Валюта бағамы
  • USD -

    513.1
  • EUR -

    577
  • RUB -

    6.35
ҚАНАТ ТАСЫБЕКОВ: ТІЛ МИНИСТРЛІГІН ҚҰРУ КЕРЕК!
10 наурыз 2019
ҚАНАТ ТАСЫБЕКОВ: ТІЛ МИНИСТРЛІГІН ҚҰРУ КЕРЕК!

- Қазақ тілінің мәрттебесін арттыру бағытында бір өзіңіз бүкіл мемлекеттік аппарат атқара алмай отқан жұмысты атқарып келесіз. "Ситуативті қазақ тілі" кітабыңыздың өзі неге тұрады. Елімізде тілдік саясатқа көп көңіл бөлінсе неліктен нақты нәтиже жоқ?

 

- Мұндай жоғары баға бергеніңізге рақмет! Бізде қазақ тіліне көп қаражат бөлінеді. Бірақ сол қаражатты игеруге жауапты адамдар ең алдымен ақшаны қалай қалтаға бассақ деген мәселеге көбірек алаңдайтын секілді. Мен сияқты тіл мәселесінде өз бетінше әрекет етіп жүрген энтузиястар көп. Алайда олар мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға қол жеткізе алмайды. Яғни бізде қомақты қаражатқа иелік етсе де жұмысы нәтижесіз бір топ бар да, бюджеттен соқыр тиын алмаса да қыруар шаруа атқарып жүрген тағы бір топ бар.

 

- Қаржы жақсы бөлінеді деп отырсыз. Оның дұрыс игерілмеуін құзырлы мекемелер тексере жатар. Ал қаржыдан басқа тағы не керек?

 

-  Тілге қатысты бар жұмысты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне қаратып қойды. Оның өзі Мәдениет және спорт министрлігінің құрамында. Атауынан көріп отырғанымыздай комитет тілге ғана емес, өзге де жұмыстарға жауапты. Бір комитет не тындырады? Иә, комитеттің жұмысы тиянақты, жүйелі болса әңгіме басқа. Бірақ басшысы жиі ауысатын, тілге кездейсоқ адамдар басшылық ететін комитетте не береке болмақ? Осыдан-ақ мемлекеттің қазақ тіліне деген көзқарасы анық көрінеді. Тіл - ұлттың тағдыры. Ал егер ашығын айтар болсақ елімізде қазақ тіліне үлкен қиянат жасалып отыр. Жағдайды реттейміз десек Тіл министрлігін құру керек! Өйткені тіліміздің жағыдайы әлі де мүшкіл.

 

- Оғыз Доған  туралы не айтасыз?

 

- Оғыз Доған мырзаға қатысты алғашқы дау ұмытпасам ұшақта қазақ тілінде қызмет көрсетілмегеннен кейін шықты. Сонда қазақтар өз қотырын өзі қаси алады, сырттан келіп біздің проблемамызды шешіп беретін адам керек емес. Ол өзінің атын шығаруды ғана ойлап жүр деген пікірде болдым. Ал  банкте болған екінші оқиғадан кейін пікірімді өзгерттім. Даулы оқиғаның кадрларын көргенде төбе шашым тік тұрды. Өйткені банк қызметкерлерінің түгелдей дерлігі қазақ бола тұрып, біреуі  клиентке қазақ тілінде жауап бермеді.

 

- Қазақ тілін дамытамыз десек сондай бір «батыл» әрекеттер жетпей тұрған шығар бізге?..

 

- Шынымды айтайын, мен Доған мырзадай дау шығарып, дауыс көтере алмаймын. Бірақ ана тілімізде қызмет алу құқығын талап етуде сондай табандылық танытқанын құптаймын. Екіншіден, бұл оқиға қазақ тіліне кімдердің қарсы екенін анықтап берді. Олар өзіміздің орыс тілді қандастар. Осы күнге дейін олар тілді қолдайтындай болып немесе қалыс қалып, екі шоқып бір қарайтын сауысқандай сақтық танытып келсе сол жолы өздерінің шынайы бейнесін көрсетті. «Бізге тілді өйтіп үйретпей-ақ қойыңдар. Егер дау көтеріп, бізге қысым жасайтын болсаңдар бізге тіл көк тиынға қажет емес» деген сөздерін де айтып қалды. Сол сөзді айтқандардың көбі қазақ.

 

- Осыдан кейін қазақ еместерге тіл үйрен деудің өзі ұят дейсіз ғой?

 

- Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне келер болсақ олар тілді үйренбейміз деп отырған жоқ. Біз үйрете алмай отырмыз. Сосын қазақтардың өздері ана тілінде сөйлей алмай жүргенде оларға тілімізді үйрен деп қалай айтасың? Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін арттырудағы ең басты мәселе – орыс тілді қазақтарды қазақша сөйлету. Одан кейін мемлекеттік органдарды қазақ тілінде сөйлету қажет.

 

- Бұл істерді сіз неден бастар едіңіз?

 

Артық айтты демеңіз, бірақ мен бұл істі өз методикаммен жүргізер едім. Бұны құрдан-құр айтып отырған жоқпын. Істеп жүрген жұмыстың нәтижесіне сүйеніп айтып отырмын. Мәселен мені үлкен мекемелерге шақырады. Қызметкерлеріміз қазақ тілінде құжат толтыра алмайды, хат жаза алмайды, сұрақтарға жауап бере алмайды, соған үйретіңіз дейді. Бірақ күнделікті тұрмыста, үйде, бір-бірімен сөйлескенде қазақ тілін қолданбайтын адамдар бірден құжат толтырып, хат жазып кете алмайды. Олар ең алдымен қазақ болып алу керек, тұрмыста, отбасында қазақша сөйлеу керек, кейін жұмыста қазақша қағаз алмасуды үйрене алады.

