Валюта бағамы
  • USD -

    543.5
  • EUR -

    642.5
  • RUB -

    6.53
Қазақстан мен Ресей сарапшылары маңызды мәселелерді талқылады
Фото: Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 28 қараша 2024
Қазақстан мен Ресей сарапшылары маңызды мәселелерді талқылады

Бүгін Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесінің (ҚРСК) отырысы өтті, деп хабарлайды Ulys Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сілтеме жасап.

Кездесу тақырыбы: «Қазақстан және Ресей: екіжақты ынтымақтастықты нығайту». Іс-шара Ресей Федерациясы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарына орайластырылған. Қатысушылар елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың негізгі аспектілерін, энергетика саласындағы әріптестікті кеңейту жолдарын, су ресурстары саласындағы бірлескен бастамаларды, климаттық күн тәртібін және гуманитарлық ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Ресей Ғылым академиясының Е.М.Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты бірлесіп, Ресей СІМ ММХҚИ атсалысуымен  ұйымдастырды.

ҚРСК отырысына ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, РҒА Е.М. Примаков атындағы ӘЭХҚИ директоры Федор Войтоловский, Ресей СІМ ММХҚИ проректоры Артем Мальгин, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын зерттеуде маманданған жетекші қазақстандық және ресейлік сарапшылар қатысты.

Өз алғысөзінде Е.Тұқымов Қазақстан мен Ресейдің экономикалық, сауда және инвестициялық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардағы елеулі жетістіктерін атап өтті.

«2023 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рекордтық 27 млрд долларға жетті. 2024 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш шамамен 19,5 миллиард долларды құрады. Ресеймен бірлесе отырып, жалпы құны 5,9 трлн теңгені құрайтын, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған 31 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда», — деді ҚСЗИ директоры.

Ол Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесінің маңыздылығына ерекше тоқтталды.

«Бұл алаң әртүрлі тараптардың, соның ішінде Қазақстан мен Ресей аймақтарының пікірлері мен мүдделері екіжақты күн тәртібінде көрініс табуы үшін сарапшылар диалогының негізгі құралы болып табылады», — деп атап өтті ҚСЗИ басшысы.

РҒА ӘЭХҚИ директоры Федор Войтоловский өз кезегінде РҒА ӘЭХҚИ мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын 30 жылға жуық ынтымақтастық байланыстыратынына тоқталды.

«Бұл ұзақ және ауқымды мерзім. Біздің диалогымыз екі елдің қарым-қатынасында сөзсіз туындайтын қиындықтарды, ебедейсіздіктерді және күрделі мәселелерді жасырмай, Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының кең күн тәртібін және және олар дамып келе жақан халықаралық экономикалық және саяси контекстті талқылауға дайын болуға негізделген», — деді ӘЭХҚИ директоры.

Сондай-ақ, Ф.Войтоловский Қазақстан мен Ресейдің екіжақты күн тәртібінің негізінде прагматизм тұрғанын атап өтті.

«Біздің екі президентіміз де өте прагматикалық категорияларда – экономикалық орындылық, өзара тиімді серіктестік және ынтымақтастық санаттар туралы айтады, ойлайды және әрекет етеді. Бұл прагматизм рухы, нақты нәрселерге, ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, бізде бар және біз жиынтықта нығайта отырып, біздің өзара іс-қимылымызды дамытуға бағытталған рух», — деді ӘЭХҚИ директоры.

 

Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының негізгі бағыттарына арналған сессия барысында РҒА ӘЭХҚИ директорының орынбасары Сергей Афонцев жаһандық экономикалық географияның одан әрі эволюциясының ықтимал сценарийлерінің бірлескен пайымдауын және бұл үдерістерге белсенді қосылу мүмкіндіктерін әзірлеу мақсатында аналитикалық күш-жігерді біріктіруді ұсынды.

«Мәселе Еуразиялық континенттің көліктік байланысы, жаңа сауда бағыттарын қалыптастыру және олардың әлеуетін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту үшін ғана емес, сонымен қатар құн тізбегін құру үшін пайдалану туралы болып отыр», — деді С.Афонцев.

