Валюта бағамы
  • USD -

    482.7
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.37
Қазақстандағы ішкі тауар айналымы 27 трлн теңгеге жетті
Фото: ашық көзден 26 шілде 2024
Қазақстандағы ішкі тауар айналымы 27 трлн теңгеге жетті

Қазақстандағы ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті, ал саудаға инвестициялар 282,4 млрд теңгені құрады. 2016 жылдан бері алғаш рет әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға индексінің төмендеуі елеулі жетістік болды. Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы бойынша негізгі бағыттар — Primeminister.kz сайты редакциясының жаңалықтар шолуында.

Ішкі сауданы дамыту

2024 жылғы 6 айда ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгені құрады, сауданың нақты көлем индексі (НКИ) 3,9% деңгейінде қалыптасты. Биылғы маусым айында мамыр айымен салыстырғанда сауда-саттықтың серпінді өсуі 16,8% деңгейінде байқалды. Бұл ретте көтерме сауда 10,5%-ға, бөлшек сауда — 30,6% өсті. Салаға салынған инвестиция көлемі 6 айда 282,4 млрд теңгеге жетті, оның 153,6 млрд теңгесі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі.

Қазіргі заманғы форматтағы сауда инфрақұрылымын құруды ынталандыру үшін Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік көмек көрсетеді. Жаңа бастама шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін 9%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді. Сондай-ақ жетіспейтін кепілдікті қамтамасыз ету үшін ішкі сауда субъектілері кредиттерге кепілдік беру түріндегі құралды пайдалана алады.

Мемлекеттік қолдау сонымен қатар отандық тауар өндірушілерге бағытталған. Отандық азық-түлік тауарларының көлемі дүкен сөрелерінде 50%-дан кем болмауы және азық-түлік емес тауарлардың үлесі 20%-дан кем болмауы тиіс.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін сауда нарықтарын жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. 20 мыңнан астам жалға алушы кәсіпкер мен 5 мыңнан астам базардағы қызметкер қолдау алды. Жергілікті атқарушы органдармен және бизнеспен бірлесіп жаңғырту жөніндегі Жол картасына кірген 75 базар анықталды, олардың 16-сы биыл жаңғыртылатын болады.

Сауда объектілерінің жіктелуін және сатып алушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жарықтандыруды жақсартуға, іргелес аумақты абаттандыруға, кіреберістерге ыңғайлы кірме жолдар мен жаяу жүргіншілерге ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған жалпы талаптарды белгілейтін ұлттық стандарт енгізілді.

8 жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеуде

2016 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) баға индексі төмендеді. Қабылдаған шаралардың нәтижесінде дефляцияның орташа индексі 99,8%-ды құрады.

Бағаның маусымдық ауытқуын болдырмау үшін нарыққа 160 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жеткізілді. Сондай-ақ жұмыртқа өндірушілер одағымен жыл соңына дейін жұмыртқа бағасын белгілеу туралы келісімге қол қойылды, бұл нарықтағы баға демпингінің алдын алады. Отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық кедендік баж енгізілді.

ӘМАТ-тың «электронды айнасына» айналатын Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. Оны 58 тауар позициясынан тұратын барлық азық-түлік себетін кеңейтуге қолдану жоспарланып отыр.

Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында мемлекеттік бақылау күшейтілді. Осы жылдың басынан бастап 16,3 млн теңге сомасына сауда заңнамасын бұзу бойынша 2 357 әкімшілік іс қозғалды. Сауда үстемесін сақтау бойынша жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде: 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда үстемесін асыра пайдалану туралы 1946 қаулы шығарылды. 

Электронды сауданы және биржаны дамыту

Бірінші жартыжылдықтағы жедел деректер бойынша электронды сауда көлемі шамамен 1,5 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдық көлемнің шамамен 62% құрайды.

Биыл мамыр айында СИМ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электронды сауданы оқыту курстарын іске қосты. Жұмысқа ірі маркетплейстер Kaspi.kz, JMart.kz, Wildberries, Ozon тартылды. Бүгінгі таңда 800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі осы курстардан өтті.

