Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов ойын бизнесіне қатысты заңға пікір білдірді, деп хабарлайды Ulys.
«Бүгін ел Президенті маңызды Заңға – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ұлттық Құрылтайдың Атырау қаласында өткен үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аудара отырып, ойынға тәуелділікті басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атағаны бәріміздің есімізде. Президент ойынға тәуелділікпен күресу бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюды, Кешенді жоспарды және тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Міне, нәтиже. Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдады, соның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне де. 100-ден астам түзетулерді депутаттар енгізді. Негізгілері туралы қысқаша. Енді өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң ойын бизнесіне қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтты. Тыйым салуды ертерек тоқтату мүмкін емес болады», -деді депутат желідегі парақшасында.
Сондай-ақ ол борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге қосымша тыйым салынғанын, олардың саны шамамен 3,5 миллион адамды құрайтынын жеткізді.
«Сонымен қатар, жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартуға және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі енгізілген. Енді мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құмар ойындарға – букмекерлік кеңселерге, казиноларға және онлайн казиноларға заңды түрде шектеу қойылады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты қатаң шаралар қолданылады, оның ішінде, келеңсіз себептермен жұмыстан босатылады. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға ойын мекемелерінде және өздерінің интернет-ресурстарында құмар ойындарға қатысудың және бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді орналастыруға міндеттеме енгізілуде. Заң құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібін де белгілейді. Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады, букмекерлік кеңсенің немесе бәс тігу дүкенінің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде орналасқандарды қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің ғимараттарда, көліктерде сыртқы жарнамасына, спортшылардың жабдықтарында тыйым салынады. Бұқаралық ақпарат құралдарында спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен лотереяларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған. Сонымен бірге, енді онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады. Бұл шаралардың барлығы құмар ойындарға тәуелділікпен тиімді күресуге ықпал ететініне сенімдімін. Ал қазір барлық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бүкіл қоғамымыздың біріккен және жүйелі жұмысы өте маңызды», - деп толықтырды Д.Тұрғанов.