеп бар.

Бұдан бөлек Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дамир Белгібаев Астана декларациясы жалпы ШЫҰ дамуына өзінің айтарлықтай үлесі барын айтты.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрамындағы мемлекеттер саны өсіп, ұйымның аумағы кеңейіп келеді, яғни әлемдік ұйым ретінде танылып келеді деген сөз. Астана өтіп жатқан саммитке БҰҰ Бас хатшысының келуі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің көрінісі деп білем. Менің ойымша, оның сапары әлемдегі елеулі проблемаларды бірігіп шешудің жолдарын табуға арналған. Жалпы ұйымның абыройы мен дамуына бүгінгі Астана декларациясының да ықпалы болады. Қазақстан аталған ұйымға төрағалығы барысында бір жыл ішінде 150-ден астам іс-шара ұйымдастырып, ауқымды жұмыс атқарылды. ШЫҰ-да шарттық база 60 жаңа құжатпен толықты. Соның арасында экономикалық, мәдени, экологиялық қауіпсіздік, көлік, технология саласындағы тақырыптар қамтылды. Бұл өңірлер арасындағы тұрақтылық пен өзара тиімді қарым-қатынасты кеңейтуге өзінің айтарлықтай үлесін тигізеді», - дейді Дамир Белгібаев.

ШЫҰ-ның Астана декларациясы - тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі болып отыр дейді сарапшы мамандар.

«Тұрақтылық, қауіпсіздік саласында қабылданған шешімдер бұлар мемлекетімізге қауіп төндіретін түрлі қақтығыстардың алдын алу. Яғни осы ұйымға мүше мемлекеттер бірлесе жұмыс істей отырып, шекаралық аймақтағы, мемлекеттің ішіндегі, географиялық еуразиялық өңірдегі тұрақтылықты қамтамассыз етеді», - дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының тағы бір сарапшысы Бауыржан Серікбаев.

Қорытындылай айтататын болсақ, Астанада өткен ШЫҰ жоғары деңгейде өткен халықаралық шаралардың бірі болды деуге толық негіз бар. Оның үстіне саммитке БҰҰ Бас хатшысының қатысуы ұйымның ықпалы мен беделін арттыра түсті.

Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев
24 сәуір 2025
Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтардың бірі екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», - дейді президент ҚХА XXXIV сессиясының пленарлық отырысында.

Президент отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар екенін атап өтті.

«Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды», - дейді ол.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.

«Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты», - дейді мемлекет басшысы.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.