Бизнес ұсыныстарының негізінде Электронды сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі жоспары әзірленіп, қабылданды. Оны орындау барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, қарыздарды субсидиялау мен кепілдендіруді қосқанда, электронды сауда субъектілерін қолдау жөнінде шаралар қабылданды.

Электронды сауданың логистикалық инфрақұрылымы белсенді дамып келеді. «Қазпошта» АҚ мен қытайлық ірі логистика компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құрылды. Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстан, Қытай, Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы электронды сауданы дамыту. Қазақстан электронды сауда үшін транзиттік хаб рөлін атқарады. «Қазпошта» ұлттық оператор болады және электронды сауда тауарларын еліміздің барлық өңіріне жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ірі тарату орталығын салу жоспарлануда.

Сауда және Даму ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, халықаралық деңгейде электронды сауда саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік базасын дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тауар биржалары туралы заңнаманы реформалау бойынша жұмыс жүргізілді. Мамыр айында Мәжіліске биржалық сауда туралы заң жобасы енгізілді. Оның мақсаты тауарларға бағаны ашық қадағалау үшін ішкі индикатор құру, тауар биржаларының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және қатысушылардың ақша ағынын цифрландыру.

Қазақстанның электронды саудасы шекарасын кеңейтуде

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді халықаралық сауда алаңдарына шығару бойынша Alibaba.com-да жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын осы платформада аккаунттар ұсынылатын қазақстандық компаниялар іріктеуден өтеді. 70 компанияны платформаға шығару жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта 47 компания іріктеліп алынды, келісімшарттарға қол қою, шоттарды сатып алу және шағын сайттар құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мемлекеттік қолдау құралы іске қосылғалы 290 компания шамамен $346 млн табыс тапты.

Бұдан басқа, Қазақстандағы қоймаларда Орталық Азия елдерінен Қытайға және кері бағытта өтетін электронды сауда тауарларын орналастыру мәселелері пысықталды. Ozon маркетплейсімен ынтымақтастық аясында қазақстандық тауарларды Алматы және Астана қалаларындағы қоймаларда орналастыруға қол жеткізілді. FBO (Fulfillment By OZON) схемасы арқылы қойма мен жеткізуді Ozon платформасы қамтамасыз етеді.

Ішкі нарықты қорғау

СИМ жанындағы саудадағы техникалық кедергілер және өнімді қауіпсіз әкелу және айналым мәселелері бойынша Ахуалдық штаб жұмыс істейді. Бақылаушы органдардың, кеден және шекара қызметтерінің қатысуымен ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимыл тетігі әзірленді.

Шекарада 10 сүт өндірушіге қатысты «күшейтілген зертханалық бақылау» режимі қолданылады, сондай-ақ екі өндірушінің өнімдерін әкелуге шектеулер енгізілді. 8 шекара маңындағы өткізу пунктінде мамандар сүт және сүт өнімдерінің сапасын тексереді. Импорттаушылардың 945 тексерілген көлік құралдарының ішінен 157 сынама алынды, олардың 40-нда негізінен таңбалаудағы сәйкессіздіктер анықталды. 723 сертификаттың, өнімнің сәйкестігі туралы декларацияның күші жойылды, оның 144-і тамақ өнімдерінікі.

Ішкі нарықты сапасыз және қауіпті өнімдерден қорғау үшін техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін электр техникасын, төмен вольтты жабдықты, мұнай өнімдерін, құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар мен тұрмыстық техниканы сатқаны үшін 70 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды. Техникалық реттеу саласындағы бұзушылықтар үшін 47 млн теңгеге айыппұл салынды, құны 2 млрд теңгеден асатын өнімнің 159 партиясын айналымға шығаруға тыйым салынды.

Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп 1 мың доңғалақты жүк көліктері тексерілді. Қытайда шығарылған техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 72 көліктің кіруі тоқтатылды.

Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздік сертификатын заңсыз берген 11 сынақ зертханасының аккредиттеу аттестаттарының қолданылуы тоқтатылды. 

