Бүгін Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Түркияның екіжақты және көпжақты ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Бұл туралы ақпарат еліміздің Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды.
А. Сапарбекұлы М. Шентопқа Қазақстанда соңғы кезде болып жатқан маңызды оқиғалар туралы баяндап берді. Бұле ретте қазақ дипломаты елімізде саяси сабақтастықтың сақталып отырғандығына, Елбасының сындарлы ішкі және сыртқы саяси бағытының жалғасатындығына назар аударды. Елші Сапарбекұлы биыл Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық ынтымақтастық идеясына 25 жыл толып отырғанын айтып, М. Шентопқа алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия елдері парламент спикерлерінің 4-ші жиналысына ресми шақыру хатын табыстады.
Өз кезегінде, түрік Парламентінің спикері Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы орасан зор роль атқарғанын тілге тиек ете отырып, Елбасының президенттік өкілеттікті тоқтату бойынша шешімінің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. М. Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қазақ-түрік байланыстарын, сондай-ақ Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлкен айрықша атап өтіп, Түркия Президенті Р.Т. Ердоғанның Н.Ә. Назарбаевтың отставкаға кетуі туралы хабарды мұңая қабылдағанын айтты.
Сонымен бірге М. Шентоп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен тәжірибесін атай отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің бұдан кейін де нығая беретініне деген сенімін білдірді. Түркия Парламентінің Төрағасы Қазақстан Парламент Сенатының Төрағасы Д. Назарбаеваны телефон арқылы құттықтап, жауапты қызметінде сәттілік тілегенін атап өтті.
Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, заңшығарушылық салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, М. Шентоп Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысын мақұлдауға қатысты тиісті заңның Түркия Парламентінде жуық арада қабылданатынын жеткізді.