Валюта бағамы
  • USD -

    524.1
  • EUR -

    616.5
  • RUB -

    6.57
ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
22 қаңтар 2019
ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Түркияның Анкара қаласында Қазақстан-Түркия сауда-экономикалық ынтымақтастығына қатысты отырыс өтті. Бұл туралы ақпарат Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің facebook парақшасында  (https://www.facebook.com/kzembassy) жарияланды.

«Атамекен» ҰКП Сыртқы сауда саясаты Төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов бастаған қазақстандық іскер топ өкілдерінің Түркияға жұмыс сапары шеңберінде ұйымдастырылған шара (OSTİM) ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймағында өткен. 

Жиында сөз бастаған «ОСТИМ» басқарма төрағасы Орхан Айдын екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тоқтала отырып, аталған ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймағының мүмкіндіктері туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізген ол жиынның табысты өтуіне тілектестігін білдірді. Ал Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы болса, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынастарға ерекше назар аударды. Өткен жылы екі-жақты ынтымақтастықтың дамуы мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Қазақстанның 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес, Түркияның инвестиция тарту бойынша басым елдер арасында орын алғандығына баса назар аударды. Елші сонымен қатар, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы жан-жақты баяндады. Ол атап айтқанда, еліміздің саяси-экономикалық тұрақтылығы, инвестициялық климаты, сапалы әрі арзан жұмыс күші, табиғи байлықтар, логистикалық тартымдылығы және қолайлы салық жүйесі туралы ақпарат бере отырып, еліміздің инвестициялық басымдылық берген секторлар туралы сөз қозғады. Сөз соңында Қазақстандағы бірегей инвестициялық жобалар бойынша мәлімет бере отыра, түрік кәсіпкерлерін елімізге инвестиция құюға шақырды.

«Атамекен» ҰКП Сыртқы сауда саясаты Төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов өз кезегінде «Атамекен» палатасының кәсіпкерлерге ұсынған қызметтері туралы баяндай отырып, Қазақстандағы түрік фирмаларын тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Атамекен» палатасының Түркия палаталар және биржалар одағымен бірлесе отырып 2019 жылға жоспарлаған жобалары туралы айтты. Атап айтқанда, қазақ-түрік бірлескен палатасын құру жобасына баса назар аударды. Жиын Қазақстаннан келген іскер топ өкілдерінің түрік әріптестерімен өткізген B2B кездесулерімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, Елші А.Сапарбекұлы және қазақстандық іскер топ өкілдері, Анкара өнеркәсіптік палатасы 1-ші ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймақ басқарма төрағасы және басқарма мүшелерімен дөңгелек үстелде бас қосты. Аталған жиында да екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастар егжей-тегжейлі талқыланды. «Атамекен» палатасы бастаған сапар Түркияның ірі өндірістік аймақтарының бірі Конья қаласына жалғасады.

Анықтама: 50 жылдық тарихы бар «ОСТИМ» ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймағы қарамағында 17 секторда қызмет көрсететін, 60 000 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 6 200-ден астам фирма қызмет көрсетеді.

RELATED NEWS
Автомобиль саласына құйылған инвестиция бір жылда 3,5 есеге өскен
13 тамыз 2024
Автомобиль саласына құйылған инвестиция бір жылда 3,5 есеге өскен

2027 жылға қарай автомобиль өнеркәсібін 50%-ға дейін оқшаулау жоспарланған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

 Қазақстандық автомобиль өнеркәсібі – инновацияларды енгізуді және жаңа шешімдерді әзірлеуді қажет ететін технологиялық сала. Дамудың стратегиялық бағыты елдің экономикалық өсуіне және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндіктер ашады. Бұл жалпы Қазақстанның технологиялық прогресіне, оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылдан бастап заңнамалық талаптарды қатайтып, өндірушілерді автомобиль құрастырудың күрделі деңгейіне көшуді міндеттейді.

Отандық автомобиль өнеркәсібі барлық кәсіпорындардың шанақ пен кабинаны дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ірі түйінді құрастырудан шағын түйінді құрастыруға кезең-кезеңімен көшуге бағытталған шарттармен қамтамасыз етілген. Осылайша, 2027 жылға қарай шағын түйін әдісі бойынша автомобиль өндірісінің үлесін жалпы көлемнің 50%-на дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда.

Мәселен, алдағы екі жылда үш ірі автомобиль өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл «KIA Qazaqstan», «Astana Motors  Manufacturing Kazakhstan» және «Orbis Kazakhstan». Жоспарланған өнім көлемі 240 мың дана құрайды.

Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына дейін өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әсер ететін құрамдас бөліктерді өндіру бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 760 млрд теңгеден астам.

Қазақстанда утиль алымы енгізілгеннен бері «General Motors», «KIA», «Hyundai», «JAC», «Skoda», «Yutong», «Chery», «GWM», «Changan» және т.б. сияқты шетелдік компаниялар нарыққа тартылғанын ескерген жөн. 

Салаға 2018-2022 жылдар аралығында 56,9 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Ал 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 35,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.

Осының барлығы жасалған инвестициялық шарттардың арқасында, оның бір бөлігі утиль төлемі және бастапқы тіркеу үшін алым болып табылады.

 

 

 

Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған
12 қыркүйек 2024
Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанада өткен шетелдік журналистерге арналған брифинг барысында Қазақстанға тартылған инвестиция туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

«1993 жылдан Қазақстан жалпы сомасы 441 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартты. 2005 жылдан бері еліміздің 10 ірі инвестордың қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Оңтүстік Корея және Жапония кіреді», - деді министрдің орынбасары. 

Ол 2023 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция жалпы ағыны 23,4 млрд долларға жеткенін, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 5,7 млрд долларды құрағанын атап өтті.

«Осы аптада Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан эмитентінің ұлттық және шетел валютасындағы ұзақ мерзімді рейтингтерін Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Бұл  Moody’s тарапынан Қазақстанға берілген ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады», -  деп толықтырды Роман Василенко. 

Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет - Тоқаев
31 қазан 2024
Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет - Тоқаев

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді, деп хаабарлайды Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Кеңестің инвестициялық климатты жақсартуға қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Сондай-ақ геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады.  Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

– Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады.

– 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.  Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек,  Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие.

– Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, –  деді Президент.

Инвесторлардың назар аударуына лайық саланың бірі – агроөнеркәсіп секторы.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады. Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика секторында Қазақстан Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Елімізде он бір мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жүк терминалдарын салу мен кеме өндірісін жолға қою арқылы Орта дәліз инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуға баса назар аударылады.

Президент өз сөзінде инвесторлар құқығын қорғау және реттеушілік саясатты дамыту мәселелеріне ерекше мән берді.

Мемлекет басшысы сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық жұмыс істегенде, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады.  

Жаңа Салық кодексі машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтамалар сатып алуға жұмсалған шығындарды шегеретін салық преференцияларын бекіту арқылы инвестициялық кезеңді жандандырады.

Еліміз қаржы секторындағы ынтымақтастық аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының  қызметіне ерекше мән береді. АХҚО – әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибесін меңгерген Орталық Азия өңіріндегі бірегей мекеме.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жалғастырудың маңызына назар аударды.

Сонымен қатар жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев сөз сөйледі.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.