Бірінші жартыжылдықта профилактикалық бақылаудың жаңа түрі – «бақылау сатып алуы» енгізілді. Бұл механизм субьектіні алдын ала хабардар етпей және прокуратурада тіркеусіз өнім (оның ішінде кабель, цемент және басқа да тауарларды) таңдауға және сатып алуға мүмкіндік береді. Енді зертханалық сынақтардың нәтижесі бойынша сәйкессіздік анықталған жағдайда өнімдерге тыйым салу және айналымнан алу сияқты жедел әрекет ету шаралары қолданылады. Бұрын өнімдерді алып қою және оларға билік ету құқығынан айыруға сот шешімімен ғана жол берілетін.

Тұтынушы құқығын қорғау

Зардап шеккен қазақстандықтардың өтініштері негізінде 6 есе көп тексеруді СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері жүргізді. Бірінші жартыжылдықта 24 441 өтініш қаралды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 60%-ға артық. Келіп түскен өтініштер негізінде мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.

2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 570 тексеру жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 620% құрады. 648 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 4 есе жоғары. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың құқығы 777 млн теңгеден астам сомаға қорғалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 189%-ды құрады.

Сауда және интеграция министрлігі азаматтардың мүддесін сенімді қорғау үшін инновацияларды белсенді түрде енгізіп, қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтасады. «Сапалы Өнім» жобасы қазіргі экономикалық жүйеде өнім сапасына және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Тұжырымдама азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, соның ішінде олардың кедергісіз қорғалу құқықтарының кепілдендірілген сақталуына бағытталған.

Зерттеуге сүт, кілегей, айран, май, күнбағыс майы, сүзбе, ірімшік, құс еті, балық еті және шұжық сияқты 681 өнім түрі кірді. Импорттық өнімді іріктеуді еліміздің барлық өңірлерінде 26 қоғамдық бірлестік жүргізді. Бұзушылықтар 405 түр бойынша анықталды (59,5%). Өнімдердің 337 түрі немесе бұзушылықтардың жалпы санының 83,2% бойынша таңбалау бөлігінде бұзушылықтар (мемлекеттік тілде тауар туралы ақпараттың болмауы және т.б.) анықталды. 

Өнімнің 68 түрінің құрамы бойынша сәйкессіздік, жарамдылық мерзімі өткен тауарды өткізу, қажетті құжаттардың болмауы анықталды. 203-бап — құжатсыз сату, 425-бап — санитариялық-эпидемиологиялық нормалар саласындағы бұзушылықтар бойынша 139 Әкімшілік акт жасалды. Қалғандары жұмыс сатысында. Сондай-ақ өнімдердің 12 түрі бойынша Ақтөбе, Түркістан, БҚО, Жетісу және Ұлытау облыстарында сәйкестік декларациялары жойылып, тоқтатылды.

Техникалық реттеу және метрология

2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша техникалық реттеу және метрология бағытында мемлекеттік бақылау бойынша 3930 іс-шара өткізілді. 2930 жағдайда бұзушылықтар анықталды. 2597 ұйғарым берілді, сондай-ақ 242 млн теңгеге айыппұл салынды.

ҚХР Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасымен (SAMR) және Бас кеден басқармасымен (GACC) тауарлардың сәйкестігін бағалау және бақылау салаларындағы ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылды. Бұл шаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

ЕАЭО-ның тамақ өнімдері жөніндегі техникалық регламенттеріне орналасқан жерінің деректемелері өзгерген кезде таңбалауды өзгертпей өнім шығару мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізілді. Ауыл шаруашылығы тракторлары мен тіркемелері үшін экологиялық сыныптарға қойылатын талаптар ұзартылды. Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы техрегламентте қолдану аясы нақтыланған және терминдер анықталған.

Сондай-ақ ағымдағы кезеңде 4 инициативті ұлттық стандарт бекітіліп, қолданыстағы 11 стандартқа өзгерістер енгізілді. Олар сауда объектілеріне, құрылыс өнімдеріне, қалдықтармен жұмыс істеуге және метрологиялық өлшеулердің дәлдігін арттыруға қойылатын талаптарды реттейді.

Өтініш берушілермен және қабылданған шешімдермен өзара іс-қимылдың толық цифрлық ізі енгізілді, бұл адами факторды барынша азайтады. «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК негізгі қызметтері, оның ішінде бастапқы және қайта аккредиттеу, өзектендіру, аккредиттеу салаларын кеңейту және қысқарту цифрландырылды. Ақпаннан шілдеге дейін техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі 741 қызметті өңдеді.

