Валюта бағамы
  • USD -

    475.3
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.49
Президент: Мықты әскер – елдіктің тірегі
06 мамыр 2024
Президент: Мықты әскер – елдіктің тірегі

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, осы екі мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш ететінін, батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны. Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Ерлік майданда ғана жасалмайды. Ерлікке бейбіт заманда да орын бар. Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Мыңнан астам техника жеткізілді. Сын сағатта халқымыздың асыл құндылықтары анық байқалады. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты. Жергілікті тұрғындар бұл сарбаздарға айрықша риза болды, оларды зор құрметпен шығарып салды. Міне, халық пен армияның мызғымас тұтастығы дегеніміз – осы. Мұндай мысалдар аз емес, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты. Осы ретте ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді. Сонымен қатар өзінің бастамасымен биылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатынын еске салып, ұлт перзенттерінің батылдығы мен батырлығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатынына назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, геоосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті.

– Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды. Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингтегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның айбынды армиясы кәсіби тұрғыдан білікті әрі заманға сай озық болуы үшін Қарулы Күштерімізді одан әрі нығайту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

– Күні кеше ғана елімізде жаңа авиация базасы ашылды. Бұл – ұлттық қорғаныс жүйесінің әлеуеті арта түсті деген сөз. Біз армияның беделін көтеруге айрықша мән береміз. Отан қорғау – баршамызға ортақ парыз. Мұны, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінгені абзал. Мемлекет жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оларға арнайы білім гранттары бөліне бастады. Несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Енді армияда жүріп, нақты мамандық алуға болады. «Ер жігітке жарасар, қолындағы найзасы» деп әйгілі Бұқар жырау батырлық пен ерлікті ерекше дәріптеген. Шын мәнінде, әскер – мемлекеттің аса маңызды символы. Мен сарбаздарымыздың жауынгерлік рухы жоғары болғанын мақтан етемін, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылардың еліміздегі ынтымақ пен тыныштықты сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және арнаулы атақ, сыныптық шен алған офицерлердің тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады.

Бұдан бөлек, Президент әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Отан қорғаушы күніне орай Президенттің қолынан мемлекеттік наградалар алған азаматтар тізімі:

І дәрежелі «Даңқ» орденімен

Қамалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы;

Дәуешов Халидулла Зиноллаұлы – Ақтөбе облысының прокуроры.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен

Раисов Ұлан Ермұханұлы – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары;

Далматов Қанатай Жорабекұлы – Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің командирі;

Әбдіров Нұрғалым Мәжитұлы – Жамбыл облысының прокуроры.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Головин Олег Павлович – Петропавл қаласының полиция басқармасының инспекторы;

Таңатаров Бауыржан Омарұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері Штаб бастығының орынбасары;

Доскенов Амангелді Серікұлы – Ақмола облысының Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы;

Сақ Ұлықбек Мұратұлы – Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары;

Ғалымов Жандос Жанатұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға жедел уәкілі;

Насихан Роман Серікұлы – Атырау облысының Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы;

Оразов Дінмұхамед Ғабитұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;

Омаров Диас Кәкімұлы – Жетісу облысының Талдықорған қаласы полиция басқармасының инспекторы.

Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Тәжіғұлов Нұрболат Тастемірұлы – Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.

«Құрмет» орденімен

Кубекова Аина Жадырақызы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің департамент басшысы.

«Ерлігі үшін» медалімен

Топалов Әміржан Мерекеұлы – Қостанай облысының Қарабалық ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі;

Құсман Әділ Думанұлы – Абай облысының полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен

Өтеуов Ерлан Өтеуұлы – Бас прокуратура Қызмет бастығының орынбасары;

Стрелков Федор Николаевич – Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты бастығының орынбасары;

Ілияс Серік Аманкелдіұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің басқарма бастығының орынбасары;

Ақарбеков Мейірхан Сапарханұлы – Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің рота командирі;

Өтенов Сәкен Сексембайұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;

Ирубаев Ренат Маратұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің аға офицері;

Мұратбеков Дулат Тілемісұлы – Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі;

Серіков Әділет Алмасбекұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;

Әбдікәрімов Тілек Думанұлы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі.

