Валюта бағамы
  • USD -

    514.7
  • EUR -

    534.5
  • RUB -

    5.33
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АБАЙ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ  ҚАЗАҚСТАН
09 қаңтар 2020
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АБАЙ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ
ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Толық нұсқасын
назарларыңызға ұсынамыз.

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы
перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия
дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық
деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның
бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан
дамуымыз үшін өткізілмек.
Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің
негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із
қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі,
тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс
тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім
атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім.
Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал
тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама
бірнеше айға ұласты.
Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты.
Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай
жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады
деп сенемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы
айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу
мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту
арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.
Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы
ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-
тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.
Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып,
ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн.
Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын
шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде
жұртшылықпен ой бөліскім келеді.

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ҮЛГІСІ

Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз
емес.
Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен
үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте
алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты
жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.
Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың
Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың
қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.
Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ
елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі
ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-
өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша
дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін
анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен
қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің
бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», –
деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру

керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл
артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.
Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие
болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу,
алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.
Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы
қатардан орын алу.
Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек.
Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде
әлі де олқы тұстар бар. Оны жетілдіру жолдарын сайлау алдындағы
бағдарламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап
көрсеттім.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі
бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам.
Жалпы, кез-келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі
саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет
көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім
мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы
керек.
Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма
бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің
тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана
жалынбайды», – дейді.
Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін
меңгерудің маңызы зор.
Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен
дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен
қатар, ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз
неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың
ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай,
ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса,
ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.
Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа
міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға
жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері

жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам
өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді.
Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз
қажет.
Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым
іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының
себебі осында.
Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы
екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген
интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге
болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.
Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану –
адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы,
ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт
дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын
темірқазығына айналуы қажет.
Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды.
Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі.
Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан,
ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.
Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының
кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге
жетелеуді мақсат тұтты.
Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет
етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында
халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан
хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және
өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды
қадамның бірі.

 

МЕМЛЕКЕТ ІСІНІҢ МҮДДЕЛЕСІ

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді
нығайтуымыз керек.

Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін
ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын.
Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-
маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған
абзал.
Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін
биіктетті.
Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ
ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім
Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң
үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары
деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан
жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.
Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы
әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам
арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі.
Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және
қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде
азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай
меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.
Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер
айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да
аңғартады.
«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес
үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам
өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу
мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат
алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті
қадағалап отырмын.
Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген.
Ол адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалаған.
Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген.
Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының
қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған
қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі

айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің,
мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке
жауапкершілікпен қараудың маңызы зор.
Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай
ғана популистік идеяларға табан тірейді.
Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-
түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке
жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар
адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», –
дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың
бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс.
Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау,
дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және
елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет.
Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен
жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық
сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық.
Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға
қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса
аламыз.

 

ЖАҢА ҚОҒАМНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең
алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге
қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ, қоғамның
дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз
қасиеттерден арылу қажет.
Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализм
дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды.
Себебі әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың
арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді.
Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы
өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды.
Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады.

Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп
есептейді.
Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай
шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам»
формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A
man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді,
ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап
жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ
түсіндіріп айтты.
Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам
қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара
жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік
қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл,
қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға
нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.
Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке
бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.
Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып,
өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім
нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет
көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы
құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт
ретінде сақталуы үшін барын салған.
Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл
бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам»
концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының,
мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының
негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін.
Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен
күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек
болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді.
Сонымен қатар, орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп,
масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Қазір біз
көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды.
Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді,
талаптанып білім іздеуді насихаттаған.

Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы
тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып
шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге
жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып,
өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.
Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр
еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір
де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың
біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің
экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет.
Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы
деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды,
шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту
үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар
ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің
оныншы қара сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып
істесе, кім бай болмайды?», – деп тұжырым жасайды.
Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал
жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл
ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан
біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын
және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде
белгілеп отырмыз.

