Еліміздегі конституциялық реформалардан кейін саяси алаңда партиялар белсенділігінің артқанын байқауға болады. Әсіресе, «Ауыл» партиясының басшылығындағы ауыз-түйістерден соң партия қызметінде оң өзгерістер орын алуда. Бұл туралы пікірді саясаттанушы Ержан Ибраев білдірді, деп хабарлайды Ulys.
«Партия атына сай болуы үшін өңірлердегі жұмысқа көбірек көңіл бөліп, бүгінгі ауылдардың шынайы проблемаларын көтеруде. Аз ғана уақыт ішінде аймақтық филиалдарын құрып, олардың қызметін жандандыруы партияның осы бағыттағы жасалып жатқан белсенді жұмысының айқын көрінісі деуге болады», - дейді Ержан Ибраев.
Оның айтуынша партия ауылдық аумақтарды дамытуға, олардың инфрақұрылымын жақсартуға және жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлуде.
«Мәселен, өзім туып-өскен Ақмола облысының Егіндікөл ауданында ауызсу мәселесі ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келеді. Таяуда партия басшысы Серік Егізбаев мырза біздің ауданға келді. Ол аудан әкімі мен су тартуға анықталған мердігер, жергілікті азаматтармен кездесе отырып, ауызсу мәселесін жеке бақылауда ұстайтынын жеткізді. Осы тәрізді өңірлердегі жұмыстар партияға деген сенімді нығайтып, оның халық арасында беделін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз», - деп толықтырды саясаттанушы.