Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында қайғылы оқиға болған. Үй шатыры опырылып құлаған кезде онда ересектердің қарауынсыз қалған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазалау кезінде бес баланың денесі табылды. 2011 жылы туған балалардың үлкені зардап шеккен жоқ. Бұл туралы Ulys ТЖМ сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін сағат 04:29-да Жітіқара қаласындағы жеке шаруа қожалығының аумағында өрт шығып, салдарынан тұрғын үйдің шатыры опырылып түсті. Құтқарушылар оқиға орнына 7 минут ішінде жетті, үй толығымен өртке оранды. Жалын сағат 06:08-де ауыздықталып, толығымен сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін танысына кеткен. Күйеуі түрмеде отыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД.
Оқиғаның себептері анықталып жатыр. Өрт-техникалық зерттеу тағайындалды. Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.