Валюта бағамы
  • USD -

    534.7
  • EUR -

    619
  • RUB -

    6.65
Қазақстан трансшекаралық өзен суын пайдалану мәселесін қалай шешуде
Фото: voxpopull.kz 18 шілде 2024
Қазақстан трансшекаралық өзен суын пайдалану мәселесін қалай шешуде

Су ресурстарын тиімді басқару шараларын әзірлеп, енгізу көптеген елдермен қатар, еліміз үшін де аса маңызды. Бұл тұрғыда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен әзірленген жаңа Су кодексі жобасының маңызы ерекше. Құжат Парламент Мәжілісіне енгізілген және су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше жағдайларды болжау, жоспарлау және оларға уақытылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, заманауи су ресурстарын пайдаланудың маңызды құралына айналады. 

PrimeMinister.kz редакциясы су ресурстары мен суару саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілді, еліміздің су заңнамасы қалай жаңғыртылатыны туралы Министрліктің 2024 жылғы I жартыжылдықтағы жұмысының қорытындылары қамтылған шолу материалын ұсынады.

Қазақстанның су шаруашылығы саласын трансформациялау шеңберінде үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады.

Біріншісі – су үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр. Жаңа Су кодексінің жобасына сәйкес тазартылған сарқынды сулар сумен жабдықтау көздерінің біріне айналып, экономика салаларында белсенді түрде пайдаланылатын болады.

Екіншісі – су шаруашылығы инфрақұрылымын толыққанды жаңғырту, су үнемдеудің озық технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен халық, кәсіпорындар арасында су үнемдеу мәдениетін енгізу. 

Үшіншісі – көрші мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді, бұл су ресурстарын сақтау әрі ұтымды пайдалану жөніндегі бірлескен жобалар мен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Нормативтік-құқықтық база

Жаңа Су кодексі жобасында суды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер талқыланды. Осылайша, құжат жобасы уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын жүктейді. Қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, сондай-ақ жедел әрекет етудің жаңа құралдарын енгізу бойынша толықтырулар енгізу ұсынылады.

Су саласын цифрландыру, шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу шаралары басқа стратегиялық құжатта көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасын әзірледі.

Сондай-ақ ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізілуде. Су тасқынының алдын алу және олардан келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделеді. Су тасқынын болжау мен үлгілеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту шаралары күшейтілуде.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыруды бастады. Нәтижесінде 1,1 млн адам тұратын 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын су құбырларын салу және реконструкциялау жоспарланған. Сондай-ақ 10 өңірдегі 96 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2024 жылы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жаңа 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3,5 мың шақырым суару желісін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2,6 мың шақырым суару каналдарын автоматтандыру жоспарланған. 17 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Бірінші жартыжылдықта Қазақстан Үкіметі Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекітті. ҒЗИ экологиялық проблемаларды, су деңгейінің төмендеуін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий акваториясын мен жағалауын зерттейтін болады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен ынтымақтастығы нәтижесінде Су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады. Ол елдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды, су ресурстарын соңғы тұтынушыға дейін бөлу мен пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастық

2024 жылдың басынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық Қазақстанға өтті. Бейінді министрлік Дүниежүзілік банкпен бірге іске асырылатын Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.

Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86 отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы уағдаласты.

Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33 отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені бойынша 180 млн текше метр және Талас өзені бойынша 380 млн текше метр су беру туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ Қазақстан Өзбекстанмен екі ел тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін есептегіштерді орнату туралы келісті. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында есептегіштер орнатады, ал өзбек жағы — бізге.

Сонымен қатар Министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасын әзірлеуде.

2024 жылы Қазақстан Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан бөлек пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендердің, көлдердің және олармен байланысты жер асты суларының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын реттейтін халықаралық құжат саналады.

RELATED NEWS
Каспий  жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды
01 мамыр 2025
Каспий жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды

Каспий теңізінің жағалауынан Қызыл кітапқа енген 88 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Ulys.

Өлі жануарлардың сүйектерін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтаған. Оқиға орнына инспекция, жергілікті атқарушы орган және Гидробиология және экология институтының өкілдері шықты. Факт Түпқараған аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

«Казгидромет» мәліметінше, аталған кезеңде өңір акваториясында батыс бағытындағы желдер басым болған. Соның салдарынан итбалықтардың өлі денелері жағаға шығарылған болуы мүмкін.

Комитеттің хабарлауынша, табылған итбалықтардың денесі қатты ыдырау сатысында. Бұл жағдай биологиялық сынамалар алу мен оларды зертханалық жолмен, соның ішінде токсикологиялық және патологоанатомиялық тұрғыдан сараптауды мүмкін етпейді. Сондықтан қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау қиын болып отыр.

