Валюта бағамы
  • USD -

    512.5
  • EUR -

    582
  • RUB -

    6.41
Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы аталып өтілді
Фото: Жазушылар одағы 13 желтоқсан 2024
Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы аталып өтілді

13 желтоқсанда Алматы қаласында қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Одақтың мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша көзі қарақты қауым үшін тарихи мәні зор оқиға.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман қатысты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Одақтың 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының хатында «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген.

Салтанатты жиынға арнайы келген Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын жеткізді.

 ***

Ұлттық әдебиетті қолдау мәселесі ұдайы Мемлекет басшысының басты назарында. 

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен  «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды.

Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы өзінің қаламгерлерге жолдаған құттықтау хатында ақын-жазушылардың ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүргенін атап көрсеткен. «Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді» делінген хатта.

 ***

Ғасырға жуық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағы – ұлтымыздың рухани кемелденуіне зор үлес қосқан, сан ғасырлық мәдени мұрамызды жаңғыртып, өлең мен жырдың киелі бесігін тербеп келе жатқан шығармашылық орталық.

Қазіргі таңда Жазушылар одағы –  1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін  «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ» деп осынау тарихы терең ұйымға жоғары баға берген.

Одақтың 90 жылдығына мерейтойға алыс-жақын шетелдік қонақтар – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, ТМД және Еуропа елдерінің Жазушылар одақтарының төрағалары, Швеция, Ресей, Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан елдерінен келген мәдениет пен әдебиет өкілдері, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, зиялы қауым мен отандық бизнес өкілдері қатысып, олардың барлығы дерлік сөз сөйлеп, құттықтады.

Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты жиында «Әдебиет – рухани дамудың қозғаушы күші, қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында баяндама жасаған Одақтың қазіргі төрағасы Мереке Құлкенов «Бүгінде біз Әділетті Қазақстанға қадам бастық. Қазіргі қазақ әдебиеті де жаңару үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Тың да тосын тақырыптар, жаңа жанрлар,  соны стильдер, амбициясы зор авторлар әдеби процеске жаңаша серпін беруде» деп атап өтті.

 ***

Алыс-жақын шетелден келген қонақтар Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, сөз сөйледі.

 Халықаралық ТҮРКСОЙ түркітілдес мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев:

«...Жазушылар Одағының тарихы терең және оның шығармашылық жолы қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды. Осы 90 жыл ішінде сіздердің қаламдарыңыздан туған шығармалар көптеген ұрпақ үшін рухани азыққа айналды. Ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, тұтастығын қаламмен өрнектеп, тек қазақ жұртына ғана емес, әлемге де таныттыңыздар.

ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылығына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің туындыларыңыздың түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі зор. Әдебиет – халықтар арасындағы көпір, ал сіздер сол көпірді мықтап байланыстырып, түркі әлемінің рухани бірлігін қалыптастыруға өз үлестеріңізді қосып келе жатырсыздар. Бұл 90 жылдық мерейтой – тек Қазақстанның әдебиеті үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік».

 Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиев:

«...Әлем әдебиетінің қазынасын байытқан рухани әлемде қазақ әдебиетінің алар орны ерекше. Сан ғасырлық қазақ эпостарынан кейін  қазақ жазба әдебиетінің де жұлдызы жарқырап, әлемге танылған ұлы қаламгерлерді тудырды!

Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай Құнанбаевтың есімін бұл күнде кім білмейді!

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында ұлы даланың ұлы перзентінің даңқты өмір жолын ғана емес, өткен дәуірдегі бүкіл қазақ халқының өмір салтын көркем суреттеп, келер ұрпаққа жететін өлмес шығармаға айналдырып, мәңгілік мұра етіп қалдырғанын мақтанышпен айтамыз».

 Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин:

«...Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық пен кәсіби қарым-қатынас та ежелден берік орнаған. Біз Қазақстандағы әдеби кештерге белсене қатысамыз, қазақ еліндегі рухани жиындарды жақсы көреміз және қазақ қаламгерлерін өз елімізде қуана қарсы аламыз. Біз – қанымызбен де, жанымызбен де бір туған ағайынды ұлтпыз, жүрегіміздің қылы әрдайым бірге жырлайды. Бұл бірлігіміз – біздің ортақ тарихымыз бен бүгінгі бауырлас әдебиетіміздің заңды нышаны».

***

Ұйымның 90 жылдығына арналған салтанатты шараның аясында әдеби және қоғамдық маңызы зор сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Муса Казым Арыжан, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Қойшиев, Өзбекстанның Халық жазушысы Усманкул Азимов марапатталды.

Мемлекеттік кеңесшінің үш төрағаны бөле-жармай бірдей құрмет көрсетіп, шапан жабуы - қаламгерлер арасындағы бірліктің символы.

«Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузманға, Әзербайжан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Рашад Мажитовке, Швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Пауэль Фрийеске, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиевке, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Ркаил Зайдуллинге, ақын Нұрланбек Қалыбаевқа, Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Мажид Гайратқа, Башқұртстан  Жазушылар одағының Төрағасы Айгиз Баймухаметовке, Ресей  жазушысы Андрей Рейзвыхке, Якутия Жазушылар одағының   Төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы Гаврил Андросовқа, Чуваш Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Василий Захаровқа табысталды.

Қазақстан Жазушылар одағының «Асыл сөз» әдеби сыйлығы поэзия номинациясы бойынша Байбота Қошым-Ноғайға, ал проза номинациясы бойынша Тұрсынжан Шапайға бұйырды.

Сонымен қатар, әдебиет пен руханияттың дамуына қолдау көрсетіп жүрген меценаттарға беретін «Атымтай Жомарт» медалімен бір топ кәсіпкерлер марапатталды.

 

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.