 

-  Осы ойыңызды бұрынғы сұхбаттарыңыздан оқыған едім...

 

- Мен қазақ тілін жұртқа үйретпестен бұрын алдымен өзім үйрендім. Оның өзінде бұл іске жасым елуден асқанда бел будым. Оған дейін көп орыс тілді қазақтың бірі болдым. Сондықтан менің үйретіп жүрген ңәрселерім, өз жеке басымнан өткен тәжірибелерімнің жиынтығы.

 

- Міне, қызық ..!

 

- Иә, қазақшам өте нашар болды. Тойларда, түрлі жиындарда сөз беріп, «тілек айтыңыз» дегенде тосылып, қиналып қалатынмын. Бір жағынан жасым да келді. Өзім қазақ бола тұрып, өзге тілде сөйлеуді үлкен кемшілік деп түсіндім. Содан көп ойланбай тілді үйренуге кірісіп кеттім.

 

- Қазақ тілін үйренушілерге арналған бірнеше кітап жаздыңыз. Тіл төңірегінде одан бөлек те атқарып жүрген жұмыстарыңыз бар сияқты?

 

- «Мәміле» деген клуб аштым. Қазақ тілділер мен орыс тілділер мәмілеге келсе екен, қазақша үйренсе екен деген мақсатпен. Клуб отырыстарында қазақ тілділер орыс тілділерге көмектесіп отырады. Араларында түсіністік қалыптасады. Сонда маған қазақ тілділер: «Орыс тілділер өздерінің қазақ тілін білмегеніне кәдімгідей қысылады, үйренгілері келеді екен. Біз болсақ оларды қазақ тіліне шекесінен қарап, үйренгісі келмейді екен деп жүрсек...», - деп айтты. Клуб 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір Астанада да ашылды. Өткен жұмада Қарағанды қаласында ашылып, басқа қалалардан да ұсыныс түсіп жатыр. Ал, кітаптарым туралы айтар болсам, бүгінге дейін 36 мыңнан астам кітабым сатылды, оның ішінде 8 мыңы (1 -2 том) мемлекеттік тапсырысымен. «Самұрық-Қазына» сияқты үлкен мекемелерден хабарласып,  «Сіздің 3-ші кітабыңыз неге түспейді бізге, мемлекеттік тапсырыспен бастырып, бізге неге таратпайды?», - деп сұрайтындар бар. Осы мәселені көтеріп, Тіл комитетіне хат жазған едім. Нәтиже болмады. Әрине, олар менің кітабымды басып шығаруға міндетті емес. Бірақ 1 және 2 том шығарғаннан кейін 3-шісін де шығару керек емес пе? Өздері шығарған кітаптар арқылы біреулердің тіл үйреніп жүргені туралы естімеппін.

 

- Ал сіздікімен үйреніп жүр ме?

 

- Тіл курстарында менің кітабымды қолданып жүр. Өскеменде қазақ-американ университеті бар. Сонда менің кітабыммен қазақ тілін оқытып жатыр.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

суреттер: weproject.kz

 

Сұхбаттасқан, Бақтияр ХАМИТ

 

 

RELATED NEWS
Disney өзі ақшасына аударған қазақша мультфильм қаралым бойынша рекорд орнатты
14 маусым 2024
Disney өзі ақшасына аударған қазақша мультфильм қаралым бойынша рекорд орнатты

"Ойжұмбақ 2" мультфильмінің қазақша нұсқасы бір күнде 10 млн теңгеден астам касса жинап, қаралым жағынан рекорд орнатты, деп хабарлайды Ulys.

"Меломан" компаниясының мәліметінше, бұл "Аватар: Су жолы" фильмінің қазақша нұсқасының бірінші аптадағы табысынан үш есе көп.

"Ойжұмбақ 2" – Disney компаниясы өзі ақша бөліп, қазақшаға аударған алғашқы картина.

Мультфильм 13 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастады.

Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан азаматы бола алмайды
14 қазан 2024
Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан азаматы бола алмайды

Енді қазақ тілін білмейтін адамдар Қазақстанның азаматы бола алмайды. Бұл туралы жаңа бұйрықта айтылған, деп хабарлайды Ulys.

Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен азаматтық алу немесе Қазақстан азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді бастапқы деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білуге қойылатын талаптар бекітілді.

Құжатқа сәйкес азаматтық алу немесе қалпына келтіру барысында мемлекеттік тілді білу деңгейі кем дегенде 36 балл, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша кемінде 9 балл, және Қазақстан тарихы бойынша кем дегенде 15 балл жинау қажет.

DISNEY туындылары қазақ тілінде көрсетіледі
10 мамыр 2024
DISNEY туындылары қазақ тілінде көрсетіледі

Қазақстан кинотеатрларында DISNEY компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының «ОЙЖҰМБАҚ 2» анимациялық фильмі, Disney компаниясының «МОАНА 2» шытырман оқиғасы мен «МУФАСА: АРЫСТАН ПАТША» көркем фильмі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл сүйінші жаңалықты Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы til.kz ресми сайтында жариялады.

Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Осы тұрғыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контенттің қазақ тіліне аудару бастамасын қолдайды. Бұл жолы “Қазақ тілі” қоғамы Disney командасымен бірлесе аталған фильмдерді қазақстандық көрермендерге кеңінен насихаттау және таратуға атсалысады.

«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, – дейді  Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», – деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.

14 маусымнан бастап кинотеатрларда Disney мен Pixar командасы түсірген танымал анимациялық туындының көптен күткен жалғасы – «Ойжұмбақ 2» көрсетіледі. Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады...

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.