Валюта бағамы
  • USD -

    501.5
  • EUR -

    525
  • RUB -

    4.95
Президент газбен тұрақты қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді
Фото: Ақорда 14 қазан 2024
Президент газбен тұрақты қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Токаевқа ұлттық компанияның биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы туралы есеп берілді.

Президентке ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және транзиттік әлеуетті дамыту бойынша бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.

Санжар Жаркешов «Алматы – Байсерке – Талғар» газ құбырының екінші желісін салу, сондай-ақ Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарының газға арналған инфрақұрылымын жасақтау жұмыстары аяқталғанын айтты. Бұдан бөлек, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры салына бастады. Өзбекстанға газ тасымалдау көлемін ұлғайту үшін «Орта Азия – Орталық» жүйесін жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Мемлекет басшысына ресурстық базаны кеңейту шаралары жөнінде мәлімет берілді. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы ел экономикасындағы тауарлы газды тұтыну көлемінің еселеп артуын ескере отырып, аталған саланың геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыруға шетелден инвестиция тартылғанын айтты. Chevron компаниясымен Ақтөбе облысында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойылған. Жоба толығымен инвестордың өз қаржысы есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесе жүргізіліп жатқан бастамалар туралы баяндалды. Бұл шаралар Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, көгілдір отынның лайықты тарифі мен көтерме бағасын белгілеуге қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданып жатыр.

Кездесу соңында Президент жылыту маусымында халықты және экономиканы газбен тұрақты қамтамасыз ету, саланы реформалауды жалғастыру, газ тасымалдау жүйесінің қуаттылығын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

RELATED NEWS
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Елде қуат көзі түгел болуы тиіс – өзбекстандық сарапшы
26 қыркүйек 2024
Елде қуат көзі түгел болуы тиіс – өзбекстандық сарапшы

Өзбекстан өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясын (АЭС) салуға кірісті. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы дайындалып, жобалау жұмыстары басталды. Осы орайда Kazinform тілшісі белгілі өзбекстандық физик-ядрошы, Ташкенттегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы Шохмирзо Умаровтан сұхбат алып, АЭС-ке қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып көрді.

- Шохмирзо Бахрамұлы, осы кезге дейін Өзбекстанда АЭС салу идеясы талқылау деңгейінде болып келді. Биыл мамырда түпкілікті шешім қабылданды, оның маңыздылығы неде? 

- Өзбекстан аумағында АЭС салу идеясы 1970 жылдардан бастап талқыланып келді. Дегенмен түрлі жобалар келіссөз деңгейінде қалып отырды. АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұсыныстары зерттелді, бірақ түпкілікті келісім «Росатоммен» жасалды.

Биыл 27 мамырда Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу туралы шешім қабылданды, яғни елімізде әрқайсысының қуаты 55 МВТ болатын (жалпы қуаты 330 МВт) 6 энергоблок бой көтермек. 10 қыркүйекте осы жұмыстарды бастау туралы хаттамаға қол қойылды. Оған сай, жобалық құжаттарды дайындау ісі қолға алынды.

АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай, барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді. Тиісінше, біздің елдің энергобалансында барлық энергия өндіру көздері болуы тиіс: күн, жел, су электр станциялары және АЭС.

- Джизак облысында салынатын аз қуатты АЭС осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай серпін береді?

- Джизак облысында ірі энергетикалық нысан бой көтереді. Сәйкесінше, оған қажетті инфроқұрылым қалыптасады, атап айтқанда жол, аурухана, мектеп. Мұның барлығы Джизак облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- АЭС-ті салумен қатар, оған қажетті мамандарды даярлау ісі өте маңызды. Бұл бағыттағы мәселелерді Өзбекстан қалай шешіп жатыр?

- Өзбекстан атом энергетикасы үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударады, тиісінше білім беру бағдарламасын жасақтап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының базасында кафедралар ашты.

Мәселен, Ташкентте Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы ашылды. Ол - осы саланың білікті мамандарын даярлайтын үздік оқу орындарының бірі. Биыл оны біздің түлектеріміздің екінші легі тәмамдап, жастар энергетикалық саладағы қызметтеріне кірісті. Аталған институтқа тек оқуды озат аяқтаған оқушылар қабылданады.

Сонымен қатар, біздің өзіміздегі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Өзбекстан ұлттық университеті және Самарқанд ұлттық университетінде де атом энегретикасы кафедраларын аштық.

Бұған қоса, Өзбекстан Ғылым академиясының Ядролық физика институты кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады, онда зерттеулер жүргізіледі, тәжірибелік сабақтар өтеді.

Шетелде білім алуға ниетті жастар үшін де жағдай жасалған. Корея, Қытай, АҚШ және Ресейде оқып жүрген өзбекстандықтар аз емес. Сонымен қоса, мамандарымыз шетелдерге тәжірибе алмасуға барып тұрады.

Кейбір мамандар «Росатом» салып жатқан атом электр станцияларының құрылыс барысына қатысады. Өзбекстанның атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау стратегиясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жоғары бағасын алып үлгерді.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Қазір әлем елдерінде жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің реакторлары барлығы дерлік сумен салқындатылады. Осы орайда көпшілік АЭС тұщы судың тапшылығына әкеле ме деп алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр станцияларымен (ЖЭС) бір мөлшерде су тұтынады. Өйткені, екеуінде де термодинамикалық цикл жүреді, яғни су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады.

Бұл цикл АЭС-те де, ЖЭС-те де бірдей. Біз алдағы уақытта өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескере отырып, реакторларды «құрғақ» салқындату жүйесін қолдануға ниеттіміз. Ол тұтынатын судың шығынын шамамен 10 есе азайтады.

- Тұрғындарды алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі жайлы. Станцияның іргетасы мен өзге де бөліктері біздің өңірге тән жер сілкінісі, сел, дауыл және өзге де төтенше жағадайларға қаншалықты төтеп бере алады?

- Болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға төтеп беру үшін АЭС-ті жоспарлау кезінде барлық ерекшеліктер ескеріледі. Ол салынатын жерді зерттеуден басталады. Сейсмологиялық тұрақтылығы, топырақтың сапасы және басқа да ерекшеліктері зерделенеді. Осылардың барлығы жоспарлау кезеңінде есепке алынады.

Мысалы, АЭС Армения еліндегідей сейсмикалық белсенді аймаққа салынса, онда реакторлар сол жағдайларға бейімдеп құрылады. Аталған нысан 1988 жылы болған 9 балдық Спитак жер сілкінісіне төтеп бере алды, оның іргетасы мен өзге де қабырғаларына зақым келген жоқ. Бұл АЭС-ті жобалау кезінде тиімді шешімдер қабылданғанын растайды.

Мұнымен бірге заманауи АЭС-тер «пост-фукусималық» талаппен салынады. Онда ең экстремалды сценарийлер ескерілген. Мәселен, АЭС цунами қаупі өте төмен, шөлейтті аймақта салынса да, ол цунамиге төтеп бере алатындай талаппен құрылады. Апаттық кезеңде электр энергиясымен жабдықтау үшін арнайы дизелдік генераторлар қарастырылады. Бұл шаралар кез келген төтенше жағдай сәтінде АЭС-тің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.