Валюта бағамы
  • USD -

    520.9
  • EUR -

    611
  • RUB -

    6.63
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ДИПЛОМАТЫ АТАНДЫ
15 сәуір 2019
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ДИПЛОМАТЫ АТАНДЫ

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы жылдың ең үздік дипломаты атанды. Ақжолтай ақпарат елшіліктің фейсбук әлеуметтік желісіндегі (https://www.facebook.com/kzembassy) ресми парақшасында жарияланды.

 

«Жібек жолы» Стратегиялық зерттеулер орталығы және «Жібек жолы» баспа тобының ұйымдастыруымен өткен шарада «Халықаралық 15-ші Жібек жолы биылғы жылдың Алтын адамдары» белгілі болды. Осы ретте, Қазақстанның Елшісі Абзал  Сапарбекұлына «Жылдың ең үздік дипломаты» сыйлығы берілді.

Ұлы Жібек жолының өркениеттер арасындағы сауда-саттық, бауырластық ынтымақтастығын орнату жолындағы миссиясын үлгі алған «Жібек жолы» Стратегиялық зерттеулер орталығының басты мақсаттарының бірі Түркия мен басқа елдер арасында достық және ынтымақтастық көпірін құру.

Түркияның зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық миссия басшылары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысқан салтанатты шарада сөз сөйлеген Елші А.Сапарбекұлы еліміздің сыртқы саясатына тоқтала отырып, мәртебелі сыйлыққа ие болуын, жеке өзінің емес, Қазақстан дипломатиясының жемісі деп бағалайтынын жеткізді. Қазақстанның көпвекторлы, бейбіт, белсенді және теңгерімді сыртқы саясаты арқылы аймақ пен әлемнің тұрақтылығы мен бейбітшілігіне елеулі үлес қосып отырғанына назар аударған Елші А.Сапарбекұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана процесі, Түркі кеңесінің құрылуы, еліміздің БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шеңберіндегі жұмысы секілді халықаралық аренадағы жемісті бастамалары туралы сөз етті. Тәжірибелі мемлекет қайраткері және көрнекті дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент атануы сыртқы саясатымыздағы сабақтастықтың кепілі екендігін жеткізген Қазақстан Елшісі қазақ-түрік ынтымақтастығына да тоқталды.

«Халықаралық 15-ші Жібек жолы биылғы жылдың Алтын адамдары» номинациясында басты марапат Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке берілді. Сондай-ақ, Молдова Гагауз автономиялық аймағының президенті Ирина Влах, ТҰҰМ депутаты, Әзербайжан-Түркия Парламенттер арасы достық тобы төрағасы Шамиль Айрым, Түрксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «Öztek Тekstil» басқарма төрағасы Ахмет Өзтек, бүкіләлемдік Ахыска түріктері қауымдастығы Президенті Зияеддин Исмиханоғлу, «Yükselir Group» басқарма төрағасы Явуз Юксель, «Edelstaal Şirketler Grubu» басшысы Тургут Торуноғуллары, Халықаралық білім орталығы басшысы проф. Елчин Исгендерзаде және «Marmara Grubu» қорының басшысы Аккан Сувер түркі әлемінің ынтымақтастығына қосқан үлестері үшін түрлі салалардың үздіктері атанды.

RELATED NEWS
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда
15 мамыр 2024
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда

Түркияда мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Осыған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның барлау және Әділет министрлігінің басшыларымен шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды Ulys түркиялық басылымдарға сілтеме жасап.

Түрік ұлтшылдарының жетекшісі Девлет Бахчели2016 жылдың шілдесінде елді дүрліктірген мемлекеттік төңкеріс қайталануы мүмкін екенін ескертті.

Бір күн бұрын Анкара Бас прокуратурасы "Айхан Бора Каплан" қылмыстық ұйымына қатысы бар деген күдікпен  үш полицейге қатысты тергеу бастады. Олардың үйлерінде тінту жүргізілді.

Türkiye газеті өз кезегінде "Айхан Бора Каплан" ұйымымен байланыста болды деп айыпталған Анкара қауіпсіздік басқармасында бірқатар полиция қызметкерлерінің жұмыстан шығарылуына байланысты Түркияда үлкен қарсылық көрсетілгенін жазады. Олардың үйлерінде цифрлық материалдарды алу мақсатында тінту жүргізілді.

"Президент Ердоған Әділет министрі Йылмаз Тунджмен және Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрагим Калынмен Бахчелидің мәлімдемесінен кейін Мемлекет басшысының резиденциясында шұғыл түнгі отырыс өткізді", — деп жазады Türkiye.

Ердоған ел Парламентінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ
10 наурыз 2025
АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ

АҚШ-тың Өкілдер палатасы Түркияның демократиялық статусын қайта қарауға және оны Еуропаның емес, Таяу Шығыстың елі деп тануға бағытталған арнайы заң жобасын қарауға алды. Бұл туралы Fox News хабарлады.

Заң Түркияны Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі бюросының құзырынан алып тастап, оны Таяу Шығыс істері жөніндегі бюроға ауыстыруды қарастырады.

Fox News хабарлауынша, мұндағы мақсат "АҚШ-тың жауы саналатын елдермен байланыс жасайтын Түркияны тосқауылдап ұстауға талаптану". Вашингтон Анкараны "АҚШ пен НАТО одақтастарынан алыстап бара жатқан мемлекет" деп есептейді.

"Бұл Үкімет ХАМАС содырларын жасырып отыр. Экономикалық одақтастық арқылы Путиннің әскери машинасына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, Батыс одақтасынан артықшылық талап етуін жалғастыра отырып, НАТО-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатия көзбояушылық жасауын доғарып, Түркияны бұрынғыдай Еуропаның бір бөлігі деп санауын қоюы керек", – деді жобаны Конгресс қарауына енгізген топты басқаратын конгрессмен Брэд Шнайдер.

Бұл ұстанымға Түркия Үкіметі наразылығын білдірді және түріктің сыртқы саясаты мен еуропалық бағдарын Конгресс мүшелерінің дұрыс түсінбей отырғанына нұсқады.

Айта кетсек, Түркия – НАТО-ның АҚШ-тан кейінгі ең қуатты мүшесі. 

Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды
24 қазан 2024
Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды

Кеше кешкісін Түркия Анкарадағы TUSAŞ аэроғарыш компаниясы штаб-пәтерінің маңында қатты жарылыс болған. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады. 

Түркия ІІМ жарылыстан қаза тапқандар мен жараланғандар барын айтады. Ал ел билігі оқиғаны "теракт" деп атады. 

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая хабарлауынша,  теракт салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 22 адам жарақат алғаны айтылған.

Шабуылды жасаған екі лаңкес өлтірілді. Лаңкестердің бірі әйел.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.