РФ СІМ ММХҚИ Еуразиялық зерттеулері орталығының директоры Иван Сафранчук өз кезегінде «орта» және «ұлы» державалардың халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелеріне қатысты ұстанымдарындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарға тоқталып, Қазақстан мен Ресейді мысалға келтірді.

«Бүгінде Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымы «орта держава» категориясының рөлімен айқындалады. Менің көзқарасым бойынша, «ұлы держава» мен «орта держава» елдерінің түбегейлі айырмашылығы неде? Бұл олар қабылдауға дайын тәуекел деңгейі. Ұлы державалар сыртқы саяси ұстанымында орташалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары тәуекелге баруға дайын. Сонымен бірге, орта және ұлы державалардың сыртқы саяси ұстанымдарында көрінетін айырмашылыққа қарамастан, негізгі халықаралық мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымызда өте маңызды сәйкестік бар екенін атап өткім келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс берудің қарапайым индексі бар. Бізде 2009-2014 жылдар аралығында бұл индекс 100% ұқсастыққа жеткен кездер болды. Яғни, негізгі халықаралық мәселелер бойынша біз бірдей ұстанымда болдық. Бүгінде бұл көрсеткіш 85–90%-ға дейін төмендеді, бірақ әлі де өте жоғары. Әлем қандай болу керек, халықаралық қатынастар жүйесін қалай реформалау керек деген ойымыз бір, бірақ оған жету құралдары туралы ойымыз мүлде бөлек дер едім», — деді И.Сафранчук.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов өз сөзінде Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылы сауда-инвестициялық салаларда жоғары серпінді болып отырғанын атап өтті.

«Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Еуразия аймағындағы Ресейдің тікелей шетелдік инвестициясын ең көп алушы ел. 2022 жылдан бастап 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде Қазақстандағы ресейлік ТШИ жинақталған көлемі 10,1 млрд долларға жетіп, 16%-ға өсті», — деді Қ.Нығметов.

Энергетика, су ресурстары және климаттық күн тәртібі саласындағы озық тәжірибеге арналған сессияда KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Дамир Нарынбаев қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық жүйесі ауқымды трансформация кезеңінен өтіп жатқанын және алдағы онжылдықта ол айтарлықтай цифрланған және төмен көміртекті болады деген ой айтты.

«Біз климаттық күн тәртібіндегі белсенді ынтымақтастықты, сондай-ақ көмірді терең өңдеу, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу, таза энергия өндірісін оқшаулау тұрғысынан жаңартылатын энергия көздерін дамытудың ресейлік тәжірибесін, өнеркәсіпте, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде энергия тиімді технологияларды енгізу, оның ішінде қазандықтар мен жылу электр станцияларын жаңғырту, энергия жүйелерін, оның ішінде сұранысты анықтау және басқару жүйелерін басқарудың АТ шешімдерін әзірлеу және енгізуді құптаймыз», — деді Д.Нарынбаев.

«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов өз кезегінде интеграциялық бірлестікті одан әрі дамытудың негізі ретінде ЕАЭО мұнай, газ және электр энергиясының ортақ нарығының жұмыс істеуіне қатысты мәселелерге тоқталды.

Тағы бір сессия гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға арналды. «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының ғылыми директоры, Астана халықаралық университетінің доценті Таисия Мармонтова өз сөзін ғылыми дипломатияға арнады.

«Бірлескен ағарту және ғылыми-зерттеу бастамалары ғылыми даму деңгейін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және цифрландыру сияқты трансшекаралық проблемаларды шешуге көмектеседі», — деді Таисия Мармонтова.

Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі 2022 жылдың қазан айында Ресей мен Қазақстанның жетекші сараптамалық және талдау орталықтарының өзара әрекеттестігінің алаңы ретінде құрылды. ҚРСК-ның негізгі мақсаты – екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми зерттеулерді үйлестіру және екі елдің ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтарының жүйелі ынтымақтастығына жәрдемдесу, қолдау көрсету.