RELATED NEWS
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН  КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ
09 сәуір 2019
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ

Соңғы кезде өзендерге ағатын құйылатын судың көлемі ұлғайды деп қуанатын адамдарды жиі көреміз. Алайда, мамандар бұған қайғарады. Себебі, мұздықтардың жылдам еруі салдарынан судың көлемі артуда. Орталық Азия аймағында Аралдың тартылуына қатысты, Әмудария мен Сырдарияның дұрыс, тиімді пайдаланбауы мен салада жаңа технологиялардың болмауынан тыс аймақта суға қатысты тағы бір проблема бар. Ол соңғы жылдары Тянь-Шянь мен Памир тауларындағы мұздықтардың жылдам ери бастауы. Оған климаттың жылынуы мен Аралдан ұшқан тұзды шаң-тозаң қатты әсер етуде.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Сырдария мен Әмудария су келетін жағы біздің мұздықтар ғой. Оның көлемі азайып жатыр, кейбір жерде 50, кей жерде 40 % кеміген. Климаттың өзгеруіне байланысты негізгі судың көлемі азайып жатыр. Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Су проблемалары, гидроэнергетика және экология институтының аға ғылыми қызметкері Бахром Мамадалиев, Ұсақ мұздықтар жоғалуда. Бұл судың азаюына әкеледі, бүкіл елдердегі өзен суларының экологиялық ахуалы нашарлайды. Соңы су ресурстарының жетіспеушілігі мен тапшылығына ұласады. Яғни  тұтас елді-мекендер сусыз қалып, халық арасында ауру-сырқау артады деген сөз.

Орталық Азия елдері таяу жылдары үлкен проблемаға айналатын осы мәселелерді қазірден шешуі тиіс. Алайда бірауыздық танытқаннан гөрі бас-басына би болуға асық. Тағы бір үлкен проблема — судың басындағы елдер тіпті өзендерді басы бүтін өз меншігі ретінде көруге көшкен.  БҰҰ-ның кеме жүрмейтін халықаралық су арналарын пайдалану құқығы туралы конвенциясының (Нью-Йорк, 1997 ж.) 5-бабының 2-тармағында «Судың бойындағы мемлекеттер халықаралық ағын суды әділетті және парасатты түрде пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысуға, осы Конвенцияда қаралған суды пайдалану құқығы сондай-ақ оны қорғау мен игеру мәселесінде ынтымақтасуға қатысты міндеттер де жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Түркия Республикасы Әлеуметтік инновация зерттеу орталығының үйлестірушісі, профессор  Жемал Зехир бұл мәселеге қатысты былай дейді:  «Трансшекаралық суларды халықаралық құқық су басындағы  елдердің басы бүтін өз меншігі ретінде қолдануына рұқсат бермейді. Бұл өте маңызды. Яғни Қазақстанға аққан Сырдария мен Әмударияны басқа мемлекеттер өз құқықтарын шектен асыра пайдаланып, басқара алмайды. Қазақстанның қажеттелігін ескеруі тиіс әрі келіссөз жасаулары керек. Аумағын басып өтетін үшін оларды қолдануларына хақтары бар, бірақ шектен асыра пайдалана алмайды». Тағы бір түркиялық ғалым Хасрет Чомак та, «1997 жылы шыққан БҰҰ-ның келісіміне сай, трансшекаралық және шекара маңы өзеннің басында отырған елдер су саясатына өзгеріс жасауда оны пайдаланатын өзге мемлекеттердің мүддесіне кесірі тию ықтималы жоғары болса, кем дегенде алты ай бұрын оларға хабар беріп, рұқсатын алуы тиіс. Судың бастауы бізден шығады, мен ойлағанымды істеймін, қалағанымша  қолданамын деген түсінік болмайды. Себебі халықаралық ұйымның құжаты осыны мұқият ескертеді» деді.