 

ӘЛЕМДІК МӘДЕНИЕТТІҢ ТҰЛҒАСЫ

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи
тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет
және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және
мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде
емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды
жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз.
Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің
саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен
адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселелер туралы пікір алмасып, ой

бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері
жөнінде жақсы біледі. Ал, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете
таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай
арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды.
Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол
күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.
Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның
қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен,
тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады.
Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – дейді
ол. Бұл ой-тұжырымға ол Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін
терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ол отыз сегізінші қара
сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.
Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның
«кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман»
ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса
керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни
көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға.
Елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе
жатқанымызды білесіздер. Мұндай іс-шаралардың мақсаты мен ұлы Абай
ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.
Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға
деген ниеті бәрімізге ой салады.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ
ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды
танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның
өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы
ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын
сақтай отырып аударылуға тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту
қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес.
Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің
абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы
мәселеге ерекше мән бергені жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани
қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ
халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер.
Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» –
деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана
емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады.
Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға
толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл –
классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия
сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр.
Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей
отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді.
Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара
сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары
ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде
көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой
салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері –
аса құнды еңбек.
Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ,
ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану
дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға
тиіс.
Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес
қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық.
Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский
мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол
сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін
атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың
халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық.
Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы
шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге.
Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен
қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан
ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның
мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.

Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани
байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы
абыройы арта берері сөзсіз.
Ең алдымен, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз
керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін,
рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен,
танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа
Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет.
Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.

ТОРҚАЛЫ ТОЙДЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт
қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек.
Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін
аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін
танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.
Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз
жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар
Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын.
Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының
орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға
тиіспіз.
Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және
аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында
Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және
әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең
басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында
«Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық
конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты
зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның
игілігіне пайдалануға жол ашылады.
Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып,
басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан,
итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады.

Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше
деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және
халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы
бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер
саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай
атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.
Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі,
Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі
Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру
жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей
ұйымдастыру қажет.
Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай
Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады.
Сонымен қатар, Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет
мынадай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін.
Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани
дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде
белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны
тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-
экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени
нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге
байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.
Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды
абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа
қолайлы жағдай жасау қажет.
Сонымен қатар, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени
және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-
танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек.
Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат
салу қажет.
1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов
негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына
мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек.

Осы және басқа да ауқымды шаралар Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп,
оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше, бүкіл Қазақстан
халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын.
*   *   *
Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір
ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп
отырмыз.
Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы
алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны
– ауыр сын, сындарлы сын.
Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке
кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.
Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге
жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз сол
Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?
Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын
іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз
жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені
талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол
сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол
күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес
асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген
ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол
ашатын қастерлі құндылық.
Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек,
ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау
жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа
Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!
10 қыркүйек 2019
БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!

Көне Грек заманында Диоген деген атақты ойшыл өмір сүріпті. Ол қолына майшам жағып алып, шаңқай түсте көше аралап кетеді екен. Оны көрген таныстары:

- Әй, Диоген, шаммен күн жарықта не іздеп жүрсің?- деп сұрайды. Диоген:

- Адам іздеп жүрмін, - депті. Олар:

- Тұрмыз ғой міне, қанша адам керек? – дегенге.

- Ал сен адамсың ба?- деген екен.

 

Диоген бұл ісін былай түсіндіреді:

 Ит туғанда ит болып туады, өскенде ит болып өседі. Яғни, мысық я жылқыға айналмайды. Мысық та туғанда мысық болып туады, өскенде де мысық болады. Яғни, ит не басқа жануарға айналмайды. Мұндай заңдылық Құдай жаратқан мақұлық атаулының барлығына тән. Тек, бір ғана жаратылысына емес, ол – адам. Яғни, адам туғанда адам болып туады, өскенде қандай болатыны өскен ортасына байланысты. Мысалға: адамды туғанда маймылрдардың арасына жіберсе, өскенде тура маймылдарша өмір сүреді. Егер, ақсүйек адамдардың ортасына жіберсе ақсүйек болып өседі. Сол себепті де надандыққа батқан қоғамнан адам деген атқа лайық адамды табу өте қиын, тіпті майшам жағып іздесең де таппайсың. Қоғамдық тәртіпті түбегейлі өзгертпейінше, қанша адам туса да олардың адам деген атқа лайық болуы екіталай, - деген екен.

