Валюта бағамы
  • USD -

    474.9
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілді
15 наурыз 2020
Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілді

Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ulys Ақордаға сілтеме жасай отырып Жарлықтың толық мәтінін жариялайды.

***

Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы

Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін.

2. Төтенше жағдайдың кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда құрылсын және оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктер берілсін.

3. Төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;

3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын;

4) карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын;

5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын;

6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.

4. Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері айқындалсын.

5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін. 6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін;

2) медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауаптылығының шаралары күшейтілсін;

3) орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау мақсатында осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 15 наурыз № 285

RELATED NEWS
Атырау әкімі қарамағындағыларға: Әрбір адамның қауіпсіздігі үшін жауап бересіздер 
10 маусым 2020
Атырау әкімі қарамағындағыларға: Әрбір адамның қауіпсіздігі үшін жауап бересіздер 

Атырауда Covid-19 індетінің таралуына қарсы күрес жұмыстары сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға қатысты өткен селекторлық жиналыста Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға әрбір адамның қауіпсіздігі үшін жауап беретіндерін ескертті, деп хабарлайды, Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

 

Жиында Атырау облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев карантин жарияланған аудан және ауыл тұрғындарының барынша сақ болу керектігін ескертті. Өйткені, көптеген тұрғындар әлеуметтік желіде тараған коронавирус жоқ деген алыпқашпа әңгімелерге сенеді. Ол аздай маскалық режим мен арақашықтықты сақтауда абай болмай отыр.

Сондықтан ол халықты той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартуға шақырудың маңызын атап өтті. Себебі, Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округінен 20-дан астам жағдай анықталып, ауыл карантинге жабылып, шектеу шаралары енгізілуі осыған дәлел. Оның сөзінше, тұрғындар арасында карантиндік режим талаптарының сақталмауы атап айтқанда, бетпердесіз жүру, үш және одан да көп адамның шоғырлануы, арақашықтықтың  сақталмауы ауруды жұқтырушылардың артуына соқтырған. Ал медициналық қызметкерлер арасында тіркелу себебі: олардың  коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша іс-қимыл алгоритімін сақтамауы себеп болған. 

 

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова коронавирус індеті басталмай тұрып-ақ аймақта ауқымды дайындық жұмыстары мен алдын-алу шаралары жүргізілгенін айтты. Соның арқасында қауіпті дерттің жаппай таралуына жол берілмегенін атап өтті. Сонымен қатар қазір қауіпті індетпен күресте сала мамандарының тәжрибесі ғана артпаған, тиісті материалдық мықты база мен жеткілікті түрде арнайы орындар саны артқан.   

-           Алғаш Covid-2019 инфекциясы тіркелген кезде  облыста небары 130 кереуеттік инфекциялық стационар болса, қазір 595-ке, бастапқыда 1900 орындық карантиндік стационар болса, қазір 2328-ге жетті. 200 керуеттік провизорлық стационарды 263-ке дейін көбейттік. Бүгінгі күні инфекциялық стационардан 773 науқас, провизорлық орталықтан  429 сондай-ақ карантиндік стационардан 2255 науқас емделіп шықты,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Сонымен қатар,  аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға қатысты ол бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, аудандар жұмысын күшейтіп, мониторингтік топтар құру керек.

Сондай-ақ барлық медициналық ұйымдар қызметкерлерін сақтық шараларын өткізуі тиіс, тұрғындар арасында БАҚ-ты тарта отырып түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек, бұған қоса сала мамандары той-томалақ, жиындардың болмауын қырағы қадағалауы тиіс.

 

Бүгінде Атырау облысында Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны  1227-ге жетті. Оның 1024-сі Теңізден болса, қалған  203-і қала мен аудандардан тіркеліп отыр. Теңіз кеніші ахуалы ушыққан тұста облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов барып, жағдайды зерделеп, тиісті тапсырамалар берген болатын. Одан әкімнің соң екі Теңіз кенішінде жұмыс тобына жетекішілік етіп, мониторингтік топтар құрып, жұмысты жүйелендірген болатын. Соның арқасында қазір Теңіз кенішіндегі ахуал  тұрақтанды.

Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов әсіресе аудан әкімдеріне сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Әр адамды қауіпті індеттен қорғаудың маңызын атап өткен аймақ басшысы Covid-2019 инфекциясының таралуына жол бермеу үшін әрбір әкім өз басымен жауап беретінін қадап ескертті. Карантинге жабылған аудандарға медициналық көмек көрсетуді, қажетті жабдықтармен қамамасыз ету керек болса облыстың көмектесуге дайын екенін де жеткізді. Аймақ басшысы ең бастысы — халыққа коронавирустың қауіпі туралы түсіндіру жұмыстарын бір сәт те тоқтатпауды жүктеді.

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 18 млн адамға жуықтады
03 тамыз 2020
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 18 млн адамға жуықтады

Дүниежүзлік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 3 тамыздағы жағдай бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 18 миллион адамға жуықтады.

Вирустан 686 703  адам көз жұмған.

Індетке шалдыққандар саны жөнінен АҚШ көш бастап тұр. Мұнда 4,6 млн адам ауру жұқтырған. Екінші орында Бразилия (2,7 млн), үшінші орында Үндістан (1,8 млн), төртінші орында Ресей (854,6 мың) тұр.

 Биыл шетелдік туристер Италияға бара алмайды
26 сәуір 2020
Биыл шетелдік туристер Италияға бара алмайды

Италия Үкіметі осы жылдың соңына дейін шекараны ашпайтынын мәлімдеді. Туристік саладағы жұмыстар ішкі туризмде ғана атқарылмақ.

ИР мәдениет және туризм министрі Дарио Франческинидің айтуынша, шекараларды ашу туралы шешім коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайға және әрбір жекелеген мемлекеттің саясатына байланысты қабылданады.

Бұл мемлекет ішкі туризмді дамытып, осыған байланысты табысы төмен отбасыларды қолдайтын болады. Субсидия бір отбасыға 500 евроға дейін болады. Бұл қаржы ел ішіндегі жазғы демалысқа беріледі. Мамыр айында 8 наурыздан бастап жабылған Италияның музейлері мен көрікті жерлерін ашу көзделген.

Италияда COVID-19 қауіпті вирусының кесірінен 26 мыңнан астам адам көз жұмған. Ел осы көрсеткіш бойынша әлемде үшінші орында тұр.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.