Валюта бағамы
  • USD -

    471.9
  • EUR -

    540
  • RUB -

    5.79
Қазақстанның партиялық жүйесі қай елдердің үлгісімен жасалған
z-taraz.kz 16 қыркүйек 2024
Қазақстанның партиялық жүйесі қай елдердің үлгісімен жасалған

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 1991–1999 жылда көппартиялық жүйе құруға талпынған кезең болып есептеледі. Алғашқы саяси партиялар пайда болып, жұрттың арасында демократиялық реформалар туралы ұрандар жиі айтылатын. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданып, көппартиялық жүйенің құқықтық негіздері қаланғандай болған. Ол Конституцияда азаматтар партия құрып, саяси қызметпен айналысу еркіндік  алды. 1994 жылы Ата заңның бұл баптары нақты істе сынақтан өтті. Өйткені алғашқы көппартиялық парламенттік сайлау өткен болатын.

Ол кезде заң шығару органы қазіргідей Сенат пен Мәжіліс сияқты екі палатаға бөлінбеген. Жоғарғы Кеңестегі 177 орынның 50%-ын (87 орын) иеленген партия Үкіметті жасақтап, саяси үстемдікке ие болатын.  Сайлау қорытындысы бойынша:

«Отан» партиясы (кейінгі Nur Otan, қазіргі Amanat) – 48 орын;

Қазақстан халық конгресі партиясы – 23 орын;

Коммунистік партия – 17 орын;

«Азамат» партиясы – 9 орын иеленді.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік даму» және «Халық партиясы» секілді сайлау блоктарының жекелеген үміткерлері Жоғарғы кеңеске кірді.

1995 жылы жаңа Конституция қабылданып,  Президент билігі күшейтілді. Бұл саяси биліктің бір орталыққа шоғырлануына жол ашты. Конституция бойынша мемлекетті басқару ісінде парламенттің ықпалы азайып, президенттік жүйе басымдыққа ие  болды. Ос кезеңнен бастап азаматтық қоғам мен демократиялық дамуды таңдаған, адам құқықтары мен  әлеуметтік әділетті басты орынға қойған, либералды саясат ұстанатын «Азат» сияқты партиялардың тынысы тарыла берді.

1996 жылы елде саяси партия ашу қиындай түсті. Өйткені алғаш рет саяси партиялар туралы заң қабылданып, партияларды ресми тіркеуден өтуге міндеттеді.  Осылайша партиялар нағыз екшеуден өтті.

Мұның бәрі 2000–2010 жылдары елдегі көппартиялық жүйе біртіндеп басым партиялы жүйеге айналуына түрткі болды. Осылайша  «Отан» партиясы елдің басты саяси күші ретінде қалыптасты.  2002 жылы саяси партиялар туралы жаңа заң қабылданып, тіркеу талабы қатаңдай түсті. Партия құру үшін кем дегенде 50 мың мүшесі болу керек деген меже осы кезде қойылған. Бұл талап саяси алаңды шағын партиялардан аластау деген сөз еді.

2006 жылы «Асар» партиясы, «Азаматтық партия», «Аграрлық партия» және «Отан» партиясы «Nur Otan» деген алпауыт партияға біріктірілді.

2010–2020 жылдары бірпартиялық үстемдік күшейе берді. Парламенттегі басқа партиялардың ұстанымы саяси шешімге ешқандай әсер ете алмады.

2012 жылғы парламенттік сайлаудан кейін «Nur Otan» Мәжілістен 83 орын, «Ақ жол» - 8 орын, «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» - 7 орын иеленді. Осы үстемдік  «Nur Otan»  партиясы 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ребрендинг жасап, «Amanat» партиясы болып өзгертілгеннен кейін де сақталып қалды.

2019 жылы Президенттік тізгінді қолына алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы көппартиялық жүйеге жол ашатын шешімдерге бастамашы бола білді. Ол бастама 2022 жылғы саяси реформаларға ұласты.  Нақтырақ айтсақ,  партия құруға қажет мүшелер саны 40 000-нан 20 000-ға дейін қысқартылды. Дәл осы жылы үлкен өршіл ұрандармен құрылған «Adal партиясының «Amanat» құрамына кіргенін айта кету керек. Ал «Байтақ» және «Respublica» партияларының сахнаға шығуын қазақстандық саясаттанушылар партия тіркеу талабының жеңілдеуімен байланыстырды.

Сонымен, қазір Қазақстанда саяси партия құру үшін қандай талаптарды орындау керек?

1. Кемінде 20 000 мүшесі болуы керек. Оның ішінде әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада кем дегенде 200-ден (бұрын 600 адам болған) мүшесі болуға тиіс.

2. Партия құру шешімі құрылтай съезін өткізу арқылы қабылданады. Съезде партияның жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, басшылық құрамы бекітіледі.