Расында да, табиғатта су мен жел адамдар сызған шекараларға мойынсұнбайды.  Бір елден екінші елге виза, паспорт алмастан емін-еркін өте береді. «Бұл су менікі» деуге ешбір мемлекеттің хақы жоқ. Әрине, қолдану құқына, қажеттіліктерін өтеу құқына ие. Алайда халықарлық құқық көршіңіздің де құқына зардап етпеңіз, қажет болғанда, оған да су бересіз дейді. Сондықтан біріге отырып келісу керек, мүмкіндік болса, ортақ су қоймаларын жасау керек. Энергия мәселесін де бірігіп шешу қажет.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов, Екі конвенция бар. Біреуі 1992 жылы қол қойылған Хелсинки конвенциясы. Ол жақсы жұмыс істеп тұр. 45-тен астам ел мүше. Оның ішінде: біз де мүшеміз, Өзбекстан да мүше. Бірақ оны Қырғызстан мойындамай отыр, Тәжікстан мойындамай отыр. Содан кейін барып 1997 жылғы Нью-Йорк конвенциясы бар. Басында шарты болған 35 мемлекет мойындағаннан кейін күшіне енеді деп, былтыр күшіне енді. 35 мемлекет мойындады. Біз оған кірген жоқпыз, Өзбекстан оған кірген.

Мәселен, Қырғызстан «Қамбар Ата» су електр стансасын, Тәжікстан болса «Рогунды» салуға шетел инвесторларын іздеуде. Бірақ, мұндай жобаларға үшінші елдердің қаржы салуы қауіпті. Су мәселесін басқару үдересіне шетелдіктерді араластыру алаңдатпай қоймайды. Ертең ойынға айналдырып жүрмей ме? Сондықтан Орта Азия елдері су электр стансаларын бірігіп салуы керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, Бүгін инвесторлар керек деп жатамыз, бірақ шеттен келгендерден мен қорқамын. Ашық айтайын Қырғызстанда қазіргі кезде экономикалық аухал нашар. «Қамбар Ата-1» мен жоғары Нарын су электр стансаларын құруға Қытай екі алақанын ысқылап дайын отыр. Кел мен ақша берейін деп. Ал орыстар Ресей де  біздің ең жақын дос мемлекет. Олар да сұқтанып отыр. Ендігәрі Орта Азиядан шықпаймын деп Трамп та қатты айтып жатыр. Олар бұл аймақтан ешқашан шықпайды, өйткені олардың әрбірінің осы жерде өңірлік саясаты мен мүддесі бар.

Ал Түркиядағы «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті  Дурсун Йылдыздың көзқарасы: «Орта Азияда энергия мәселесін су проблемасымен қатар шешу қажет. Әйтпесе, тек судың жайын реттеу оңайға соқпайды. Себебі, Кеңес дәуірінде экономиканың су көп қолданылатын салалары дамытылды. Мысалы, Өзбекстанды суға аса мұқтаж тікелей егістікке тәуелді сала етті. Судың жоғары жағында орналасқан қырғыз бен тәжік энергиясы жоқ болған соң судан энергия алуға ұмтылса, керісінше суармалы алқабы көп төмендегі елдер суға мұқтаж болды».

Демек, судың басындағы елдердің де, соңындағы елдердің де мүддесі толық үйлесім табуы керек. Сонда ғана мәселе толық шешімін табады. Бұл үшін ортақ су банкін құру — тиімді жолдардың бірі. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі  Жумакадыр Акенеевтің пікірінше, Бірігіп су банкі түзілсе, ол банк Сауд Арабиясы сияқты қаржылы елдермен келіссөз жасап, сіздер су құбырын тартып  беріңіздер деу керек. Одан соң су құбыры арқылы өзімізден асқан суды оларға сатып, түскен ақшаны су мәселесін шешуге пайдалансақ болады. Аралды толтыруымыз керек, халқымыз жақсы су ішуі керек. Өйткені, денсаулығы жақсы адамның өмір сүруі ұзарады.