RELATED NEWS
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

«Бестіктен» «ондыққа» айналған ШЫҰ: Астана декларациясының маңызы
10 шілде 2024
«Бестіктен» «ондыққа» айналған ШЫҰ: Астана декларациясының маңызы

Есірткіге қарсы ортақ стратегия, терроризм, сепаратизм,  экстремизм сияқты қауіпті құбылыстармен бірлесіп күресу,  энергетика саласындағы ынтымақтастық, ақпараттық қауіпсіздік, тату көршілік, ауызсу қауіпсіздігі, қоршаған ортаны  бірлесіп қорғау. Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің практикалық қырын бір сөйлеммен осылай түйіндеуге болады. Мұның бәрі, айналып келгенде, елдегі тұрақтылыққа тұтқа болатын өзекті мәселелер.

ШЫҰ Астана саммитін Қытай мен Ресейге кіріптар елдердің басшылары жиналатын кезекші жиындардың бірі ретінде сипаттаушылар саммитте қол қойылған 25 құжаттың ішінде біз атаған мәселелер бойынша уағдаластықтар қайта өзектендірілгенін назарға ала бермейді.
 Есірткі саудасы бір елдің ішінде ғана жүретін тұйықталған нарық емес. Маңайдағы елдердің ішкі тұрақтылығы қаншалықты осал болса, іргелес елдердің өзара татулығы қаншалықты әлсіз болса, есірткінің трансұлттық саудасы соғұрлым өрши бермек.  Бір шетінде Ауғанстан тұрған Орталық Азия үшін бұл мәселе ерекше маңызды болатыны содан.
Шанхай ондығының аясында террорзим мен сепаратизмге қарсы ынтымақтастық орнату осы тұрғыдан маңызды. Қазақстандағы сепаратизмнің қатері туралы ойлансақ, есімізге елдің тұтас бір өңірлерін Ресейдің субъектісі етуге құштар ылаңшылардың сотталып жататыны түседі. Шанхай ұйымындағы әріптес ретінде Мәскеумен арада осындай келісімінің болғаны да біраз істе еркінірек әрекет етуге жол ашады. 
Ресейдің Өзбекстан мен Қазақстанға газ одағын құруды ұсынып жүргеніне де біраз болды. Ал Қазақстан елдің шығысы мен солтүстігіне  Омбы мен Орынбордан газ тарту үшін Қытайды да ойынға қосу қажет деген ұстанымда отыр. Оның қисыны мынандай, Қазақстан Ресейден алған газдың бір бөлігін оңтүстіктегі газды Қытайға жіберу арқылы өтейді. Есесіне Ресей Қытай алдындағы газ міндеттемесін орындауда тасымал шығынын қысқартады. Мұндай жүйе Ресей газына жалғанған Қазақстанның елді мекендері ай мен күннің аманында көгілдір отынсыз қалмауына кепілдік болады. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ аясындағы энергетикалық ынтымақтастық Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газдандыруда маңызды рөл атқармақ.
«Өзбекстан ресейлік «Росатом» компаниясымен бірге Шардара су қоймасынан жақын жерде атом электр стансасын салуға кірісіп кетті. Ал Қазақстан биыл күзде АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізбекші. АЭС технологиясы ШЫҰ-дағы тағы бір ойыншы – Қытайда да бар. Қазақстанда АЭС салуға әлеуетті ресми вендерлердің ішінде Франция, Оңтүстік Корея, Ресеймен бірге Қытай да бар. АҚШ-тың АЭС саласындағы технологиясы да Қазақстан тарапынан мұқият зерттеліп жатыр. Әзірше бізде салынуы мүмкін АЭС Балқаштың іргесіндегі Үлкен кентінен бой көтереді деп көзделіп отыр. АЭС салысатын елі ретінде Қытай мен Ресейдің бірі болса, Бейжіңнің трансшекаралық Іле өзені құятын Балқаштың бойынша АЭС салуымызға келісім беруі оңайлайды. Ал Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ технологиясы таңдалса, дипломатиялық диалог қажет болатыны сөзсіз. ШЫҰ аясындағы энергетикалық ынтымақ осы тұрғыдан қажет дүние.
Астана саммитінің «ШЫҰ+» форматындағы кездесуінде сөз сөйлеген Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш жасанды зейіннің қатері туралы біраз ой айтты. Бұл технология бойынша әлемде көш бастап тұрған елдердің алдыңғы қатарында ШЫҰ-ға мүше Қытай мен Үндістан бар. 
Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, қытайтанушы Олжас Бейсенбаев осы екі елдің технологиясын пайдалана отырып, интернет алаяқтық, онлайн қаржы пирамидалары  сияқты кибер қылмыстарды тежеуге болатынын айтады. 
ІТ-сарапышлар суперкомпьютер технологиясын тиісті деңгейде меңгермеген елдер озық елдердің алдында цифрлық егемендігін жоғалтуы мүмкін екенін айтып жүр. Олжас Бейсенбаев ШЫҰ алаңын пайдаланып, суперкомпьютер ғылымын жетілдіруге болатынын айтады. 