 

  Енді, Диогеннің шамын осы заманға әкелсек, Диоген іздегендей адам табу оңай болмасы анық. Неге десеңіздер, қоғамда адамдар тарапынан болып жатқан азғындықты айтпасақ та өздеріңіз жақсы білесіздер.  Мәселе осы азғындықты шама келгенше тоқтатып, жаңа туған адамдарды адам етіп тәрбиелеуде болып тұр. Әйтпесе, жаманды жамандап, айыпты болып қалған үкімет қызметкерлерін түрлі шоуларда келеке-мазақ қылып отыра беру түк пайда бермейді. Керісінше, екінші бір проблемаға соқтыратын қаупі бар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз, қандай қоғам болуымыз керек?  Қоғамды қалай түзейміз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

 Әдетте, адам көшеге шығарда түр-әлпетін ретке келтіру үшін айнаға қарайды. Сөйтеді де, артық-кем жерін түзеп, үсті лас болса оны жуып, тазалап, реттеліп шығады.

 

 Осы секілді қоғам да айнаға қарағандай өзінің тұрмыс-тіршілігіне сырттан қарап, артық-кем жерін түзеп отыру керек. Әйтпесе, Диоген айтпақшы, адамды шаммен іздеп таба алмаспыз. Бірақ, ол үшін қоғамда «психоаналитик» деген мамандар көп болуы керек. Олар қоғамның не ішіп, не жеп, не оқып, нені көріп, нені тыңдап жүргенін бақылап, сараптама жасайды. Жасаған сараптамаларын түрлі жолдармен халыққа таратып, жұрттың қай бағытта кетіп бара жатқанын аңғартып отырады. Осылайша психоаналитиктер адамды кемелдікке жеткеретін жол тауып, ғылым мен халықтың тығыз байланыста болуына септігін тигізеді. Ал, бізде өкінішке қарай, ғылым бір жақта, халық бір жақта жүр. Ғалымдар ғылымның жоқтығынан надандыққа батқан халықты «тобырлар» деуден жалығар емес, ал, халық болса, оқымыстыларды «оқу оқып милары ашып қалған, оқу өтіп кеткен» деген секілді сөздер айтып, мүсіркей қарайды. Яғни, ғылым мен халық арасында байланыс жоқ. Енді, осы жерде екі жақтың басын қосатын тағы бір мамандық шығады. Оларды «медиатор» дейді. Яғни, «екі ортадағы тасымалдаушы» деген мағына береді. Біздің елде медиаторлар жоқтың қасы. Бар болса да тек бір тарапты. Яғни, діннің медиаторы «менің айтқаным дұрыс» десе, бизнес, психолог-коучтар «менікі дұрыс» деп жүр. Оларды медиатор деуге аузың бармайды. Себебі, арнайы бас қатырып, оқу оқып, ғылыми оқу орындарынан білім алмаған, өз бетінше оқып алған дилетанттар. Осы дилетанттардың айтып жүргендерін теріске шығарып,  дұрыс-бұрысын сауатты талдап бере алатын психоаналитиктер жоқ десек те болады. Осының себебінен қоғамнан ориджинал адамды табу өте қиын және алдау, арбау, ұрлық-зорлық деген қылмыстар бір секундқа да тоқтамай, қоғамда қылмыскерлер қаптайды.

 Қоғамды түзететіндер осы психоаналитиктер мен медиаторлар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз?

 Ғылымда мынандай екі термин бар. Ассимилейшн және социализейшн.

  Ассимилейшн  (assimilation)  дегеніміз – қоғамның түрлі себептерге байланысты ыдырап, қоғам болмай, жоқ болып кетуін айтамыз.

  Социализейшн (socialization)  дегеніміз – адамдардың бір идеяға, құндылықтарға, қоғамдық қағидаларға бірігіп, етене араласуын айтамыз.

 

Бізде, қазіргі таңда социализейшнге қарағанда ассимилейшн белең алып келе жатыр.  Оған көп себептердің бірі – «нарықтық ориентейшн». Яғни, қоғамның көзқарасы нарықтағы көзқарастай болып кеткен.

  Енді, әңгіме осы бағытта өрбімек.

 

 Нарықтық ориентейшнды түсіну үшін алдымен нарықтың жүйесін түсініп алсақ оңай болады.

 

 Саудагер нарыққа барарда алдымен оның жағдайын біліп алады. Яғни, әрбір нәрсені  сата бермейді. Нарықта қандай заттар жақсы өтеді, соны ғана сатады. Сатып алушылар да нарықтың ығына жығылып, жұрт көбіне қандай зат алып жатқанына қарайды да ала береді. Яғни, заманауи тілмен айтқанда тренд, модаға жүгінеді. Ал, бұл тренд, мода дегендерді монополистер басқарып отырады.