Су банкісін құру үшін әрбір елдің өзінің квотасы болады. Су энергетикалық ресуртарға кейбір жерлерде осы квоталарды алмастыру қажет. Құқықтық сұрақтарды реттеу жеке мәселесі тұрақты диалогты қажет етеді. Жылдың әр түрлі маусымында энергетикалық ресурстарды реттеу мен пайдалану тағы да осы мәселелер бойынша тұрақты жұмыс қажет етеді. Бұндай бастаманы 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол суды жеткізіп беруші елдер мен тұтынушы елдер арасында диалог бола алатын су-энергетикалық консорциумын құруды бастама етіп көтерді. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері  ол кезде дайын болмады деп есептеймін. Өйткені су мен энергетика бірге жүрсе, әр мемлекет одан пайда табады. Сол үшін оның бәрі бір консорциумның қолында болу керек. Гидроэнергетика, су мәселесі бәрі бір басқармада болу керек. Сонда әр мемлекет өз пайдасын көреді.

Қазір трансшекаралық су бассейндерінде қазір мынадай өткір мәселелер тұр: су ресурстарының азаюы, балық қорының азаюы, суармалы жер өнімділігінің күрт түсуі, биоресурстардың жоғалуы, мұздықтардың деградацияға ұшырауы, сел қауіпінің артуы мен шөлдердің ұлғаюы сонымен қатар өзен сағасындағы ормандардың деградацияға ұшырауы. Сондықтан трансшекаралық өзендер мәселесін бес мемлекет біріге отырып жуық арада жедел шешуі тиіс.

Әлемдегі су проблемаларын шешкен елдерге қарасақ, олардың ерекшеліктері Орта Азия мемлекеттерінде де бар. Ол ұқсас мәдениет. Еуропаға қарасақ та, Америка мен Канада арасындағы байланысты алсақ та, бір-бірлеріне ұқсас, тілі бір адамдар. Түбі де бір, мәдениеті де. Бір отбасының мүшесі сияқты. Орта Азия аймағындағылар Кеңес Одағы кезінде де бірге өмір сүрді. Сондықтан тарихи-мәдени байланыстар терең, діні бір, адамдары бір-біріне өте жақын. Мәселенің шешілмеуіне ешбір негіз жоқ. Бірақ аймақ көшбасшыларына саяси ерік-жігер керек. Олар бастарын бәйгеге тігуі тиіс.  Себебі, көршінің қажеттілігін өтесең ғана, сенің де мәселең шешімін табады.

«Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады». Аймақта     гидроэнергетикалық саясат шатқаяқтап тұр. Суды дұрыс бөлісіп, басқара алмағандықтан көп дүниеден ұтылып отырмыз. Мәселен, су-энергетикалық саясатындағы әріптестікке немқұрайлылықтың салдарынан Орта Азия елдері жылына 1,7 миллиард АҚШ долларынан айырылады. Яғни бұл аймақ елдері жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы. Орталық Азия су энергетикасының біртұтас саясатсыз проблеманы шеше алмайды. Бұл тек аталған елдердегі өзара әріптестік арқасында ғана қол жететін дүние. Қазіргі кезде бұл мәселе пісіп жетілді. Су мәселесін шешетін де кезең жетті.

Өзбекстан басшысы, Қырғызстан басшысы ауысты. Орталық Азия басшыларының бір-бірімен байланысы артып, біраз проблемалар шешілді. Енді аймақ басшылары зардабы ауыр болатын су проблемасын жедел бірігіп, ақылдаса отырып қолға алуы тиіс. Әйтпесе, көп дүниеден кеш қаламыз.

 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, журналист

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ
05 ақпан 2019
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ

Н.Назарбаев: Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске өтініш білдіруіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданыпты. Соның  22-сін Президент жөнелтіпті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым»,-дейді Н.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінде қоғамды сайлау мәселесі мен транзит жайы қызықтыратынан тоқталған ол: «Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек»,-деді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдағаны туралы Кеңестің сайтында ақпарат шыққан болатын. Онда «2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», -деп жазылған еді хабарламада.

 

 

Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды
16 тамыз 2022
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды

Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

 

inform.kz

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.