3. Құрылтай съезі өткізілгеннен кейін 2 ай ішінде Әділет министрлігіне қажетті құжаттар тапсырылады. Сондай-ақ, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тіркеу жарнасын төлейді.

4. Партияның облыстар мен республикалық бағыныстағы қалаларда филиалдары мен өкілдіктері жұмыс істеуі керек.

Қазір осы талаптардың бәрінен өткен 5 партия бар. Олар:

«Amanat»  партиясы – 800 мыңнан астам мүшесі бар;

«Ақ жол демократиялық партиясы» –  255,8 мың мүшесі бар;

Қазақстанның Халық партиясы – 90 мың мүшесі бар;

Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – ресми сайтында мүшелерінің саны туралы мәлімет жоқ.

«Байтақ» жасылдар партиясы – 42 мынңан астам мүшесі бар.

«Respublica» партиясы – ресми сайтында мүшелерінің саны туралы мәлімет жоқ.

2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін партиялардың саны артқанын айттық. Дегенмен, Әділет министрлігіне құжат өткізгенімен, құзырлы орган тіркеуден бас тартқан бірнеше партия бар.

Олар:

«Demokratiya jaq»;

«Алға, Қазақстан»;

«El Tiregi»;.

«Haq» демократиялық партиясы;

«Нағыз Ақиқат» партиясы.

Жалпы әлемде партиялық жүйенің бірнеше түрі бар. АҚШ пен Ұлыбритания сияқты екіпартиялық жүйе жұмыс істейді. Мұндай елдерде сайлаудағы бәсеке екі негізгі партия арасында болады. Мысалы, 330 млн халқы бар АҚШ-та саяси билік демократтар мен республикашылдардың қолына алмакезек өтіп отырады деуге болады. Ал 67 млн халқы бар Ұлыбританиядағы саяси бәсеке  консервативтер және лейбористер арасында жүреді. Өзге партиялардың бұл таластағы үлесі тым елеусіз.

Ал Франция, Германия, Италия, Нидерланд сияқты Еуроодақ елдерінде шын мәніндегі көппартиялық жүйе қалыптасқан.  Бұл мемлекеттерде үкіметті бірнеше партиялық коалициясы жасақтайды. Қытай, Солтүстік Корея сияқты елдерде автократиялық және бірпартиялық жүйе бар. Бұларда биліктің арқауына айналған жалғыз құдыретті партия ғана болады.

Қазақстан ұстанып отырған басым партиялы жүйе Ресей («Единая Россия»),  Оңтүстік Африка (Африканың ұлттық конгресі),  Жапония (Либералды-демократиялық партиясы) елдерінде кездеседі.

RELATED NEWS
ТҮРКІСТАНДА МИГРАЦИЯЛЫҚ ХҚО АШЫЛДЫ
15 мамыр 2019
ТҮРКІСТАНДА МИГРАЦИЯЛЫҚ ХҚО АШЫЛДЫ

Азаматтарға арналған үкімет ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) ашты. Бұл туралы ақпаратты Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай өзінің фейсбук парақшасында жариялады.

Оның жазуынша, енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін 15-ші орталық.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының акімі Өмірзақ Шөкеев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісов, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков қатысты.

Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айынан бастап миграциялық ХҚО арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді ҚР-на уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. 
Жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс:
- ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
- Шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы;
- Еркін түрде жазылған қолдаухат.

Қызмет алушылар ҚР аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекенжайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5*4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек. 
Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады. 
Айта кету керек, Түркістан қаласында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 6700 қызмет көрсетілген. 
Жаңа фронт-офис Түркістан қаласы 160 квартал, № 209 ғимаратта орналасқан. Орталық дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ
08 мамыр 2019
АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Бүгін Маңғыстау облысының  әкімі Ералы Тоғжанов соғыс және тыл ардагерлерінің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 
1942 жылы әскер қатарына шақыртылғандардың бірі 96 жастағы Қамқа Үмбеталина. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде 9-шы әуе әскерінде 1-ші Қиыр Шығыс майданында ұшқыш болып қызмет еткен. Ұшаққа бомболарды тиеп, оны жау жеріне тастауда ерлік көрсеткен батыр әже.
Сонымен қатар, сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалап, тылда еңбек еткен жандардың бірі Оржанов Табынды. Болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге облыс басшысы жылы лебізін білдірді.
«Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, ардагерлер мен тыл еңбеккерлері естеліктерін айтып, ізгі тілектерін білдірді.

 

Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр – Тоқаев
01 қыркүйек 2025
Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр – Тоқаев

Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар.Бұл туралы дәл қазір Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп жатқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulys.

Ақорда жазғандай, Тоқаев «Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін» атап өткен.

«Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев сондай-ақ Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салғанын хабарлай келе, елімізде қытай капиталы бар неше кәсіпорын тіркелгенін мәлім етті.

«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.