Барлық өлі жануар санитарлық талаптарды сақтай отырып, Түпқараған ауданындағы полигонға жеткізіліп, жойылды. Мамандар Каспий теңізінің жағалауын бақылауды жалғастыруда.

Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін
30 сәуір 2024
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін

Тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асатыны туралы болжамдар ел ішінде берік бекіп алды. Бірақ бұл халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты нысандарды қалпына келтіруге, үйіндегі тұрмыстық техникасы мен мал-мүлігін бүтіндеп беруге бағытталатын қаражат көлемі болса керек.

Өйткені тасқын салдарын жоюға бюджеттен бөлінген қаражат пен қалталы топтардың бөлгені ақшасының өзі 330 млрд теңгеге жетті.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 24 сәуірде БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде тасқынмен күреске қазірдің өзінде бюджеттен 140 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Сол күнгі ресми мәлімет бойынша, елдегі ең ірі кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялар тасқын салдарын жоюға бөлген қаражаттың жалпы сомасы 190 млрд теңге болған.

Мұнша қаражаттың өзі тасқын салдарын біржола жойып, келешектегі қатердің алдын алуға жетпейтін сияқты. Олай дейтініміз, өткен аптада Үкіметтің бірнеше мүшесі Сауд Арабиясына барған болатын. Бұл елдер бірнеше ірі халықаралық жиын өтіп жатыр. Соның аясында Қазақстан өкілдері ислам әлеміндегі ірі қаржы институттарының, холдингтердің басшыларымен кездесіп үлгерген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаянмен кездесіп, елдегі тасқын салдарын жоюға қолдау көрсететіні туралы уәде алды.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі тобының президенті кездесті.

Үкіметтің ресми сайты жазған мәліметке сүйенсек, вице-премьер мен Мұхаммед Әл-Джассер арасындағы кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру мәселесі болған. 

«Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу шаралары көзделіп отыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл аударылады», - делінген ресми ақпаратта.

Тасқын Үкіметтің алдағы жоспарын айтарлықтай өзгертіп кетті деуге болады. Апатпен күреске ақша табу үшін бұған дейін қабылданып кеткен ұлттық жобалар мен бағдарламалардың, халықаралық шаралардың шығыны қайта қаралып, бірнеше ведомствоның бекітілген бюджеті қысқарды.

Жалпы елде тасқын болмай тұрған кездің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігі елде 20 жаңа су қоймасын салу жоспарын жалпыға жария етіп үлгерген болатын. Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі басшысымен өткізген келіссөзде осы нысандарды қаржыландыру мәселесі сөз болған.

Аталған 20 су қоймасының ортақ сыйымдылығы 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Осы 20 нысанның алғашқы болып Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасы Түркістан облысында салынып бітті. Одан кейінгі кезекте Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы 9 нысан тұр.

Атап айтсақ, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды. Ал Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы жобаланып жатыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Есіл контрреттегішінің, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасының, БҚО Жалпақтал кенті мен Сексенбай ауылындағы су қоймаларының, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймаларының, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бұл жаңа жыл сайын қайталанатын тасқындардың алдын алып, қуаңшылықпен күресуге, Қазақстанның көрші елдерден кіретін су ресурстарына тәуелділігін 25%  төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар. Осының арқасында елдегі суармалы алқап көлемін 250 мың гектарға ұлғайтып,  137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді тасқын қаупінен қорғауға мүмкін туындауы керек.

Сондай-ақ, келешекте жалпы сыйымдылығы 1,9 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын күрделі жөндеу көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмыс бастау жоспарланған. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкімен жүргізген келіссөзі нәтиже берсе, осы жобаларға араб әлемінен ақша тартылуы мүмкін деген сөз.

Айта кету керек, Қазақстан  1995 жылдан бері Ислам даму банкінің мүшесі болып есептеледі. Содан бері бұл институт Қазақстандағы 67 жобаға 1,8 млрд доллар бөлген.

Биыл еліміздің қоймаларына рекордты  су жиналды –  министрлік
23 желтоқсан 2024
Биыл еліміздің қоймаларына рекордты су жиналды –  министрлік

Балқаш көліне өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд текше метр артық су жіберілді, деп хабарлайды Ulys Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған министрліктің мәліметінше, биыл еліміздің су қоймаларына рекордты – 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Оның 12 млрд текше метрден астамы тасқын суы.

Тасқын суын дұрыс бөлу су қоймаларын толтырып қана қоймай, соңғы жылдары құрғауға айналған өзендер мен көлдерге, шабындықтарға, табиғи жайылымдарға және басқа да айдындарға су жіберуге мүмкіндік берді, – деп қосты ведомство.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түсті. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады. Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.