Қырғызстанда селден қазақстандық 4 бала көз жұмды, деп хабарлайды Ulys қырғыз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше Ош облысының Ноокат ауданында сел жүріп, салдарынан ауыл тұрғындары мен туристер қаза тапқан еді. Көз жұмғандардың арасында Шығыс Қазақстан облысында тұрған 4 бала болған.
«Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен бірге туыстарына қонаққа барған. Туристік аймаққа түскен сел кішкентай шығысқазақстандықтардың өмірін қиып, өңір халқы үшін қайғылы жағдайға айналды», - деп мәлімдеді ШҚО әкімдігі.
Бүгін көз жұмған балалардың денелері арнайы бортпен Өскеменге жеткізілді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев қаза тапқандардың туыстарымен кездесті.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда алапат сел болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.