«Кейбір халықаралық сараптамаларда цифрлық егемендік туралы айтыла бастады. 2023 жылы киберқылмыстың кесірінен бүкіл әлемде 5 миллиард доллардай шығын келген дейтін деректер бар. Біз өзіміздің кибер кеңістігімізді  қорғау жайында ойлануымыз керек. ШЫҰ аясындағы киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да маңызды етеді», - дейді қытайтанушы.

Сондай-ақ, ол «ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды пайдаланып өз мамандарымызды Қытай мен қоса Үндістанға ғылыми тағылымдамадан өткізуге болатынын еске салады. 


«Спутник, робот технологияларында, суперкомпьютер бағыттарында Қытайдың көш басында тұрғанын білеміз. Үндістан да ІТ-технология алдыңғы орында. Сондықтан осы салаларда өзара білім бөлісуміз қажет. Мұның бәрі өз ішіміздегі цифрлық теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді. Өйткені Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы цифрландыру деңгейін қиырдағы ауылдардың жағдайымен салыстыруға келмейді. ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды пысықтаған кезде әсіресе шекаралық аймақтарды цифрландыру мәселесін алға шығарып отыру керек», - дейді шығыстанушы.

Ғалым айтқан бағыттардың бәрін ШЫҰ аясындағы ақпараттық қауіпсіздік шаралары арқылы іске асырудың мүмкіндігі бар. 
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы су қорының 46 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы көршілес елдерден кіреді. Ал  бізбен су бөлісіп отырған көршілес елдердің бәрі ШЫҰ аясындағы әріптес мемлекеттер. Астана саммитінде қол қойылған 25 құжаттың ішінде ауыз су қауіпсіздігіне жеке құжаттың арналуы осы тұрғыдан маңызды. 
Мысалы, Ертіс мәселесіне келгенде Бейжің өзен ортасындағы Қазақстанмен де, аяғындағы Ресеймен де жеке-жеке келісуді жөн көреді.  Мұндай тәсіл тиімсіз болып жатқан жағдайда ШЫҰ аясындағы диалогқа шақыру орынды болуы мүмкін. 
Бауырлас елдер саналатын Өзбекстан мен Қырғызстаннан да су алу мұқият дипломатияны қажет етіп отыр. Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Хельсинки конвенциясын Ташкент қабылдағанымен, Бішкек әлі мойындамаған. Қазіргі экономикалық тетіктер су дипломатиясына жарамсыз болған жағдайда ШЫҰ аясындағы уағдаластықтарды алға шығаруға болады. 
ШЫҰ аясында  экологиялық проблемаларды бірлесіп шешудің де бізге берер тұсы көп. Өйткені әлемдегі қоршаған ортаны ең көп ластайтын экономиканың бірі – Қытай нарығы іргемізде тұр. Ал Өзбекстанмен Аралды құтқару бағытындағы ықпалдастықтың жан-жақты құжатталып, қатталғаны маңызды. Біздің елдің аумағында Ресейдің зымыран қалдықтары құлайтынын ескерсек, бұл мәселені Мәскеумен ШЫҰ аясында да қозғауға да мүмкіндік бар.
ШЫҰ-ның Астана саммиті Қазақстанның өзіне не үшін қажет болды  деген сұраққа осылай жауап беруге болады. 
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде құрылса, 2001 жылы ШЫҰ ретінде жасақталды. Ал кешегі Астана саммитінде мүше мемлекеттердің саны 10 ға жетті. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь.
Былтыр ұйымға Бахрейн, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма және Біріккен Араб Әмірліктері диалог серіктестері ретінде қосылса, биыл Қатар әмірі мәртебелі мейман ретінде қатысты. Демек, ұйым араб әлемімен де етене араласа бастады. 