 

 Негізінде нарықтағы жүйе басқаша болуы керек еді. Тренд, мода деген ұғым жоқ, нарықты монополист басқармайды. Сатушы тренд, модаға сүйенбей, «негізі, адамға керегі осы» деп адамгершілік принциптерге сүйеніп, тауар сатады.

 

 Адамдардың да қоғамда өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, ойы осы нарықтағыдай болып кеткен. Олар өзін танумен айналысудың орнына сатумен айналысады. Яғни, бақытқа, жетістікке жету үшін үш түрлі іс-әрекет жасайды.

 Бірінші – өзін тауар етіп ұстайды.

 Екіншісі – сатушы ретінде.

 Үшінші – менеджер ретінде.

 

 Бірінші, өзін тауар етіп көрсеткен адам өтімді болу үшін заманауи талаптарға сай киім үлгісін киеді, талапқа сай адамның қырларын, іс-әрекетін ұстанады. Нарықта ар-ұят, жұмсақ мінез, ілтипат деген адамның киелі қырлары тренд болмаса, онда одан бас тартуға мәжбүр. Ондай кезде адам өз өмірі мен бақыты үшін емес, қаншалықты өтімді бола алатынына басы қатады. Жан-дүниесіне үңіліп, өзіне тән адами қырларын шыңдаудың орнына нарықтағы өтімді қырларды игеруге әлек болады. Бұл істің барлығы дерлік жетістікке жетудің амалы. Телеарна, газет, журналдағы бизнесмендер оңай әрі жылдам жетістікке жету үшін, қандай киім киюін, өзін қалай ұстау керектігін, қас-қабақтарын сенімді етіп көрсетуін үйретеді. Мысалға, жас бойжеткен кинодағы жетістікке жеткен жұлдыздың шаш үлгісіне, киген киіміне, қас-қабағы мен бет-әлпетінің бояуына дейін меңгеріп алады және сол жетістікке жеткізеді деп ойлайды. Ал, ол жетістіктің артында қаншалықты  бақытты өмір бар екені ойландырмайды. Мұндай кезде адам өзінің қаншалықты бағалы екенін өзгелердің пікірмен өлшеп, соларға тәуелді болады. Егер ол жетістікке жеткен адам болса – бағалы, жетпесе – құнсыз. Сол себепті бұл жолда сәтсіздік құрдымға түскенмен бірдей ауыр тиеді. Мұндай адамдар қоғамда көбейген сайын сол қоғамның ойын, деңгейі қандай екенін оңай білуге болады. Бәрі бір-бірінің іштей не ойлап тұрғанын, нені қалап тұрғанын біліп тұрады. Себебі, барлығы бір арқанға жармасып тұр.

 

  Екіншіден, саудагер ретінде тауарды сататын жер іздеу керек болады. Ол кезде тоздырмаған табалдырық қалмайды. Газет-журналдар, интернет желісі жер-әлемді шарлап кетеді.

 

 Үшіншіден, менеджерлік қызмет атқарады. Сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, таққан қымбат сағаты, сапалы киім үлгісі, мінген көлігі, осының барлығы адамды өткен ғасырлардағы ориджинал менеджердей етіп көрсетеді. Сатып алушы жұрт та осындай үлгідегі көрініске үйреніп қалады. Енді астыңда көлігің, қымбат сағатың болмаса сені адам екен демейді.

  Бұл нарықтық ориентейшн қоғамның барлық саласын меңдеп алса бітті дей беріңіз. Салт-дәстүр, дін, кәсіп, музыка, сурет өнері, кино, БАҚ, отбасын құру, тіпті бала тәрбиесі де осы көзқараспен жүріп-тұратын болса, онда бірінші орынға әр адамның бақытты болуы емес, нарықтағы жетістікке жеткен, беделді азаматтардың істеген ісі мен айтқан мәнсіз сөздеріне сай болуы маңызды болады.

 Әлбетте, бізде мұндай көзқарасқа берілмейтін азаматтар да бар, дегенмен саусақпен санарлық. Олар көшкен сеңмен ілесіп көшпейді. Нарықтың талаптары оларға заң емес. Өздерінің ішіне үңіліп, адамгершілік принципті негізге алып жүріп-тұрады. Мысалға, көп журналистердің арасында рейтингті көтеріп, жетістікке жетудің жолы біреудің ажырасқаны я болмаса ашынасымен ұсталып қалғаны секілді пайдасы жоқ «ақиқатты» жариялау болса, ал, бұлардың ойы жеңіл жетістікке жетуде емес, қоғамдағы тасада болып жатқан негізгі әрі маңызды жайттарды жариялап, жұрттың көзін ашу.