Метрология саласында таңбаларды, этикеткаларды және басқа да сәйкестендіру белгілерін беру бойынша қызметтер цифрландырылды. 5 айда цифрлық қызметтерге негізделген 867 мың 415 өздігінен жабысатын жапсырмалар мен 97 мың 770 пластикалық пломбалар шығарылды. 

Техникалық комитеттерді ашу және өзгерту бойынша қызметтер толық цифрландырылған. «Отын-энергетика кешенінің зияткерлік энергетикалық жүйелері және кибер-физикалық жүйелер» техникалық комитетін құру жөніндегі материалдар мақұлданды және цифрландырудан өтті. Бұрын құрылған барлық техникалық комитеттерді «Қазстандарт» РМК мамандары цифрландырған.

Сыртқы сауда: қазақстандық экспорт үшін басым нарықтар

Негізгі басымдықтардың бірі – Қазақстанның шет елдермен сауданы кеңейтуі. Алғашқы бес айда сыртқы сауда $55 млрд-тан асты. Негізгі сауда серіктестерінің үштігіне дәстүрлі түрде Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ кіреді. Қазақстанның экспорты 2024 жылғы қаңтар-мамырда 1,8%-ға өсіп, $32,5 млрд құрады. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты $13 млрд-тан асты. Оның ішінде $10,5 млрд – дайын өнімді шетелге жеткізу. Экспорттың өсуіне халықаралық нарықтардың түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұранысы әсер етті. Соңғы жылдары қазақстандық қызмет көрсету секторы да оң экспорттық серпінді көрсетуде.

Министрлік жаңа өткізу нарықтарының пайда болуы үшін қолайлы жағдай жасау және отандық өндірушілермен ынтымақтастықты күшейту, Қытаймен ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, көлік дәліздерінің дамуын ескере келе, экспорттық нарықтарды кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда.

Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша еліміздің жалпы тауар айналымындағы Қытайдың үлесі 20%-ға жетті, жалпы айналым көлемі $11,4 млрд құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға жоғары. Қазақстаннан Қытайға Экспорт 2024 жылғы қаңтар-мамырда 19,1%-ға өсіп, $5,7 млрд құрады. Орта мерзімді перспективада Қазақстанға дайын өнім экспортын 2,5 есеге ұлғайту және жеткізілімдерді $12 млрд дейін жеткізу міндеті тұр. 

Аймақтандыру қағидаты бойынша ҚХР провинцияларының әрқайсысымен ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Шыңжаң ұйғыр автономиясымен (ШҰАА) сауда 50%-ға, оның ішінде экспорт — 35,3%-ға өсті. Сычуань провинциясына қазақстандық тауарлардың экспорты шамамен 30%-ға өсті. Цзянсуға отандық өнімді жеткізу 10 еседен асты.

Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуы өндірістік белсенділікті ынталандыруға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған кешенді қолдау шараларының арқасында мүмкін болды. Мәселен, бірінші жарты жылдықта Иран Ислам Республикасымен өткен жылдың желтоқсанын қол қойылған тауарлардың еркін сауда аймағы туралы келісім және Сингапурмен қызметтер саудасы бойынша келісім ратификацияланды. Индонезиямен және Моңғолиямен келіссөздер аяқталу сатысында, сонымен қатар БАӘ-мен тауарлар мен қызметтердің еркін саудасы туралы келісімдер жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қазақстандық тауарлардың осы нарықтарға экспортын ұлғайтудың жалпы әлеуеті $1,9 млрд-тан асады. 

Мұндай келісімдер қазақстандық жеткізушілердің халықаралық нарықтарға мүмкіндігін ашады, қазақстандық капиталы бар кәсіпорындарды құруға ықпал етеді, сауда үшін болжамды жағдайларды және инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының базасында экспортты ілгерілету институты құрылды, 2024 жылғы 23 қаңтарда «Экспорттық кредиттік агенттік туралы» Заң қабылданды. Ол сақтандыру және қаржылық қолдау шараларының кең спектрін жүзеге асыруға бағытталған. Тек бірінші жартыжылдықта Экспорттық-кредиттік агенттік 30 экспорттаушыға қолдау көрсетті.

Экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыру

Биыл «Экспорттық акселерация-2024» бағдарламасы бойынша жұмыс жалғасуда, оның шеңберінде машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ IT-секторды қоса алғанда қызметтер сияқты салаларда 120 кәсіпорын іріктелді. 8 мақсатты нарық анықталды: РФ, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Қатар, Германия, Қытай.

Бағдарламаны іске асыру жыл сайын +100 белсенді экспорттаушыны ұлғайтуға мүмкіндік береді және 2025 жылға қарай олардың саны 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде 1 мыңға жетеді. 2020-2024 жылдар аралығында экспорттық акселерация бағдарламасына 557 шикізаттық емес өнім өндіруші кәсіпорындар мен қызмет көрсетушілер қатысты. 2023-2024 жылдары қатысушылар $312 млн-ға 44 экспорттық келісімшарт/келісім жасасты.

Экпорттаушыларды сервистік қолдау

Халықаралық көрмелер мен сауда миссияларының алаңдарында Made in Kazakhstan брендімен қазақстандық тауарлардың танымалдылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан БАӘ, ҚХР және Ауғанстан сияқты елдерде 5 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. Шамамен $150 млн көлеміндегі экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Іс-шараларға 135 қазақстандық экспорттаушы компания және 700-ге жуық әлеуетті шетелдік компания қатысты.

Сауда-экономикалық миссиялар шеңберінде БАӘ-де Қазақстанның ұлттық павильонының аумағында «Qazaq Trade House» сауда үйі іске қосылды, онда ет, май, кондитерлік, ұн тарту өнімдерін, шырындарды қосқанда, қазақстандық өнімдердің көрме стенді ұйымдастырылды, алма және басқа да өнімдер бар. Сондай-ақ
Qaz Steppe Innovation Hub коворкингі жұмыс істей бастады, онда Қазақстанның озық стартап-жобалары ұсынылды. 

2024 жылғы наурызда Қазақстан мен Қытай «Орталық Азия-Цзянсу» мультифункционалды орталығын құру туралы келісім жасасты. Құжатқа Qaztrade экспортты қолдау жөніндегі ұлттық оператор және 

Jiangsu SOHO Holdings Group Co. Ltd. халықаралық компаниялар тобы қол қойды. Тараптар Қытайдың Цзянсу провинциясында сауда орталығын салу жобасын іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты, оның алаңында қазақстандық өнімдер, ал болашақта Орталық Азия елдерінің тауарлары сатуға ұсынылатын болады. Сонымен қатар, ШҰАА, Үрімші қаласында «QazTrade» сауда өкілдігі де тіркелді.

2024 жылғы 26 наурызда Астанада экспорттаушылардың екінші форумы — Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі конференция өтті. Іс-шараға Сычуань және Хубэй провинцияларының іскер топтарының өкілдері, оның ішінде 200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Экспорттаушылар форумы аясында B2B келіссөздері өтті, нәтижесінде Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері жалпы сомасы $164,5 млн құрайтын тауарларды жеткізуге шарттар жасасты.

Шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері жөніндегі жедел штаб

2023 жылғы қазан айында СИМ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің сұраныстарына жедел жауап беру үшін шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі жедел штабты іске қосты. Содан бері 9 отырыс өткізілді, онда ҚХР МТУ импорттаушыларының тізіліміне енгізу, тасымалдау жоспарларын келісу, ТҚ арқылы транзиттік тарифтерге жеңілдіктер беру, вагондардың жетіспеушілігі және басқалары сияқты бизнес мәселелері талқыланды.

2024 жылғы 12 шілдеде B2G диалог форматында жедел штабтың кеңейтілген отырысы өтті, оған бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, мемлекеттік органдар, ұлттық даму институттары мен экспорттаушылар қатысты.