«2021 жылы ШЫҰ мүшелерінің жиынтық ЖІӨ шамамен 23,3 трлн долларға жетті, бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызын құрайды, бұл 2001 жылы құрылғаннан 13 есе көп. ШЫҰ мүшелерінің жалпы сыртқы саудасы 2021 жылғы жағдай бойынша 6,6 трлн долларды құрады, бұл 20 жыл бұрынғыдан 100 есе көп», - дейді қытайтанушы Олжас Бейсенбаев. 

Қазақстанның ұйымның саммитерінде экономикалық мәселелерді де күн тәртібіне шығаруға жиі бастама көтеруінде осындай да себеп бар.

Бұдан бөлек Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дамир Белгібаев Астана декларациясы жалпы ШЫҰ дамуына өзінің айтарлықтай үлесі барын айтты.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрамындағы мемлекеттер саны өсіп, ұйымның аумағы кеңейіп келеді, яғни әлемдік ұйым ретінде танылып келеді деген сөз. Астана өтіп жатқан саммитке БҰҰ Бас хатшысының келуі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің көрінісі деп білем. Менің ойымша, оның сапары әлемдегі елеулі проблемаларды бірігіп шешудің жолдарын табуға арналған. Жалпы ұйымның абыройы мен дамуына бүгінгі Астана декларациясының да ықпалы болады. Қазақстан аталған ұйымға төрағалығы барысында бір жыл ішінде 150-ден астам іс-шара ұйымдастырып, ауқымды жұмыс атқарылды. ШЫҰ-да шарттық база 60 жаңа құжатпен толықты. Соның арасында экономикалық, мәдени, экологиялық қауіпсіздік, көлік, технология саласындағы тақырыптар қамтылды. Бұл өңірлер арасындағы тұрақтылық пен өзара тиімді қарым-қатынасты кеңейтуге өзінің айтарлықтай үлесін тигізеді», - дейді Дамир Белгібаев.

ШЫҰ-ның Астана декларациясы - тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі болып отыр дейді сарапшы мамандар.

«Тұрақтылық, қауіпсіздік саласында қабылданған шешімдер бұлар мемлекетімізге қауіп төндіретін түрлі қақтығыстардың алдын алу. Яғни осы ұйымға мүше мемлекеттер бірлесе жұмыс істей отырып, шекаралық аймақтағы, мемлекеттің ішіндегі, географиялық еуразиялық өңірдегі тұрақтылықты қамтамассыз етеді», - дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының тағы бір сарапшысы Бауыржан Серікбаев.

Қорытындылай айтататын болсақ, Астанада өткен ШЫҰ жоғары деңгейде өткен халықаралық шаралардың бірі болды деуге толық негіз бар. Оның үстіне саммитке БҰҰ Бас хатшысының қатысуы ұйымның ықпалы мен беделін арттыра түсті.

Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев
24 сәуір 2025
Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтардың бірі екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», - дейді президент ҚХА XXXIV сессиясының пленарлық отырысында.

Президент отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар екенін атап өтті.

«Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды», - дейді ол.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.

«Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты», - дейді мемлекет басшысы.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.