  

 Ағартушылық саласында да дәл осы секілді. Кейбір азаматтардың мақсаты үкіметтік стипендия, тендер, атақ-даңқ болатын болса, ал, нарықтың талабына берілмеген азаматтарды мадақ, медаль, стипендия қызықтырмайды. Олардың мақсаты қоғамға ең маңызды, негізгі құндылықтарды насихаттап, елдің сауатын ашу, экзистенциялық проблемаларын шешу.

 

Бұл жерде айтқымыз келгені, елді бөлу емес, керісінше, пайдалы іспен айналысып жүрген азаматтардың әрекетіне көз жеткізіп қою ғана. Жастар соларға еліктеп жолын қуса, онда Диоген іздеген адамды өз арамыздан тәрбиелеп шығаруымыз ғажап емес. 

 

Әлбетте, нарықтық ориентейшнмен де өмір сүре берсе болады. Ол әркімнің өз еркі. Бірақ, оның ақыры төмендегідей болуы әбден мүмкін: 

Логотерапевт В.Франклға күйзелісте жүрген бір бойжеткен келіп, мұңын шағыпты. Ол нарықтық көзқарасқа ұрынғаны сонша, тіпті, ақыр-аяғында «мен өмір сүріп жатырмын ба, әлде өмір мені сүріп жатыр ма» деген екен.

 

Құрметті әлеумет! Біздің қоғам болмай ыдырап бара жатқанымызға бірден-бір себеп осы «нарықтық ориентейшн». Осыны біліп, одан аулақ жүретін болсақ, болашақ жарқын болатынына сенім мол!

 

 

 

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог

 

САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...
08 қаңтар 2020
САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...

Құдайға жер бетіндегі барлық адамдар ғасырлар бойы сеніп келеді, мен де сенемін. Құдайға деген асыл сенімін айта беру, құндылықтарды араға салу манипуляциясы. Намаз оқығанда да құбылаға қарап, адам өздігінен оқиды ғой. Логикаға салып ойланып көрейік.

Психосоматиканы (эмоцияның адам ағзасына тигізер әсері) оқып, меңгеру арқылы, әділетті Құдай әркімді өзіне жазалатып қойғанын ұғып таң қалдым.
Тәндегі ауру-сіздің қандай адам екеніңіздің индикаторы. Адамды ауру ететін үш ақ нәрсе:
1.
Өзін кінәлі сезіну.
2. Қызғаныш.
3. Өкпе, реніш.
Осыны білген соң ауырдым деудің өзі ұят.

Абай атамыз:
"Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес... " дейді.
Сондықтан, мен Алланы аз айтамын, аса мәртебелі сезімімді саудаға салуға жүрегім дауаламайды.

Қазіргі мотиваторлардың ғылыми ақпаратты дұрыс түсіндірмеу себебінен "Мотивированная дура мен мотивированный дурак" тар көбейді.

Адам өз күші, ақыл-ойы жететін нәрсеге жауапкершілік алғаны абзал. Деніңіз сау болып тұрып, дәрі ішсеңіз ол ішкі органның қызметінің бұзылуына әсер етпей ме? Дәл сол сияқты, орнымен қолданылмаған аффирмация, визуализация, мотивация да кері әсерін тигізеді.

Түрлі тренингтерге барып жүрген адамдардың жанарында сынық сәуле бары байқалады, өзіне сенімсіз бала сияқты, жалтақ-жалтақ етеді, әлдене десең ашуға булығып, бет жыртысуға дейін барады. Тренингте түрлі деңгейдегі адамдар отырады, ақыл-ойы әртүрлі, берілетін ақпарат сарапталмайды, аудиторияға бейімделмейді. Сәйкесінше әркім әртүрлі қабылдайды.

Интеллект деңгейі жоғары, дәл сол сәтте жеке бас проблемасы жоқ адамдар қажетін алады. Ал ақыл-ойы кемдеу немесе сол сәтте жеке бас проблемасы бар адамдар сол лекторға, мотиваторға сенеді! «Ана кісі айтты ғой, өзгеге емес өзіңе жұмыс жаса», - деп дауласады тағы.

Соңында өз деңгейіне, жағдайына шақ келмейтін аффирмация, визуализация жасап, қуыршақ құсап қалады. Тағы кім не деп айтар екен деп, айналаға қарап, алақ-жұлақ етіп жүргені.

Абай атамыз:
"Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап" деді емес па?!

 

Салтанат Смағұлова, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.