Валюта бағамы
  • USD -

    532.7
  • EUR -

    544.5
  • RUB -

    5.17
Қазақстандағы АЭС — еліміздің халықаралық саясаттағы  басты басымдығы 
Фото: ашық көзден 03 қазан 2024
Қазақстандағы АЭС — еліміздің халықаралық саясаттағы  басты басымдығы 

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы – елдің  электр қуатымен қамту  кешенін дамыту     және  халықаралық энергетикалық саясат үшін де маңызды оқиға болмақ. Қазақстан-әлемдегі ең ірі  уран өндіруші ел, табиғи ресурстардың орасан зор қоры  елдегі атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін арттыра түседі.Сарапшылардың сөзіне сүйенсек,  АЭС құрылысының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігімен қоса  маңызды геосаяси салдарын ескеру қажет.
 
Қазақстанның атом қуатын тұтынуы  энергия көздерін әртараптандыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта Қазақстан көмір өндірісіне айтарлықтай тәуелді, бұл елдің көміртекті тұтынатын экономикасына ықпал етеді. Атом электр станциясын іске қосу парниктік газ қалдықтарының мөлшерін азайтуға және энергия жүйесін біртіндеп экологиялық тұрақты модельге көшіруге мүмкіндік береді.  Сарапшылар атап өткендей, көптеген мемлекеттер климаттың өзгеруіне бағдарланған жаһандық   маңызды үдеріске  қадам басты.
 Toraigyrov University профессоры, PhD докторы Олжас Талиповтың пікірінше Қазақстанда АЭС салу  жыл сайын көлемі ұлғайып келе жатқан  электр қуатына  деген сұранысты қамтамасыз етеді,  сондай-ақ көміртегі қалдықтарының мөлшерін қысқартуға едәуір көмектесіп,  климаттың өзгерісіне қарсы күреске оң ықпал етеді. 
- Қазақстан Республикасының  көміртексіз даму тұжырымдамасын ескере отырып, 2060 жылға қарай біз ең аз көміртегін тұтынатын экономиканы құруға қол жеткізуіміз керек, осы себепті қазба отын-энергетикалық ресурсын тұтынатын станциялардың санын азайту қажет. Көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын салу тіптен  қисынсыз. Баламалы қуат өндіретін күн мен жел электр станциялары тұрақты энергия көзі бола алмайды, өйткені олар табиғи құбылыстарға   байланысты құбылмалы келеді. Жел генераторлары үшін белгіленген қуатты пайдалану коэффициенті 35%, күн станциялары үшін 18%, ал ЖЭС немесе АЭС базалық электр станциялары үшін – 90% - дан асады. Мысалы,  атом электр станциясының қуаты  1000 МВт болса,  жел және күн станциялары 35 МВт-тан аспайды, - дейді сарапшылар. 
Екінші маңызды аспект халықаралық энергетикалық саясатпен байланысты. Қазақстан жаһандық энергетикалық нарыққа белсенді қатысады және еліміздің АЭС салу туралы шешімі атом энергетикасы саласындағы негізгі ойыншылардың назарын аударады. Станция салу үшін серіктес таңдау мәселесі әлемдегі ең ірі ядролық державалар арасында бәсекелестік тудырды. Әлеуетті серіктестер ретінде Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы, француздық EDF компаниясы, қытайлық және оңтүстік кореялық компаниялар қарастырылды. Мердігерді таңдау атом энергетикасы нарығындағы негізгі ойыншылардың әлеуетін саралауға мүмкіндік береді. 
Қазақстанның Ресеймен энергетика саласындағы ынтымақтастығы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады. Сонымен бірге, Қазақстан Батыс елдерімен және Қытаймен серіктестік байланысты нығайтуға бет бұрды, бұл еліміздің сыртқы саяси қатынастарын теңестіруге және бір серіктеске ғана  тәуелді болудың алдын алады. 
Үшінші аспект экономикалық орнықты даму  мен қауіпсіздікке байланысты. АЭС құрылысы энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан біршама басымдықтарға ие болса да, бұл жоба  шығындар мен технологиялық тәуекелдерді қамтиды. Ядролық станциялар айтарлықтай қомақты  инвестициялық қаржыландыруды  талап етеді. Бұған қоса, Қазақстан тиісті инфрақұрылымды және қатаң халықаралық стандарттарды сақтауды талап ететін ядролық қалдықтар мен ядролық қауіпсіздікті басқару мәселелерін шешуге мәжбүр болады.
– Қазақстан халықаралық стандарттарға сүйене отырып және МАГАТЭ-ден қолдау ала отырып, радиациялық тәуекелдерден қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Жетекші халықаралық тәжірибе мен технологиялар халық пен экожүйелер үшін радиациялық тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталатын болады, - деп хабарлайды АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшесінің өкілдері. 
Халықаралық энергетикалық саясат тұрғысынан Қазақстанның атом энергетикасы бар елдер клубына кіру туралы шешімі үлкен саяси мәнге те болуы мүмкін. Жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында атом қуатын игеру көмірден бас тарту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үрдісінде  өзектілігін дәлелдей түсуде. Қазақстан  Орта Азиядағы энергетикалық көшбасшы және энергия ресурстарын сенімді жеткізуші ретіндегі ұстанымын нығайтады.
Қазақстан әлемдік ядролық отын нарығындағы өз позициясын күшейте отырып, уран жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады. Еліміздің уран қорлары АҚШ пен Қытай сияқты негізгі ойыншылардың назарын аударып отыр және өз атом генерациясын құру қазақстандық уранға деген қызығушылықты арттырады. Бұл өз кезегінде елдің әлемдік аренадағы стратегиялық маңызын күшейтіп, оның жаһандық энергетикалық дипломатиядағы орнын нығайта алады.
Сарапшылар Қазақстанда АЭС салу энергетикалық әртараптандыруға, сонымен қатар өңірдегі және әлемдегі энергетикалық теңгерімге әсер ететін маңызды геосаяси шешім екенін түсіндіреді. АЭС құрылысына қатысты әріптесті таңдау, қауіпсіздік және экономикалық рентабельділік мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық энергетикалық жүйедегі рөлі  АЭС жобасын еліміздің ішкі және халықаралық саясатының негізгі элементіне айналдырады.

RELATED NEWS
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.