Жедел штаб жұмысының нәтижелері:

✓ Жоспарлы жөнелту көлемін келісуге және еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге байланысты көліктік-логистикалық мәселелер шешілді. ҚТЖ-мен тасымалдау жоспарларын алдын ала қалыптастыру туралы келісімге қол жеткізілді;

✓ «QazTrade» АҚ жыл бойы біркелкі жеткізуді қамтамасыз ету үшін жүктер мен тасымалдардың маусымы бойынша талдау әзірледі;

✓ ҚХР Коммерция министрі Ван Вэнтаомен бірлесіп Қазақстан-Қытай шекарасында тауарлардың жедел өтуі бойынша жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы топ шеңберінде Қазақстан мен Қытайдың көлік, кеден және шекара ведомстволары қатысатын болады. Жұмыс тобының бірінші отырысы тамыз айының соңында Үрімшіде өтеді деп жоспарланған. 

Халықаралық экономикалық интеграция

Жыл басынан бері СИМ 9 облыстың Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай бизнесімен Қазақстанның ЕАЭО және ДСҰ-ға қатысу мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау отырысын өткізді.

• Өткен жылдан бастап ЕАЭО бойынша әріптес елдерде жұмыс істеген 7 кедергі жойылды, олар жиынтығында жылына $1 млрд әлеуетті экспортқа дейін бағаланады. Мысалы, Қазақстан Беларусь-Ресей шекарасында өткізу пункттерін ашу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. 

• Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында мүше мемлекеттерге Мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнен алып тастауды екі жылға дейінгі мерзімге белгілеу құқығы беріледі. Жыл басынан бері жеңіл және жиһаз өнеркәсібі тауарларын, трансформаторлар мен 5 электронды өнімдерді алып қою белгіленді. 

• 7 маусымнан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруы кезінде қаржылық көмек көрсету бөлігінде ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы Хаттама күшіне енді. Қаржыландыру осы жобаларға берілетін кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жүзеге асырылатын болады. ЕАЭО-ның 2024 жылға арналған бюджетіне осы тетікті іске асыру үшін шамамен 9 млрд теңге салынды. Бұл қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпорындарының қатысуымен өздерінің кооперациялық жобаларын ЕАЭО бюджеті есебінен қаржыландыруға мүмкіндік береді.

• 22 сәуірде өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында қазақстандық тараптың бастамасымен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен оны таңбалауға қатысты ЕАЭО техрегламенттеріне өзгерістер бірауыздан қабылданды. Өзгерістер қазақстандық бизнестің көптеген өтініші бойынша енгізілді. Бұрын өндірушінің мекенжайын қайта атаған кезде, бірақ нақты орналасқан жерін өзгертпестен, ЕАЭО бұрынғы мекенжайы бар өнімді шығаруға жол бермеді. Енді, 36 ай ішінде, егер мекенжайы өзгерсе, бірақ нақты орналасқан жері өзгермесе, ұйымның немесе өндіруші кәсіпкердің орналасқан жері туралы ақпаратты орамда өзгертуге болмайды.

• 2 мамырда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды Өзара тану туралы келісім күшіне енді, бұл олардың иелерінің артық бюрократиялық формальдылықсыз кәсіби қызметті жүзеге асыруға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және докторы ғылыми дәрежелері туралы құжаттар өзара танылады.

 
 
 
 
 
 
 
RELATED NEWS
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды
23 мамыр 2024
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Ulys Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заң аясында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы сақталды. Енді несие сомасы 1 мың АЕК-тен артық болса, оны алу үшін ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады.

 

Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады
18 шілде 2024
Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың бағасы бір күнде 2 теңгеге қымбаттап кетті, деп хабарлайды Ulys.

Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 477, 03 теңге.

Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пунктерінде доллар 476,5 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы – 478,5 теңге.

Ал, Астана қаласы бойынша сату бағамы – 474 теңге, сатып алу құны – 479 теңге.

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған
21 маусым 2024
Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған

Қазақстандағы долларды ресейліктердің жаппай сатып алып жатыр. Бұған Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Ulys.

Айта кетейік, «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған еді. Тимур Сүлейменов мұның біз үшін еш қорқынышты емес екенін және қандай да бір шектеулердің енгізілмейтінін айтты. 

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін жеткізді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз аздап әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.