Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден озды. Қаралы хабарды оның ұлы Едіге Мағауин естіртті, деп хабарлайды Ulys.
«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)»,- деп жазды Едіге Мағауин.
Ұлы жазушы АҚШ-та жерленеді.
«АҚШ-та жүргендер болса, рәсімдері осындай, қаңтардың 9-ы бейсенбі ақшамда дүние салған Мұхтар Мағауиннің жаназасы ертең, яғни қаңтардың 11-і сенбі күні сағат 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде оқылады. Қонақасы да сол орында 13:00-де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00-де Parklawn Memorial зиратында өтеді», - деп жазды IT маман Тимур Бектұр желідегі парақшасында.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988 – 2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.